Тулегенова Шынар Исланбекқызы

аға оқытушы, филология магистрі

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Қазақстан, Қостанай қ.

 

НҰРХАН АХМЕТБЕКОВ – АҚЫН ЖӘНЕ АЙТЫСКЕР

Торғай топырағынан нәр алып, өткен ғасырдың басында дүниеге келіп, дәстүрлі поэзия мен бүгінгі жазба  өлеңнің алтын көпіріне айналған бірден-бір тұлға - ақберен ақын Нұрхан Ахметбеков болды.  Саралап келгенде Нұрхан поэзиясының атқарған жүгі бәрінен де ауқымды, әрі салмақты болып шықты. Бұл жерде Нұрханды тек өзінен алдындағы ақтангер ақын Иса Байзақұлымен ғана  шендестіруге болар еді. Содан да болар Иса  ақын азғантай ақындық қағыста, Нұрхан  талантын тез  танып, өз  кезегінде оған «Торғайдың топжарғаны» деген жоғары баға берген.

         Кешегі Қайнекей, Сырбай, Ғафу аталарымыз  Нұрхан Ахметбеков жырын  қатты бағалап, ақын  есімін қастерлеп өтті. Оған Сырбайдың:

Кей кезде пісіп-күюші едің,

                                           Баладай Жоққа нанып.

                                           Бетімнен сүюші едің,

                                           Алдымен боқтап алып.

Ғафу Қайырбековтің

        Жазуға жасық өлең, жаман жырды,

        Нұрханның аруағынан әлі қорқам...

-дейтін өлең тіркестері куә.

Қазақтың халық поэзиясын дамытуға үлкен үлес қосқан ақын Нұрхан Ахметбековтің жырлары мен дастандарын соғыстан кейінгі жылдары  торғайлықтар мен көрші облыстың  тұрғындары ойын – тойларда жиі жырлайтын.    Сырбай Мәуленов былай деп жазды: «... Шынында да Нұрхан өлеңі  халықтың жүрегіне құйылатын нәрлі өлеңдер еді. Ақынның аузынан төгілген табиғи өлеңдер төңіректі түгел шарпып,  заманында аттылы жолаушыларға ілесіп аймаққа  дүрілдеп тарай жөнелетін. Содан да оның  көп өлеңдерін, дастандарын  тыңдаушы халық деп қабылдайтын...» [1,5].

Нұрхан - асқақ ақын, дәулескер күйші болған. Торғай өңірінде ақын, күйші болуы Нұрханның өлеңіндегі өнерінің тез жетіп, қалыптасуына үлкен ықпалын тигізеді. Туып-өскен ортасының  жыршылдық, әншілік, айтыскерлік, күйшілік өнерін де шындалған Нұрхан алдымен қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін жаттап, көпшілік арасында түнді күнге қосып жырлап жүрді. Кейін «Қарға», «Есім сері» сынды өз дастандарын  да ойын-тойларда қоңыр үнді өзі шығарған  мақаммен жырлаған Нұрхан әнші, ақын, суырып салма өлең шығару  машығы оны  айтыскерлікке жетелейді. Дегенмен ақынның  алғашқы шығарған  жырларының  сақталғандары тым аз.      Нұрхан сауатты болған, оқи да, жаза да білген. Ескі ақындарша  жағдайға байланысты табанда шығарған өлеңдері айтылған жерінде қала берген.

« Нұрхан - бақыты жанған ақын, туындылары баспадан жарық көрмей жатып-ақ, ел ауызында кең тарап, даңқы асқан»- деп жазды Ғафу Қайырбеков өз естелігінде [2,13].

