Нұрбет Ғалымбек Нұрманұлы

Аймақтық-Әлеуметтік Инновациялық Университетінің ІІ курс магистранты

Шымкент, Қазақстан

«Физика пәнін жаңа технологиялармен оқытудің қажеттілігі»

 

Бүгінгі таңда білім берудің  ұлттық жүйесі өте маңызды, қарқынды өзгерістердің сатысында тұр. Қазіргі кезде қоғам дарынды, қабілетті адамдарды қажет етеді. Сондықтан да қазіргі уақытта мамандық атаулының  барлығы дерлік бейімділікті, ептілікті ғана емес, мектеп ұжымынан үлкен жауапкершілік пен қызу белсенділікті талап етуде. Үздіксіз   жаңалық  енгізу  білім  беру  мекемелерінің,   соның ішінде жалпы білім беретін орта білім, орта кәсіптік білім ұжымы жұмысының дамуының басты  факторы болып отыр. Заман мен қоғам дамуының басты талабы кадр біліктілігі болса, сол талапқа сәйкес сабақтың сапасын көтеру оны қызықты етіп өткізуде бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі. Бұндай талап орта және кәсіптік білім оқытушыларының ізденісін күшейтеді.

Инноваця, жаңалық, жаңашылдық, ұғымы білім деңгейінің көтерілуіне жағдай жасайды. Бұл бағытта білім берудің әр түрлі нұсқадағы мазмұны, құрылымы, ғылымға және тәжірибеге негізделген жаңа идеялары мен жаңа технологиялары бар. Сондықтан әр түрлі оқыту технологияларысын  оқу мазмұны мен оқушылардың жас және психологиялық ерекшеліктеріне орай таңдап, тәжірибеде сынап қараудың маңызы зор. Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру оқытушының интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.

Жаңа педагогикалық технологиялардың оқушының шығармашылық қабілетін арттыруда пайдасы зор. Өйткені оқытушы ондағы әрбір ғылыми-әдістемелік, оқыту-әдістемелік  жаңалықтарымен ұдайы танысып  отыруы шарт. Атап айтқанда, жаңалықтарды назарда ұстау, жаңа буын оқулықтарының мазмұнымен танысу, пәндік білім стандарттарымен жете танысу, білімді деңгейлеп беру технологиясын игеру арқылы қол жеткізу, оқыту үрдісін ізгілендіру мен демократияландыруды басшылыққа алу қажет. Өйткені оқыту -  тәрбиенің негізі. Оқытудың инновациялық технология бойынша әдістеме жүйесі, осы мақсатта сапалы нәтижеге жеткізуге мүмкіндік беретін танымдық іс-әрекеттер түрлерінің мазмұнымен тікелей байланысты. Сондықтан инновациялық әдіс-тәсілдерді оқыту үрдісіне енгізу барысы танымдық іс-әрекеттер түрлерінің мазмұнын, белгілі деңгейде белсенділігін көздейді.

Физика пәні бүгінде өркениеттен өзінің лайықты орнын алған және қарыштап дамыған ғылым саласы. Оны бастапқы кезімен салыстыру әсте мүмкін емес. Расында да қазіргі кезде физиканың зерттеу объектісі көзге көрінбейтін микродүниеден - ғарышқа, Галатикаға дейін созылып жатыр. Өткен ғасырда адам баласы түрлі ұшу құралдарын: ұшақ, тікұшақ жасап, аспан көгіне көтерілді. Күнделікті өмір мен тұрмыста радиоқабылдағыш, телефон, теледидар сияқты керемет құрылғылар пайда болды. Тіпті соңғы кезде адамның айтқанын екі етпейтін роботтар, мүмкіндігі мен қабілеті ғаламат компьютерлер дүниеге келді. Қысқа уақыт ішінде компьютер барлық саланы жайлап алды. Бүгін компьютерсіз біздің өмірімізді көз алдымызға елестету мүмкін емес. Алға жылжушылық, өркендеу дегеніміздің барлығына физика пәнінің толықтай қатысы бар. Демек, физика ғылымы адамзат қоғамының өсіп өркендеуіне, биік әлеуметтік деңгейге көтерілуіне салмақты үлес қосты. Қай кезде де  ғылымды дамытатын кейінгі - ізбасар ұрпақ. Мемлекетіміз өркениетті елдер қатарына қосылып, әлем құрылымының белсенді мүшесі болуы үшін, бірінші кезекте ғылым мен білімнің дамуына көңіл бөлуі керек. Мемлекетіміздің ертеңі де бүгіні жас ұрпақтың біліміне тығыз байланысты екендігі айдан анық. Аталған пәнді қызықты етіп өткізуде жаңа технологияның пайдасы зор. Физикалық білімдерді жүйелі түрде меңгерту мақсатында сабақтың ойын түрінде өткізілуі оқушылардың көтеріңкі көңіл-күйін туғызып, олардың белсенділігін, дербес ойлаушылығын, қызығушылығын арттырып, білімді қабылдауға барынша ықпалын тигізеді. Мысалы, 7 сыныптарда «Физика еліне саяхат», 8 сыныптарда «Физика және экология», 9 сыныптарда «Физика және ғарыш», жоғары сыныптарда «XXI ғасырдың көшбасшысы» интеллектуалдық-танымдық шоу атты ойын сабақтарын өтуге болады. Оқушылар әрбір сабақтан мол білімділік, тәрбиелік, дамушылық алу керек. 

