Сабаева Гүлбаршын

ҚазИТУ оқытушысы, магистр

                                                Алматы, Қазақстан

 

Абай  Құнанбайұлы  қарасөздеріндегі  ұлттық  таным  мен  тәрбие

 

       А.Құнанбайұлы  қарасөздері  қай  кезеңде  болмасын, қазақ халқына беретін ұлттық танымы мен тәрбиесін жоғалтпақ емес. Абай  ел ағасы болып, орта жасқа келгенде өзінің  көргені мен білгенін, оқығаны мен тергенін кейінгі ұрпаққа мұра ретінде қалдырған. А.Құнанбайұлының  бәрімізге белгілі  қырық бес қара сөздері бар. Бұл сөздер көбінесе қара халықтың жағдайы мен мәдениетіне, тәрбиесіне айналған басты құрал деуге болады.

      Жастайынан  халықтың жайын көріп өскен, шығыс пен батыс әдебиетімен сусындаған, дара да дана, ойшыл ақынның тілі прозаға да жетік екенін аңғарамыз. Әр сөзінің өзі  белгілі бір тақырыпқа  арналған. Мәселен, бірінші сөзінде   қара сөзді жазу мақсатын  түсіндіре кетсе, екінші сөзі қазақ халқының басқа халықтардан артықшылығы мен кемшілігі жазылған.

       «Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді құдай сақтасын!

        Мал бағу? Жоқ, баға алмаймын. Балалар өздеріне керегінше өздері бағар. Енді қартайғанда қызығын өзің түгел көре алмайтұғын, ұры, залым, тілемсектердің азығын бағып беремін деп, қалған аз ғана өмірімді қор қылар жайым жоқ.

        Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар? Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі - бір тез қартайтатұғын күйік.

       Софылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елге, осы жерде не қылған софылық?

       Балаларды бағу? Жоқ, баға алмаймын. Бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін, не болсын деп бағам, қай елге қосайын, қай харекетке қосайын? Балаларымның өзіне ілгері өмірінің, білімінің пайдасын тыныштықпенен керерлік орын тапқаным жоқ, қайда бар, не қыл дерімді біле алмай отырмын, не бол деп бағам? Оны да  ермек  қыла  алмадым» –  деген бірінші  қара сөзінде. Бұл сөзден қарап отырсақ,  Абайдың   ұлғайған шағында ел ағасы болып, кейінгі ұрпаққа қалдырған сөзі екенін аңғаруға болады. Ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, дін бағу,  балаларды  бағу оңай іс емес  екенін айта кетіп, халықтың   арасынан  Абайдың  дара да дана екенін  байқаумызға болады.

      А.Құнанбаевтың надан кісі қайдан шығатындығын дәлелдеп, айта кетеді. Үшінші қара сөзінде  қазақ халқының  бірін-бірі көре алмайтындығын, надан, жалқау болатынын, ұйымшылдық жоқ екендігін, мақтаншақ, қорқақ болатындығын  айта кетіп, сауда, мәдениет, өнердің жоқ екендігін айта кетеді. Мысалы: «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не? Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге  достығы  жоқ жандар  шығады». – дегенді  айта кетеді.  Сол халықтың  дәл осындай қасиеттері бола тұра, тек малды ғана ойлап, күні-түні малын қоритын халықтың  болашағын жобалайды.

       «Төртінші сөзінде күлкінің мастық  екенін айта кетіп,  уайым-қайғы ойлағыш кісінің  ахирет пен дүниені ойлайтынын айтқан. Мысалы: Әрбір байқаған адам білсе керек: күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетұғынын да, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыртатұғынын. Бұлай болғанда, күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек. Осындай ғафилдік көп өткізіп, өлмеген кісінің не дүниеде, не ахиретте басы бір ауырмай қалмаса керек.

