Көркем әдебиеттегі ұлттық таным түсінікті білдіретін сөздер және олардың әлемнің тілдік бейнесін берудегі көрінісі

Оспанова Баянды Рамазанқызы – ф.ғ.к.,

  Абай атындағы ҚазҰПУ

Әдебиеттану және тіл білімі

 ҒЗИ қызметкерлері

Әрбір халықтың өзіндік тілдік ерекшелігін анықтайтын дәстүр болмысы, ұлттық нақышы, ұлттық сипаты, таным түсінігімен ерекшеленеді. Әрине  ол тілдік бейне арқылы көркем шығармада көрініс табады. Оны біз концептілер арқылы анықтай аламыз. Бұл мәселе төңірегінде  В.А.Маслованың мына бір еңбегінде былай берілген: «концепт дегеніміз – ұғым мазмұны, мағына синонимі, бұл адамның ментальдық дүниесіндегі мәдениеттің негізгі ұясы» дей келе: «...концепт – біздің санамыздың ментальдық психикалық ресурстарының бірліктерін және адамның білімі мен тәжірибесін бейнелейтін ақпараттық құрылымды түсіндіру қызметін атқаратын термин; концепт – есте сақтаудың, ментальдық лексиконның, концептуалдық жүйе мен тілдің, ақыл-ойдың, адам жүйкесінде бейнеленген дүниенің бүкіл бейнесінің мазмұндық бірлігі; концепт – өзінің іске асырылатын бүтін бір тілдік тобымен берілетін, тиісті лексика-семантикалық парадигма жасайтын, мәдениеттің таңбаланған ауызша мағынасы, сондай-ақ тіл арқылы айтылатын этномәдени ерекшелікте таңбаланған ұжымдық білім бірлігі» [1;48],− деп атап көрсетесе. Енді бір ғалым, «Дүниені концептуалдау тәсілі әрі әмбебап, әрі ұлттық ерекшеліктермен толықтырылады. Ол дүниенің ғылыми бейнесінен ерекше, бірақ бұл қарапайым түсінік емес» [2, 56], – деп  тұжырымдаса. Қ.Рысберген өз зерттеуінде былай көрсетеді: «Концептуалдық мазмұн мен лексикалық бірліктің мағынасын айыру аса маңызды. Өйткені, концепт – нақты құбылыстың ментальдық белгілерін бойына жинақтаған когнитивтік-концептуалдық деңгейдегі бірлігі. Мағына – тілдің семантикалық деңгейдегі бірлігі, яғни нақты дыбыстық қоршауда қолданылуымен байланысты, оның мағыналық жүйесінің элементі. Әрине, бұл екі деңгейдің арасында сәйкестіктер бар, дегенмен олар бірімен-бірі барабар емес. Концепт ондағы когнитивтік ақпаратпен ғана шектелмейді, ол мәдениет бірлігі ретінде қарастырылады. Сондықтан, оның құрамына рухани құндылық жүйесі кіреді» [3; 395], деген пікір айтады.  Бұл ғалымдардың талдауларын саралай келе,мынандай тұжырымға келуге болады: концепт - адамның ментальдық дүниесіндегі  ұлттық құндылықты танытатын  кең мағынадағы ұғымдар жиынтығы.

Қаламгердің ұлттың менталды дүниесі туралы ақпараты мен аялық білімі мол болған сайын шығарма тілінің концептілік  құрылымы  кең, тілдік мазмұны  бай болады.  Себебі, концептілік  құрылымдар санадағы дүние ұғымының төңірегіне жиналған  ақпараттардың  топтасып жүйелену  тәжірибесімен  қалыптасады.  Сондықтан,  концептінің  мәнін  танытуда,  оның  құрамындағы  құрылымдық  элементтерді жинақтап  көрсету  арқылы  автордың  аялық  білімі танылады. Мұндай құбылысты біз М.Әуезов сынды қаламгерлердің шығармаларындағы стильдік ерекшеліктерден, сөз байлығынан, рухани құндылықтарды жетік меңгерген мол энциклопедиялық білім деңгейінен анық байқауға болады.                                                                                                               

М.Әуезовтің әр түрлі тақырыпқа  жазылған шығармаларының ұлттық мазмұны оның таза ұлттық танымды бейнелейтін сөз қолданумен ерекшеленеді. Мысалы, адамзат дүниені эстетикалық, этикалық, діни, мифтік таным тұрғысынан зерделейді десек, адамзаттық құндылықтарға тән ерекшеліктерді адамның дүниетанымы оның психологиясына сәйкес қоршаған ортаны танудан қызығушылықтан, қиялдаудан,  еліктеуден бастау алады.

