Лингвистикалық сараптама жүргізу жолдары

 

 

Калиева Ж.К. – А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің магистранты.

Мнайдарова З.Т. –  Омскі  мемлекеттік университетінің магистранты.

 

 

 

Қазақ тілі мемлекеттік тіл саясатының арқасында ақпарат кеңістігінде, білім, мәдениет, экономика, заң, бизнес, өндіріс саласында шығармашылық тәсілдердің алуан түріне кең жол ашты. ҚР-ның тәуелсіздікпен қол жеткізген үлкен құжаттарының бірі - қазақ тілінің қоғам өміріне толық қызмет етуі. Сондықтан оның зерттеу нысаны көп аспектілі екені дау тудырмайды. ҚР егемендік алған жылдардан бергі уақытта қазақ тілі мемлекеттік тіл статусына толық ие бола отырып, қоғам өмірінің сан саласында өзінің қоғамдық функциясын атқара бастады. Лингвистикалық сарапатама тілдік, коммуникативтік-прагматикалық зерттеу нысаны болып табылады. Тілдің қызметі құрылымдық лингвистикадан шыға отырып, коммуникативті-прагматикалық қызметін көрсетуді тілді зерттеудің антропроцентристік бағыттағы жаңаша ізденістеріне алып келді. Бұл тілді зерттеудің жаңа бағыттарын, көкейкесті мәселелерін, түрлі ғылыми көзқарастар легін әкелді. Тілді адамдық фактормен бірлестіре зерттеу тіл мен сөйлеу мәндерінің арақатынасын, тіл мен адам, адамның сөйлеу коммуникациясындағы прагматикалық бағдарын, адам сөзіндегі сан алуан құбылыстар, «әрекеттердің» мәнін ашу адам мен сөз мәселесін толық тануға алып келді. Соңғы жылдары қолға алынған қоғам өміріндегі көкейкесті мәселелерді шешуге ең қажетті саланың бірі - лингвистикалық сараптама. Лингвистикалық сараптама тіл ғылымының қай саласына жатады деген заңды сұрақ туады. Лингвистикалық сараптаманы тіл ғылымының бір ғана саласына теліп, соның аясында шектеп қоюға болмайды. Лингвистикалық сараптаманы бірнеше тіл ғылымының саласына жатқызуға болады. Олардың қатарына әлеуметтік лингвистика, психолингвистика, прагмалингвистика, прагмастилистика, сөз мәдениеті және тағы басқалар жатады. Лингвистикалық сараптаманы енгізу, оқып үйрету ҚР егемендігінің үлкен маңызды көрінісі тіл саясатына да қатысты екенін айту керек. Қазақстандағы тіл саясатының басты міндеті мен мақсаты қазақ мемлекеттік тілінің қоғам өміріне толық араласуы, оны қадағалап отыру, соған қатысты іс шараларды жүргізу, оларды насихаттау, заң шығару, тілді заң арқылы басқару, тұрақтандыру, тілдің өмір сүруінің басты қағидаларын бекіту болып табылады. Лингвистикалық  сараптама саласының теориялық және практикалық мәні тіл ғылымының жаңаша бағыттарының қалыптасқанын ғана айқындамайды, мемлекеттік тіл саясатының өзекті ұстанымын, позициясын толық дәлелдейді. Мемлекеттік тіл саясатының өзекті, келелі, көкейкесті мәселелерінің жүзеге асқандығын тағы да айқындап береді. [1-67]

           Лингвистикалық сараптама, біріншіден, прагматикалық бағытта зерттеуді қажет етеді. Прагматикалық кешенді зерттеулер пән аралық сипатына байланысты лингвистиканың  бүгінгі мәдени коммуникацияның жетілген коммуникативті - прагматикалық бағдарын толық тануға жағдай жасайды. Сондықтан лингвистикалық сараптама қолданбалы лингвистика саласында толық мәнін айқындайды. Лингвистикалық сараптаманы тілді қолданған адамдық фактормен байланыстыра қарастырғанда сөз мәдениетін қарастыратын саласының бірі ретінде толық зерттеуге болады. Сөз мәдениетінің теориялық негізі - стилистика ғылымы болғандықтан, лингвистикалық сараптама прагмастилистика саласымен де тығыз байланысты. Сондықтан қазіргі уақытта сөз мәдениетіне қатысты қарастырылып жүрген саланың бірі - лингвистикалық сараптама. Соңғы уақыттарда лингвистикалық сараптаманың практикалық мәніне байланысты оның кейбір мәселелері тіл білімі және құқықтанумен шектесе байланысатын салаларды зерттеуді талап етеді, құқықтану саласына қатысты лингвистиканың көптеген мәселелері көтеріледі. Заңгерлердің және лингвистердің тіл мен заңды байланыстыра зерттеу нәтижелерінен юрислингвистика деген терминдік атаулар шыға бастады.