Аталған сабақтарда жаңа технологияларды толықтай пайдаланғанда дәріс өз мәресіне жетеді. Олар оқу үрдісінде қолданылып, айтарлықтай нәтиже беріп жүрген жаңа педагогикалық технологиялар: дамыта отырып оқыту әдістемесі /Л.Занков, В.Давыдов/; оза отырып оқыту /С.Лысенкова/; іс-әрекетті бағалау /Ш.Амонашвили, И.Волков/; тірек және тірек конспектілері арқылы оқыту /В.Шаталов/; саралап оқыту; шоғырландырып қарқынды оқыту жүйесі; деңгейлік тапсырмалар арқылы дамыта оқыту; жобалап оқыту технологиясы.

Жаңа технологиялардың педагогикалық тұрғыдағы негізгі қағидаларын бірнеше топшаға бөлуімізге болады:

1.Оқушыға ізгілік тұрғысынан қарау;

2.Оқыту мен тәрбие бірлігі;

3.Оқушының танымдық күшін қалыптастыру;

4.Оқушыға өз бетімен әрекеттену әдісін меңгерту;

5.Оқушының танымдылық және шығармашылық икемділігін дамыту;

6.Әр оқушыны қабілеті мен мүмкіндік деңгейіне қарай оқыту;

7.Оқу үрдісін оқушының сезінуі және жүйелі жұмыс істеу.

Дамыта оқыту - күрделі құрылымды, біртұтас педагогикалық жүйе. Оның нәтижесінде әр оқушының өзін-өзі өзгертуші субьект дәрежесіне көтерілуі көзделіп, оқыту барысында соған лайық жағдайлар жасалады. Дамыта оқытудың дәстүрлі оқытудан айырмашылығы: көздеген мақсатында, мәнінде, мазмұнында, дамытудың негізгі факторында, оқытушының рөлі мен атқаратын қызметінде, әдіс-тәсілдерінде, олардың қарым-қатынас сипатында, танып-білу үрдісін ұйымдастыру түрлерінде  т.б.

Нәтижелі білім сапасы болу үшін сыныпта, оқу топтарында оқытушылар мен оқушылардың күш-жігерін біріктіретін жағымды жағдай тудыратын ынтымақтастық қалыптасуы шарт. Ондай қарым-қатынасты төмендегіше топтауға болады:

1.Оқушы мен оқытушының қарым-қатынасы;

2.Оқыту үрдісінде репродуктивтік және шығармашылық іс-әрекеттердің оқушылардың жеке бас ерекшеліктерімен анықталуы;

3.Оқушылардың шығармашылық мүмкіндігін тудырып, қабілеттерінің жан-жақты дамуына ынталандыруды көздеген әр түрлі әдіс-тәсілдердің қолданылуы (диалог-сабақтар, ғылыми жоба қорғау сабақтары, пікірталас, іскерлік ойын сабақтары, т.б.);

           4.Оқушылардың абстрактілі, логикалық ой құрастыруын дамытуға ықпал ету;

           5.Оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыру;

        6.Оқушылардың өздерінің жетістіктерін өздеріне талдатып, өздерін-өздері бағалау әрекеттерін ұйымдастыру.