       Әрбір уайым-қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ахирет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек. Әрбір жинақылықтың түбі кәніш болса керек. Енді олай болғанда, үнемі уайым-қайғыменен жүре аламыз ба? Үнемі күлмей жүруге жан шыдай ма екен? Жоқ, мен үнемі уайым-қайғыменен бол демеймін.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                           Уайым-қайғысыздығыңа уайым-қайғы қыл дағы, сол уайым-қайғысыздықтан құтыларлық орынды харекет табу керек һәм қылу керек. Әрбір орынды харекет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкіменен азайтпа, орынды харекетпен азайт!»

       Сондай-ақ, А.Құнанбаевтың  қара сөздерінен мақал-мәтелдерді де аңғара аламыз. Халық  арасынан  авторы белгісіз, мәні мен мағынасы  жоқ, халықтың  ақылсыздығын  көрсететін  мақалдарды сынайды. Халыққа қажетсіз дүние екендігін айта кеткен. Мәселен:

      «Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпейді, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады. Қазақтар: «Ә, құдай, жас баладай қайғысыз қыла гөр!» деп тілек тілегенін өзім көрдім. Онысы - жас баладан гөрі өзі есті кісі болып, ескермес нәрсесі жоқсып, қайғылы кісі болғансығаны. Қайғысы не десең, мақалдарынан танырсың: әуелі - «Түстік өмірің болса, күндік мал жи», «Өзіңде жоқ болса, әкең де жат», «Мал - адамның бауыр еті», «Малдының беті - жарық, малсыздың беті - шарық», «Ер азығы мен бөрі азығы жолда», «Ердің малы елде, еріккенде қолда», «Берген перде бұзар», «Алаған қолым - береген», «Мал тапқан ердің жазығы жоқ», «Байдан үмітсіз - құдайдан үмітсіз», «Қарның ашса, қаралы үйге шап», «Қайраны жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без» деген осындай сөздері көп, есепсіз толып жатыр.

      Бұл мақалдардан не шықты? Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап алмақ яки мақтап алмақ екен, бермесе оныменен жауласпақ екен. Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек екен.

       Бұлардың жас баланың ақылынан несі артық? Бірақ, жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен. Жас бала ұялса, жерге ене жаздаушы еді, бұлар неден болса да ұялмайды екен. Сол ма артылғаны? Қолымыздағыны үлестіріп талатпасақ, біз де өзіндей болмасақ, безеді екен. Іздеген еліміз сол ма?» – деп кеткен. Халықтың  надандығын, тек  малмен мал болып кеткендігін  айта кетіп, сынайды. Мәселен, «Қарның ашса, қаралы үйге шап» деген мақалда өзі аза  тұтып, қара жамылып отырған үйге ас ішу үшін баратын  адамдарды  сынай кетеді. Осы сөзінің соңында  «Осы мақалдан не шықты?» деген сұрақ қояды. Осындай мақалдардың  халыққа  мүлде қажетсіз екенін түсіндіреді.

     Басқа да қарасөздерінен  естілікті, ақылдылықты, қазақтар арасындағы дін мәселесін, қазақ  халқының  жалпы сипаттамасын, халықтың  айналысып жүрген кәсібін сипаттайды. Халықтың жағдайын ойлап,  бір-бірімен татуласпай, қырық пышақ болған аз ғана қазақтың қамын қалай жақсарту керек екенін үлгі-өнеге ретінде айтып кеткен.

      Қорыта  келе, А.Құнанбайұлының  қарасөздерін қай кезеңде болмасын қазақ халқына үлгі, өсиет болып қала беретіндігін айтқым келеді. Қарасөздер қай ғасырда болсын, өз құндылығын жоғалтқан да емес, жоғалтпақ та емес.

 

 

 

                             Пайдаланған   әдебиеттер:

 

1. Абай (Ибраһим Құнанбаев). Өлең - сөздің патшасы. - Алматы: Дәуір, 2006.
2. Абай. Шығармаларының екі томдық жинағы: Өлеңдер мен аудармалар.- Алматы: Жазушы, 2002.
3.
Абай. Өлеңдер, поэмалар, аудармалар мен қара сөздер. - Алматы: Жібек жолы, 2005.
4. Абай. Қара сөз = Книга слов. - Семей: МКА, 2007.