Жаканова С.К.

Павлодар облысы Ақтоғай ауданы, бастауыш сынып мұғалімі (Қазақстан)

 

Шағын жинақталған мектепте оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай таланты мен дарынын дамыту әдістемесі

 

Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы № 1118 Жарлығымен бекітілген, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында көрсетілгендей, жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене бітімі және рухани дамыған азаматын қалыптастыру, тез өзгеретін әлемде оның табысты болуын қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттілігін қанағаттандыру, еліміздің экономикалық әл-ауқаты үшін бәсекеге қабілетті адами капиталды дамытудың нысаналы көрсеткіштерінің бірі жаратылыстану-математика пәндері бойынша білім беру оқу бағдарламаларын жетік меңгерген оқушылардың үлесін 2015 жылы 60 пайызға, ал 2020 жылға дейін 70 пайызға жеткізу көзделген.

Экономиканың орнықты дамуы үшін  сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы адами капиталды дамыту, білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатына жету үшін шағын жинақталған мектептердің проблемаларын шешу міндеті де ерекше орын алады.

«ҚазТАГ» ақпараттық агенттігінің (http://kaztrk.kz/kaz/news/portal/ Kazakstanda_5_million_bala_barrn_id1369975903.html) деректеріне сүйенсек, Қазақстанда 5 миллион бала өмір сүреді, ал олардың көп бөлігі (2 682 038 бала) ауылдық жерлерде тұрады. Демек, жоғарыда аталған нәтижелерге қол жеткізу үшін ауылдық мектептерде, әсіресе, шағын жинақталған мектептерде оқуышылардың жаратылыстану-математика пәндеріне қызығушылығын арттыратын әдістемелер кеңінен орын алуы керек.

Ол үшін алдымен, аталған мақсатқа жетуге қатысты мәселені анықтап алайық: шағын жинақталған мектепте оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай таланты мен дарынын анықтау және дамыту. Мәселеде келтірілген талантты және дарынды балаларды қалай анықтауға болады деген сұраққа жауап [1]-де баяндалған. Балалардың таланттылығы мен дарындылығын анықтау өлшемдері ретінде келесі көрсеткіштер айқындалған (1 кесте):

1 кесте - Балалардың таланттылығы мен дарындылығының көрсеткіштері [1]

Өлшемдер

Көрсеткіштер

Есте сақтау және білім

Дарынды, талантты балалардың есте сақтау қабылеттері өте жоғары, олар ақпаратты біліп қана қоймай, қолдана да алады

Өз білімін жетілдіру

Дарынды, талантты балалар оқыту үдерісінің қалай жүретінін басқалардан гөрі жақсы біліп, өздерінің оқуын реттей алады

Ойлау қабілетінің жылдамдығы

Дарынды, талантты балалар жоспарлауға көп уақыт жұмсауы мүмкін, бірақ жоспардың жүзеге асуына тез жетеді

Мәселені шешу

Дарынды, талантты балалар ақпаратты толтырып, олардың қайшылықтарын анықтап, мәніне тезірек жетеді

Икемділік

Басқаларға қарағанда дарынды, талантты балалардың ойлау қабілеттері жақсы ұйымдастырылған, дегенмен, олар оқуда және проблемаларды шешуде балама шешімдерді көріп, қабылдай алады

Күрделілікке деген сүйіспеншілік

Қызығушылығын арттыру үшін дарынды, талантты балалар күрделі ойын мен тапсырмаларға ұмтылады

Шоғырлану

Ерте жасынан бастап ерекше қабілеттерін ұзақ уақытқа шоғырлау қабілеттері бар

Ерте символдық белсенділік

Олар ерте жасынан сөйлей, оқи және жаза бастайды

 

Демек, шағын жинақталған мектептерде оқуышылардың жаратылыстану-математика пәндері бойынша оқыту мақсаты балалардың таланттылығы мен дарындылығы өлшемдері және  көрсеткіштері арқылы анықталуы керек.

Ал оқыту мазмұны Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі №115 бұйрығымен бекітілген, Жалпы білім беретін мектептің 1-4 сыныптарына арналған «Математика» білім саласы пәндерінің оқу бағдарламаларында [2] анықталған сыныптар шеңберінде оқушының дайындық деңгейіне қойылатын талаптар арқылы сипатталады. Дегенмен, шағын жинақталған мектептегі бастауыш сыныптар үшін «Математика» пәнінің мазмұны келесі түрде шоғырландыруды ұсынамыз (2 кесте).

2 кесте - Шағын жинақталған мектептегі бастауыш сыныптар үшін «Математика» пәнінің мазмұнын оңтайландыру (2 және 4 сынып мысалында)

2 сыныптағы мазмұны

4 сыныптағы мазмұны

Біртаңбалы сандарды ондықтан аттап қосу. Санды өрнек. Сынық сызық және оның ұзындығы

1000-нан 1000000-ға дейінгі сандар. Шамалар арасындағы тәуелділік. Шеңбер және дөңгелек

20-дан 100-ге дейінгі сандар

Миллионға дейінгі сандарға амалдар қолдану.

Масса, ұзындық, сыйымдылық, уақыт бірліктері. Төртбұрыштар

Текше және тікбұрышты параллелипипед

1000-ға дейінгі сандар

 

Көбейту және бөлу. Тіктөртбұрыштың, шаршының периметрі

Білімді жүйелеу және қайталау

Қайталау

 

Оқушылардың жас ерекшелігіне қарай, шағын жинақталған бастауыш мектепте талантты және дарынды балаларды тиімді оқыту әдісі ретінде келесі әдістемелерді ұсына аламыз (3 кесте).

 

3 кесте - Талантты және дарынды балаларды оқытудың тиімді әдістері

Оқудың теориялары

Сипаттамасы

Бихевиористикалық тәсіл

Ортамен өзара байланыстағы мінез-құлықтарды зерделеу мақсатында эксперименттік рәсімдерді пайдалану

Танымдық тәсіл

Тұлғаның ақыл-ой үдерістерін ескере отырып, сананы оқу үдерісі ретінде пайдалану

Гуманистік тәсіл

Оқушының өзіне деген қарым-қатынасын ескеру және психологиялық тұрғыда дамуына ықпал ету

Әлеуметтік-жағдаяттық тәсіл

Әлемді түсіну үшін құрылымдар мен модельдерді игерумен қатар, ортаның құрылымын зерттеп, әртүрлі тәжірибелік әрекеттерді қамту

 

 

Қолданылған әдебиеттер

1. Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының бағдарламасы. Мұғалімге арналған нұсқаулық. – «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2012.

2. Жалпы білім беретін мектептің 1-4 сыныптарына арналған «Математика» білім саласы пәндерінің оқу бағдарламалары – Астана, 2013.