БОЛАШАҚ ПЕДАГОГТІҢ КӘСІБИ–ДИДАКТИКАЛЫҚ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ МОДЕЛІ

 

Таубаева Ш.Т. – педагогика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағыҚазақ ұлттық университетінің жалпы және этникалық педагогика кафедрасының профессоры

Барсай Б.Т. - педагогика ғылымдарының докторы, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің математиканы оқыту әдістемесі кафедрасының профессоры

Әлжанов Е.Ж.- Лондон университетінің магистранты,

 Бексұлтанқызы Л. - әл-Фараби атындағыҚазақ ұлттық университетінің жалпы және этникалық педагогика кафедрасының магистранты

 

ХХ ғасырдың 50-60 – шы жылдарында жоғары кәсіптік білім беру жүйесінде түбірлі өзгерістер болды. Бұл кезеңді тек ғылыми-техникалық прогреске сай ғана емес, сонымен қатар ең бастысы әлеуметтік сұранысқа сай дайындалатын маманның үлгісін қалыптастырудың зерттеушілік және практикалық жұмыстарының бастамасы деуге болады. Осыған байланысты ғылыми әдебиеттерде жоғары білімді маман дайындау мәселесінде модельдеу қажеттігі туралы мақалалар шыға бастады. Мұның өзі ғылымның көптеген салаларында модельдеудің тиімді тәсіл ретінде қолдануға жол ашты және зерттеулердің әртүрлілігі бір үлгідегі нормативтік құжат ретіндегі маманның біліктілік сипатамасын жасауға әкелді. Өткен ғасырдың 70-жылдарында қысқа мерзімде жүзге жуық маманның кәсіби-біліктілік сипаттамасы жасалды. Жоғары білім беру жүйесінде мұндай қозғалыс 1979 жылдан басталып, министрліктің нұсқау хатымен кәсіби-біліктілік сипаттамасын жасауға нұсқау берілді.

Егемендік алғаннан кейін әр республика жоғары кәсіптік білім беруді дамытудың тұжырымдамасын жасау қажет болды. Қазақстан Республикасы Лиссабон Конвенциясының ұстанымдары мен критерийлеріне сәйкес өзінің тұжырымдамасын анықтады. Тұжырымдаманың негізі Халықаралық білім берудің біліктілік стандартының ұсыныстарына сүйенді. Жоғары кәсіптік білімді дамытудың қабылданған тұжырымдамасына сәйкес бакалавриат, магистратура стандарттары жасалды. Оларда алғаш рет «маман моделі» термині қолданылып, түйінді құзыретіліктеріне және кәсіби құзыреттілігіне қойылатын талаптар» белгіленген.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім берудің ҚР МЖМБС 3.08.252-2006 мемлекеттік стандартында 050102 – Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі мамандығы бойынша бітірген түлекке «бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі бакалаврі» академиялық дәрежесі беріледі. Қазіргі кезде психология, педагогика ғылымдарында болашақ маманның кәсіби құзыреттілігінің қалыптасуы мен дамуы үдерісіндегі мазмұны мен құрылымын зерттеудің профессиографиялық, деңгейлік және міндеттік сияқты бірнеше тәсілдері бар екені байқалады.

Н.В. Кузьмина, В.А. Сластенин, И.Ф. Исаев профессиограмманы түрліше жетілдіріп, маманның кәсіби сапаларын анықтауда бірнеше нұсқаларын ұсынды. В.А. Сластенин педагогтың профессиограммасында оның жеке тұлғасының инвариантты, мұрат етілген параметрлері болу керек деп есептейді [1]. Ол мұғалімге қойылатын талаптарды бір-бірімен байланысты және бірін-бірі толықтыратын жалпы азаматтық сапалар, мұғалім кәсібінің өзіндік ерекшелігін көрсететін сапалар және мамандық бойынша арнайы білім, икемділік және дағдылар түріндегі үш негізгі компонентке біріктіреді.

Студент өзінің психологиялық-физиологиялық сапаларымен педагогтық қызметке дайын болуы мүмкін, бірақ теориялық немесе практикалық жағынан әлі дайын емес. Мұғалімнің кәсіби дайындығы ұғымын құрайтын тұлғалық және кәсіби сапаларды профессиограмма түрінде көрсетуге болады. Профессиограмма – мұғалімнің тұлғалық сапасының, қажетті педагогикалық және арнайы білімдері мен біліктерінің жиынтығы.