           Юрислингвистика нысаны тіл мен заңның арақатынасы болып табылады. Ендеше, сөз мәдениетін лингвистикалық сараптамамен байланысты зерттеу сөздің коммуникативтік мақсатқа сай құрылуын талап етеді. Қазіргі сөз мәдениеті тілдік нормаларды дұрыс қолдануды ғана емес, сөздің тиімділік теориясын меңгеруді үйретеді, сапалы, орынды сөз тілдік норма шарттарына сай стилистикалық және эстетикалық бағдарға құрылған болуы шарт. Орынды сөздің құрамына сөз әдебінің компонентері толық қатысады. Қазіргі мәдени - ғылыми, ресми - ақпараттық коммуникацияның сөз мазмұны мен мәніне қоятын талабы өте жоғары, осының көкейкесті даулы мәселелерін шешу үшін соттық - лингвистикалық сараптамаға жүгінеді. [2-109]

           Айыптаушы мен айыпталушының, сотқа жүгінген жеке тұлғаның және түрлі даулар арасындағы әр түрлі қақтығыстар мен шиеленістерді шешуге лингвистикалық сараптаманың орасан зор рөлі бар. Лингвистикалық сараптаманың негізгі нысаны - субъектінің сөзі. Прагматиканың негізгі қарастыратын мәселесі - сөздегі сөйлеушінің ниеті (интенциясы). Заңгерге қылмыстық, азаматтық заң бұзушылардың «әрекетіндегі»  ақиқатты табуға қиыншылық тудыратын мәселелерді шешуде лингвист - сарапшы негізгі рөл атқарады.

            Тілдің қолданбалы аспектілері ғылыми зерттеулердің негізгі өзегі мен шеткері (перифериялық) аясында қарастырылады. Жалпы лингвистиканың өзі алғашында осы салада қарастырылған болатын. Қазір тілді зерттеу теориялықтан қолданбалы салаға бет бұра бастады. Қазіргі уақытта білім, ғылым, кеңістік ақпарат ғасырына қоғамдағы өзгерістер үлкен ықпал еткендіктен, тілді зерттеу ғылыми ұстанымнан қолданбалы бағытқа ауыса бастады.  Лингвистика - ғылымдардың ғылыми негізі. Басқа ғылым саласының өкілдері философтар, әлеуметтанушылар, психологтар өз сұрағының жауабын, өз ғылымдарының ғылыми бағыты мен негіздеріне қатысты көкейкесті мәселелерін сөзтаным саласынан іздеуде. Лингвистикалық сараптама деп аталатын саланың шығуы, пайда болуы, алғышарттары, құқықтану ғылымымен байланысы осыны дәлелдейді. Құқықтану саласыда өзіне қатысты көкейкесті мәселелері шешуде лингвистикалық сараптамаға жүгінуге тура келеді. Шын мәнінде қоғамдағы әртүрлі өзгерістер ғылымының дәстүрлі бағыттарын тез қарқынды өзгертулерге алып келеді.

           Құқықтану саласы мен лингвистиканың бірлескен тұсындағы жаңа атауға ие болған лингвистикалық сараптама өзінің көкейкесті сұрағының ақиқатын табуға ұмтылды. Құқықтану саласының араласпайтын жері жоқ, сараптама соның дәлелді, фактілік айғағын растайтын құрал болғандықтан, лингвистикалық сараптама да құқық негіздерінің шындығын табуда үлкен рөл атқарады. Айғақты дерек - прагматикалық фактордың сөзі, жазбаша мәтін. Заңгердің сөзі мен лингвист сөзінің айырмашылығы бар ма, ұқсастықтары қандай? Заңгер субъект категориясының, сөзінің мән мәтінін толық түсіне бермеуі де мүмкін, тек лингвист қана оны түсіндіріп бере алады, бірақ заңгер сияқты лингвист құқықтық мәні бар жағдайларды, құқықтық категорияларды білмеуі мүмкін. Заңгер мен лингвист бірлесе отырып заң мәтіндеріне лингвистикалық сараптама жасау арқылы даулы мәселелердің дұрыс шешімін табады.