 М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясының І томында  жас  Абайдың ой-санасы, дүниетаным деңгейінің  алғашқы сатысында болды. Қаламгер өз шығармасында кейіпкердің ой-танымын жан-жақты, дәл суреттеген. Енді бірде, суреткер сомдаған   ана бейнесін тілдік дүние суреті аясында «ана» концептісі тұрғысынан қарастырар болсақ, бұл орайда аналарымыздың бойынан табылатын   ұлттық құндылыққа тән  қасиеттерге тәнті боламыз. Мысалы: Зере ана  Құнанбайдың қаталдығына разы болмай, қапаланған тұста былай дейді:

«- Айында, аптасында бір көреді. Арыз, мұңын саған айтпай, кімге айтады? Қатты болсаң, қасыңа бол! Досыңа, қатын-балаңа қатты боп қайда барасың өзің? «Жер тәңірі сенсің» деп қошеметшің айтсын! Бұл жерде, бұл мекенде сен мойныңдағы қарызы мол әкесің, білдің бе? Айттым ғой, «жер тәңірісімін» десең де, аяғың аспаннан салбырап түскен жоқ. Сен де пенденің ұлысың, анадан туғансың. Менмін сені тапқан. Мынау аналар аналық зарын айтады.

 Кәмшат турасында күйзелтіп отырсыңдар сендер бізді. Тап енді, емін тап ақырғанша! Құтқар анау қаршадай жетімегімді! - деп, қатты бұйрық етіп тоқтады.

 Үй іші үнсіз еді. Құнанбай тез жауап айта алмай, булығып қалды. Талайдан естімеген үнін есітті, анасының үні - ардың үні боп, қатты қадалып тұр»  [4;130-131] – деген үзіндіден  байқауға болады. Осы жерде Құнанбай мен Зере арасындағы таным, түсінік деңгейінің, жас ерекшелік психологиясының, тіпті, өмірге деген көзқарастарының  әртүрлі екендігін байқаймыз.

М.Әуезов шығармаларын қарастыра отырып, оларға тән ортақ концептілік жүйеден қазақ халқына тән дүниетанымның ішкі мазмұны мен қасиетін, ойлау мен қабылдау ерекшелігін танимыз. Ол қазіргі таңдағы тіл біліміндегі жаңа бағыттармен сабақтасып жатқанының  айқын көрінісі. Осы орайда мына ғалымның пікірін келтіре кеткенді жөн көрдік «...тіл мен ой немесе таным, тіл мен ұлт т.б. мәселелер сайып келгенде, ұлтты, ұлттың танымын өзінің терең құрылымдары арқылы тұтастырушы тілдің табиғатын анықтауға байланысты қазіргі тіл  білімінде осындай жаңа бағыттардың айқындалып, қалыптасып, дамып келе жатқаны байқалады», [5;43] – деп  тұжырым  жасайды.  Ғалымның пікірлерін зерделей келе, М.Әуезов шығармаларын талдау барысында, оның  тілдік ерекшелігін, танымдық сипатын, ұлттың тілі мен мәдениетін, болмысы мен шаруашылық тәжірибесін жетік меңгерген суреткер екендігі аңғарамыз.

Жалпы, тілдік тұлға дегеніміздің өзі –  ұлттық тіл ортасында, ұлттық құндылықтар арасында тәрбиеленген, ұлттық рух пен ұлттық тілді толық меңгерген жеке адам, бүкіл ұлттық болмысты бойына жинақтаған жеке тұлға. Яғни тілдік тұлға теориясы негізінде ұлттық құндылық бейне жасаудағы автор бейнесінің рөлін, жас шәкірт Абайдың  тілдік қабілетін сипаттау арқылы  тануға болады. Көркем шығарма контексіндегі ұлттық құндылықты зерттегенде, ең алдымен,  тілдік тұлғаны қарастырамыз. Тілдік тұлға деп, бір жағынан, кез келген тіл ұстанушыны түсінсек, екінші жағынан, «тілдің жүйелік ұғым, түсініктерін, мәтіндерді функционалды талдаумен қосатын (біріктіретін) индивидттің тілдік қабілетін сипаттаудың кешенді тәсілін» [6;671] түсінеміз. Қаламгер шығарма-ларының тіліндегі автордың ұлттық дүниетанымдық мазмұнды беру шеберлігімен қоса  Абай, Құрмаш, Ғазиза, Қасым  т.б. кейіпкерлер  бойындағы жас ерекшелігін, психологиялық ахуалын, ойлау, таразылау, танымдық мәнді нақты сипаттауы жазушының тілдік бейнені жасаудағы ерекшелігі деп  айтуға болады. Шәкірт Абайдың елге оралғандағы әкесімен алғаш жүздесуін жазушы былай берген: «Азғантай уақыт Абайға  қарап алып: – Балам бойың өсіп, ер жетіп қалыпсың-ау! Молда болдың ба?- деді. Кекету ме? жоқ, күдік пе? Немесе шынымен жай білгісі келгені ме? ...