Педагогтарды кәсіби даярлау жөніндегі зерттеулерді бірнеше топқа бөлуге болады. Профессиограммаға жоғары оқу орнында білім беру мазмұны нәтижесінде құрылатын, сондай-ақ мұғалімнің кәсіби сапасы үшін қажетті кәсіби білімнің, білік пен дағдылардың жиынтығы енеді. Оны жасау барысында біз педагогты кәсіби даярлау проблемасы бойынша зерттеулерде баяндалатын әртүрлі көзқарастарды есепке алдық. Бір бағытта даярлаудың параметрлерін анықтау кезінде теориялық білімнің мазмұны,  оқу-тәрбие әрекеттерін жүзеге асыру үшін қажетті педагогикалық шеберлік пен дағдылар анықталады. Басқа бір бағыт педагогикалық қызметтің құрылымын ашумен сипатталады. Онда негізгі компоненттер ретінде мотивациялық, мазмұндық, үдерістік, бағалаушылық болып жіктеледі. Үшінші бағытта мұғалім қызметінің жекелеген түрлері бойынша білім қалыптастырудың мазмұны, түрлері қарастырылады.  

Алғашқы профессиограммалық зерттеуге В.А. Сластениннің ғылыми зерттеулерін жатқызуға болады.

Студенттің, болашақ мұғалімнің профессиограммасына ғалым қоғамдық-саяси және психологиялық-педагогикалық даярлығын, арнаулы білім мен әдістемені толық меңгеруін жатқызады. Ғалым педагогиканың әдістемелік негіздерін, категориялары мен заңдылықтарын, тұлғаның даму жолдары мен әлеуметтік қалыптасуын, балалардың барлық жастағы даму кезеңдерінде болатын анатомиялық-физтологиялық, жастық және дербестік ерекшеліктерді білуді қарастыратын жоғары психологиялық-педагогикалық даярлықты мұғалім кәсібилігінің шешуші белгісі деп есептейді. Сонымен қатар ол педагогтың бағыттылығын да бір көрсеткіш ретінде санайды.  [2, 172].

К.Н. Дурай-Новакова мұғалім даярлау бағытында жүзеге асырылған жұмыстарды барлық қырларының әзірлік аспектілері бойынша топтастыра келіп, оларды негізгі екі топқа бөледі: оның алғашқысына ерекше ұзақ немесе қысқа мерзімдік жағдайға байланысты айқындалатын даярлаудың психологиялық аспектілеріне жасалған зерттеулер жинақталса, екіншісіне даярлаудың алуан түрлі іс-әрекет түріне жасалған зерттеулері енеді [3]. Мұғалім бір жағынан өмір сүріп отырған кезеңнің қажеттіліне, әлеуметтік жағдайына, қоғамның нақты  сұранысына қарай оқытып тәрбиелесе, екінші жағынан, мәдениетті сақтаушы, жеткізуші, тұлғаны адамзат мәдениетінің барлық байлығы негізінде қалыптастырушы ретінде болашаққа қызмет етеді. Әсіресе, қазіргі ақпарат ағыны толассыз құйылған, өзгермелі заманда жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін мұғалімнің қызметі күрделене түскені белгілі.

         Сондықтан бастауыш сынып мұғалімі қызметінің құрылымының ішінде өзара тығыз байланысты құрастыру, ұйымдастырушылық және коммуникативтік әрекеттер басымдық мәнге ие. Құрастыру қызметі мұғалімнің құрастыру – мазмұндық (оқыту үдерісін жоспарлау, құру мен материалдарды іріктеу) және құрастыру - әрекеттік (өзінің және оқушының іс - әрекетін жоспарлау) қызметтерінен тұрады. Ұйымдастырушылық қызметі – мұғалімнің оқушыларды әрекеттің әр түріне тарта білуімен, ұйымшыл ұжым қалыптастыру және оқушыларды ұжымда жұмыс жасай алуға үйрете білуімен анықталады. Коммуникативтік қызметі мұғалімнің оқушылармен, өзге де педагогтармен, ата – аналармен, қоғаммен мақсаттты қарым – қатынас орната білуімен айқындалады.

Біз бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби–дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру моделін түзу барысында педагогикалық әдебиеттердегі ғылыми зерттеулерді зерделеу негізінде модель ұымының мәнін анықтауды жөн көрдік.

Модельдеу әдісі танымның көрінісі мен танымның объектісін саналы талдаудың кеңінен танылған түрі болып табылады. Өзінің мәні жағынан модельдеу абстракциялау және дәріптеушілік деген математикалық ұғымдардың негізінде шыққан, өйткені математикалық ұғымда абстракциялау деген заттың бір немесе бірнеше қасиеттерін ойша бөлумен түсіндіріледі.