         Нұрхан кезінде Торғай төңірегіне даңқы шыққан ақын, шешен Әбіқаймен кездесіп, әні мен өлеңдерін сынатады. Әбіқай  жас жігіттің жан сала, тебірене  шырқаған әнінен, құйқылжыта тартқан күйлерінен мін таппайды. Өзі шығарған өлеңдерін де ойлана тыңдап, сөздерінің  тазалығы  мен мағынасы мәнділігіне, әдемі  қиюласқан  ұйқастарының беріктігіне риза  болады. «Ақындық пен әншілік, күйшілік қатарласа дарыған бала екенсін, талабың қайырлы болып, таланың таса берсін»- деп батасын берген екен. Содан бері жас жігітке «ақын» атағы біржола бекиді. Содан кейін айтар болсақ «Әбіқайдан бата алған ақын Нұрхан» атанып кетеді [3,11].

Жас ақын  халық  ауыз әдебиетінің бар жақсы үлгілерін бойына жинап, оларды өзі өскен, жұмыс істеген ауыл  арасында  үлкен ынтамен таратады.

         Торғай  топырағы  талантқа бай.  Торғай даласында ақындардың көптігі халық таланттары үшін  өзінше бір үлкен мектеп болды деуге  лайық.  Тосында туып, қалың ел ортасында өскен Нұрхан  да  осындай мектептен тәрбие алды.

         Ақын жаңа ауылдағы  жасампаз еңбекті, оның тамаша жемістерін, туған елдің бақытты ұл- қыздарын көріп қуанады. Қуанышы, жанған оттай шалқыған көңіл күйі өлең боп алаулайды. Ер еңбегін суреттеуге келгенде,  тамаша теңеулер табады.

Бидайға биыл жұрттың таң қалысы,

«Бейне бір көлдің сұлу нар қамысы»

Деді олар... мынау жатқан қалын нудан

Жорта алмас Сырдың епті жолбарысы...

Боқырау боз қырауын түсіре алмай,

Қыркүйек қызыл дәнді түсіре алмай,

Не қиын кезеңдерден кешіп өтті ел,

Жиналды бір  масақтың ұшы қалмай... [ 3,32].

         «Қызыл шоқы» атты өлеңінде адам еңбегінің құдіретті күшін паш ететін  жарасымды сурет, салиқалы, салмақты әсерлі ой бар. «Боқырау боз қырауын түсіре алмады, қыркүйек қызыл дәнді үсіре алмады» деп  халық егінді қыркүйек, бозқырауға ұрындырмай,  жинап алғаны, жемісті еңбегі туралы айтып отыр. Жалпы, адам ұлылығын, еңбек қуатын баса көрсету Нұрхан шығармашылығына тән қасиет болып табылады. Ол туған халқының мақсат-мүддесін былай білдіреді:

Сары алтын тау суындай ақтарылды,

Қырманға «Қызыл шоқы» ат тағылды.

Осындай тап-тамаша табыспенен

Ұлы той- қарсы алдық біз Октябрьді.

         Ақын жырының басты тақырыбы  ауыл, оның ақ жарқын, еңбекшіл адамдары болғанын жоғарыда айттық. Нұрхан Ахметбеков туындыларының  бір ерекшелігі- ол өлеңді жалпылама, оқиғаларды шартты түрде алып жазбай, белгілі бір ауылды сол кездегі колхоз,савхозды, нақтылы адамдарды жырға қосады. Мысал келтіре кетсек «Шұбалаң» атты белгілі өлеңінде:

Мекендеп Шұбаланды аз ғана ауыл,

Атап атып, азап шеккен жазған ауыл.

Бейнетке белуардан батып әбден,

Жантайып жон басында тозған ауыл.

Шұбалаңды мекендеген шағын ескі ауылдың басынан кешірген қорлығын, еңбегін суреттей отырып, оқырманға әсерлі жеткізеді. Оның жарқын өмірін шаттана баяндап, жаңа ауылда туып жатқан жаналықтарды алға тартады.

Балауса балдырғанмен сыбырласты,

Дегендей «жынның орнын қыдыр басты»

Ақырған двигатель дүмпуімен

Аптығып атпа жатып, шығыр қашты...

Бұрынғы шым  тазартып, тас қаланды.

Көк күмбез мал қорасы қасқаланды.

