Пеагогика/Методические основы воспитательного процесса

Худайбергенова Г.А

Қ.А.Ясауи атындағы  Халықаралық қазақ-түрік университеті, Қазақстан

Балалардың  сөздік қорын ойындар  арқылы дамытудың  ерекшеліктері

Қазақ халқында  «Баланы ойын өсіреді» деген  даналық сөз бар. Ойын балалар өмірінің  нәрі. Ойын  баламен мәңгілік өмір сүреді. Ойын арқылы баланың дүниетанымын қалыптастыруға, қиялын шыңдауға, баланың арман тілегін білуге, зейінін қалыптастыруға, ойлау қабілетінің дамуына әсер етуге болады. Ойын – бала әрекетінің негізгі түрі. Ойын арқылы балалар қоғамдық тәжірбиені меңгерді, өзінің психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады. Бала ойынында да қоғамдық, ұжымдық сипат болады. Мәселе, кез-келген бала  еш уақытта жалғыз ойнамайды, қатар құрбылармен ойнайды, сол арқылы бір-бірімен өзара қарым-қатынас жасайды. Ойын балалар үшін айналадағыны танып, білу тәсілі. Балалар ойындарының тәрбиелік маңызын жоғары бағалай келіп, А.С.Макаренко былай деп жазады: «Бала ойында қалай болса өскен соң жұмыста да көп жағынан ұқсас болады», сондықтан келешек  қайраткер  азаматты тәрбиелеу алдымен ойыннан басталады. «Ойынсыз-ақыл ойдың  қалыпты дамуы да жоқ және  болуы да мүмкін емес»,-деп айтқан В.А.Сухомлинский.  Ойын - балалар бір-бірімен қарым-қатынас жасайтын өз бетінше іс-әрекеті. Оларды бір мақсат, оған жетудегі жалпы қызығушылықтар мен әсерлер біріктіреді.

Ойын - баланың ақыл-ойын тәрбиелейтін құрал. Ойында өмірді көрсету күрделі үдеріс. Ойын тілдің дамуына өте зор ықпал тигізеді. Ойын жағдайы оған араласқан әрбір баладан тіл қарым-қатынасы дамуының белгілі бір деңгейін талап етеді. Егер бала ойын барысына қатысты өз тілегін анық айтуға мүмкіндігі болмаса, ол бірге ойнап отырған өз достарымен сөз-арқылы берілген нұсқауларын түсінуге қабілеті жетпесе, онда  түсінісу қажеттігі ұйқасымды тілдің дамуына себепші болады. Балалардың ойын арқылы тілін дамыту мәселелерін көрнекті орыс педагогтары Н.К.Крупская, А.С.Макаренко, К.Д.Ушинский, П.Г.Саморукова, психолог – ғалымдар Д.Б.Эльконин, А.В.Черков, Р.М.Римбург, А.В.Запорожец және т.б. зертеп еңбектер жазған. Н.К.Крупская ойынды  өсіп келе жатқан бала организмі талап ететін табиғи қажеттілік деп сипаттайды және оның тәрбиедегі аса маңыздылығын атап көрсетеді.

Баланың шығармашылық қиял, қабілетін, тілін, дамытуда ойынның айрықша маңызы бар екендігін қазақ халқының этнограф – ғалымы Ш. Уәлиханов, ағартушы – педагог Ы.Алтынсарин, қазақ зиялылары. А. Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М. Дулатов, М.Жұмабаев, Н.Құлжановада өз еңбектерінде атап көрсеткен. Зерттеуші ғалымдар Б.Баймұратова, М.Тұрыскелдина мектепке дейінгі тәрбие бағдарламаларын оқыту және тәрбиелеу еңбегінде нәрестелердің  жас ерекшелігіне байланысты 2,5 айдан 1 жасқа дейін  жүретін ойын-сабақтарды ұсынды. Сондай-ақ үлкен адамның ықпалынсыз меңгере алмайтын сөзді түсіну, үнге, дауысқа  машықтарды қалыптастыруға бағыттаған. Нәрестелермен өткізілетін ойын-сабақтар, жалпы алғанда, ересек топтарда өткізілетін сабақтармен ұқсас болып келеді.

Ойын барысында балалардың тілінің дамып, әсіресе, ұлттық қимылды,  дидактикалық ойындарды ойынағанда балалардың тілі,  сөздік қоры  дами  түсетіндігін Асылбекова Г. «Ұлттық қимылды ойынында балалар санамақтар, өлеңдер, тақпақтар қолданып, бұндай ойындарда балардың тілі, сөздік қоры дамып, ептілігі, қимылдың әдемілігі дамып қалыптасады, кеңістікте, уақытты бағдарлауға үйренеді, батылдық, тапқырлық, қайраттылық, шапшаңдық, ұжымшылдық сияқты қасиеттерге  тәрбиелетіндігін айта келіп, тіл дамыту бойынша дидактикалық ойындарды мынадай топтарға жіктеді.  Олар:

- тәрбиеленушілердің тілін дамытуға бағытталған дидактикалық ойындар: жаңылтпаш ойындар. “Қуыр – қуыр қуырмаш”, “Малдың төлін шақыру”, “Сөйлем жарыс”, “Сурет сыры”, “Сөйлем қуаласпақ”, т.б.

