Магистрант С.Х. Мұхаметқали

«Тұран - Астана» университеті, Қазақстан

Ғ.МҮСІРЕПОВ ПУБЛИЦИСТИКАСЫНЫҢ ТІЛІ МЕН СТИЛІ

 

Ғ.Мүсірепов публицист дегенде біздер ең алдымен ғұлама жазушының кезінде баспасөз беттерінде жарияланған очерктерін еске аламыз. Себебі, публицистиканың бұл түріне Ғ.Мүсіреповтың өзі сонымен бірге жазып жүрген очерктеріміз көркем шығармадай болсын, ал көркем шығармамыз очеркке ұқсап кетпесін деп қатаң талап қоятын кез жетті,- деп өзіне де өзгеге де шын мәнінде қатаң талап қойған болатын Сонымен қатар осы талап үрдісінен шығуда Ғ.Мүсірепов басқаларға үлгі-өнеге бола білді. Оны жазушы творчествосының мынадай ерекшеліктерінен байқауға болады. Алдымен ол не жазса да, қарапайым әрі қысқа жазады. Ең бастысы – айтар ойы анық. Мұраты биік. Жазып отырған объектісін ғалымдық, суреткерлік тұрғыдан терең зерттейді[1].

1916 жыл көтерілісі майдандағы қара жұмысқа адам алу туралы патша указына қазақтардың стихиялық қарсылығынан басталды. Бұл стихиялық қозғалысқа Россияның жұмысшы табы, Коммунист партиясы саяси бағыт берді. Көтерілістің таптық құрамы ала болды. Оған ірі феодалдар, болыстар, буржуазиялық иителлигенттер араласпағанмен, патша үкіметінің қазақтан әскер алу саясатына наразы кейбір байлар, ауқатты адамдар қатысты. Бірақ, олар көтерілістің негізгі шешуші күші бола алған жоқ және үлкен ықпал жүргізіп, бағытын да белгілей алмады, кейін келе қозғалыстан шығып қалды. Драматург көтерілістің осы сипатын, ерекшелігін жақсы аңғарған.

Драмада көтерілістің халықтық характері әжептәуір нанымды жасалған, көптеген халық өкілдерінің образдары арқылы бой көрсеткен. Сол образдар арқылы бұқара халықтың саяси өсу жолы да айқын танылады. Пластунов, Петр Логинов образдары арқылы орыс жұмысшыларының, большевиктер партиясының көтеріліске еткен ықпалы, жетекшілік рөлі суреттелген.

Алған тақырыбының тарихи жағдайын, саяси бағытын дұрыс таныған жазушы кейбір жағдайларда оның көркемдік шешімін де таба білген.

Жазушы «Аманкелді» драмасында әр түрлі дәрежеде қалыптасқан көптеген шебер образдар жасады. Аманкелді, Тәуке, Пластунов, Логинов, Мұңайтпас, Жайнақ, Бану сияқты халық өкілдерінің жағымды образдарын, ояз бастығы Алексей Логинов, Кенжеғара Жанар, Тымақбай сияқты үстем тап өкілдерінің жағымсыз образдарын жасады.

Аманкелді образын жасауда жазушы негізінен тарихи шындыққа сүйенген. Көп жағдайда оның өмірбаянындағы оқиғалар сақталып отырған. Тарихтағы Аманкелді күрделі кесек тұлға. Пьесадағы Аманкелді сол тарихтағы Аманкелдінің көп жақсы қасиетін аңғартады. Аманкелдіні халық, дәуір туғызады. Аманкелді өз халқының көптеген ең жақсы қасиеттерін бойына мол сіңірген адам. Ол ер жүрек батыр, әділет сүйгіш, гуманистік қасиеттер мен үлкен жан иесі. Ақылды, сабырлы, ұстамды қасиеттері және бар. Осындай кесек тұлғалы адам тар заманға кез болып озбырлық, әділетсіздік зардабын тартып, халқының жан ашыр қамқоры болады. Оның өткен-кеткеніне көз жіберіп, жақсысы мен жаманын ажыратып, болашақ тағдырын ойлайды; қиналады, ізденеді. «Мың зәбірдің бірі ғой бұл, бір жолғыдан ақталарсың, келер жолы егіздеп келмесіне кім кепіл. Бірді ғана шағым етіп барсам маған ұят болар да мыңды айтып барсам заңға ұят болып жүрер...»[2]. Бұл өз заманының озбырлығына көзі жеткен, әділетті күштілерден күтуге болмайтынын түсінген адамның сөзі. Аманкелді күрес жолына осындай сеніммен түседі.

