Мемлекеттік тілді оқытудағы жаңа технологиялардың тиімді жолдары

 

Ф.ғ.к.Тулкиева Б.Ә.

Алматы қ., Қазақстан

 

Республикадағы қоғамдық-әлеуметтік  салалардағы өзгерістерге орай білім саласы да жаңаруда. Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты мақсаты – ұлттық және жалпыадамзаттық мәдени құндылықтар негізінде жеке тұлғаның қалыптасуына қажетті жағдай жасау» делінген. Осы міндеттерді жүзеге асыруда басты нысана – білім сапасы. Сапалы білім беру педагогтардың шеберлігі мен іскерлігіне байланысты. Ал педагогикалық шеберлік пен іскерлікті дамытуда жаңа технологияны қолданудың маңыздылығы зор.

Ел бірлігі доктринасында мемлекеттік тіл ұлттық және рухани бірліктің басты факторы, негізгі басымдығы ретінде айқындалған. Оны меңгеру әрбір Қазақстан азаматының парызы мен міндеті саналып, жеке өзінің бәсекеге қабілеттілігі мен қоғамдық өмірге араласуының белсенділігін айқындайтын ынталандырушы тетік болуға тиіс деп тұжырымдалған. Бағдарламада көзделген барлық іс-шаралар ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілді дамытудың басымдығына негізделген және азаматтардың рухани-мәдени және тілдік қажеттіліктерін толық қанағаттандыруға бағытталған.

Бағдарламада көзделген барлық іс-шаралар ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілді дамытудың басымдығына негізделген және азаматтардың рухани-мәдени және тілдік қажеттіліктерін толық қанағаттандыруға бағытталған. Қазақ  тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін қазақ тілін  оқыту мәселесімен  қатар, оны жоғары деңгейде  кәсіби салада оқыту мәселелері  де туындап отыр.  Мемлекеттік тіл ол ең бірінші  қазақ тілі болатын болса, кәсіби салаларда мемлекеттік тілді оқыту  ол әр салада қазақ тілін сол салаға бейімдеп оқыту, сол салада қолданылатын терминдерді пайдаланып  сөйлеуге жаттықтыру , сол саланың  іс құжаттарын, нормативтік құқықтық  актілерді,  құжаттарды  ең алдымен мемлекеттік тілде қазақ тілінде толтыруға  жаттықтыру, бұл қазақ тілінің ішіндегі тілдесім әрекетіне, сөйлесуге үйрету деңгейінен жоғары кәсіби сала тілі.

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде  қызмет етуінің алға шарттарының бірі – оның қоғамдық өмірдің әр алуан саласында қызмет етуі және іс қағаздарының  қазақша жүргізілуі. Ісқағаздар, ресми құжаттардың тілі дұрыс қалыптасып ендігі бір жүйеге түсуі керек, сонда ғана қазақ тілінің қолданыс аясы, өрісі кеңейеді. Бұл жұмыстар негізінен қазақ тілін кәсіби салалар бойынша оқыту барысында жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ-нда:

Ø мемлекеттік тілді оқытудың әдіснамасын жетілдіру және стандарттау;

Ø мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымын дамыту;

Ø мемлекеттік тілді оқыту процесін ынталандыру;

Ø мемлекеттік тілді қолданудың мәртебесін арттыру;

Ø мемлекеттік тілге сұранысты арттыру;

Ø қазақ тілінің лексикалық қорын жетілдіру және жүйелеу;

Ø тіл мәдениетін жетілдіру т.б.;

Оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, дамыту міндеттерін көздейді. Оқытушының жеке тұлғаны зерттеуіне, оны толық танып, білуге және оқытудың мақсатына жетуге тиімді, әрі нақты жол ашады. Болашақ маман иелерінің бойында білімділік, біліктілік, саналылық, жауапкершілік қасиеттерін сіңіруде, яғни кәсіби құзыреттілікті қалыптастыруда жаңа технологияны қолданудың ролі зор. Сонымен қатар технологияны тиімді пайдалана білу оқытушының шеберлігі мен іскерлігін және кәсіби құзыреттілігін шыңдауға әсерін тигізеді.