Педагогикалық сөздікте «Модель (лат. Modulus – үлгі, өлшем) – нысан және оған қатынастық мәндерді көрсететін көрнекілік құралдарының бірі (шартты бейне, схема т.б.) –деп анықтама берілген» [4]. Педагогикалық әдебиеттерде модель ұғымына шетел және Қазақстан ғалымдары А.И. Бочкин, А.Г. Гейн, А.М. Новиков, Г.Қ. Нұрғалиева, В.В. Подласый, А.П. Сейтешов, А.Ф. Федотов, В.А. Штофф, И.С. Якиманская және Н.Д. Хмель және т.б. әртүрлі сипаттама берген. Мысалы, Н.Д. Хмель нақты объектінің немесе үдерістің қарапайымдандырылған үлгісі. Болашақ мамандардың кәсіби бағдарын ұйымдастыруды мотивациялық, мазмұндық, әрекеттік, процессуалдық  аспектілерінен тұратын модельдерді ұсынады [5].

Г.Қ. Нұрғалиева болашақ мамандардың кәсіби бағдарын ұйымдастыруды, мектептегі оқу-тәрбие мәселелерін когнитивтік, мотивациялық-қажеттілік, әрекеттік-мінез-құлықтық компоненттер тұрғысынан талдады [6]

И.П. Подласый ғылыми модель – зерттеу объектісін қамтып, оны ойша елестететін немесе материалдық жағынан жүзеге асыратын жүйе. Педагогикалық модель оқу-тәрбие мақсатын, мазмұнын, формасын, әдісін, басқару жолдарын анықтаса, ғылыми негізделген модель тұтас педагогикалық үдерісті немесе оның бір бөлігін ұйымдастыру және қызмет ету жолдарын анықтайды деп есептеді [7]

Н.Д. Хмель модельдеуді біртұтас педагогикалық үдерісті жүзеге асырудың маңызды бөлігі деп есептейді, яғни, зерттеуші ұстаз үшін моделдеу зерттелінетін құбылыстың идеалдық моделін қайта жасаудың тәсілі болады. Практик ұстаз үшін моделдеу іс-әрекетінің мақсатына сәйкес оның жағдайын ұстаз өзгерткісі келетін белгілі бір педагогикалық құбылысты немесе үдерісті тұтасымен ойша (алдын-ала) қайта құру тәсілі болады. Басқаша айтқанда, моделдеу ұстаз үшін педагогикалық теория мен нақтылы практикалық іс-әрекет арасындағы бөлік болады.

Осы айтылғандарды негізге ала отырып, біз педагогикада модельдеу мынадай жағдайларда қолданылатынын байқадық: а) педагогикалық міндеттерді және педагогикалық жағдаяттарды моделдеу; б) оқыту, тәрбие, үйренушілерді дамыту үдерісін моделдеу; в) білім беру мекемелерін басқару жүйесі жағдайын моделдеу.

Біздің зерттеуімізде моделдеу әдісі болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың моделін жасауда қолданылады. Сонымен, біз модельдің алғашқы құрылымдық элементі  көп ақпарат арасынан зерттелетін объект туралы негізгі мәліметтерді  бөліп алуға  мүмкіндік жасайтын, педагогикалық үдерістің мақсатын, мазмұнын, формасы, әдістері мен құралдары  және нәтижесін анықтайтын ұғым деп тұжырымдаймыз.

Бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби–дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру бірнеше кезеңнен тұратын үдеріс. Ол студенттің педагогикалық оқу орнына түспестен бұрын басталғанмен, оны бітіргенімен бір мезгілде аяқталмайды. Оның педагогикалық мамандыққа қажетті сапалық сипаты кәсіби тұлға ретінде қалыптасуының әр кезеңінде түрліше дамып отырады: педагогикалық мамандыққа түскенге дейін, кәсіби–педагогикалық дайындық кезінде және маман ретінде өз бетінше жұмыс жасауы кезінде. Бірақ осы кезеңдердің арасында адамды кәсіби педагог тұлғасына дейін дамытатын өзара сабақтастық болуы шарт.

Кәсіби–педагогикалық мақсат пен міндеттердің мазмұны мен нормативтік көлемі педагогикалық жоғары оқу орнындағы дайындыққа қойылатын талаптар мен жоғары оқу орнынан кейінгі қызмет деңгейіне байланысты анықталады. Педагогтың дайындығы пән бойынша алатын  білім, білік, дағдыдан, арнайы қабілет пен жеке бас сапасын (интеллектіні, мінез–құлық, темперамент, психика) дамытудан, жалпы білімділік пен икемділік (бейімделу мүмкіндіктері, қарым–қатынас сапалары), сонымен қатар оқушының болашақ педагогикалық мамандыққа оқуға, педагогтік кәсіби қызметке деген көзқарасынан, қызығушылығы мен ынтасынан тұрады.

