Байларова Тұрсынай Хужахметқызы

АӘИУ «Жалпы педагогика» кафедрасының магистранты

 

«Садықбек Адамбеков әңгімелерінің көркемдік ерекшелігі»

 

В статье исследуется художественное своеобразие и мастерство изоброжения в сборнике С.Адамбекова «Ворота Ходжи Насреддина»

 

Адам баласы мінез-құлық жақсылығын, жан тазалығын артықша қадірлеп, қасиет тұта білген, кемшілік, мін санаған жәйттерден жеріп қана қоймай, жамандық, жаманат атаулыдан арылып отырған, өзіне-өзі күліп, өзін-өзі мазақтай жүріп есейе берген. Халық өз тіршілігіндегі оспадар, ожар мінез, надан адамды мазақ қылған, опасыз қорқақтарды масқаралап, елден бездірген, сараң, мешкей, мақтаншақтарды әшкере етіп, әжуалап отырған. Осының бәрі күшейе келе, жазба әдебиет жан-жақты дамыған  шақта сатира деген ауқымды ұғымға айналған.

Қазақ сатирасы бүгінде көп ілгерілеген, зерттеуге тұрарлық сатыда. Казақ сатирасына қалам тербеген ұлттың көрнекті өкілдері аз емес. Соның бірі жазушы, драматург, көркемсөз шебері - Садықбек Адамбеков. Драматург  Садықбек Адамбеков шығармашылығы жайлы зерттеу-зерделеулер бүгінгі таңда жоқтың қасы.

Драматург С.Адамбековтің бірнеше атап айтуға тұрарлық еңбектері бар. Аталған еңбектердің барлығы да зерттеп-зерделеуге тұрарлық. Жазушының  сол еңбектерінің  ішінде «Қожанасыр қақпасы» деп аталатын кітабына енген шығармаларының көркемдік ерекшелігіне тоқталмақпыз.

Аталмыш жинаққа сыншы-ғалым Т.Тоқбергеновтің зерттеу мақаласынан өзге мақала жазылмады. Драматург С.Адамбековтің «Қожанасыр қақпасы» кітабында сатирик-жазушының жарияланған тоқсанға жуық шағын дүниелері - фельетон, әңгімелері және «Шоқбикенің шатағы», «Оһх жүрегім!» комедиялары топтастырылған.

Драматург С.Адамбеков сатирасының нәрі - оның тілінде, шұрайлылығында. Автор көп ретте халықтық тілдің әдемі сөз нақышын, сөз өрнегін, айшық-қисынын тауып қолданады. Оған келесі жолдардан көз жеткізуімізге болады. «... Аяз күн батқан соң құтырып шыға келеді. Тондының жағасынан сипап өтіп, шляпалы жігіттің құлағын шымшылап, қыздардың балтырынан қытықтап, байпақтыға бата алмай, етіктіні паналап келіп, туфлилі адамды қуа жөнелді,»- деген сияқты қуақы да ойнақы суреттеу, баяндаулар көптеп кездеседі» [1,183].

Мысалы: «Шелектен секіріп, шектен шығып...», «Күлкі шашып жібергендей», «Адамға да, заманға да қарыздар», «Ақ есектің айылы шұбатылып, жайылып жүрді» дейтін түйінді тіркестер қолданылған. «Таразыдан жесем тасбақа болайын»... дейтін бүгінгі оқушы мәнісін аңғара бермейтін бірақ өзгеше мәнді орамды тіркесі «Ешкінің сүтімен асырасам ешкінің баласы болмағанда кімнің баласы боласың», «Жаяу арқалағанда жабыспайтын едім» деген Қожанасырға ғана лайықты сөйлемдер, «Әбекең үй белдеуіне қыстыра салған қол орақтай жаңа туған айды көренде» дейтін көркем кестелер жазушы С.Адамбековке ғана тән қалам өрнегін танытады.

