Бейсенбекова Г.Б. п.ғ.к., доцент

Сагинтаева А.  студент

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті. Қазақстан.

 

Педагогикалық ҚАРЫМ  ҚАТЫНАС мәселесінің ғылыми-теориялық аспектілері

 

Психология ғылымындағы негізгі ұғымдардың біреуі – қарым-қатынас. Қарым-қатынассыз  жеке адамды түсіну, оның дамып жетілуін талдау мүмкін емес.

Қарым-қатынаста адамдар өзін көрсетеді, өзі үшін және басқалар үшін психологиялық қасиеттерін аша түседі. Сонымен бірге ол қасиеттері қарым – қатынаста қалыптасады. Адамдармен қарым-қатынаста адамның адамзаттық тәжірибені игеруі, қалыптасқан мораль, құндылықтар, білім мен іс-әрекет түрлерін игеруі, жеке адам және дара адам түрінде қалыптасуы іске асырылады. Яғни, қарым-қатынас адамның психологиялық дамуының маңызды факторы.

Қарым-қатынас адамдардың өзара әрекеттестік және өзара қатынас жасауының ерекше формасы.

Қарым-қатынас ұғымы С.И. Ожегов сөздігінде өзара келісім, іскерлік және достық байланыс арқылы анықталады. Нақты әлеуметтанулық, психологиялық, педагогикалық зерттеулерде қарым-қатынас ұғымы өзара әрекеттестік, байланыс ұғымдарымен жақын мағынада қолданылады. Сонымен қатар, қарым-қатынас контексінде өзара әрекеттесуді, қатынасты тиімді жүзеге асырудың тәсілдері, дағдылары, құралдары, адамның қабілеті мен қасиеттері жүйесінде қарастырылады.

Қазіргі кезде қатынас мәселесін философия, психология, әлеуметтану, этика, психолингвистика - осы сияқты, саладағы ғалымдар әр жақты зерттейді. Мәселен, Л.П.Буева іс-әрекет пен қарым-қатынас өзара байланысты, сонымен қатар өзбетті деп тұжырымдаса, М.С.Каган қарым-қатынасты адамның іс-әрекетінің бір түрі, құрлым мен атрибутына тән деп қарастырады. М.В.Соковин адамның қарым-қатынасын коммуникативті іс-әрекет, қатынас, өзара түсіну  және өзара әсер ретінде қарастырады.

“Қарым-қатынас” ұғымының көп анықтамаларының арасында біз оны - “коммуникативті іс-әрекет” ұғымымен синоним деп қарастыратын (А.Н.Леоньтев, М.И.Лисина, Х.Т.Шерьязданова, Т.И.Суркова, Д.А.Исмайлова, Ж.А.Абишева және т.б.) позицияларын ұстанамыз.

Қазақстандық психолог Х.Т.Шеьязданованың  еңбегінде қарым-қатынас – баланың қалыпты психикалық дамуының маңызды факторы және ажырамайтын шарты ретінде қаралады. Ол қоршаған адамдармен қарым-қатынас қажеттілігін бастапқы мәні бар маңызды табыстылық ретінде зерттеп, қарым-қатынасты іс-әрекет ретінде түсінудің  негізгі ережесін ұсынады:

1.  Қарым-қатынас іс-әрекетінің пәні немесе объектісі бірлескен іс-әрекеттегі серіктес және қарым-қатынас потенциалының субъекті ретіндегі жеке адам;

2.  Қарым-қатынас әрбір іс-әрекет сияқты адамның қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған.

Сондай-ақ, Қазақстандық психолог С.М.Жақыпов бүтіндей оқу-тәрбие  үрдісініің тиімділігін анықтайтын факторлардың бірі және педагог пен оқушының арасындағы өзара әрекеттестік  деп  бірлескен  диалогтық танымдық іс-әрекетті тиімділік критериі деп  көрсетеді. Мұнда өзара әрекеттестік, қарым-қатынас мәселесі шешілгенде танымдық іс-әрекетті қалыптастыру үрдісіне жетекшілік жасау мүмкіндігі пайда болатындығы дәлелденеді.

Қарым-қатынасты зерттеуде ең алдымен оның құрлымдық компоненттерін анықтау қажет. Осыған орай зерттеу барысында Г.М.Андрееваның қарым-қатынастың бір-бірімен өзара байланысты 3 жағынан қарастырады: коммуникативтілік, интерактивтілік және перцептивтілік.