Оқушылардың физика пәніне қызығушылығына,  еркін  шығармашылығына, өздігінен ізденушілігіне физикалық ойындардың тигізетін  үлесі  зор.  Ең бастысы,  оқушының ой-ниеті мен  сапасын ынталандырып, әр тарауды оқып бітірген соң, сабақтан тыс ойын сабақтар ұйымдастырудың маңызы зор. Әсіресе, ойын сабақтарды пысықтау сабақтарында қолдану тиімді. Оқушылардың танымдық ой белсенділігін қалыптастыруда ойын сабақтарын өткізу оларды өз бетінше ізденуге, ойлау қабілетін арттыруға баулиды. Сондықтан оқушылардың сұрақтар мен сөзжұмбақтарды шешіп, өтілген материалды үнемі қайталап отыруы дағдыға айналады.

Ойын сабақ оқушылардың логикалық ой-өрісін, сана-сезімін дамытуда, олардың әр түрлі шамалар мен бірліктердің, терминдер мен заңдылықтардың, құбылыстар мен өзгерістерді  есте сақтауына да көмектеседі. Сабаққа дайындық барысында оқушылар әр түрлі газет-журналдарды, көмекші құралдар мен анықтама кітаптарды пайдаланады. Ойын сабақ оқушылардың көңілін өз бетінше ізденушілікке аударып, қабілетін арттырады. Ойынның әлеуметтік бейнесін зерттеуші белгілі психолог Д.Элькониннің сөзімен айтсақ: «Ойын - ол адамдардың арасындағы әлеуметтік ара-қатынас, практикалық білімдері және қызметі». Оқу ойындарын қолданудың жағымды жақтары мыналар:

-    ойындар абстрактілі оқытуға қарағанда өз тәжірибесімен оқытуға мүмкіндік береді;

-   ойындар интуицияны жаттықтырады, мәселені шешу қабілеттілігін және қажетті әлеуметтік мінез-құлықтың түрін таңдауға, үрдістер мен құбылыстардың деректерін түсінуге үйретеді;

-  ойынға қатысушылар оқытушының рөлін ойнап, бірін-бірі белгілі бір деңгейде оқытады, бірақ әрқайсысы бір ойында өздерінің қабілеттілігі мен қажеттілігіне қарамай көп нәрсеге үйренеді. Орыс ғалымы Л.В.Зенков «Жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерді  пайдалану - білім сапасын арттырудың бірден-бір  жолы» - деп  атап  көрсетті. Күн сайынғы  тіпті сағат  сайын артып, өзгеріп  отырған  әлемдік  ақпаратқа ілесу, ондағы жаңашыл  әдіс-тәсілдерді меңгеріп, пайдалана білу бүгінгі күннің  оқытушысынан үлкен  ізденісті, талапты, өз  білімін жетілдіріп артыруды талап етіп  отыр.

Жаңа технология жүйесінде проблемалық, іскерлік ойын арқылы оқытудың да маңызы айрықша. Оқушылар әр түрлі проблемаларды талдайды, оның шешу жолдарын іздестіреді. Мұндай сабақтар оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытады және пәнге деген қызығушылығын арттырады, өмірде кездесетін түрлі қиындықтарды жеңуге тәрбиелейді. Іскерлік ойын сабақтарын өткізу технологиясын 3 кезеңге бөлуімізге болады.

I кезең. Дайындық (рөльдерді бөліп беру, оқушыларды топтарға бөлу, проблемаларын алдын ала таныстыру, қажетті материалдарды жинау);

II кезең. Ойын кезеңі (оқушылар жасаған хабарламаларды тыңдау, пікірталас жасау, қабылданатын шешімді талқылау және оны бақылау, талқыланған шешімді қабылдау);

III кезең. Қорытындылау (проблеманы шешудің тиімді жолдары  іздеу).

Іскерлік ойындарының дидактикалық, тәрбиелік, дамытушылық маңызы зор.

Осы әдістерді сабақта қолдана отырып оқушының ойлау тәсілдерін бақылауға болады. Берілген материалдан оқушы ең маңыздысын, ең бастысын бөліп алады, басқа нәрселермен салыстырады, оны жүйелеп, қорытындылайды, нақтылайды, анықтайды және ұғымға түсінік береді, оны дәлелдейді немесе жоққа шығарады. Жаңағы тәсілдерді қолданғанын оқушының сөзінен, тұжырымынан байқауға болады. Мысалы, сұрақтар қоя отырып сабақ өткізу. Сабақтарды дәстүрлі емес формада жүргізу. Тағы да айта кетерлік нәрсе, әрбір сабақты өзекті де ділгір сабаққа айналдыру. Бірақ, әрбір сабақ баланы тәрбиелей отырып оқытуға міндетті. Оқытушы оқыту әдістерін таңдағанда осы қағидаларды естен шығармағаны абзал. Білім беру саласындағы қазіргі оңды өзгерістер әрбір оқытушыдан өз ісіне деген мұқияттылықты талап етеді. Сондықтан қайткенде баланың ойына, сезіміне серпіліс ендіруді мақсат етіп кою керек. Сан алуан әрекет арқылы ақыл-ойды ұштау, жетілдіру, жеке тұлғаның өзіндік идеясын, көзқарасын, сенімділігін, жауапкершілігін біртіндеп дамыту жолдарын іздестіру -  осының бәрі бүгінгі қажеттілік.