 Бала ес білгеннен бері қарай әкесінің қабағын жұтаң қыста күн райын баққан бақташыдай бағып, танып өскен. Әкесі де бұл баласының сондай сезгіштігін  өзге балаларынан артық санаушы еді. Ұялғанды,  жауап айтпағанды кешірмейтін әке мінезі Абайға мәлім. Ол сабырлы, момын пішінмен: - Шүкірлік, әке, – деп біраз тұрды да, - ат барған соң, дәріс тәмам болмаса да, қазіреттің рұқсатын, фатиқасын алып қайттым, – деді.  Тіпті, ересек адамша сөйлеп қапты. Бұл баланың ерте әзірлеген жауабы...» [4;10]. Жазушы  бала танымын, оның ішінде ұлттық мәдениетті тану деңгейін, өзін-өзі ұстауын, сөз саптауын, психикалық ерекшеліктерін өте сәтті бейнелеген. Сонымен қатар мәтіннен баланың дүниетанымы мен эстетикалық талғамының жоғары екендігін  байқаймыз.

Концепт – тіл мен таным бірлестігі арқылы дүниені, ұлттық құндылықтарды жан-жақты тануға, сонымен қатар ұлттық-танымдық мәдениетті зерделеп ұғынуға ықпал ететін, адам санасындағы жинақталған  білімі.

Қазақ халқының  ұлттық құндылық бірлігінде мәдениет көріністерінің жиынтығы бейнеленеді. Ұлттық құндылық  концептілеріне  ұлттық мәдениетке жататын барлық ерекшеліктер тән:  ұлттық ойлау; ұлттық қабылдау;  ұлттық этикет;  ұлттық сөйлеу;  ұлттық ой қорыту;  ұлттық діл  т.б. Соның ішінде біз қарастырып отырған М.Әуезовтің  әңгімелеріндегі балаға қатысты мәселелер. Қазақ халқында балаға қатысты  ұғымдардың  концептуалдық жүйесін  сонау ауыз әдебиеті үлгілерінен бері қарай қарастырсақ, соның ішінде прозалық  шығармалардың  тіліндегі бірегейлік пен концептуалдық ұқсастықтар анық байқалып тұрады. Мысалы, «Жалғыздық» концептісінің мәні М.Әуезов  шығармаларында ерекше көрініс тапқан. Жалпы, қаламгер, қай шығармасында болмасын айтылар ойды суреттеуге ерекше назар аударып отырған. Тіліміздегі балаға қатысты «жалғыздық» концептісіне «жетімдік», «шарасыздық», «панасыздық», «қорғансыз-дық», «даралық» ассоцацияларын жатқызамыз.  Мысалы, М.Әуезовтің  «Жетім» әңгімесінде Қасымның  жалғыздығын: «Он жасар Қасымның бұдан бір жыл бұрын кәрі анасы өліп еді. Одан жарты жыл бұрын өзін туған әке-шешесі өлген… Өз әке-шешесі өлгенде Қасымның кішкентай әлсіз басы тағдырдың бұның басына келерлік барлық соққысын түгелімен көріп шыққан. Алдыңғы өлімнен кейін жарты жыл өткенде кәрі әжесі өліп еді. Бұрынғы бала – бұрын еркелікпен жылайтын Қасым әжесі өлген күні шын қайғымен жылап еді. Басына аспан құлағандай уайымды сол күні көріп еді» [7;213], – деп суреттейді. Тағдыр кішкентай байғұс балаға сондай қатал мінез көрсетті. Аранын аждаһадай ашқан өлім Қасым туыстарын бірінен кейін бірін жалмады. Баланы шын жетім етті. Ата-ана, кәрі әжесі, бәрі- бәрі қара жер құшағына енді. Тек Қасым ғана жарық күнді көруде. Осы жалғыздық, панасыздық бала жүрегін ауыртты. Сәби жаны, кішкентай жүрегі үлкен қайғыға душар болды. Шығарма оқырманды толқытып, тебірентеді. Бұл жерде біз тағы да жазушы шеберлігіне тәнті боламыз. Жазушы жетім балалар тағдырына қатты толғанып, бар жүрегімен аяныш сезімін білдіреді. М.Әуезов  мұншалықты жан төзгісіз қасіретке жайбырақат қарауды ар санайды. Ол өз қаһармандарымен іштей табысып, солармен   бір күйге   түсіп, бар жанымен қатты тебіренетіні әңгіменің өн бойынан анық байқалады.

