Мелдебекова Лаура Абдуллакызы

 

Шымкент, Қазақстан

 

АӘИУ «Жалпы педагогика» кафедрасының магистранты

«Баспасөз бетінде берілген тақырыптар»

         Еліміз тәуелсіздігін алған ХХ ғасырдың 90-шы жылдары төл тарихымыз бен тіліміз, мәдениетіміз, тарихымыз туралы қазақ баспасөзі жаңа көзқараста, жаңа тұрғыдағы пікірлерді жариялады. «Бір жарым ғасырға жуық ғұмыры бар қазақ баспасөзі бүгінде  халқымызбен бірге жасасып келеді. Осы мезгіл ішінде баспасөз түрлі оқиғалар мен кезеңдерді басынан өткерді, енді бірде қарқынды тұрғыда дамыса, енді бірде оның жүрісі баяулады, қоғамның ағымына қарай тіпті тоқыраған кездері де болды. Бірақ қандай кезеңде болмасын қоғамдық ойдың қозғаушы күші қызметін атқарып келеді», -  [1,37].

Мақала тақырыбына арқау, ұйытқы, негіз болатын ұғым ол - сөз. Сөйлем құрамына енетін сөздер ретсіз, қалай болса солай беріліп, тіркесе салмайды. Тіркесетін сөздердің байланысы әрі мағыналық, әрі синтаксистік бірлікте болуы шарт. Берілген мақала мен оның тақырыбы бір-бірімен астасып, көркем өріліп жатуы тиіс. Ал мақаланың негізгі желісі - идея. Мақала тақырыбының маңыздылығы, мақсаты, желісі берілетін қорытындының аумақтығымен ерекшеленеді. Баспасөздің күнделікті ісінде мақаланың атқаратын рөлі ерекше. Мақала тақырыбы - шығармада сөз болатын басты элемент, шығарма мазмұнының негізгі арқауы, айтылатын фактордың бағыт - бағдаршамы. Бұл туралы әдебиеттану терминдер сөздігі кітабында «Тақырып пен идея бір-біріне жалғас ұғымдар. Олар бір-бірімен кірігіп, біріне-бірі реңк беріп, қабысып жатады», - деп айтады [2,193].

Еліміз егемендікке қол жеткізгелі бері рухани өмірдегі жаңалықтарды саралап, өткенімізді таразылауға кең жол ашылды. Бастысы газет оқырманының рухани жан-дүниесін байытып, өткен ғасырда өмір сүрген мол мұралардан толық мағлұмат пен ақпарат алу мүмкіндігіне ие болу. Бүгінгі күні ақпараттың ауқымы мейлінше кең, әрі еркін. Ақпараттың ауқымы мен көлемі кең болғандықтан да ондағы берілетін мақалалар тақырыбы да әр алуан болып келеді. Адамзат өзін қоршаған шындықты, әлемдегі сан алуан құбылыстарды сезім мүшелері арқылы сіңіріп, санамен түсініп қана қоймайды, оған белгілі бір жауап та қайырады.

Ақпаратты өзінше жаңғыртып, оны жаңа сапада жасауға саналы түрде әрекет жасайды. Ақпаратты өңдейді, қорытынды шығарады, оған өз тұрғысынан баға береді, тәжірибеде қолданады. Тәжірибесінің негізінде ғаламның тілдік бейнесін жасайды. Өмірдегі шындық пен тіл арасындағы өзара үйлесімділік баспасөз бетінен көрініс табады. Кез-келген елдің негізгі - сол  елдің халқының уақытының сынынан өтіп, еленіп, екшелініп, сұрыпталған өзіндік салт-дәстүрі бар. Өйткені ол сол аталған халықтың ата-бабаларының сан ғасырлар бойы тірнектеп жинап, тіршілік тезінен өткізіп, қаттап қалыптастырып ұрпағына жеткізген асыл мұрасы, алтын қазынасы, мол байлығы. Белгілі бір ұлттың дүниеге көзқарасын, өмір сүру ерекшеліктерін, талғам-танымын, ұлағат-өнегесін оның рухани мәдениет үлгілерінен салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпынан көруге болады.