Ғалымдардың зерттеулеріне сүйене отырып, қоғамның және студенттердің жеке ынтасы мен қызығушылығының үйлесімі мұғалімді кәсіби дайындаудың төмендегідей мақсаттары мен міндеттерін айқындайтынын байқадық:

1. Кәсіби маман дайындауда жоғары пәндік, педагогикалық, дидактикалық және әдістемелік деңгейге жетудің критерийлері:

• бастауышта оқылатын пәндерге байланысты базалық білім деңгейінің болуы (кәсіби деңгей);

• мамандыққа байланысты арнайы пәндерден академиялық білім деңгейінің болуы (іргелі білім деңгейі);

• бастауышта оқылатын әр пәнді оқытуға қызығушылығының болуы (танымдық қызығушылық);

• әдістемелік және технологиялық біліктерінің базалық деңгейі.

2. Педагогикалық үдеріс барысында бастауыш сынып мұғалімінің ұстаздық мамандыққа бейім тұлғасын қалыптастыру:

• бейімделу мүмкіндіктері (өзін - өзі кәсіби бағалау, қобалжу т.б.)

• қарым – қатынас, тіл табысу қасиеті;

  педагогикалық бағыттылығы, ынтасы, қызығушылығы;

• жалпы білім, білік, дағдысының даму деңгейі.

3. Шығармашылық белсенділігін қалыптастыру:

  мәселені шешуде қалыптан тыс тәсілдерді қолдана білуі;

• мәліметтер жинау (портфолио), ілгері жылжу және болжамды тексеру,

   нәтиже (рефлексия);

• ғылыми ойлау амалдарын қалыптастыратын оқу және зерттеушілік

сипаттағы міндеттер тізбегі (анализ, синтез, модельдеу, фондық көрнекілік т.б.).

4. Кәсіби тұлғалық қасиеттерін дамыту:

• педагогикалық шеберлік;

• математикалық ойлау;

• қабылдау, ойлау, ес, сөйлеу, өзінің іс - әрекетіне өзі талдау жасау сияқты психиканың функционалдық тетіктері;

  ерік, жігер, темперамент, мінез, қабілет.

5. Оқуға психологиялық, педагогикалық, технологиялық тұрғыда жағдай жасау (тұлғалық – бағдарлы педагогика).

Бастауыш сынып мұғалімін кәсіби дайындаудың әр компоненті  біртұтас педагогикалық үдеріс шеңберінде кәсіби дайындықтың сапасын бағалайтын өлшемдер мен эталондар, критерийлер сияқты базалық сипаттарының жиынтығымен айқындалуы керек. 

Бастауышта, әсіресе, бастауыш кезеңде қоршаған орта: табиғат, адам және оның еңбегі туралы алғашқы түсініктер қалыптастыруға бағытталады және бастауышта қалыптастырылатын құзыреттіліктер: білімді меңгеруге қабілеттілік, болашақ мамандығына және әлеуметтің даму деңгейіне сәйкес болуына қажетті білік, дағды игеру .

Білімді тиімді меңгерудің және құзыретті тұлға қалыптастырудың басты шарты – білім беру мақсатымен тең және түйінді құзыреттіліктерді дамытуға бағытталған білім беру технологиялары, сондықтан бастауыш сынып мұғалімдерінен тұлғалық–бағдарлы білім беруді қамтамасыз ететін технологияларды меңгеру талап етіледі.

Қазіргі кезде шетелдік және отандық психологияда кәсіби қалыптасудың көптеген тұжырымдамалары бар. Солардың ішінен Т.В. Кудрявцев, Н.Д. Левитов, Е.А. Климов, А.К. Маркова, Л.М. Митина, Н.В. Кузьмина, В.Д. Шадриков т.б. ғалымдардың жалпыпсихологиялық және психологиялық - педагогикалық  тұжырымдамаларының бай тәжірибесіне сүйене отырып, әртүрлі мамандықтың, олардың ішінде мұғалім мамандығының да өкілдерінің кәсіби дамуын зерттеген.

Мұғалім тұлғасы, оны кәсіби дайындау барлық уақытта да зерттеушілер назарынан тыс қалған жоқ.

   Қазіргі кездегі психологиялық–педагогикалық зерттеулерде тұлғаға жекелеген психикалық үдерістердің жиынтығынан ғана емес, өзара байланысты сапалар мен элементтер жиынынан тұратын тұтас жүйелі–құрылымдық тұрғысынан қарау басымдық алып отыр.

Т.М. Сорокина өз зерттеулерінде бастауыш сынып мұғалімі құзыреттілігі ұғымын оның кәсіби дайындығының динамикалық, процессуалдық, кәсіби өсу, өзгеру сипатын мотивациялық және әрекеттік тұрғыдан қарастырады [8].

Бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби құзыреттілігінің ерекшелігі – көппәнділік. Оның маңызды сипаты: гуманистік педагогикалық көзқарастың ерекшелігінде; мұғалімнің педагогикалық ойлауы арқылы жүзеге асатын кәсіби интегративтік білім мен дағды жүйесінде көрінетін «балаға бағыттылық» болып табылады].