Жазушы  Қасымның тағдырын ашу арқылы сол кездегі қазақ даласындағы әрбір жетім баланың типтік шынайы бейнесін жасаған. Бұл әңгімеде жинақтау тәсілімен қоса даралау әдісі де бар. Сондықтан да,  Қасым бейнесі – әбден жинақталған, сонымен бірге әбден дараланған бейне. Типтік бейне дегенде жетімдік хақысы әркімге бір кетіп, көрінгенге жем болып, кіріптар күйге түсіп, кісі табалдырығын тоздырып, жалшылықта жүрген жетім өмірі, әркімнен бір жылы сөз мейірім күткен Қасым мінезі типтік дәрежесіне көтерілген. Қасым бейнесінің даралығы неде? Даралығы – сол естияр болып, әжесінен айырылған сәттегі жан азабын шырқырай жеткізуінде де. «Әжетай, мені тастап кеттің? Мені неге ала кетпедің, менің қаңғып қалғаным ба? Менің шынымен сорлы, шынымен жетім болғаным ба деп зарлағанда, елдің сай-сүйегін босатып, кәрі-жастың жүрегін еріткен болатын» - деген үзіндіден Қасымның әже қазасын жан-тәнімен түсінген күйін танимыз. 

Міне, енді әжесінің кешкі мезгілде алдына алып, күпісіне орап отырып, тербетіп айтатын сезімді қоңыр әні де жоғалды, келмеске кетті. Әке - шешесінен айырылса да, Қасымның басына әжесінің көзі тірісінде шын жетімдік орнамап еді. Ал әжесінің өлімі Қасымның өз өлімімен бара  бардай. Әже  өлімі әңгіменің композициясының  шарықтау шегі болып табылады. Жазушының шеберлігі де осы. Ол әже өлімі арқылы онсыз да жетім баланың күйін мүлдем ауырлатады. Шығарманың әсерлі күйі де Қасымның соңғы тірегі әжесінен айырып,  трагедиялық ахуалға душар болуында.

Әңгімеде адамды еріксіз  мұңға батыратын  құйтырқы бір эпизод бар. Ол – онсыз да тағдырдан таяқ жеп, тағдыр тауқыметін арқалап қалған Қасымды Қадишаның қарғауы мен Исаның аяусыз соққыға жығуы. Бұл Қадиша мен  Исаның мейірімсіз  қоғамдағы әлсізді  аямайтын,  тағылық мінезі мен  жыртқыштық пиғылын   дәл көрсетеді. Иса – аты  еркек  болғанымен,  туыстық,  бауырмалдық,  жанашырлықтан  мүлдем  мақұрым қалған жан.  Бұған дәлел – қорғансыз қалған   жетімге қол  көтеріп, өлімші етіп соққыға  жығуы.  Табиғатынан  бауырмал  қазақ  халқы ішінен мұндай пенденің шығуына не себеп. Жазушы осындай  ойға  қалдырады.

Бауыры үшін  бауыр  еті  езілетін,  туғаны  үшін  қоң  етін ойып  беретін қазақ үшін  жатбауыр мінездің  жат, бөтен  екендігін  біле  тұра,  Исаның  қатігездікке  барынша  бөккен  топастығы - сол  заманның әлеуметтік көрнінісі, я болмаса, озбыр қоғамның   жетімдер тағдырына  қарғыс  таңбасындай  басылған  әрекеті еді. Бұл қоғамдық  індеттің  шын аты – қанаушылық.