Бейне бір шілдехана күзеткендей,

Шам-шырақ жағып қойдық қос фонарьды-

деп  жаңаша көзқараспен көңілді суретейді.

         Ақынның «Қызбелдің қызыл гүлдері», «Колхоз түлігі», «Киров колхозы», « Сібір сырлары», «Жангелдиннің жаңа ауылы», «Қыс қырандары» атты және басқа да  көптеген өлеңдері ауыл өмірін, оның еңбегімен танылған ер тұлғалы адамдарын мадақтауға арналған.

         Жалпы Нұрхан өлеңді жиын – тойларда домбыраға қосып қолма- қол айтып қана қоймай, жазып та шығарған.  Өлеңдерінің  көрекемдік сапасы, идеялық дәрежесі жазба әдебиетке қойылатын талапқа жауап берерлік белеске көтерілгені де рас. Нұрхан өлеңді тәрбие құралы деп білді. Өзінің «тілге женіл, жүрекке жылы тиетін»  өлеңдерімен замандастарына әсер етуге талаптанады. Ақын жырынан өресі биік поэтикалық ой танылады.

Нұрханның «Немере», «Сібір сырлары», өлеңдері оқиғаға құрылған. Ол әсерлі әңгіме арқылы  оқырманмен етене сырласып, олардың ой дүниесіне жағымды әсер етеді. Мысалы: «Немере» атты өлеңінде ақын сан түрлі ойыншықтарды немересіне көрсете отырып, олардың мән-жайын түсіндіреді. Ойыншықтар жай ермек,  күн өткізу үшін жасалған заттар емес,  тәрбие құралы деп бағалайды. Бүгінгі ойыншықтардың барлығы да  ертеңгі тіршілік құралдары, өмір тұтқасы екенін айта келіп, оларды жақсы қадірлеп үйренуге шақырады.  Ақын ойыншықтың өзіне жай адам байқамайтын  сыр танып, ойынның өзінде тәрбие элементтері жатқанын еске салады.

Мұның бәріде Нұрхан Ахметбеков ауыз әдебиетінің көрнекті өкілі, айтыс дүлдүлі, дастангер ақын бола отырып, өрісі биік, ой көкжиегі кең, поэтикалық қуаты мол жазба әдебиеттен шебер үйренгенін танытады. Нұрхан өлеңдерінің қазақ халқы үшін орны ерекше.

Нұрхан  -  айтыскер  де  ақын  болған.  Мұхтар    Әуезов    жазбақшы: «Қазақтың айтыс ақыны мен дастаншы жырау  ақындарының арасындағы  айырмасы аз болатын. Өйткені, үлкен жырау айтысқа да жүйрік келеді..» - деп, халықтың әдебиет тұрғысынан  қарасақ та Нұрхан суырып салма ақын болған.  Нұрхан Ахметбековтың « Өмірбаянында» өзі жазғандай: « Тұқымға  тартуды бекер дей  алмаймын. Өйткені, ұрығына тартпайтын зат жоқ қой. Әкесіне түсі, мінезі тарту бар екені белгілі.  Әкемнің нағашысы Бекғұл ақын болыпты. Өз шешем Әбіш әрі ақын, әрі жыршы, әрі әнші, домбырашы еді. Оның шешесі Ақмаңдай ақын, оның әкесі Нұрлыбай шешен,  оның әкесі Сайлыбай ақын болыпты...». Ақынның шыққан тегінде ақындық дарын болған.  Нұрханның шешесі Әбіш  Басықараның Қанапиясымен айтысып, жеңген деген дерек бар. Қанапия ақын, әнші, батыр болған, өз заманында елге  танылған атақты адам. Әбіштің жас кезінде жасы елуден асқан Қанапиямен кездесіп, айтысады. Тосын құмы бойын жайлаған ел  ойнақы жыр, әсем әнге аса риза болып отырады. Сөз қақтығысында Әбіш былай деп қалады:

Жолықты бағыланған кәрі қасқыр

Кәрі итті жеңгелерім деді састыр.