           Лингвист - сарапшы ұлттық тілдің нәзік қатпарларын бейнелі оралымдарын әрі сөздің кімге, неге, не себепті айтылғанын, қандай мақсатпен, ниетпен айтылғанын түсінетін логикасы мықты прагматикалық фактор иесі болу керек. Лингвистикалық сарапшы өзі жүргізген лингвистикалық сараптамасы (мәтін) арқылы кімнің кінәлі екенін дәлелдейді. Мысалы, «шайнама» деген сөздің мән мәтінде (контекске) немесе ситуацияға  қатысты айтылғанын лингвистикалық сараптама жүргізу арқылы дәлелдеуге болады. Сондықтан сарапшы осы сөздің мәнін ашу үшін белгілі тілдік ұстанымға жүгінуі шарт.

           Соттық - лингвистикалық сараптаманың ең бір басты аспектісі - сұрақ қою. Сұрақ мәні прагматикалық аспектіде қарастыруды негізгі меже етіп алады, бұл тек сөйлеу коммуникациясының механизмін біліп қоюға ғана негізделмейді.

           Лингвистикалық сарапшының құзіреттілігіне кіретін сұрақтардың типтері былай бөлінеді:

1) айтушының айту формасы,

2) ой - пікірге стилистикалық бағалау категориялары,

3) тілдік бірліктердің прагматикасын ашу.

           Ауызша, жазбаша мәтінді толық түсіндіру - модальды пропозиция, эмоционалды, экспрессивті сөз қолданыстарының мәнін табу. Сараптама ауызша сөзге жүргізілсе, фонограмма, видеофонограмма арқылы талданылады.

           Лингвист - сарапшы лингвистикалық маман бола тұрып, өз тілінің ерекше стилистикалық коннатациясының ауыспалы, қосымша бояулы мағынасын терең талдаулар жасай отырып, адамның ар намысына тиетін, әдепсіз айтылған тілдік бірліктердің мәнін жетік меңгеріп, құқықтық тұрғыдан сараптама жасауға қабілетті болуы керек.

           Лингвист - сарапшы мамандықтың иесі кім болуы керек? Лингвист пе, әлде заңгер ме? Лингвист - сарапшы филолог маман болуы керек. Сот сараптамалары сияқты лингвистикалық сараптама процессуалдық құқықтық іс әрекетті басшылыққа алады. Жүргізілген зерттеулер мен сұрақтарға жауап алуда сараптамашының тіл туралы филологиялық білімі өте қажет. Сараптамашының өзіне тән басты міндеттері болады. Олардың басты талаптарына мыналарды жатқызуға болады:

1) өзіне тапсырылған соттық - лингвистикалық сараптаманың өндіріске қабылдануы;

2) тапсырылған мәселелердің нысаны мен материалдарына толық зерттеу жүргізу;

3) алдына қойылған мәселелер бойынша толық негіздеме жасап, қорытынды беру.

           Сараптамаға ұсынылған мәселелер соттық - лингвистикалық сараптамашының нысанындай толық дәлелсіз болса немесе оның білім аясынан шығып кетсе, бұл туралы лингвистикалық сараптама жүргізуге тапсырма берген  құқықты органдар мен тұлғаларға жазбаша түрде уәжді хат, хабарлама жіберуі керек.

                      Лингвистикалық сараптаманы бірнеше түрге жіктеуге болады. Ауызша сөйлеу коммуникациясын, сондай - ақ электронды жазбалардағы фонологиялық және орфоэпиялық ережелерді талдайды. Сөйлеу тоны, интонация, басты акценттік стилистикалық категорияны анықтап қана қоймайды, айтушы даулы мәселені қандай прагматикалық мақсатпен айтуды ниет еткенінде анықтап, тануды үйретеді.

