Бокаева Алина Тлеубековна

Санкт-Петербург университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты

«Жан сусынын көз жасымен қандырған»

(М.Жұмабаев өлеңдеріндегі «жас» образы)

Қазақ әдебиетінің үлкен тұлғасы, қайталанбас ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев поэзиясының образдық әлемі өте бай екені белгілі. Олар сан алуан, олар терең, олар сырлы. Сондай сырлы образдардың бірі – «жас» образы. Сөзден меруерт тізе білген ақын көз жасынан да меруерт тізе алады екен: Көз жасымнан меруерт тізіп берер ем,/ Келші, күлмей көзден аққан жасыма. («Жұлдызды – жүзік, Айды алқы ғып берейін»).

ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясына өзіндік үлес қосқан Бернияз Кулеевке арнап жазылған «Берниязға» атты өлеңінде Мағжан – ақын өмірдегі жан сусынын көз жасымен қандырады дейді: Өмір – дала, ақын – бала қаңғырған,/ Жан сусынын көз жасымен қандырған. Мұндай ой Мағжанға да қатысты екені белгілі. Бұл ақынның өмірі ешқашан оңай болмайтынын білдіртсе керек. Ең жақын ақын інісі болған Берниязға Мағжан көз жасына шомылып жырласаң, сол тұңғиықтың түбінен тамашаңды табар едің дейді:

Мен күңіренем ұлы ойлар кеп басыма,

Жырласаң ед шомылып көз жасыңа:

Тұңғиықтың түбіндегі тамаша

Өзі-ақ көшіп келмес пе еді қасыңа...

Ақын жас Бернияздың жырмен күреспей, өзін өлтіріп ауыр күнәға барғанына қатты өкініш білдіреді. Бернияз бір татар қызына үйленбекші болып, қыз әкесі рұқсат бермегендіктен екі жас өздерін өлімге қиған болатын. Олар махаббатты өмірден артық көрді. Аталмыш өлеңнен ақынның осы өлімге ренішті көңілін байқауға болады. Себебі, Мағжан ақынның өзі өмірдің оттарына күйіп, көгіне бұлт үйірілсе де іштегі шерін жырымен шығарып, көз жасымен төгіп отырған еді.

          Жүрегі толқып, сол толқыннан өлеңдер туа бастағанда да ақын көзіне жас алатын.: Білмеймін, көктен кәусар нұр құйылды,/ Неге екен, көзіме ыстық жас жиылды. («Тұранның бір бауында».)

         «Алатау» атты көлемді өлеңінде ақын Алатаудың табиғатын бар көркемдігімен суреттеген. Алатаудағы арулар: «Аһ!» ұрған Алатауда аруларың/ Уһімен тыяды екен ыстық жасын. Ыстық Ата Арасан әулиенің жасын жинайды екен: Арасан әулиенің ыстық жасын/ Жиып ап, Ыстық Ата дауырыққан. «Манас» жыры көзге жас бітіреді: Жұмықшы «Манасты» айтып жорғаласа,/ Кәрі-жас көзіне жас алады екен. Ал құлдың жасы жасық: Жаралы ел көшкен күнін жоқтай, жылай/ Құл болып, жасық жаспен қала ма екен?! Осындай көз жастарынан кейін ақын өлеңнің соңғы шумағында Алатау еліне жас төкпей өрлеңдер дейді: Жас төкпей, өрлеп, өрлей Талас бойын/ Тәуекел қыл Манасыңның моласына... Аталмыш өлеңдегі жас – жердің жасы, елдің жасы, ердің жасы, арудың жасы. Бірақ Манас елі, Манас жері жас төкпей, өрлеуге тиіс.

         «Р...ға» атты өлеңінде ақын жарының көз жасын көрмей, зарын естімей, жел болып жел құғанына өкінеді:

Сен жыладың, көзің жасын көрмедім,

Зарладың сен, зарың құлаққа ілмедім.

Мен жел едім, кеттім сонда жел қуып,

Көз жасыңнан садақа боп өлмедім.

Жарының төккен көз жасын ақын теңізге теңейді: Бір жыл бойы теңіз болып төгілген/ Көз жасынан жібегім де танар ма?

         Домбыра да жиі көзге жас бітіреді: Шерткенде тоқсан тоғыз түрлендіріп,/ Жұбанып, кім тимаған көздің жасын?! («Түркістан»); Мен де бірге күңіренем,/ Көзіме ыстық жасым кеп; Мен де бірге зарлаймын,/ Көзімнен жас парлайды; Жазылса бас шіркін,/ Тыйылмайды жасым-ай!.. («Сәрсенбайдың жыры»).

          «Қарындастар» атты бес түрлі қарындасты суреттейтін өлеңнің біріншісі «Үйдегі үнсіз қарындаста», ақын «сасық бай» сатып алған қарындасты бейнелейді: Күңіренгенің – күлгенің,/ Көздің жасы білгенің,/ Ашуды у ғып ашытпай. Мұндағы көздің жасы – бұл сол қарындастың өмірі. Теңіне қосылмай сатылып, қайғы жұтқан қарындастың өмірі. Көз жасына толы өмір.

Көз жасы жырмен ағылып, одан меруерт тізген ақынның көз жасы төмендегідей мағыналар береді:

·        шер;

·        қайғы;

·        өмір;

·        жыр;

·        махаббат;

·        тұңғиық;

·        өкініш;

·        реніш;

·        сезім.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Жумабаев М. Шығармалар. 3-томдық, 1-т. А., Білім, 1995.