Қоңына тісі батпай сол  марқаның,

Айырылып қалып қойды қара басқыр...

Мәрт ақын бұған қарсы сөз айтпай Әбішке ақ батасын беріпті. Демек, Нұрханның суырып салмалық ақындық негізі берік,  тұқымынан ақындық   дарыған жан.

         Қазақ халық әдебиеті  айдарымен шығып жатқан « Айтыс» көп томдығының бірінші томында берілген алғы сөзінде Сәбит Мұқанов былай деп жазды: «... Ақының көпшілік көзіне ақын боп танылуы  тез тапқырлығы мен сөзінің өткірлігінде. Қысқасы, ақынға ақындық атақ  әперетін поэзия жанры, көбінесе-« айтыс»...».

         Олай болса поэзия жанрын жетік  меңгерген Нұрхан да заманында танымал ақын болған, жыр бәйгесіне «шешінбей» түсіп, көбінде жеңіске жетіп жүрген.

Нұрханның айтыскер ақын ретінде ресми түрде алғаш топ алдына шығуы 1943 жылдың қараша айында Қостанай қаласында өтеді. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен еңбек етіп жатқан қаланың зауыт, фабрикалары  атынан  айтысқан Сәт Есенбаевпен түседі. Қарт ақынмен өнер  сайыстырған Нұрхан ауыр кезең,  сынарлы шақта  ынтымақты еңбек етіп жатқан  бригада мүшелерінің ерлік еңбектерін  мадақтаған шабыт береді, рухтандырады. Айтыста екі ақынның да шешіле шырқауына көл байлау болған зауыт, фабрикалардың сырлары еді, ақындардың жырлайтын жетік  білмеуінде жатты. Дегенмен, Қостанайда өткен бұл айтыс облыс тарихында айтыстың кең тарауына мұрындық болды.

Халық ақындарының Алматыдағы 1943-1946 жылдары өткізілген айтысына қатысты. Осы айтыстарда Нұрхан Қазақстанның барлық  жұртшылығына танылды.  Ақындар айтысында  алдынғы қатардағы жүлдеге ие болған.

         Айтулы халық ақыны, өлең сөздің сұнғал шебері, жезтаңдай шешен топ арасында өзінің жастық кезеңін, сол кездегі халық өнерпаздарын, өзі талай рет тәлім алған шешендер мен  ақындар жайлы толғар еді. Олардың ел алдындағы қызметі мен беделі жайлы да сөйлеп кетер еді.

Топ көрсем тоты құстай таранамын,

Қырандай қиқу шықса қаранамын

Санғасам көкті шарлап

Басынан бұлғар шыңның дел аламын  [4, 3],

-деп-ақ  домбырасын қолға алып, ащы айғайға басар еді. Сол кезде Торғайдағы ақынның үйіне үлкенді-кішілі адамдар жиыла  бастаған көрінеді.Осы кезде ақында шың  шабытқа кіретін болған.

         Тумысында ақын мен халық - егіз. Бірінсіз бірі жоқ. Нұрхан да халық  арасында өсіп,  бойындағы талантын өз халқына арнай білген дарынды, дархан жүректі азамат. Өз замандастары  Омар Шипин,  Қашқынбай Қазұлы, Сәт Есенбайев, Құтжан Қанжығалин,  Әли Досымбаев,  Ахметхан Әбіқайев тағы басқа жерлес  ақындармен тізе қоса отырып,  халықтын ақындық, айтыс  дәстүрлерін дамытты. Ол  Жангелдин  ауданында  бірнеше  рет айтыстар ұйымдастырып, көптеген ізбасарлар дайындап, өсіріп шығарған. Ақын салып кеткен айтыс ордасының есігі әлі жабылған жоқ [  4,3].