Иса үшін  ең құнды  не  нәрсе  деген  заңды  сұрақ  алдымыздан  кес – кестейді. Соншалықты  үлбіреп тұрған,  қорғансыз  туысы Қасымды  өлімге  қиғаны  несі? Сонда  адам жанынан  артық  нәрсе болғаны ма? Иә, тасбауыр  қоғамның  типтік өкілі Иса  үшін Қасымның  өмірінен гөрі оның бес-алты  саулығы  қымбат.  Абай тілімен  айтсақ, «Өзі  үшін  оттаған  хайуанның  бірі». Бұның жауабын автор ашық қалдырады Иса – дүние-мүлік үшін  өз туысын   құрбандыққа шалуға  әркез  даяр тұратын  жан. Исаны өзі үшін  адамгершіліктен безген   деп  білсек,  сол  қоғамды  не дейміз, қалай танимыз?

Иса  мен Қадишаның  дүниеқоңыздығы Қасымның  әке-шешесінен,  әжесінен  қалған  азын-аулақ он шақты қой, он шақты  ірі  қараны  талан-таражға салуы  Қасым бойына жиіркеніш  сезімін  тудырып қана  қоймай,  сонымен  қатар, сол қылықтарына  қарсы жауап қатуға, өз  құқығын қорғауға итермеледі. «Әне бір көк  саулық пен  қарабас  қойды  соғымға жібереміз. Қасқа  сиырды  сойып,  үй ішіне, бала-шағаға  саудагерден  пұл  аламыз» [7;236], – деп,  Қасымның   дүниесін жаудан түскен  олжадай  ашкөздікпен  бөлісуі  бала  жүрегіне   шын   жетімнің халін көрсетіп,  жетімдіктің  қайырымсыз  қара қамытын  кигізеді. Осы  әңгімеден  қазақ даласына  дендеп  кірген  сауда  дүниесінің  болмысын  көреміз. Шынында да, Иса да,  Қадиша да  өздерінің саудагер, алыпсатар, дүниешіл  сасыққоңыз  пиғылдағы адамдар екенін танытады. 

Қоғамның   жанашырлық, ізгілік  қасиеттерін қашан да жетімдерге   көрсеткен  мейірімділіктерінен танимыз.  Қасым  өмір  кешкен қоғамның   гуманистік  мінездерден мүлдем мақұрым  болғанын  әңгіме  желісінен  байқаймыз. Малын өз қажеттілігіне жаратып болған соң, енді панасыз жетім Қасымның  керегі жоқ,  көжеге ортақ қылғанша деп, ұрып-соғып, аштан-аш қаңғытып жіберуі, бұл – Иса мен Қадиша арқылы суреттелген сұрқия  қоғамның  белгілері.

Қасым – осынау  озбыр  қоғамның  зұлым әрекетіне  қарсы  шыға алмай,  тағдыр жазуына еріксіз мойынсұнған қорғансыздардың  әлеуметтік  тобының  өкілі. Қасымды  даралай  көрсету жазушының ерекше шеберлігі. Олар мыналар: Исаға   тас лақтыруы – өзінің  қауқарсыз  болса да,  ажал алдындағы  тұяқ серпуіндей  әлсіз ғана бір  болмашы қарсылығы. Әрине, жетім  балалардың    баршасы  асыраушысына  қаншалықты  ызаланса да, қол  көтеруге  батылы  бара бермейтіні ақиқат. Ал  М.Әуезовтің  кейіпкері Қасымның бір даралығы аруақ  қанын сыйлайтын ер  қазақтың  мінезін көрсетті.  Азғындықтың  басы – Иса мен Қадишаның жетімнің хақын   жеуі  әрі   аруақтан  қорықпай өз озбырлықтарын  жүзеге  асыруы.