«Ата салты- асыл мұра», «Елдің атын ер шығарады» немесе «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» деген қағидаларын ұстанған қазақ қоғамында, қазақ тарихында еліне, халқына, жұртына жаны ашып, өзін сол жолда құрбан еткен қаншама ұлтжанды, қоғам қайраткерлері болды. Атап айтар болсақ: құйрықты жұлдыздай, жасындай жарқ етіп өте шыққан, халқының аяулы, текті ұлдарының бірі Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов. Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов жайында «Ана тілі» газетінде «Жарқ еткен жасын ғұмыр» атты жарияланған мақала. Жасын қазақ тілінде «найзағай» деген мағынаны береді. Халқымыз «жай түсті», «жасын түсті» деп те айтады. Ал мақалада берілген жасын - «найзағай». Ол лезде түсіп «жарқ» етіп қайта жоқ болатын құбылыс. Күнде бір жаңалық болып, қоғамның өзгерген тұсында мәдениеттану мен өзге де пәндердің сабақтасуы орайласқан тұста тіл мен мәдениеттің арақатынасы да жиілеуде. Тілдік таңбаның адам баласына тікелей қатысты екенін А.Уфимцева былайшы түсіндіреді. «Қандай да бір құбылыс немесе зат таңбаны қабылдаушы субъектінің объективті шындыққа деген ерекше қарым-қатынасын көрсету арқылы белгілі бір таңбалық жағдайға нақты белгілеу семиозисін іздестіреді», - [3] дейді.

«Қазақ тілінің өзекті мәселері» деген ғылыми еңбегінде академик Ә.Қайдар этнолингвистика туралы: «Ол-этностың инсандық һәм дүнияуи табиғатын тереңнен танып білу үшін басқа емес, тек тіл феноменінің өзіне ғана тін ғажайып мүмкіншіліктері мен қазына байлығын зерделеп зерттеуді мақсат ететін ғылым» деген анықтама бере отырып, тілдің лексика – семантикалық қорын дамытудың, байытудың көздері ретінде этнолингвистикалық арналарды ұсынады. Олар:

1.Баламалар,

2.Тұрақты теңеулер,

3.Фразеологизмдер;

4.Мақал-мәтелдер;

5.Жұмбақтар;

6. Ауыз әдебиеті үлгілері [4,8].

Академик Ә.Қайнар этнолингвистиканың негізгі зерттеу объектісі этнографиялық лексика, ал этнографиялық мәнге ие единицалардың көпшілігі тілімізде тіркес ретінде қолданылатын күрделі сөздер мен фразеологизмдер және мақал-мәтелдер екендігін айтады. «Олар бара-бара тұрақталып, мағыналық өзгерістерге ұшырауы салдарынан этнофразеологизм және мақал-мәтел дәрежесіне көтеріледі. Олардың дүниеге келуі о баста, малға, аңға, өсімдіктерге, аспан әлеміне, табиғат құбылысына байланысты болса да, бүгінде бәрі айналып келіп адам тұрмысына, мінез-құлқына, жақсы-жаман қасиетіне, ішкі-сыртқы көрінісіне бағышталады», дейді. Демек ол тұрақты тіркестердің баспасөз бетінен көрініс табуы, біздің мол тарихымыз бен сөздік қорымыздан хабар береді. Сондықтан да баспасөз ел өмірінің барлық саласын қамтиды. Қазіргі біздің өмірімізде газет, журнал, теледидар назарына ілікпеген тақырып жоқтың қасы. Баспасөздегі тіл, мемлекеттік тіл тақырыбы ұлт үшін айрықша маңызы бар мәселе. Мемлекеттік тіл мәртебесіндегі қазақ тілінің ішкі, яғни таза лингвистикалық күрделі жайлары бір басқа да, оның өз мәртебесіне сай қолданыста болу мәселесі - бір басқа. Мемлекеттік тілдің бұл мүддесі мерзімді баспасөздің арналы бір тақырыбы да. Кез-келген басылымда тіл тақырыбы мейлінше қамтылған. Газеттің кез-келген шыққан санын алып қарасаңыз тіл тақырыбының сан тарау саласы сөз болып, талқыланып тұрғанын байқаймыз. Ол келесі берілген газет мақаласы тақырыптарымен нақтылана түседі. Ең бастысы, қазақ тілі - атадан балаға мирас болып келе жатқан асыл мұра ретінде, қазақ халқының ең құнды, ең қасиетті дүниесі!

Мысалы: «Теміржол туған тілге төбесінен қарай ма?»,  «­Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін», Тіл мәселесінде тегеурінділік керек». Аталмыш тақырыптардың негізгі көтеретін нақты мәселесі біреу ғана ол – мемлекеттік тіл. Бұнда журналист «Алматы-Орал» теміржол бағытындағы мемлекеттік тіл қолданысындағы келеңсіздіктерді сынаған.

«Ұлы дала атаулары» айдарында ономастикалық жер-су, мекен атауларының сыры ашылады. «Толғауы тоқсан туған тіл», «Ертегі тыңдамаған немере ана тіліне де немкетті...», «Телеарна тілді бұзбасын», «Аудармалар ақсап тұр», «Қазақша сөйлесек, ұлтшыл боламыз ба?» мақалалары мемлекеттік тілдің бүгінгі хал-ахуалының сын көтермейтін жағдайын сөз етеді.