Қай жерде де айтыс десе Нұрхан есімі аталмай қалмайды. Өйткені, оның айтыс саласындағы жарқын ізі өшпек  емес, Ақын облыстық, республикалық айтыстарда оза  шауып жүлде алған. 1943 жылы 5 желтоқсанда  Алматының Абай атындағы опера және балет театрында өткен  халық ақындарының сайысында Петропавл ақыны Молдахмет Тырбиевпен айтыста ол:

Көтерсем қос айқаймен Қостанайды

Қандай жан рас сөзді қостамайды.

Әдеті біздің елдің сіздей емес-

Егінді қарға былғап тастамайды [ 4,3]

-деп облысты елге танытады. Осы айтысты Жамыл, Шашубай, Нұрпейіс, Иса сынды айтулы жүйріктер де көрген. Олар Нұрханның нағыз ақындық  тапқырлығы мен әншілік, домбырашылық  шеберлігіне қатты сүйсінген еді.

          Осы айтыста болған бір қызық оқиға әлі күнге дейін халық аузында аңыз болып айтылып жүр. Айтыс барысында белгілі дауыл ақын Иса  қарсы келгенін қағып тастап, ақыры оған қарсы ешкім шыға алмай, ақындар бір-біріне  қарасады. Сол сәтте  айтысты  ұйымдастырушылар «енді бір шықса, осы шығар» деп  Нұрханды Исаға қарсы әкеліп, қолына домыраны ұстата   қояды. Бұлт астынан шыққан күн  көзіндей ащы  дауыс көкке өрлей жөнеледі. Бұл Нұрхан еді:

Атандың он жасында ақын Иса,

Өнері өзге жұрттан басым Иса,

Өзіңмен  айтысуға тең келмейді,

Миләттің жетпіс екі бәрін жиса.

Исаның  ақындығы менен басым,

Екпіні  құлатқандай таудың тасын.

Әркімнің  айтысатын өз теңі бар

Алып кел Тәждібайдың Әбілдасын!  [4, 3].

Делебесі шын қозған Иса да көзінен от, аузынан жалын шаша айғайға салыпты:

Сөйлесе кетеді екен желдей есіп,

Ән десе кетеді екен елдей көшіп.

Буылған сап-сары алтын қабымен

Бұл қайдан шыға келді жерді тесіп

Көрінді шу дегенде жанның қоры,

Ойлап ем мұны  айдаған ненің соры.

Бөлініп хан тобынан жалғыз шыққан

Айтулы осы екен ғой жауыр торы, [4,3]

-деп ақынның қолын алып, арқаға қаққан көрінеді.

Міне,Нұрхан осы айтыста бас бәйгеге ие болып, ат мініп, шапан киіп еліне көркейіп оралады. Осыдан былай жұрт «Торғайдың  топжарғаны» деп құрметтеп атап кеткен.

«Айтыстың» үшінші томына Сәт Есенбаев пен Нұрхан Ахметбековтің 1957 жылғы айтысы енген. «Айтыс» кітабының бұл бөлімі «Соғыстан кейінгеі кезеңдегі ақындар айтысы» деп аталады. Сондықтан да кітапқа бейбіт жылдардың шуақты жырлары кірген.

         Барша әңгіменің түйіні Нұрхан Ахметбеков айтыскер ақын болған. Жиын, топта суырып салмалығымен, өзіндік шебер орындаушылығымен көзге түскен.  Мұның бәрі де оның айтыскерлігіне саяды, ұшқыр қиял мен сөз байлығынан туындайды. Нұрхан ақынның ізденісі үлкен , ақындық мектебі кемелді, оған қоса табиғи ақындық таланты да мол болған. Нәтижесінде бізге Нұрхан айтыскерлігімен өміршең мұра қалдырды.

 

 

Әдебиеттер

 

1.     А.Абдулина «Н. Ахметбеков әдеби мұрасы» Арқалық -2003.

2.     Сапабек Әсіпов «Топжарған» «жазушы» Алматы-1980 жыл.

3.     «Біздің Торғай»-2003 1/15 қазан

4.     Қайырбеков Ғ. «Топжарған», «Халық кеңесі» газеті 13 қараша 1993 жыл.