Қасым – әжеме қатым түсірем,  әке-шешемнің  аруағына  құран  оқытам деп Исадан  бар болғаны бір саулық сұрауы бас  қаһарманның жан  асқақтығын танытады. Қасым – әділетті ту қылып көтерген   кешегі    батыл  көшпенді  елдің соңғы тұяғы. Озбырлықты  бақыт, жан рахаты деп  түсінген  қоғамның ізгілікті  ойлаған әлсіз  қаһарманы – Қасым  ғана. Жетімді  қанау, оның хақын жеу Қадиша мен Иса  үшін түк емес.  Қадиша мен Исаның әлемі – «кім  күшті  болса, сол – жеңімпаз» – деген қағидаға негізделген. Қасым өліміне  кім кінәлі? Әрине, Қасымның  жетімдігі емес, керісінше, сол  қорғансыздың  тынысын  тарылтқан Қадишалар  кінәлі. Иса-өз  тамырынан үзіліп,  ата-баба  дәстүрінен безгенен, мүлдемге  адамгершілік, ізгілікті ұмытқан бейне.  Бұл тұрғыдан алғанда Иса  бейнесі – Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекет» туындысындағы өз анасын  өлтірген мәңгүртке ұқсас. Барлық  қасіреттің  түп иесі, дүние үшін  жанын  сатуға  дайын тұратын Қадиша  бейнесі  бар қырынан ашылған. Әсіресе, күйеуін  билеп-төстеп алған Қадишаның Қасымды өкпеге теуіп, өктем мінез көрсетуі  тас бауыр екенін айғақтайды. Өз балалары бола тұра,  қорғансыз жетімге аналық  мейір  танытпай,  қатігездік танытудың  себебі қазақ  қоғамының  ұлттық  бояуынан  дәстүрден  алшақтай бастағанын аңғартады. Әңгіменің       соңында   әкесі  мен  шешесінің,  әжесінің қабірін  іздеп, тау-тасты  аралап  жүріп, күздің  қара суығына ұрынған бала  түн қараңғысында  зәресі  ұшып, шошынып, қазаға  ұшырайды. Әңгімеде  мифтік  мотив те  сәтті  шешім  тапқан. Ұзын бойлы, қара  кісінің  «артымнан ер» деп  онсыз да  сорлы  баланы  артынан  жүгіртіп, қараңғылыққа шақыруы – нағыз  археомифтік  сарын. Атам қазақтың  адам  өлер  алдында  әзірейілді  көреді  деген түсінігінде ұлттық  дүниетаным жатса, екіншіден,  қараңғылыққа шақырған   адам  баланың  көзіне  көрінген  ажал есебінде беріледі. Қасымның  сол адамға  еріп  жүгіруі өлім  алдындағы  бой жазуы  іспетті  әрекет.  Өлім  мен  өмірдің  арасындағы  мақсатсыз сандалыс.

Қорыта айтқанда концепт – әлемнің бейнесі жайлы түрлі ақпарат беретін ұлттық мәдени-танымдық мәнге ие болған тілдік қолданыстағы мағынасының ой елегінен өтіп, тіл арқылы бейнеленуі. Көркем әдебиетте ұлттық таным түсінікті білдіретін сөздер көркем шығармада концетілік әлеуметтік меселелерді қозғайды. Өмірлік адами тақырыптар терең, жан-жақты сөз етіледі; кейіпкердің өмір  тағдыры, кескін-келбеті уақыт сырына қарай суреттеледі. Суреткер шығарма-ларындағы қорғансыздар тақырыбы – негізгі тақырыптардың бірі. Байырғы  қазақ аулындағы әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік, озбырлық, отаршылдық, жалпы айтқанда, қорғансыздар күні – жазушы шығармаларының өзекті мәселесі. Алайда жазушы тәуелсіздікке ұмтылған халық қаншама қорғансыз болғанымен, рухы мықты, намысқор екенін әр шығармасында көрсетіп отырады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Маслова В.А. Введение в лингвокультурологию. Москва: Наследие, 1997г. –268с.

2.  Апресян  Ю.Д. Интегральное описание языка и системная лек-сикография // Москва: 1995г. Т2 – 76 с.

3. Рысберген Қ.Қ. Онимдік концептіні модельдеу тәжірибесі // Қазақ тіл білімі мен түркітану мәселелері. Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Алматы: Жібек жолы,  2007 ж. –395 б.

4. Әуезов М.О.  Абай жолы. Алматы: Жазушы, 2002,2003, 2004, 2006 ж.

5. Манкеева Ж.А. Қазақ тілін зерттеудің когнитивтік негіздері // Тілтаным. №4. 2001 ж. – 39-44б.

6. Жаманбаева Қ.Ә. Тіл қолданысының когнитивтік   негіздері: эмоция, символ, тілдік сана. Алматы: 1998 ж.- 140 б.

7. Әуезов М. О. Әңгімелер. Алматы: Жалын, 1987ж.- 425 б.