Сонымен, қарастырып отырған проблема жоғары педагогикалық білім беруде қазіргі кезде қойылып отырған талаптарға сай негізгі кәсіби - дидактикалық құзыреттіліктерді студенттер бойына қалыптастыру мен осы проблеманы шешу үшін педагогика ғылымының әдіснамасына, теориясына және практикасына құзыреттілік тұрғысынан келудің қажеттілігін көрсетеді.

Болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін мұғалімнің кәсіби-педагогикалық құзыреттілігінің негізгі құраушысы ретінде қарастырған абзал. Бастауыш сынып мұғалімінің ерекшелігіне байланысты ол бастауышта оқытылатын барлық пәннің теориялық мазмұнын жетік біліп,  кәсіби-педагогикалық құзыретті бола тұра, оны оқушыларға жеткізе алатын дидактикалық құзыреттілігі болмаса, ондай мұғалімнің еңбегі нәтижелі бола алмайды. Олай болса, кәсіби-дидактикалық құзыреттілік кәсіби-педагогикалық құзыреттіліктің негізгі өзегі.

Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, құзыреттіліктің құрамы төмендегідей: кәсіби дайындықтың әдіснамалық бағыттылығы; қоғамдық саяси пәндердің кәсіби-педагогикалық бағыттылығы; психологиялық –педагогикалық дайындықтың бағыттылығы; математикалық дайындықтың кәсіби бағыттылығы; әдістемелік дайындықтың ғылыми-теориялық және практикалық бағыттылығы; студенттердің үздіксіз педагогикалық практикасының ғылыми-теориялық және ғылыми-әдістемелік деңгейін көтеру; мамандарды дайындауда тұлғалық - әрекеттік тұғырды жүзеге асыру; болашақ мамандарды қазіргі педагогикалық және ақпараттық технологиямен қаруландыру; студенттердің үздіксіз компьютерлік дайындығын жүзеге асыру; оқу-ғылыми-өндірістік-педагогикалық кешен жасау [9, 78].

Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру мазмұны моделін құру үшін алдымен мына мәселелерді қарастыру қажет болады:

- болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың шарттарын айқындау;

- болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың қағидаларын айқындау;

- кәсіби-дидактикалық құзыретті бастауыш сынып мұғалімінің моделін құру.

Болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби–дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудағы оқыту ұстанымдары: оқытудың ғылымилығы, түсініктілігі, жүйелілігі, саналылығы, реттілігі, көрнекілігі; студенттерді білімді белсенділікпен меңгерте отырып оқыту; болашақ мұғалімдерді тәрбиелеу және дамыта оқыту; студенттердің жеке ерекшелігін ескеру; логикалық ойлауды дамыту; оқытудың нәтижелілігі және студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыту; студент тұлғасының өзін-өзі іске асыруы және ұйымдастыруы; студент тұлғасының өзін-өзі дамытуы үшін психологиялық жағдай жасау; студенттердің оқытудың инновациялық түрлерін, жаңа педагогикалық және ақпараттық технологияларын меңгеруі.

Болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби–дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың педагогикалық шарттары: болашақ мұғалімдердің кәсіби–дидактикалық құзыреттілігін педагогикалық-психологогиялық және әдістемелік пәндерді оқыту барысында қалыптастыру; ЖОО-да оқу кезеңінде практикалық дайындықтың үздіксіздігі; «Бастауыш сынып мұғалімінің дидактикалық құзыреттілігінің негіздері»,  «Болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру» тақырыптарындағы арнайы курстар арқылы қалыптастыру; оқу үдерісін оқытудың белсенді әдістері мен технологиялары негізінде ұйымдастыру; кафедра ұжымының және профессор-оқытушылар құрамының студенттердің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудағы мақсатты бағыттылығы және келісімі.

Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың инварианттық (болашақ қандай ма болмасын пән мұғалімінің) және вариативтік (болашақ бастауыш сынып мұғалімінің) компоненттері бар. Инварианттық компоненттерге жалпы болашақ мұғалім меңгеруге тиіс: әдістемелік дайындық, оқушылардың сабаққа ынтасын, қызығушылығын тудыра білуге дайындығы, оқытудың түрлі әдіс-тәсілдерін, жаңа педагогикалық және ақпараттық технологияларды қолдана білуге дайындығы, оқушылармен қарым-қатынас мәдениетіне дайындығы, оқушылар білімін тексеруге және бағалауға дайындығы, сабақтың тәрбиелік мақсатын жүзеге асыруға дайындығы жатса, вариативтік компонентке бастауыш мектепте оқытылатын барлық пәннің теориялық мазмұнын меңгергендігі, бастауыш сыныптың тәжірибелі мұғалімдерінің іс-тәжірибесінен үйреніп, оны қолдана білуге дайындығы, бастауыш оқытудың ерекшеліктеріне сай оқытудың әдістері мен құралдарын, жаңа педагогикалық және ақпараттық технологияларды іріктей және қолдана білуге дайындығы, бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне орай зерттеушілік жұмыс ұйымдастыра білуге дайындығы, математика пәнінен әр оқушының 4 сыныпта халықаралық TIMSS зерттеуіне сай дайындықты меңгеріп шығуына мүмкіндік жасауға дайындығы жатады.