Аманкелдіні біз іздену, өсу үстінде көреміз. Ол халықтың стихиялық көтерілісіне тайынбай басшылық етеді. Бірақ енді сол көтеріліске белгілі мақсат, бағыт берудің жолын қарастырады. Ашынған халықты зор мақсатқа бастап, оның қанды күресін баянды жеңіске жеткізгісі келеді. «Аттан» деген бір-ақ ауыз сөз еді, не үшін екенін елдің өзі де білетін. Енді бұл елге мықты бір қазық керек үйренген, құлағына сіңген сөз ескі де болса бар. Жаңаны мен де таба алмаймын»[3].... Күрестің шытырман жолында осындай қиналған батыр орыс жұмысшыларына арқа сүйейді. Өз халқының тарихи жолының орыс халқымен бірге екенін көп толғанып ұғады. «Біз сонау қалмақ жорығында шұбырындыға айналып, орыс халқын паналап жан сақтап қалып едік, содан бері орыс халқын аға тұтып тілектес отырған, болашағымыз бір деп отырған елміз...»[4]., - дейді Аманкелді. Бұл халқының өткен-кеткенін, тарихи жолын топшылап, болашағын дұрыс мегзеген адамның сөзі.

Пьесада Аманкелді Россияның да жақсысы мен жаманын айыра білген, сол замандағы орыс халқының да ауыр халін түсіне білген адам болып көрінеді. Ол қараңғы үйге қаматам деп қорқытқан генерал-губернатор Эверсманға: «Менің құлағыма да тиген бірталай сөздер бар — Россия халқы онсыз да қараңғы үйде отырған көрінеді. Одан енді қорықпасақ керек»[5].

-деп, жауап қайырады.

1916 жылдың көтерілісінің басына Аманкелді осылай характері қалыптасып, ақыл-ойы жетіліп, саяси санасы едәуір өскен жағдайда келеді. Драматург одан әрі басты геройының өсу жолын дамытып, жан-жақты қабілетін аша түседі. Қарулы күрес үстінде Аманкелді ер жүрек, батыр, қажырлы қайраткер, қажымас еңбекші, іскер болып көрінеді. Ол қозғалыстың болашағын ойлап ұзақ, үлкен айқасқа дайындалып, көтерілісші халықтан әскер құру шарасына кіріседі. Біз бұл арада Аманкелдінің үлкен ұйымдастырғыш, іскерлік қабілетін танимыз. Пьесаның соңғы жағында Аманкелді Қазақстанда Совет өкіметін ұйымдастырушы, қызыл әскер бөлімдерін құрушы, мемлекеттік және әскери қайраткер ретінде, іс үстінде тәуір көрінген. Бұл арада Аманкелді Совет өкіметінің саясатын іске асыруда қазақ байларына, олардың жетекші күші ұлтшыл алашорда басшыларына қарсы бітіспес саяси күрескер ретінде де көрінеді. Аманкелдінің саяси күрескерлігі, ақылдылығы мен көрегендігі өзі бастаған күрестің ішіне кіріп іріткі салмақ болған Жапармен арасындағы тартыстан да айқын танылады. Өзі бастаған қозғалыстың таптық құрамының алалығын, әсіресе, қалың бұқараның таптық саяси сезімінің әлі де оянып болмағандығын ұғынып Аманкелді Жапармен келісімге барады.

Бірақ ол Жапарға ымырашылдық жасамайды, өз позициясын бермейді, қайта Жапардың көпшіліктің кейбір тобына жүргізетін әсерін өз мақсатына, күрес мақсатына шебер пайдаланады. Ол Жапарды хан етіп қауқитып қойып, көпшілікке ықпал етуден, шын мағынасындағы көтеріліс басшылығынан аулақтатып тізгінді өз қолына берік ұстайды.