Құзіреттілік – кәсіби әрекет тәсілдерді жан-жақты игеруінен көрінетін білім нәтижесі. Кәсіби бағытта оқытудың басты мақсаты – қазақ тілінен және мамандықтары бойынша алған білімдерін толықтыра отырып, сөздік қорларын кәсіптеріне қатысты жаңа сөздермен, сөз тіркестерімен байыту [10].  Бүгінгі таңда балалардың таңдаған мамандығына қарай, кәсіби білім саласына ерекше көңіл бөлінуде. Кәсіпке дайындау, мақсатты білім беру – тұлға дамуын жүзеге асырушы. Білімді, мәдениетті, кәсіби, білікті маман даярлауда мемелекеттік тілдің атқарар қызметі, яғни қазақ тілі пәнін оқытудың маңызы зор.

Кез-келген мекеме мен кәсіпорында құжаттардың, құжат айналымы жүйесін дұрыс ұйымдастырудың маңызы аса зор. Құжаттардың негізінде басқару шешімдері қабылданады, даулы мәселелер шешіледі. Қандай ұйымда болмасын, сауатты жасалып, заңды күшке ие болған құжат қана табысты жұмыстың кепілі болады.

         Ұйымда құжат айналымының талапқа сай ұйымдастырылмауы құнды құжаттардың жоғалуына, кәсіпорын жұмысының жүйесіздігіне алып келеді. Мұның өз кезегінде түрлі қиыншылықтар мен даулы оқиғаларға соқтыратыны айтпаса да түсінікті. Бұлардың барлығы да Қазақстанның  іс қағаздарын жүргізу саласында қолданылып жүрген заңдары мен нормативтік-құқықтық актілерінде тиісінше көрініс тапқан.

         Іс қағаздарын жүргізудің негіздеріне арналып отырған бұл оқу-қолданбалы құралы еліміздегі түрлі нысандағы кәсіпорындардың, іс қағаздарын жүргізумен айналысушы мамандардың қызмет барысында пайдалануына арналған. 

Кеңселік қызмет барысында құжат еңбек құралы ретінде де әрі жұмыс нәтижесі ретінде де көрінеді. Осыған сәйкес ұйымның тиімділікпен қызмет етуі құжат бойынша жұмыс жүргізу ісін дұрыс ұйымдастыруға тікелей байланысты.

Құжат функцияларын жалпы және арнайы функциялар деп екі салаға бөлуге болады. Жалпы функциялар құжаттардың бәріне ортақ. Ал арнайы функциялар – құжаттардың тек шектеулі топтарына ғана тән.

Құжаттың жалпы функцияларына:

1) әлеуметтік – құжат әлеуметтік мәнге ие объект болып табылады, өйткені ол әлеуметтік қажеттіліктен туындаған әрі сол әлеуметтік жүйеде жүзеге асырылады;

2) ақпараттыққұжат ақпаратты жазып алу, сақтау және тарату құралы ретінде қызмет етеді;

3) қарым-қатынастық – құжат қоғамдық құрылымдар мен жеке адамдар арасында байланыс құралы ретінде жүреді, ол жай хабарландырып қана қоймайды, сонымен бірге қоғамдық сананы шоғырландырып, бірыңғай пікір қалыптастыруға, ұжымдық реакция туғызуға,  бүкіл қауымды жұмылдыруға ықпал етеді;

4) мәдени – құжат әлеумет тәжірибесі мен мәдени дәстүрлерді бекіту және оларды болашаққа қалдыру құралы ретінде қызмет етеді;

 Құжаттың арнайы функциялары:

1) құқықтық – құжат қоғамдағы құқықтық нормалар мен құқықтық қарым-қатынастарды бекіту және өзгерту құралы ретінде қызмет етеді. Хабарланып отырған мәліметтерге, оқиғаларға баға беру арқылы құжат құқықтық сананың қалыптасуына, мінез-құлықтың әлеумет тарапынан қолдау тапқан үлгілерін әзірлеуге, моральдық-этикалық нормаларды игеруге ықпал етеді;

2) дәрістік – құжат жинақталған әлеуметтік тәжірибелерді ой елегінен өткізе отырып, бұл жөніндегі білім қазынасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге көмек береді, тұлғаның қалыптасу процесіне қатысады;

3) танымдық – құжат ой елегінен өткізіліп жазылған мәтін негізінде шындықтың неғұрлым ауқымды, абстрактылы, теориялық үлгісін жасауға мүмкіндік береді.