- сөйлем, сөз, олардың өзара байланысы туралы түсінікті қалыптастыруға бағытталған ойындар: “Қай сөзді жоғалттым?”, “Не қажет?”, “Орамал тастамақ”, “Домино”, т.б.;

- заттың атын, қимылын, сынын, санын білдіретін сөздерді меңгертуге бағытталған ойындар: “суретті лото”, “Ғажайып қоржын”, “Сиқырлы сандық”, санамақ ойындар, жұмбақ ойындар, т.б.

Ойын – дүниеге   жарық терезе іспетті, ол арқылы баланың рухани  сезімі  жасампаз өмірімен ұштасып, өзін қоршаған дүние туралы түсінік алады. Ойын  дегеніміз-ұшқын, білімге құмарлық пен  еліктеудің маздап жанар оты. Ойын-тынысы кең, алысқа меңзейтін, ойдан-ойға жетелейтін, адамға қиял мен қанат бітіретін, ақыл-ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы. Бала өз ойын дүние таным түсінігі  арқылы қабылдап, ересектерге еліктей жүріп үйренеді, өзіне қабылдайды. Ойнап жүріп өсетін әрбір баланың жан серігі –ойын.    Халқымыздың өмірге дені сау, шыныққан балалар тәрбиелеу жөнінде өз ұрпақтарына  қалдырған үлкен де  бай мұрасы-ұлттық ойындар.

Ұлттық ойындағы ата-бабамыздан бірге жеткен, өткеніміз бен бүгінді байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз деп қараған жөн. Бала ұлттық ойын үстінде  өмірде көрген-білгеніне, өзіне ұнаған адамның іс-әрекетіне  еліктей отырып, соны бейнелей ойнайды. Тегінде көп нәрсе  баланың өмірін дұрыс ұйымдастырып, жақсыға қарап баулып шебер басқара білуге байланысты. Сондықтан  педагог балаларды ойындарға өз қызығушылығымен, ынтасымен қатысуын қамтамасыз етуге міндетті. Сондай жағдайда ғана ойын өз мақсатына жетіп, тәрбиелік мәні арта түседі. Осыдан келіп ойын туралы мынандай тұжырым жасалады:

     а) Ойын- тәрбие құралы, ақыл-ойды, тілді дамытады, сөздік қорды байытады,   өмірді танытып, сезімді кеңейтеді, тәрбиелейді.

     ә) Ойын-ерік-жігерін және мінез қасиеттерін бекітеді, адамгершілік сапаны жетілдіреді.

     б) Ойын-ұжымдық сезім әрекеттері өсе түседі.

     в) Ойын-эстетикалық тәрбие беру құралының біріне айналады.

     г) Ойын- еңбек  тәрбиесін беру мақсаттарын шешуге мүмкіндік береді.

    д) Ойын-дене күшінің жетілуіне көмектеседі. Бала ұлттық ойын үстінде өмірде көрген білгеніне, өзіне ұнаған адамын іс-әрекетіне еліктей отырып соны бейнелей ойнап, сөздік қоры дамиды.

           Сабақтарда кеңінен қолданылатын ойындардың бір түрі – дидактикалық ойындар. Дидактикалық ойындар- кішкене балаларға мейлінше  тән оқыту формасы болып табылады. Дидактикалық ойынның нәтижесі  ойын жолымен ұту емес, бала білімді игеру, ақыл-ой қызметін дамытуда, өзара қарым-қатынас жасауда ой жетістіктерінің көрсеткіші. Сабақтарда  қолданатын дидактикалық ойындар: «Дұрыс ата», «Не өзгереді», « Не жоқ», «Дәміне қарай тағамдарды ажырат», «Ғажайып дорба», «Төлдерді ата» , «Бұл ненің даусы?» т.б. Ересектер  тобында  «Гүлдене бер Астана!» тақырыбында өткізілген ашық сабақта «Не өзгереді?» «Сиқырлы қорап» ойындары өте тартымды ойналады.

Мектепалды даярлық топ балаларының тілін дамытуда ойындардың рөлі зор. Ойын үстінде балалардың тілі дамып, бір затқа бейімділігі, қызығушылығы артады. Ойын мазмұны мен түріне қарай: мазмұнды-бейнелі, қимыл-қозғалыс, дидактикалық, құрылыс кейіптендіру ойындары болып бөліне. Мазмұнды бейнелі ойында бала ойын мазмұнын түсінікті етіп жеткізуге тырысады, оған қажетгі құрал-жабдықтарды табуға талпынады, оларды дайындау үшін еңбектенеді, ал еңбек ұжымдық іс-әрекетке біріктіреді және шығармашылық іс-әрекетке бағдарлайды. Ойын жағдайы оған араласқан әрбір баладан тіл қарым-қатынасы дамуының белгілі бір деңгейін талап етеді. Егер бала ойынның барысына қатысты өз тілегін анық айтуға мүмкіндігі болмаса, егер ол бірге ойнап отырған өз жолдастарының сөз арқылы берілген нұсқауларын түсінуге қабілетг жетпесе, онда ол құрдастарына масыл болады. Құрдастарымен түсіну қажеттігі ұйқасымды тілдің  дамуына себепші болады.