Драматург С.Адамбеков шығармаларының тілі көркем, ондағы сөз қолданыстары да шебер. Сөз нақыштары аса шеберлікпен қолданылған, тіл орамы келісті. Шығармадағы кейіпкерлердің мінездері ұнамды, ұнамсыз сөз нақыштарымен әшкереленген. Драматург өзігің «Оһх жүрегім» деген сатиралық комедиясында Ақат Ақбозов деген дүкен басшысының әйелі Кәриманың іс-әрекеттерін драматург өз тарапынан сөз нақыштарымен көркем зерлеген. Мысалы: «Жүрегін қолына ұстап жүрген», «Қорғасындай балқып тұрған жүрекке», «Сұмдықтың сирағы шығып», «Көмейіңнен түлкінің көзін көрдім», «Қара шұбар жыланның басы», «Иненің үстінде отырамын», «Апайдың жүрегі жұмыртқадан жұқа», «Біздің қатын алтын жалаған айдаһар», «Көкірегімнен ін қазған көртышқан» деген сөз кестелері мол кездеседі  [3,347-352].

«Вагон жұтқан» деген әңгімесінде сөз кестелерін мол кездестіреміз. Мысалы: «Жүрегінің жеті қарыс түгі бар», «Жүйке тамырыңыз сом темірден соғылса да жұқарған шығар» деген суреттеулер, «Қасықтай-қасықтай әйел туфлиін жұтып жіберді» деген сөз нақыштары, «Иін тіресіп тұрған адамдардың шыбын жаны мұрнының ұшында» деген кестелі сөздер қолданылған [3,235-236].

Бұндай әңгімелер оқырманға ой салмай қоймайды, сөз кестелерінің астында терең мағына жатыр.

Сонымен бірге «Жағасынан шатасып» деген әңгімесінде  «Жаңа жылға берері жоқ, ескі жылдан алары жоқ, арамтамақ азғындар» деген суреттеумен бастықтардың арамдығын аңғартса, «Қожанасыр жар салды» деген әңгімесінде Алдар: «Балық басынан шіриді», - дейді. «Шекеміз шылқылдап жатқан жоқ» деген сөз кестелерінде қаншама мән жатыр. Бастықтардың арам пиғылдарын әсем суреттеумен әшкерелеп отырады. Тағы да басқа әңгімелерінде сөз нақыштарымен сөз кестелері мол көрініс тапқан.

Жазушының бүкіл творчествалық өн бойынан идеялық көркемдік негіздің сол жазушыға ғана тән ерекшеліктерін аңғарамыз. Бұл жазушының өзіндік ерекшелігі болып табылады. Сонымен қатар жзушы шығармасында халықтық тіл, сөйлеу өнерінің алуан кестелері келісті көрініс тапқан. Жазушы С.Адамбеков әңгімелеріндегі басты идеялық нысана - халық тіршілігі, ауыл адамдарынан алынған негізгі кейіпкерлердің басындағы нақты оқиғалары арқылы әділетсіздікті әжуалап, сөз кестелерімен аяусыз әшкерелеген. Міне, осындай әңгімелері арқылы, нақты өмір жаңалықтарын суреттеп соған сай шығарма желісін құру арқылы тіл мен ой көркемдігін жасаған.

Драматург Садықбек Адамбеков туралы кезінде заңғар жазушы М.Әуезов: «Ақындық тәжірибесінде мол пайдаланбаса да, фельетон, әзіл-әжуа түріне ауысып, сол кішкене көркем жанрда өз өнерін өткірлеп, айқындап ашып келе жатқан Садықбек Адамбековтың тілі де сүйсінердей нәр танытты», - деді.

Белгілі сатирик жайлы жазушының замандас досы М.Әлімбай: «...Садықбек өз шығармаларында ішкі сезімін айшықтағанда алдына жан салмайтын. «Жұбан Жұбан болып туды да, Махамбет боп өлді» немесе, Сырбай досымыздан айырылғанда «Қандай өшпейтін оттардың қасында тұрдық біз» деген тіркестерін еске алады.

Қорыта айтқанда, жазушы-драматург Садықбек Адамбековтің сатиралық шығармаларының көркемдік деңгейі жоғары. Ол қазақ әдебиетінің мақтанышы, сатира жанрында классикалық үлгіде тамаша шығарма қалдырған өшпес тұлға ретінде тарихта қалатындығымен құнды.  

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Адамбеков С. «Қожанасыр қақпасы». - Алматы, 1972.

2. Әуезов М.  Әр жылдар ойлары. - Алматы, 1959.

3. Қожакеев Т.  «Сатира және дәуір» . - Алматы, 1976.

4. Тоқбергенов Т. «Ай мүйіз» . - Алматы. 1990.

5. Қожакеев Т. «Сатира негіздері», монография. - Алматы, 1996.

6. Тоқбергенов Т. « Сатирик туралы сөз». // «Жұлдыз» 3. - Алматы, 1982.