Жаңа технологияға жататын ақпараттық құралдың бірі - компьютер. Компьютер - білім беру ісіндегі бұрын шешімін таппай келген жаңа, тың дидактикалық мүмкіндіктерді шешті. Компьютерлік технологиялардың даму жағдайындағы ақпараттық сауаттылыққа К.Каймин «компьютермен өз бетінше жұмыс істей білу, компьютерлік техниканың көмегімен есептеу, жазу, сурет салу, ақпараттарды іздеу дағдылары мен біліктіліктерінің болуы», - деп анықтама берді. Компьютерлік сауаттылықтың белгілеріне компьютерлер мен танымал бағдарламалардың алуан түрлігін бағдарлай білу, олардың мүмкіндіктерін білу, нақты бір жұмыс үшін тиімді бағдарламалық құралдарды таңдай білу, бағдарламалық құралдар бойынша жеке кітапханасының болуы жатады. Компьютер жоғары сапалы ақпаратпен қамтамасыз ете алады, жекелеп оқыту тұжырымдамасын жүзеге асырады. Компьютерлік технологиямен оқытудың оқушының өз бетімен жұмыс істеуіне, соған байланысты материалдарды ізденуіне, ойлануына, танымдық қабілетінің артуына, сабаққа деген ынтасын арттыруға мүмкіндігі мол. Үлгерімі төмен оқушылардың өздері де компьютермен жұмыс істеуге ұмтылады.

Жаңа, ақпараттық технологияның бірі - интербелсенді тақта. 2007 жылы 3-қыркүйекте Елбасы Н.Назарбаев ел тарихында  алғаш «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты тақырыпта интербелсенді тақтамен сабақ өткізді. Озық технологияның көмегімен тікелей байланысқа шығуы оқушылардың сабаққа, білімге деген ынтасын арттырды. Интербелсенді тақта арқылы мультимедиялық мәтін жазылған бейне материалдар, слайд, суреттер, сызбалар, кестелер, диаграммалар қолданса, оқытушылар өз пәні бойынша түсіндірген тақырыбының мазмұнын  толықтай ашып көрсете алады. Интербелсенді тақтаның мүмкіндіктері мол. Атап айтқанда, уақыт үнемділігі, мәтіндерді оқып, талдауға мол мүмкіндік, оқушылардың өз бетінше жұмыс істей алуы. Тақтадағы мәтіннің түрлі-түсті бояуы қанық болған соң оқушының да тапсырманы орындауға ынта-ықыласы арта түседі.

 Бұндай мүмкіндіктер оқушыларға жаңа ақпараттық құралдармен дұрыс жұмыс істей білуге орасан зор мүмкіндік тудырады. Бұл салада оқытушы ұдайы  жаңашылдықпен жан-жақты ізденіп, жоспарлы түрде жұмыс ұйымдастыра білуі шарт. Компьютермен жұмыс істеуде алдымен оқытушының басқаруымен, сонан соң оқушы өз бетімен құрылған жоспарға сүйене отырып жұмыс жасайды. Білім берудің мазмұнын  жаңарту, үздіксіз білім беру жүйесін дамыту және жастарды бүгінгі күн талабына қарай икемдеп, өз заманының озық өнегесін санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту - бүгінгі күннің басты талабы.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Назарбев Н. «Қазақстан - 2030» Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы. Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы. - Алматы, 1997.

2.Демеуова Л. Ғаламдық ойлауға бейімдеу. Қазақстан мектебі. №12. - Алматы, 2003.

3.Асанбай Б. Пәндік оқытуда компьютерлік технологияны қолдану. //Ғылыми педагогикалық журнал. - Алматы, 2008 № 1.

4.Балапанов Е.Қ. Бөрібаев Б.Б. Мадияров Г. Жаңа ақпараттық технологиялар. - Алматы, 2001.

5.Нұрбеков Б. Электронды оқытудың әдістемелік аспектілері  // Қазақстан мектебі. - Алматы, 2006. № 9.