Аталған дайындық сапалары болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби – дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру мазмұнын анықтауды  біз И.Ф. Исаевтың тұжырымдамасына сүйене отырып, әдіснамалық, теориялық, әдістемелік және технологиялық компоненттер негізінде жүзеге асырдық.

Мұғалімнің кәсіби-педагогикалық құзыреттілігін өлшеу мәселесі оның қалыптасуының өлшемдері (критерий) мен деңгейлеріне байланысты. Өлшем –бұл бағалау, пікір білдіру негізінде анықталатын белгі.

Кәсіби-дидактикалық құзыреттіліктің өлшемдері құзыреттілікті жүйелі түсінуден, оның құрылымдық және функционалдық компоненттерін айқындай білуден, құзыреттілікті педагогикалық құндылықтар мен шығармашылықты меңгеру нәтижесі ретінде түйсінуден, өзін-өзі кәсіби-шығармашылықпен жүзеге асыру технологияларын меңгеру дәрежесімен айқындалады.

Педагогикалық білім беру теория мен практикасында өлшемдерді анықтау мен негіздеудің тұлғаны қалыптастырудың негізгі заңдылықтарын айқындауға тиісті жалпы талаптары бар. Өлшемдердің көмегімен зерттеліп отырған жүйенің компоненттерінің арасындағы байланыстар тағайындалуы керек.

И.Ф. Исаев осы айтылған талаптарды кәсіби-педагогикалық мәдениеттің ерекшелігін бейнелейтін төмендегі талаптармен толықтыру керек деп есептейді: 1) өлшем сапалы белгілер (көрсеткіштер) арқылы ашылуы керек; 2) өлшем өлшеніп отырған сапаның динамикасын уақтылы және мәдени-педагогикалық кеңістікте бейнелеу керек; 3) өлшем педагогикалық қызметтің негізгі түрлерін қамтуы керек [10].

Зерттеу барысында ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді зерделеу мен кәсіби дайындықтың моделін жасау жолдарына жүргізілген талдау бізге болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігінің құрамындағы сапа мен қабілеттерді әдіснамалық, теориялық, әдістемелік, технологиялық негізгі төрт компоненттерге топтауға және олардың өлшемдері мен көрсеткіштерін анықтауға мүмкіндік жасады. Бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігінің өлшемдері мен көрсеткіштерінің сипаттамасы 1 - суретте келтірілді.

Қарастырылып отырған болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби – дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру компоненттері өзара бір-бірімен тығыз байланысты және аталған дайындықтың нақты құрылымын түзеді

Мұндағы компоненттердің алынған өлшемдер (мотивациялық, мазмұндық, үдерістік, бағалаушылық-рефлексиялық) бойынша көрсеткіштерін біз дидактикалық біліктіліктің бес компонентіне (білім, білік, дағды, тәжірибе және қабілет) сүйене отырып дайындадық.

Әдіснамалық компонент болашақ бастауыш сынып мұғалімінің әдіснамалық білімге ынтасы мен қызығушылығын, әдіснамалық тұғырларды, білімдерінің мазмұндық деңгейін,  оны өз тәжірибесінде қолдана білуі мен өзінің әдіснамалық білім, білік, дағды, қабілет және тәжірибесінде және өзінің әдіснамалық білім мен білігін бағалай білуінен көрінеді.

Теориялық компонент  кәсіби-дидактикалық құзыреттіліктің қалыптасуына негіз болатын теориялар мен бастауыш мектепте оқытылатын пәндердің мазмұнына ынтасын, қызығушылығын, олар туралы білімдер жүйесін, оларды жүзеге асырудағы біліктілігін, дағдысы мен тәжірибесімен және теориялық білім, біліктеріне рефлексия жасай білуімен сипатталады.

Әдістемелік компонент бастауыш білім берудің мемлекеттік стандартындағы пәндерді оқытудың әдіс-тәсілдерін білуге ұмтылысы, өзінің кәсіби құзыреттілігін дамытуға ынтасы, дидактикалық біліктер туралы білімдер жүйесі және оларды практикада қолдана білу және әдістемелік білім, білік, дағдыларын іс-тәжірибеде қолдануын бағалау деңгейінен көрінеді.

