Педагогические  науки/5.Современные методы преподавания

аға оқытушы Арынова Г.Ғ.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақстан

ОҚЫТУДЫҢ ИНТЕРАКТИВТІ ӘДІСТЕРІ

 

«Интерактивті» деген термин соңғы кезде жиі қолданылып жүр. Бұл оқушылардың белсенділігінің артуына ықпал ететін әдістер мен тәсілдердің жиынтығы деп қарай аламыз.  Кеңірек айтсақ, сабақ барысында  оқушылардың  өз арасындағы және оқытушы мен оқушылар арасындағы кез келген мәселенің шешу жолын және бұл шешімнің қаншалықты дәрежеде тиімді екенін талқылау түрінде жүргізілетін жоғары деңгейде өтілетін өзара әрекеттестікпен өтетін оқытуды интерактивті деп атай аламыз. Мұндайда қойылған проблеманың жауабынан гөрі, оны шешу үдерісіндегі әрекеттің маңызды екенін түсіну керек. Интерактивтік әдістің мақсаты тек ақпарат беру  ғана емес, оқушылардың өздігінен жауап іздеу дағдыларын қалыптастыру. Интерактивтік әдіс өзара әрекеттестіктің алуан түрлері мен міндеттерін қамтиды. Бірақ, қандай әдістер мен тәсілдер қолданылса да, оқушының өмір тәжірибесі мен бұрын меңгерген ұғымдары негізгі білім көзі болып табылады. Ол әрекет мына төмендегі қарым-қатынаста байқалады:

1. Оқытушымен-оқушының арасындағы қарым-қатынас (оқытушының сұрақтарына жауап бергенде);

2. Сабаққа қатысып отырған өзге адамдармен арадағы қарым-қатынас;

3. Басқа оқушылармен (жұптасқан жұмыс барысында) қарым-қатынас;

4. Шағын топтармен арадағы қарым-қатынас (3-5 оқушы арасында);

5. Үлкен топтармен арадағы (рөлдік ойындар, дебат, тақырыптық талқылаулар т.б.) қарым-қатынас;

6. Оқушылар және жұртшылық топтарымен (әлеуметтік сауалнама жүргізгенде) қарым-қатынас;

7.  Техника түрлерімен (компьютер, кинофильм т.б.)  жұмыс  істей білу дағдылары.

Мұндай әрекеттестік негізінде оқушылар оқу дағдыларын меңгеруге мүмкіндік алады өз шешімдерінің дұрыстығына көз жеткізеді,  тіпті болмағанда оның басқа жобалардан гөрі артықшылығын байқауға логикалық түрде түсінеді. Сонымен қатар оқушы өз пікірін  тереңірек қарастыруға тырысады. Жүйесіз құрылған шешім бағыты жұмыс барысында, пікір алмасу кезінде байқалып қалады. Мұның өзі оқушының ізденуіне негіз салады. Оқушылар мәселені шешу кезінде пікірлескендіктер, бір-бірінен үйреніп, бірінің тәжірибесін бірі қабылдайды. Жаңа  бағыт, жаңа ұғым алады.

Жұптасып және шағын топтарда жұмыс істеу барысында әрекеттесу арқылы оқушы қысылмай өз ойын айтуға қысылатын оқушылар осы шағын топта не жұптасу  кезінде ойын айтып, ашылып сөйлеп үйренеді де, біртіндеп белсенділік көрсетуге дейін көтеріледі. Осы арқылы оқушының ақыл ой белсенділігінің дәрежесі де көтеріледі.

Жаңа  технологияны қолданудың нәтижесінде қол жететін іскерлік, білімділік және практикалық дағдыларға мыналар жатады:

- фактілерді еске сақтау;

- жаңа материалды саналы ұғыну;

- алған білімдерін жаңа жағдаяттар барысында қолдана алу;

- жеке ойларды біріктіру, яғни жинақтау;

- бағалау (бір заттың сапасына пікір білдіру).

Интерактивті  әдісті қолдануға мұғалім бірден көше алмайды. Оны қолдану кезеңінен бұрын біраз дайындық жұмыстары жүргізіліп, сынып оқушыларының белсенділігін күшейтіп алу керек. Ол үшін сабақтар барысында түрлі жаттығулар кешендері ұйымдастырылады. Оқушыларға берілетін тапсырманы таңдау, берілген тапсырмалардың сынып оқушыларының мүмкіндігіне сәйкестігін анықтау, тапсырманың қалай орындалатындығын және оған беретін оқушылардың жауабын алдын ала жоспарлау, оқушыға қиын соғатын ұғымдарды алдын ала түсіндіру, оқушыларға нұсқау беру (жұмыстың мақсатын, қалай орындау әдісін), топтың құрамын анықтау (кімнің кіммен отыратынын, үлгерімі әр түрлі оқушыларды араластырып отырғызу). Осы дайындықтардан кейін жұмыстың барысы мен нәтижесін қадағалауға мүмкіндік туады.

Жұмыстың барысын қадағалау кезінде мұғалім әр топтың жұмыс істеуінде оқушылардың түгел қатысуын байқауға тиіс, себебі, бір немесе екі оқушы ғана сөйлеп қалғандары оның пікірін тыңдаушы есебінде қалса, қолданған  әдісті интерактивтік мақсатқа жету деу қиын. Шағын топтарда оқушылардың пікір алмасуы, бір-бірін тыңдауы, жолдастарының пікірімен санаса білуінің маңызы зор. Сондықтан да оқу үдерісінің үстінде мұғалім үнемі топтардың арасында болуға, олардың пікірталастарын тыңдауға тырысуға тиіс.  Әр оқушының өз көзқарасын айтуына жағдай жасалғанда ғана олар жасқанбай өз тұжырымдарын айта алады. Кейбір оқушылардың үстемдік жасауына жол бермеуге тырысу. Сонда ғана олар бір-біріне көмектесе алады. Кейбір оқушылардың үстемдік жасауына жол бермеуге тырысу. Сонда ғана олар бір-біріне көмектеса алады және ортақ қорытындыға келеді. Қорытынды кезінде әсіресе, тұйық балаларды сөйлетуге көңіл бөлгені дұрыс, олардың пікірлерін қолдап, отыру керек.

Интерактивті әдісті қолдану оңай емес. Себебі, бұл мұғалімнің өте мұқият дайындығын керек етеді. Өйткені орындауға ұсынатын тапсырманың шарттарын алдын ала анықтау; қиындыққа соғатын жерде көмекке келу әдісін анықтау; оқушылардың пікір алмасуына жағдай туғызу жолдарын айқындау т.б. мұғалім алдын ала дайындайды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Ж.Әбиев және басқалар. «Педагогика».  Алматы,  2004.

2.В.П.Горощенко, И.А.Степанов «Методика преподования природоведения». М, 1984.

Резюме

В данной статье рассматриваются интерактивные методы обучения в начальных классах.