Айтушының сөйлеу әдебі, әдепті, әдепсіз сөз модельдерін қолдануда этика заңдарына қайшы келетін тұстарын да аңғаруға болады.

Лингвистикалық сараптаманы жүргізушінің басты міндеттері:

1)    қолжазба құқығын қорғайды;

2)    мәтін құпясын ашып береді;

3)    мәтінді қалпына келтіруді міндетке алады;

4)    қолтаңбаны анықтайды;

5)    плагит фактісін шешеді.

           Лингвист - сарапшы осы сияқты көптеген арнаулы құқықтық, заңнамалық сараптаманы талап ететін мәселелердің де шешімдерін шығарып береді. [4-60]

           Лингвистикалық сараптама мәтінге стилистикалық талдау жасаудың ең жоғарғы үлгілерін танытады. Мәтінге стилистикалық талдауда мәтінді тереңнен толғап, мәнін ашып беру, мәтін қалай түзілді, себебі, мақсаты, жан - жақты коммуникативті -прагматикалық қызметі ашылуы керек. Мәтінде сөз немесе тілдік бірлік неге алынды, синтаксистік конструкциялық оралымдар таңдап алыну мәнісі неде, мәтіннің ұйымдастырылуындағы осы тілдік бірліктің алыну себебін  «толық тану» прагматикалық бағдары көзделінеді. Стилистикалық талдау мәтінде автордың эмоционалды жағдайын, сөзді мәдениетті қолдануын ой өрісін, жалпы білімін, эстетикалық талғамын көрсете алады. Мысалы «жеңіл қолмен жазып отырмын» деген сөйлем автордың тілдік құрылымды түсінбеуін, жете мән бермеуін, тілдік талғамының әлсіздігін, сөз жұтаңдығын көрсетеді. Сөз сөйлегенде немесе жазбаша мәтінде тілдік функционалдық критерийлерді сақтамаудан түрлі қателіктер жіберіліп жатады, мазмұнсыз, жауыр болған, штамп, клише сияқты тілдік бірліктерді қолдану тілдік норманың критерийлерін бұзады, стилистикалық норманы бұзады, тыңдаушысының эстетикалық қызығушылығын тудыра алмайды. Соттық лингвистикалық сараптама сөз «әрекетіндегі» адам мен заң арасындағы көптеген даулы, тартысты мәселелерді толық шешуде үлкен рөл атқарады.

           Лингвистикалық сараптама осы сот мәтіндерінің ауызша және жазбаша түрлерін түсіндіруді қажет етеді. Құқықтық күші бар заңнамалық мәтіндерді құқықтық аспектіде қарастыратын лингвистикалық сараптама саласы болып есептеледі. Лингвистикалық сараптама арнайы маман лингвистермен даулы мәселелерді анықтап түсіндіруді, айтушының прагматикалық бағдарын толық танып - білуді үйретеді. Заң тілі қазақша сөйлемей, мемлекеттік тіл толық мәртебесін жүзеге асыра алмайды және ұлттық тілдің сөз мәдениеті де толық қалыптаспайды. Жоғарыда айтқанымыздай, құқықтану мен лингвистика түйіскен тұсында пайда болған құқықтық лингвистика, сөз жоқ, еліміздегі мемлекеттік тіл саясатының жаңа ұстанымын негіздейді.

Сондықтан мемлекеттік тіл саясатының нақты да шынайы көрінісі лингвистикалық сарапатама деген жаңа салада толық айқындалып отырады. Лингвистикалық  сараптама саласының қазақ тілі үшін маңызы зор, арнайы зерттеуді, жаңа сала ретінде оқу орындарына енгізуді, теориялық және практикалық мәселелерін айқындауды қажет етеді. [3-127]

 

 

Әдебиеттер:

1. Балақаев М., Серғалиев М. Қазақ тіл мәдениеті/ Алматы. Мектеп. –1995. Б. 65– 67.

2. Әлкебаева Д. Сөз мәдениеті/ оқу құралы. Қазақ университеті. – 2011. Б. 193-196.

3. Қайдар Ә. Тіл білімінің өзекті мәселелері/ Алматы. – 2001. Б. 312-314.

4. Гиздатов Г.Г. Юридическая риторика/учебное пособие. Алматы. Жеті жарғы. – 2002. Б.  60– 61.