Технологиялық компонент болашақ мұғалімнің кәсіби–дидактикалық құзыреттілікті тәжірибеде жүзеге асыруға ынтасы мен қызығушылығы,  оқытуда инновациялық іс-әрекетке ұмтылуы, бастауыта қолданылатын педагогикалық технологияларды іріктей және қолдана білуі, ақпараттық, комрьютерлік технологиялардан сауаттылығы, оларды оқу-тәрбие барысында қолдана білуімен және өзінің технология саласындағы сапалық қасиеттерін бағалау, рефлексия жасауымен өлшенеді.

Мотивациялық өлшем мұғалімнің кәсіби – дидактикалық құзыреттілікке деген тұрақты ынтасы, талпынуы мен қажеттіліктерінің болып, кәсібилікке ұмтылысы, жаңашылдық бағытта ізденістері, өз қызметіндегі кәсібиліктің, дидактикалық құзыреттіліктің алатын орнын, мәнін түсініп, соған сәйкес қадамдар жасауында көрінеді.            

Мазмұндық өлшем теориялық және практикалық блоктардан, яғни болашақ бастауыш сынып мұғалімінің психологиялық-педагогикалық және пәндік теориялық дайындығының деңгейімен, біртұтас педагогикалық үдеріс заңдылықтары негізіндегі білімдер жүйесімен, дидактикалық біліктілігі мен сауатылығы, кәсіби-дидактикалық құзыреттілік туралы білімдер жүйесінің деңгейімен сипатталады.

Технологиялық өлшем өзінің кәсіби–дидактикалық құзыреттілігін тәжірибеде қолдана алу біліктерінен, дидактикалық біліктерді жүзеге асыра білудегі іскерлігінен, оқытудың әдістері мен технологияларын қолдана білу тәжірибесінен көруге болады.

Бағалаушылық-рефлексиялық өлшемге өзінің кәсіби дидактикалық іс -әрекетіндегі жетістіктер мен кемшіліктерді талдап, бағалай білудің, өзінің педагогикалық іс - әрекетіне бақылау жасай алушылықтың, нәтижені диагностикалаудың әдістерін білудің практикадағы көріністері енеді.

Мұндағы  сипатталған компоненттердің бірлескен қызметі ізделініп отырған кешенді сапаның бар не жоқ екендігін, мөлшерін, деңгейін көрсетеді. Әрине, кәсіби–дидактикалық құзыреттілік сияқты күрделі мәселенің дәл мөлшерін де, деңгейін де өлшеу қиын екені белгілі. Дегенмен, модельдің болашақ бастауыш сынып мұғалімінің тұлғасындағы ізделініп отырған сапаның шамасынан жалпы мағлұмат беруге мүмкіндігі бар деп есептейміз. Осының негізінде біз ғалымдардың (И.Ф.Исаев және т.б.) еңбектеріне сүйене отырып,  болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби – дидактикалық құзыреттілігінің төменгі, орта, жеткілікті және жоғары деңгейлерін анықтауға мүмкіндік алдық.

Төменгі деңгей (бейімделу) – құзыреттілік туралы түсініктері таяз, кәсібилікке талпынысы жеткіліксіз, өз бетімен ізденуге, білімін көтеруге ықтиярсыз, дидактикалық біліктілігі, өз қызметінің нәтижелерін саралау, баға беру деңгейі төмен, адамдармен тіл табысуға, білім, білік, дағдыларды игеруге құлықты емес.

 

         Компоненттер

 
                                                                                  

Подпись: өлшемдерПодпись: мотивациялықПодпись: мазмұндықПодпись: үдерістік
 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


                                                                                                                                                                                          

 

Подпись: Бағалаушылық-рефлексиялық
 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Сурет 1 - Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың өлшемдері мен

 

        

Орта деңгей (репродуктивтік)– кәсіби құзыреттілік жайлы білімдері, қызығушылықтары бар, бірақ тұрақты емес, кәсіби құзыретті мұғалім болудың қажеттілігін сезінеді, дидактикалық біліктілігі болғанмен, оны іс жүзінде қолдануы нашар, көмек қажет етеді, оқытудың жаңа технологияларын қолдануға ұмтылады, бірақ жүйелі емес, өзінің кәсіби әрекетіне баға беріп отыруды дағдыға айналдырмаған, ұжымда жұмыс жасай алады, бірақ үнемі еркін қарым – қатынасқа түсе алмайды.

Жеткілікті деңгей (эвристикалық) – кәсіби құзыреттілікке деген көзқарасы жақсы, дидактикалық біліктілігі біршама қалыптасқан, оқытудың әдіс – тәсілдерін, технологияларын қолдануға, шығармашылықпен жұмыс істеуге қабілеті бар, бірақ тұрақты қолдануға машықтанбаған, жұмысында жоғары нәтижеге жету үшін қосымша материалдарды, ақпараттарды тауып, оларды іріктей алады, өзінің кәсіби іс-әрекетіне баға бере біледі, мәдени қарым – қатынасқа икемді.

