Мусаева Гүлмира Қалдыбекқызы

 

Ақсу – Аюлы кенті   № 25 А.Ермеков атындағы қазақ орта мектебінің химия пәнінің мұғалімі

 

Оқушыларды оқыту және тәрбиелеуде химия сабағында халықтық педагогика элементтерін қолдану

 

 « Қазақстан – 2030» еліміздің стратегиялық бағдарламасында ұзақ мерзімді басылымдардың ең негізгілерінің бірі – жоғары интеллектуалды жастарды жан-жақты тәрбиелеу, олардың потенциалдық деңгейінің көтерілуіне үлес қосу.

   Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы бүгінгі басты міндеттердің бірі – ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, шәкірттерге терең білім мен тәрбие беру.

   Химия пәнін оқыту кезінде сабақта қазақ халқының тұрмысы, әдет-ғұрпы, үлгілі дәстүрлерімен шебер ұштастырып, шәкірт бойында ұлттық мақтаныш, ұлттық патриоттық сезімін қалыптастыру, оны бүгінгі күн талабына сай мазмұнды да пәрменді жүргізуге күш салу – пән мұғалімдерінің басты парызы.                                             

   Химия сабағында оқушыларға қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін оқып үйрету – бір-бірінен бөліп алуға болмайтын үш міндетті атқарады,, олар – білім беру, оның тәрбиелік мәні мен бала тынымын кеңейту міндеттері.Осы орайда ұлттық ерекшеліктерді химиялық құбылыстарға үйлесімділікпен енгізу, яғни химиялық ұғымдарды ұлттық таным- талғам арқылы танудың маңызы зор.

   Қазақ халқы сан ғасырлар бойы үлкен тәжірибе жинақтап, оны күнделікті өмірде, тұрмыста тиімді пайдалана білген. Ата-бабаларымыз ертеден металдарды қорытып, қоспалар дайындап, сабын жасап, күнделікті өмірде т.б химиялық үрдістерді қолдана білген.

   Ғасырлар бойы сақталып, бізге дейін жеткен ата-бабаларымыздың ақылын ғылыми тұрғыдан талқылап, ұрпақтарымызға жеткізе білу ұстаздық парыз. Сондықтан мен өз сабақтарымда кейбір химиялық қосылыстарды өткенде, қазақ халқының оларды алып, не үшін қолданғанына да тоқталып өтемін.

   Мысалы: « Тұздар» тақырыбын өткенде ас тұзының қасиеті жайлы айтып кетуге болады. Қазақ халқы тұзда керемет қасиет бар деп санаған. Жаңа сойылған етті сақтағанда етті пышақпен осып, оған тұз себеді де үлкен ыдысқа салып, біраз уақыт салқын жерде сақтайды. Осы уақыт ішінде тұз етке сіңеді.Соның нәтижесінде еттің суын тұз сорып, біраз бөлігі етке сіңіп, онда концентрациялы тұз ертіндісі түзіледі.Тұздалған етке қонған шіріту бактериялары тез өліп қалады,себебі тұз кристалы бактерия жасушасындағы суды сорып, сусыздандырады. Ал өзі бактерия жасушасының ішіне еніп, концентрациялы ертінді түзіп, оның ферменттерінің белсенділігін жояды. Құрғаған, сусыз етте ешбір бактериялар, ұсақ ағзалар өмір сүре алмайды. Сондықтан, сүрленген ет ұзақ уақыт сақталады. Тұзды ауырған адамның басынан айналдырып, ұшықтап, отқа тастаса, барлық ауыртпалық, пәле-жала тұзбен кетеді деген сенімдер халықтың тұзды аса қадірлегенін көрсетеді.

   « Күкірт және оның қосылыстары» тарауын өткенде күкіртті қазақ халқының қолданылуына тоқталып өтемін. Күкіртті жас баланы бесікке саларда, жаңа қоныс аударғанда аластауда қолданған. Яғни, күкіртті жаққанда ауадағы ауру тудыратын микроағзаларды, бактериялар жоятын, шіру процесіне жол бермейтін өткір иісті, түссіз газ түзіледі:

                                     S + O2               SO2

  Қазақ халқы металдарды өңдеу тәсілдерін жақсы білген, қақтап, созып, зер салып әшекейлеп, қалыпқа құйып, салмақты үлкен бұйымдар жасаған.  «Металдар» тарауын өткенде осыларға тоқталамын. Халық шеберлері әр металдың физикалық қасиеттерін – иілімділігін, балқу температураларын оңай қолдана білген. Жиі қолданылған металдар: алтын, күміс,мыс, қорғасын. Қамшының сабағына дейін алтын, күміспен әшекейлеген. Одан халқымыздың сал – серілігін көруге болады.Әсіресе, күмістен жасалған бұйымдарға үлкен мән беріп, емдік қасиетін білген.

