Ныязбекова К.С., п.ғ.к.,

 Абай атындағы ҚазҰПУдың доценті

Kulyanda2009@mail.ru

 

Студенттердің кәсіби лексикасын дамытудың

психологиялық негіздері

 

      Қазіргі кезеңде кәсіби қазақ тілінің жоғары сатыға көтерілуі, болашақ мамандардың сөздік қорларының дамуымен байланысты. Кез келген  мамандық саласында студенттердің белсенді сөздік қорына кәсіби лексиканың енгізілуі бірнеше психологиялық факторларға негізделеді. Психология ғылымдарының жетістіктерін пайдалану – студенттердің қазақ тіліне деген қызығушылықтарын арттыру, студенттердің қабілеттерін ескеру, ес заңдылықтарын ескеру, студенттердің эмоциялық белсенділіктерін қалыптастыру, сонымен қатар, экономика саласындағы болашақ қызметкерлерді кәсіби іс-әрекетіне моральдық-психологиялық тұрғыдан дайындау студенттерге кәсіби лексиканы игеруге тиімді әсер етеді.

Сондықтан да педагогикалық психология ғылымының іргетасын қалаған Ы.Алтынсарин, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, К.Д. Ушинскийлердің еңбектері,  сондай-ақ, психологиялық мәселелерді қарастырған Т.Тәжібаев, М.Мұқанов Қ.Жарықбаев, Т.Сабыров, А.А.Бейсенбаева, Р.Қоянбаев, Ж.Қоянбаев, Г.А.Уманов, Ю.В.Гнаткевич, К.Изард, Л.С.Выготский, В.А.Артемов, т.б. психолог-ғалымдардың психологиялық пікірлері басты бағыт ретінде қолданылады.

      Мәселен, экономика саласындағы мамандардың қызметінде қатысымдық іс-әрекет ең маңызды рөл атқарады, өйткені, экономика мамандары әр түрлі дәрежедегі адамдармен қарым-қатынаста болады (бизнес саласындағы әріптестерімен, бастықтарымен, заңды және жеке тұлғалармен, т.б.).

Осы іс-әрекет барысында мамандар көптеген ақпаратты еске сақтаулары қажет. Сол себепті де лексикалық жадығатты тиімді игертуде негізгі рөлді ес заңдылықтары атқарады. Психологияда ес ұзақтығы мен мықтылығына байланысты бөлінеді: шапшаң, қысқа уақыттық, оперативтік, генетикалық, ұзақ уақыттық. Жаңа лексиканы игерту естің төмендегідей әрекеттерімен жүріп отырады: есте сақтау, сақтау және қайта жаңғырту. Бұл ес үшін ең қажетті әрекеттер.

      Ю.В.Гнаткевич сөздерді есте сақтау үшін келесі факторлар қатары септігін тигізетіндігін айтады: лексиканың кезеңдерге бөлінуі, жаңа сөздердің әр сабаққа сай мөлшерде берілуі, қайталау мен қайталанғыштықтың режимін белгілеу.  Есте сақтаудың негізгі шарттарының бірі ретінде Р.Аткинсон қайталауды көрсетсе, ал В.А.Артемов тілді игеруде негізгі рөлді қайталау емес, түсіну атқарады деп тұжырымдайды.

      Жалпы студенттердің қажетті лексикалық жадығатты игеруі олардың қабілеттеріне де байланысты. Бүгінгі студент – экономика саласының болашақ маманы өзінің іс-әрекетінің сәтті болуына, кәсіби тұрғыда карьерасының өсуіне, өзінің жұмысына деген қызығушылығына әсер ететін қабілеттерге ие болуы және оны дамытып отыруы керек. «Оқу-тәрбие процессінде қабілет, білім, дағды, ептілік, сияқты психологиялық ұғымдарды өз мәнінде түсіне алмау – мұғалімдерді педагогикалық қателіктерге ұшыратуы да мүмкін», – деп тұжырымдайды белгілі ғалым Қ.Б.Жарықбаев [1, 325].  Психология ғылымдарының жетістіктерін кәсіби қазақ тілін оқытуда пайдалану студенттердің экономикалық терминдерді орынды қолданып, тиімді игерулеріне жағдай жасайды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Жарықбаев Қ. Б.  Жантану негіздері.  Алматы: Кітап, 2002. – 415 б.