Аманкелді бір жағынан Пластунов сияқты саяси сана-сезімі жоғары орыс жұмысшыларының өкіліне арқа сүйеп, солардан үйренсе, екінші жағынан, халыққа, оның алдыңғы қатарлы өкілдеріне арқа сүйейді, оларды баулып, тәрбиелейді, өзі де солардан үйренеді. Тәуке шал, Мұңайтпас, Жайнақ, Бану сияқты халық өкілдері Аманкелдінің тірегі болады. Мінеки, осылай жазушы Аманкелдінің тарихтық бейнесін, өсу жолын үлкен әскери, мемлекеттік, саяси қайраткерлік сипаттарын социалистік реализм методымен көркем шындыққа сай етіп ашуға талаптанады.

Жазушы Аманкелдінің адамгершілік қасиетін де біркелкі тәуір ашқан. Оның жау жүрек ерлігі, ақ жүрек адалдығы, мейірбандығы қажырлы қайраты, қимыл-әрекетіне, ісіне, адамдармен қарым-қатынасына байланысты көрініп отырады. Аманкелді образындағы осы елеулі кемшіліктер, жалаңдықтар пьесаға елеулі нұқсан келтіргенімен, оны құлдыратып кете алмайды, өйткені пьеса жалғыз Аманкелді басына құрылған емес, күреске қатысқан халық драмасына құрылған. Сондықтан да Тәуке, Мұңайтпас, Бану, Кете сияқты образдар Аманкелді образын толықтырып пьесадағы халықтық трактовканы кеңіте түседі. Жазушының суреттеген дәуірі тап тартысы аса шиеленіскен, шытырман, қиын күрестің дәуірі. Ол кезде дұшпанның күші — ескіліктің күші мықты болатын. Аманкелді осал жаумен алысқан жоқ. Революция дұшпандарының қолында әскер, қару-жарақ қана емес, ақыл-айла да, білім де, ел басқарудағы әдіс те болды. Драматург осы жағын жете ескермеген сияқты. Қазақ байлары да осал жау емес-ті; талай ғасырлар бойы халыққа ықпал жүргізіп, қараңғы халықты өзіне тартудың сан қилы әдісін алған қу мүйіздер болатын. Олар қаруын оңай тастап, оңай жығылған жоқ.

Пьесада қазақтың халың тілінің не бір құнарлы шүйгін, әсем образды суреттеу үлгілері осы күнгі ең тәуір әдебиет тілімізбен жалғаса көрінеді. Кейіпкерлердің характерін ашудағы ең негізгі құрал – тіл. Әсіресе, Кете мен Тымақбайдың характерлері диалог арқылы өте шебер берілген. Бұл екі кейіпкердің бір ауыз сөзінен-ақ әрқайсысын бірден танып алуға болады. Әрқайсысының сөзі өзді-өзінің сипатын айнытпай түсіреді. Тәуке, Жапар, Мұңайтпас сөздері де өте құнарлы, әсерлі, жеке дара характерлерді танытады.

«Аманкелді» драмасы халық өмірінің аса күрделі де шешуші, өрісті тарихи кезеңінің хроникасы. Бұл пьесада сол тарихи кезеңнің саяси, таптық, әлеуметтік мәселелерімен қабыса халық өмірінің алуан сипаттары, ұлттық характерлер, дәуір сипаты суреттеледі. Осы күрделі тақырып, Аманкелді сияқты алып тұлға автордың тағы да бір қайтып оралуын күтіп тұрған сияқты.

Әдебиеттер:

1.     С.Жұмабеков. Ғ.Мүсірепов,  - Алматы: Мектеп. 1989. 120 б.

2.     Ғ. Мүсірепов. Таңдамалы шығармалар, ІІІ-том,  - Алматы: Жазушы. 1980. 582 б.

3.     Ғ.Мүсірепов.Қазақ батыры, - Алматы: Қазақтың Біріккен мемлекет баспасы.1945. 92 б.