   Кеңінен қолданылған металдардың бірі – қорғасын. Балалар асық ойнағанда, сақа ауыр болуы үшін қиға балқытып, қорғасын құйған. Қорғасынан оқ- дәрі жасаған.Ол үшін қорғасын кенін қазып, жылқы тезегіне қойып, оған қойдың майын құйған.Содан соң пешке салып, қорытқан. Күкіртті терек көмірімен араластырып, селитра есебінде ескі бейіт топырағын қосып, қазанға салып, қайнатады. Қоспаға су бүркіп отырады. Қоспаны тарының үлкендігіндей майда дөңгелек қорғасын оқ – дәрі болғанша араластырады.

                             NO3+ S + 3C             K2S + N2 + 3CO2

 

   Ал, судың қасиетін қарастырғанда оқушылардан  су туралы мақал-мәтел сұрауға болады.

   « Майлар» тақырыбын өткенде майдың алынуы, қолданылуына тоқталып өтемін. Қазақ халқының жейтін асының ең басты бөлігі мал еті, сары май болған. Семіз малдың етінде 2-3 есе май көп болады. Адам ағзасындағы май ыдырағанда, көмірсуға қарағанда 2-3 есе көп энергия бөлінеді.

   « Ақуыздар» нанды неге бидай ұнынан пісіреді? Себебі, барлық дәнді дақылдардың ішінде тек бидайда ғана желімтік ақуызы бар. Желімтік дегеніміз – спиртте еритін проламин, бидайдағы ақуыз – глютелиннің қоспасы.

   « Көмірсулар» тақырыбын өткенде қосымша материал ретінде қымыз құрамына тоқталып өтемін. Барлық сүтте әр түрлі мөлшерде казиоген ақуызы, лактоза қанты, майлар, тұздар мен дәрумендер болады.                   

   « Күрделі эфирлер. Майлар тақырыбын өткенде сабының алыну әдісіне тоқталамын.Табиғат байлығын ұтымды пайдалана білген қазақ халқы, кір жуатын қара сабынды өздері-ақ жасап алатын болған. Ол процесті « сабынды былғау» деп атаған. Ол үшін май, сақар қажет. Сақарды алабота, сексеуіл, үшқат, теректі өртеп, қалған күлінен жасайды.

   Қорыта келгенде, халқымыздың асыл мұрасын химия сабағында қолдану:

-         ел-жұртының мұралық артықшылығын, оның ежелден ақылмен тұрмыс құруға бейімділігін көрсету арқылы оқушының тұлғасында ұлтжандылық, патриоттық сезім қалыптастыруды қамтиды;

-         оқушылардың сөз қорын арттырып, тіл дамытушылық қызметін арттырады;

-         педагогикалық үрдісті гуманизациялау әрекетін арттырады;

-         ізденіш-зерттеушілік іс-әрекетін қолданған сабақ сәті оқушының ізденіс талдау жасау, логикалық ойлау, шығармашылық қабілеттерін дамытуға себеп болады.

Бірнеше жылдық тәжірибеме сүйенсем, химиялық ұғымдарды, процестерді түсіндіру, бекіту кезеңінде халық педагогикасының элементтерін қолдану оқытудың сапасын біршама жақсартатынын байқадым.Халық педагогикасының тиімді әдістерін пайдалану арқылы оқушы бойында өз халқына деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін оятып, ұлттық танымын тереңдетумен қатар, шәкірттердің ұлттық дүниетанымдық көзқарасын қалыптастырып, ой-өрісін, пәнге деген қызығушылығын арттыруға болады.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.     Қ.Жарықбаев, Э. Адамұратов, Т. Ғабитов. Әдеп негіздері. Алматы, 1997.

2.     С.Қалиев, М.Оразаев Қазақ халқының салт-дәстүрлері. Алматы, 1997.

3.     Химия Қазақстан мектебінде. Республ.научно-метод.журнал, №1 2005