         Жоғары деңгей (креативтік) - кәсіби құзыреттілікке деген қызығушылығы тұрақты, оны өзінің кәсіби іс-әрекетінің мәні деп есептейді, ббілік пен дағдыларды игеруге қызығушылықтары жоғары. Педагогикалық қызметте кәсіби-дидактикалық құзыреттіліктің қажеттілігін саналы түрде түсінеді. Проблеманың шешімін табу, ақпараттық, коммуникативтік құзыреттіліктері қалыптасқан, сабақтарды жобалай біледі, ұйымдастыра алады және оқытудың түрлі әдіс – тәсілдерін, технологияларын қолданып өткізе алады, адамдармен тез тіл табысады, ұжымда, әлеуметтік ортада беделді.

Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздеріне сәйкес, анықталған компоненттер мен болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың педагогикалық шарттары негізінде құрылымдық–мазмұндық–үдерістік моделі түзілді ( 2 сурет) және оны тиімді жүзеге асырудың алғы шарттары анықталды:

- кәсіби-дидактикалық құзыреттілікті психологиялық-педагогикалық пәндерді оқыту барысында қалыптастыру;

- жоғары оқу орнында оқу кезеңінде практикалық дайындықтың үздіксіздігі;

   - болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби - дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыруда «Бастауыш сынып мұғалімінің дидактикалық құзыреттілігінің негіздері», «Болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру» арнаулы курстарының мүмкіндіктерін пайдалану;

- оқу үдерісін оқытудың белсенді әдістері мен технологиялары негізінде ұйымдастыру және әдістемелік құралдармен, ақпараттық технологиялармен қамтамасыз ету;

- кафедра ұжымының және профессор-оқытушылар құрамының студенттердің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудағы мақсатты бағыттылығы және келісімі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Ұсынылған модель бойынша болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру үдерісінде студенттермен төмендегі іс-әрекеттер жүргізілді: инновациялық әдістерді, құралдарды, қазіргі технологияларды қолдана отырып, сапалы білім беру; педагогикалық қызметке, іс-әрекетке ынталандыру; өзін-өзі тұлғалық және кәсіби дамыту, өзін-өзі жетілдіруге дағдыландыру; кәсіби-дидактикалық және тұлғалық даму мен жаңа технологияларды меңгеруді байланыстыруды, педагогикалық, психологиялық диагностика әдістерін меңгеруді үйрету; педагогикалық үдерісті жобалай білу және ұйымдастыру біліктілігін қалыптастыру; студенттерге кәсіби- дидактикалық тәжірибе жинау үшін оқу- тәрбие үдерісінде оқудың жаңа технологияларын қолдана отырып сабақ жүргіздіру; кәсіби-дидактикалық құзыреттілік қалыптастыруды бастауышта оқытылатын пәндердің әдістемелерімен жүйелі байланыстыра жүргізуге машықтандыру.

 

Әдебиеттер тізімі

 

1.      Сластенин В.А. Формирование личности учителя в процессе профессиональной подготовки. - М., 1976. –160 с. 12.      Педагогика: педагогические теории, системы, технологии: Учеб. пособие для студ.сред.пед.учеб.заведений / С.А.Смирнов, И.Б.Котова, Е.Н.Шиянов, Т.И.Бабаева и др.; /Под ред. С.А.Смирнова. –М.: Издательский центр «Академия», 1999.-544 с.23.      Дурай-Новакова К.М. Формирование профессиональной готовности студентов к педагогической деятельности: автореф. ... док. пед. наук. –М., 1983.-32 с.34.      Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Педагогика және психология / Жалпы ред.басқарған А.Қ.Құсайынов. –Алматы: «Мектеп».- 2002. -256 б.45.      Хмель Н.Д. Технология реализации целостного педагогического процесса: Программа спецкурса для магистратуры университетов. – Алматы: Қазақ университеті. -1998. -24 с.56.      Нұрғалиева Г.Қ. Психолого-педагогические основы системы целостного ориентирования личности: автореф. ...докт.пед.наук. –Алматы, 1993. -51 с.67.      Подласый И.П. Педагогика. Новый курс: Учебник для студентов пед. Вузов. В 2 -х книгах. –М.: Центр Владос. Кн. 1 -1999. -575 с.78.      Сорокина Т.М. Развитие профессиональной компетенции будущего учителя средствами учебного содержания //Начальная школа. -2004. -№2. -С.110-114.89.      Луканкин Г.Л. Научно-методические основы профессиональной подготовки учителя математики в педагогическом институте: автореф. ...док. пед. наук. –Ленинград, 1989. -59 с.910.  Исаев И.Ф. Профессионально-педагогическая культура преподавателя: Учеб. Пособие для студ. высш.учеб.заведений. –М.: Издательский центр «Академия», 2004. -208 с.