Коммуникативті жағы мәлімет беру-алмасу мәселесімен анықталады; интерактивті жақтың мәні қарым-қатынас жасаушы жұптастардың өзара  әрекеттестігінде болады, ал перцептивті компонент-адамдардың  бірін бірі  қабылдауы, өзара түсінушіліктері. Ғалым бұлай жіктеп, бөлудің  шартты ғана  екендігін, қарым-қатынас үрдісінде оның 3 жағы да  көрінетіндігін  дәлелдейді.

Қарым-қатынасты зерттеу мәселесімен айналысушы ғылымдардың көпшілігі (А.Г.Ковалев, М.И.Лисина, А.В.Петровский, К.Обуховский, В.С.Мусина , В:С.Мухина және т.б.) адамдардың қарым-қатынасты жүзеге  асыруын қажетсіну, басқа адамды танып-білуге ұмтылу, ниет білдіру ерекшеліктері деп түсіндіреді.

Педагогикада қарым-қатынас мәселесі қатынас мәселесі базасында туындады. Ғалымдар «қарым-қатынас» пен «қатынас» терминдерін ұқсастыруға тырысты.  Балалар мен ересектер арасындағы қатынасты зерттей отырып, оларды өзарасыйластық, гумандылық негізінде құру қажеттілігін атап көрсетті. (В.Г.Белинский, Н.А.Добролюбов, Н.Г.Чернышевский).

Педагогикалық зерттеулерде педагог пен оқушылар арасындағы қарым-қатынас мәселесі бастапқы орын алады. Бұл қарым-қатынасты  анықтауда  арнайы “педагогикалық қарым-қатынас” деген ұғым қолданылады. Педагогикалық қарым-қатынас А.А.Бодалев, В.А.Кан-Калик, Я.Л.Коломинский, В.А.Петровский, А.А.Леонтьев т.б. еңбектерінде мазмұны, формалары, тәсілдері бойынша сипаталады.

В.А. Сухомлинский соңғы еңбектері өзарақатынас мәселелеріне байланысты. Бұл еңбектерде «қарым-қатынас» термині көп кездеседі, бірақ ол В.А.Сухомлинскийдің теориялық талдауының пәні деп есептеуге болмайды. Ол педагог пен оқушы қарым-қатынасы мәселесіне көп көңіл бөлді.

Әрине, қарым-қатынас мәселесін көптеген педагогтар қарастырғанымен, педагогикада ол жеке дара мәселе ретінде анықталмайды.  Мысалы, ұжымды тәрбиелеу мәселелерін қарастыра отырып, М.Д. Виноградова, Б.Т.Лихачев, Л.И.Новикова, И.Б. Первин және т.б. ұжымдағы жеке тұлғалар арасындағы қарым-қатынасты; Ю.П.Азаров, А.Ю.Гордин және т.б. педагогикалық шеберлік мәселесін зерттеді; О.С.Богданова, Н.И.Болдырев, И.С.Марьенко, И.Ф.Харламов және т.б. адамгершілік тәрбиесін зерттеді; А.И.Кочетов., Л.П.Рувинский оқушылардың өзіңдік тәрбиелеу сұрақтарын және т.с.с.

Н.Д. Хмель концепциясы құнды саналады, оның ойынша «педагогикалық процесс – педагог – тәрбиеленушілер» жүйесінің қызмет етуі, бұл жерде оқушылар арасындағы өзараәрекеттесу барлық мәдениет байлығын меңгеруге, өскелең ұрпақты қоғам өміріне және еңбекке белсенді қатысуға дайындауға бағытталуы тиіс».

Педагогикалық процестің кез келген актісі «педагог – тәрбиеленуші» жүйесінің қызмет етуінсіз мағынасыз болып табылады. Сондықтан да коммуникативті іс-әрекетті бұл жүйеде педагогтардың да, тәрбиеленушілердің де іс-әрекетінің өнімді тәсілі болып табылады.

В.В. Кан-Калик педагогикалық қарым-қатынасты педагог пен оқушылардың « әлеуметтік – психологиялық өзара әрекетінің жолдары мен дағдылары кіретін жүйе» деп түсіндіреді.

Педагогикалық қарым-қатынас негізінде оқушылардың мінез-құлқы, таным дүниесі, адамгершілік позициясы қалыптасып жетіледі. (Х.Т.Шерьязданова, В.Ф.Моргун  т.б.).