Ұлттың болмысын сипаттайтын өркениет пен мәдениеттің қалыптасуындағы ана тілінің ұлтты ұйытатын дәнекерлік қызметі айрықша екендігі белгілі. Ұлттық дамудың әрбір жаңа кезеңіне сай мемлекеттік деңгейдегі рухани зерттеп, зерделеудің жаңа бағыттары негізінде ана тілінің де қызметі артып, қазіргі заманға сай дамып, жетіліп келеді. Осы орайда, тәуелсіздік кезеңінен бастау алып, қазіргі таңда еліміздің зиялы да ұлтжанды саналы азаматының рухани-танымдық серігіне, қазақ сөз өнерінің, төл тарихы мен мәдениетінің дерегі мен бейнесіне айналған «Ана тілі» басылымының қазіргі қоғамдық-әлеуметтік өмірде алатын орны әрине, жоғары. Мысалы: «Туған ел - тұғырың, туған тіл - қыдырың» атты мақала жарияланған. Мақаланың негізгі мазмұны әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында Алматы қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен «Тіл» оқу әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойына арналған «Туған ел - тұғырың, туған тіл - қыдырың» аты әдеби-музыкалық кештің өткізілгендігі туралы айтылған. Аталмыш іс-шараға қатысқан Алматы қаласы жоғары оқу орындарының өнерлі жастары қазақтың тамаша ән-жырларын тамылжыта шырқады. Олар бүгін студент болғанымен, күні ертең еліміздің мерейін асыратын, Тәуелсіздігіміздің абыройын асқақтататын бір-бір маман иелері екендігі даусыз.

Қазақтың ата-баба дәстүрінің жалғастығына сай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдердің алатын орны ерекше маңызды. Қазақ тіліндегі мәдени лексиканың ұлттық ерекшеліктерін талдай келіп, профессор Ж.Манкеева төмендегідей пікір айтады: «Ана тіліміздің сөз айдынының тереңінде халықтың ғасырлар бойғы іс тәжірибесінен, өмір тануынан қорытылып, ереже түрінде тұжырымдалған аталы сөз, мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер туып жатады», - [5].

ХХІ ғасыр білім мен ғылымның ғасыры. Ақпараттар ағыны тасқындаған кезеңде, қоғамның ілгері жылжып, дамуына қарай оқырмандардың, тыңдармандардың, көрермендердің де талғамдары өзгерді, сұраныстары артты. Қазір оқырман қауым адамды мезі ететін, жаттанды, жауыр болған, таптаурын дүниелерден де қашатын секілді. Ол орынды да. «Сөз тасқынының» ортасында қалған қауым бос ақпаратқа бас ауыртқысы да келмейді. Артық, бос ақпаратты қабылдап отыруға адамның күш-жігері де жетпесе керек-ті. Тілімізде жай тіркестермен қатар қалыптасып кеткен тұрақты тіркестер де бар. Бұл тіркестердің қайсысы да, мейлі мақал-мәтел болсын, мейлі идиом, фраза болсын автордың қолдану тәсіліне қарай құлпырып, журналист шеберлігіне қарай түрленеді. Қоғамның ілгері дамуына қарай замана өзгергенмен баспасөздің халық арасында алатын орны ешқашан өзгермейді. Баспасөзде жарияланған тәрбиелік-танымдық мәні бар мақалаларды  күнделікті ұрпақ тәрбиелеу ісінде пайдаланып отырудың мәні зор. Сонымен қатар басылым, журнал беттерінде озық үрдіс пен жаңаша технологияларды жаңа әдіс-тәсілдер негізінде насихаттаудың мәні орасан.

Сондықтан газет бетінде этномазмұнды ақпараттың, тілдік ақпараттар мен қолданыстардың қазіргі кезеңдегі мемлекеттік мүддеге сәйкес сабақталуы, қоғамға ақпараттық тұрғыдан әсер ету, жаңа ұжымның ұлттық тұрғыдағы танымының қалыптасуын бағдарлау, егемен ел кезеңіндегі ұлтты біріктіріп, біріздендіру үрдісін ұлттық құндылықтар негізінде ашып-тануға қызмет етеді. Қазіргі таңда мемлекеттік тілдің мәртебесінің ұлттық әлеуетінің, өміршеңдігінің, рухани ұлттастырушылық этномәдени қызметінің айқын көрінісі бұқаралық коммуникация. Себебі газет тілі мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы берілген қазіргі жаңа қоғамның шынайы бет-бейнесін жан-жақты ашып көрсетеді.