Сонымен, балалардың ойын арқылы тілін дамытту мәселелерін көрнекті орыс педагогтары Н.К.Крупская, А.С.Макаренко, КЛ.Ушинский, П.Г.Саморукова, психолог-ғалымдар Д.Б.Эльконин, А.В.Черков; Р.М.Римбург, А.В.Запорожец және т.б. зерттеп еңбектер жазған. Н.К.Крупская ойынды өсіп келе жатқан бала организмі талап ететін табиғи қажеттілік деп сипаттайды және оның тәрбиедегі аса маңыздылығын атап көрсетеді. «Ойын өсіп келе жатқан бала организміне ауадай қажет. Ойын үстінде баланың күш-қуаты толыға түседі, қолы қатайып, денесі иілгіш, көз қырағылығы артып, тапқырлық, сезімталдық, инициатива көрсету секілді қасиеттері, тілі дамиды. Ойын үстінде балалардың бойында ұйымшылдық дағдылары қалыптасады. Өзі тап болған жағдайды байыппен талдап, төзімділікке үйренед»-деген болатын. 

    Я.А.Коменский өзінің «Ұлы дидактика», «Аналар мектебі» еңбектеріңде балалардың тілін дамытуға күн тәртібі, тамағы және ойынның маңызы зор екендігіне үлкен мән берген.

  Сонымен, мектепалды даярлық тобында балалардың тілін дамытуда ойынның рөлі басым бола түседі. Ойын әрекетінің қызықты болуын қамтамасыз ететін, баланың танымдық қызығушылығы сапаларын дамытатын басты нәрсе білім, әрекет, қарым-қатынас. Міне, осы жағдайларды ескере отырып, балалар тіл байлығын дамытуда пайдаланатын ойын түрлерін төмендегідей жүйелеуге болады:

     1. Мазмұнды бейнелі ойын: отбасы, балабақша, мектеп, аурухана, ұшқыштар, мал фермасы, құрылысшылар, мұнайшылар, темір жол, теңізшілер;

     2. Қимыл-қозғалыс ойындары: ақ серек, көк серек, ұшты-ұшты, аңшылар, сиқырлы таяқ, жаяу көкпар, ақ-байпақ, ормандағы аю, мысық пен торғайлар, бақташы мен қозылар, қуыспақ, қасқыр қақпан, соқыр теке, жырадағы қасқыр.

3.           Дидактикалық ойындар: заттардың түсін анықта, қуыршақты серуенге дайында, орныңды тап, ойлан тап, ұзын-қысқа, аласа-биік, әр құстың мекенін тап, түсті лото, дәл тауып айт, тігін шеберханасы, тез ретке келтір, мына заттарды сипатта, сандардың орнын тап, жоғары төмен, дүкен, көршілер, аралар, телеграф;

    4. Құрылыс ойындары: лото және басқа конструкторларды пайдалану;

    5. Спорттық ойындар: футбол, волейбол, теннис, хоккей, баскетбол;

    6. Рөлді-сюжетті ойындар: адамгершілік тәрбиесі тақырыбына оқылған ертегі, әңгімелерді рөлдерге бөле отырып орындау.

        Қорыта келе, бүгінгі таңда қоғамымыздың даму бағытында жан-жақты дамыған сауатты, саналы азамат тәрбиелеу мәселесі жүктеліп отыр. Мұндай мақсаттың баянды болуы білім беру жүйесінің үлесіне түсетінін ескерсек, білім негізі мектепке дейінгі мекемеден, бастауыштан басталғандықтан жас жеткіншектердің білімді, білікті болуында ойынның алатын орны ерекше.

                               Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.      Егенисова А. Мектепалды даярлық топ балаларының ойын арқылы тілін дамыту. Бастауыш мектеп. №5.2008

2.      Баймұратова Б, Тұрыскелдина М. Мектепке дейінгі тәрбие бағдарламаларын оқыту және тәрбиелеу. Алматы.1992.

3.      Асылбекова Г. Балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің тілін дамытудағы ойынның маңызы. //Бастауыш мектеп. №1.2007

4.      Кайбуьдаева Г, Жаздықбаева М. Әлімбекова С. Ойын технологиясы. Түркістан. 2007. 

5.      Федеренко Л.П, Фомичева Г.А., В.К.Лотарев. Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамыту методикасы. Алматы, 1981