4) басқарушылық – құжат басқару құралы болып табылады, қоғам мүшелерінің ұжымдық қызметін мейлінше тиімді ұйымдастыру мақсатына сәйкес жоспарлау, үйлестіру және реттеу ісіне көмектеседі;

5) мемориальдық – құжат қоғамның, ондағы жекелеген құрылымдардың дамуы туралы және дербес тұлғалар жайлы тарихи дерек көзі ретінде көрінеді;

6) есептік – құжат өндірістік және шаруашылық қызметтің барлық кезеңдерінде атқарылған жұмыс процестерін сүзгіден өткізіп отыратындықтан, оның нәтижелерін есептеп  шығаруға мүмкіндік береді.

7) эстетикалық – құжат өзінің материалдық негізі құрамына болмысты образды-көркем игеру нәтижелерін түсіру арқылы жинақтап қорытылған эстетикалық тәжірибелерді сақтайды және таратады;

8) релаксациялық (ойын-сауықтық, компенсаторлық) – құжаттардың бірқатар түрлерін эмоционалдық шиеленісті өзге нысандарға аудару арқылы түсіру т.б. Осы аталған құжат түрлерін толығымен танысып, олардың әрқайсысының фиункциялық прағатикалық мәнін түсуі тиіс және білім алушы мамандығына сай игеріп шығуы тиіс. Студент кәсіби сөйлеу бағытында оқытылады және оқу, тыңдау, сөйлеу, жазу тәсілдерін толық игереді, оқу-түсіну, ойын түсінікті етіп жаза білу, мәселеге қатысты өз ойын дұрыс жеткізу, өз саласына қатысты алған құжатты дұрыс түсіне білу, ол туралы өз ойын айту, сөйлеу  барысында өз саласына қатысты күрделі сөзді қолдану  арқылы ойын толық жеткізу бағытында оқытылады.  Оқу материалына негізінен өз мамандығына  байланысты  мәтіндер алынады. Аталған құжаттарды дайындай білумен қатар оларды белгілі бір дауыс ырғағымен оқи білуге  жаттықтыру  жұмыстары да қатар жүргізіледі.

Тіл үйренуші  тілін дамыту екі бағытта жүргізіледі: ауызша және жазбаша. Жалпы алғанда тілді оқытуды бұл екі бағыт қатар байланыста жүргізіледі. Бірақ қазақ тілін оқытудың ең алғашқы  кезеңінде ауызша тіл  дамыту басымырақ болады. Сөйлеу  тілі  кейінірек жазба тілді дамытуға  негіз болады. Осыған орай  жаңадан еңгізілген кәсіби қазақ тілі пәніне байланысты практикалық лингвистика кафедрасы ұжымы бағдарламада кәсіби лексиканы меңгертуге тиімді тақырыптарды, жаттығулар жүйесін, тапсырмаларды іріктеп қолданады.

Жаттығулар жүйесі – кәсіби ұғымдардың мәні мен мағынасын түсіндіре отырып тілді мамандыққа сай үйрететін, алған тілдік білімді тәжірибемен ұштастырып, шеберлік пен дағдыны қалыптастыру мақсатында орындалатын жұмыс кешені. Жаттығулар түрлері: 1. Машықтандыру жаттығулары. 2. Шығармашылық жаттығулар. 3. Кәсіби-жағдаяттық жаттығулар.

Машықтандыру  жаттығулар – студент  үйренген сөздік қорын ұтымды пайдаланып, оны кәсіби тілдік қатынаста шеберлікпен қолданудың амал-тәсілдерін берік меңгеруін әбден қалыптастыру мақсатында орындалатын жұмыс. Бұл жұмыс кәсібі лексиканы, ұғымдарды, олардың табиғаты туралы  мәліметте меңгеруден басталады. Нақтылы мамандыққа  байланысты  таңдап алынған лексиканы меңгерту үшін, біріншіден, тіл үйренушіге жаңа сөзді  қолдануға жағдай туғызу; екіншіден, сөздің мағынасын айқындап, оны дұрыс қолдану амалдарын игерту; үшіншіден, сөздер мен сөз тіркестеріне қатысты грамматикалық ережелерді байланыстыра үйрету; төртіншіден, сөздердің қатысымдық бағыттылығын ескеру керек.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Қазақстан Республикасының Конституциясы. – Алматы: Credo, 1999.

2.  Қазақстан Республикасындағы Білім туралы Заңнама. Алматы, 2009. – 66 б.

3. Дүйсенбекова Л. Қазақ тілі: іс қағаздарын жүргізу. Оқу құралы. –Алматы, 2011. 400 б. 

4. Оразбаева Ф., Мұхамади Қ. Мемлекеттік тілдегі іс қағаздар.–Алматы: Арда, 2005. -128 б.