Қарапайым дүниелер секiлдi көрiнетiн түрлi көлемдегi материалдары, хабарлардан бастап тереңдей түсетiн, ғылым-бiлiмнiң жұмбағына бойлай түсетiн түрлi сәттер де болып тұрады. Жанрлары да әртүрлi. Жалпы қарапайым дүниелер қабылдауға жеңiл болады, бірақ оның өміршеңдігі қалай болатынына жауап бер қиын. Әрине, қызық-шыжықты, ғашықтық жайын қазбалап жазатын, қылмыстың хроникалық төңiрегiнде арзан әңгiме-қауесет, ойдан-қырдан көшiрiлген хикаяттар, өсек-аяң қуған саржағал газеттер шығып жатыр. Мұндай газеттер жеңiл-желпi тұрғыда құрастырылада, оның өтiмдiлігі де пайдалы болады.

Газет шығару - механикалық шаруа емес, ол шығармашылық ізденіс. Қабiлет болмаса, iзденбесең, онда сапалы дүниелер шықпайды. Осы айтылғандарға дәлел ретінде «Ынтымақ кеткен жерден - ырыс, бірлік кеткен жерден береке кетеді» деген тұрақты тіркесті алайық. «Ынтымақ кеткен жерден - ырыс, бірлік кеткен жерден береке кетеді» деп елбасы Н.Ә.Назарбаев Астанада Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиынның кіріспе сөзін осыдан бастады: «Азаттықтың арайлы таңынан бері тәу етер киемізге айналған Тәуелсіздік күні - біздің ең ұлық мерекеміз. Арманда кеткен арыстардың асыл мұратына біз мыңжылдықтар тоғысында қол жеткіздік. Біз осылайша тарихта есесі кеткен еңсегей елдің еңсесін тіктедік. Осылайша мемлекеттігімізді орнықтыру жолындағы абыройлы белесте баршаңызға толайым табыстар тілеймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекеттігіміз ғұмырлы болсын!». Бұл жерде берілген мақаланың негізгі өзекті сөзі «ақ түйенің қарны жарылу». «Ақ түйенің қарны жарылу» фраземасы қуану, шаттану, көкке төбесі бір елі жетпеу деген мағынаны білдіреді. Яғни ойға алған бар шаруаның орындалуы. Қазақ осындайда «ақсарбас» атап ақ түйенің қарны жарылды деп айтады. Осындай қуанышты, ел өмірінде мәңгі қалар сәтті осы тұрақты тіркес арқылы образды бейнелеген.   

Бұның барлығы да еліміз егемендік алған соң елде саяси тұрақтылықтың  бекіді, халықтың бірлігі шыңдалғандығын көрсетеді. Мемлекеттің тәуелсіздігін нығайту жолында ыңмаңызды жобалар мен іс-шаралар жасалынды. Қазір оның оң нәтижелері барлығымызға да белгілі болып, барша ел-жұрт жемісін көріп отыр. Осындай игі істердің арқасында қазақ халқы өзімен ғасырлар бойғы жасасып келе жатқан мол ұлттық калоритті салт-дәстүрлері мен құндылықтарын сақтап қалды. Қазақ даласында туып, қазақ топырағынан нәр алып, төл әдебиетіміздің қамбасын байытқан көркем, құнды шығармаларымыз тарихымызда аз емес. Бұлардың барлығы да көркем тіл қазыналары арқылы сыртқа шығады. Тілдің қадір-қасиеті жайлы А.Байтұрсынұлы былай деді: «Тіл адамның - адамдық  белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниедегі адамдар тілінен айырылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді, осы күнгі адамдар жазудан айырылып, жаза алмайтын күйге ұшыраса, ондағы күйі тілінен айрылғаннан жеңіл болмас еді. Біздің заманымыз - жазу заманы, жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» [6] деп баға береді.

Оның себебі, тіл бар жерде сөйлеу бар, сөйлеу бар жерде нақышына келтіре, көркем сөз образдарын қалау бар, одан қалды мақала тақырыбы етіп пайдалана алу да бар.  

 

·       Мақалада «Ана тілі» газеті атауы қысқартылып берілді

           

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Қожакеев Т. Тарих дәлдікті сүйеді // Қазақ әдебиеті. - 1964. - 5 маусым. 

2. Әдебиеттану терминдер сөздігі.  - Алматы, 1996. - 240 б.

3. Уфимцева А. Лексическое значение. - М: Наука, 1987. - 240 с.

4.Қайдар Ә.Т. «Қазақ тілінің өзекті мәселері». -  Алматы, 1991.

5.Манкеева Ж. Мәдени лексиканың ұлттық сипаты. - Алматы, 1997.

6.Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. - Алматы, 1992.