Педагогикалық қарым-қатынастың формасы – оқушылар мен педагогтың  “субьект-субьект” жүйесіндегі бірлескен әрекеттестіктері болып табылады.

Педагогикалық қарым-қатынас педагогтың жеке басы, оқушы психикасына әсер етудегі рөлі, яғни қарым-қатынас стилі арқылы әр деңгейде көрінеді.

В.С.Мухина қарым-қатынас стилін педагогтың оқушыларға әлеуметтік психологиялық әсер етуінің дара типологиялық ерекшелігі  деп анықтайды.

Әдебиеттерге талдау жасағанда педагогтық қарым-қатынас стилінде коммуникациялық тәсіл, қатынас сипаты, даралық, оқушылар ерекшелігі, әлеуметтік-адамгершілік  құндылықтар,  әлеуметтік рөлі мен статус көрінеді.

Әрбір қарым-қатынас стилі де педагогтың оқушыларға әсер етуін  байқатады. Педагогтың қарым-қатынасындағы авторитарлық стиль педагогтың позициясымен сипатталады. Онда педагогтың оқушылардан бағынуды талап етуі, не іс-әрекетті күшпен орындатуы, жазалау тәсілдерін қолдануы, оқушылар инициативасын табан асты етуі, оқушылар мүмкіншілігінен тыс жетістікке үміттенуіне әсер ету, тәрбиелеу тәсіліне айналады. Мұндай жағдайда оқушылардың өз мінез-құлқын, жүріс-тұрысын реттей алмауы, қорқыныш-үрейлі күй кешуі, кез-келген іс-әрекетке қызығушылық, ниет, мотивтің болмайтындығы талай зерттеулерде белгілі болған.

Педагогикалық қарым-қатынастың демократиялық стилі педагог пен оқушылардың бірдей белсенді позициясын қамтамасыз етеді. Педагог оқушылардың жағымды эмоцияларды қажетсінуі мен өзінің ішкі мүмкіндіктерін шығаруға мүмкіндік жасайды. Мейірім, достық негізіндегі дара стиль арқылы оқушылардың өз-өзіне сенімді болуын, адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруы, дамытуы мүмкін болады. Мұнда педагог сендіру және  иландыру тәсілдерін пайдаланып қарым-қатынас құрады.

Педагогикалық қарым-қатынастың либералды – босаң стилі негізінде оқушылардың өз міндеттерін түсінбеуі, мінез-құлқын, жүріс –тұрысын реттей алмауы, топтық жағдайға бейімделе алмауы сияқты негативтер болады. Бұл педагогтың кәсіби әлсіздігімен, енжарлығымен түсіндіріледі.

Әрбір педагогтың қарым-қатынас сферасында барлық стилдер  қолданылғанымен бірі басымдылау болады (А.В.Мудрик,  В.С.Мухина).

Жоғарыдағыларды талдай келе, қарым-қатынас мәселесінің тарихы бар екендігін аңғаруға болады. Қоғам дамуының кезіргі кезеңінде қатынассыз адам іс-әрекетінің қарапайым актісі болуы мүмкін емес.

 

 

Әдебиеттер:

 

1.     Әбеуова  И.Ә. Әлеуметтік  психология (оқу  құралы) Алматы 2001. 57 б.

2.     Әубәкірова Ж.Қ. Мектеп жасына дейінгі балалармен қарым-қатынас тренингін ұйымдастырудың психологиялық – педагогикалық негіздері. Пс.ғ.канд.дисс.Алматы. 2001ж. 135 б.

3.     Ожегов С.И. Словарь русского языка. М.,1960.-427 б.

4.     Буева Л.П. Человек: деятельность и  общение.-М.,1978.-113 б.

5.     Лисина М.И. Общение, личность и психика ребенка. М.,1997

6.      Кравцова Е.Е. Психологические проблемы готовности детей к  обучению в  школе.М.,1991.-с. 135-143 б.

7.      Шерьязданова Х.Т., Суркова Т.И.  Педагогу о стиле общения с детьми.-Алматы, 1996.

8.     Джакупов С.М. Психология познавательной деятельности. Алма-Ата, Изд-во КазГУ 1992. – 195 б.

9.     Божович Л.И. Проблемы формирование личности. 2-е изд. –М.,1997.