Түркі тілдеріндегі жатыс септігінің қызметі мен мағынасы

 

Б.Қасым Абай атындағы ҚазҰПУ,

ф.ғ.д., профессор, e-mail: bkasym_gosyaz@mail.ru

(Алматы, Қазақстан)

 

Тілдің сөздік құрамындағы сан алуан құбылыстары, өзгерістері, даму заңдылықтары  оның тарихынан көрініс табады. Соның бірі – көне жазба ескерткіштер. Түркі тілдерінің Ү-ҮІІІ ғасыр ескерткіштері тіліндегі септік жалғаулары кейінгі ХІ-ХҮ ғасырлар ескерткіштері тіліндегі сондай категориямен грамматикалық қызметтерінің жіктелу жағынан да, қолданылуы тұрғысынан да бірдей емес. Екі дәуір көріністерін салыстыра қарағанда мынадай негізгі айырмашылықтар айқындалады. Онда септік жалғаулардың шылаулар жетегінде айтылуы да енді қалыптаса бастаған құбылыс ретінде ғана көрінеді. Қазіргі түркі тілдеріндегі септік жалғаулары басты екі топқа – грамматикалық  септіктер мен көлемдік септіктерге жіктелетіні белгілі [1]. Көне түркі тілінде де нақ осы із бар. Ал септік жалғауларының тілдің даму үдерісінде семантикалық жіктелуі осы екі топтың әрқайсысының өз ішінде болған құбылыс. Ілік септік жалғауы мен табыс септігі жалағауы арасындағы функциялық жіктеліс осындай құбылыс.         Көне түркі тілінде, орта ғасыр ескерткіштері тілдерінде септік жалғауларының бірінің орнына екіншісінің алмасып қолданылу құбылысы да көпшілігінде осы екі топтың өз іштерінде ғана байқалады. Семантикалық жіктелу, әрине, сол септік жалғауының алғашқы мағынасына сүйенеді. Ал тілдің даму үдерісінде септік жалғауының о бастағы мағынасының негізінде жаңа мағыналық мән пайда болады, яғни, бұрынғы бір ғана грамматикалық қызмет қолданылу үдерісінде өз ішінен бірнеше функционалды мағыналық мәндерге жіктеледі.

Септеу категориясының даму барысында бұған қарама-қарсы құбылыс-концентрация, яғни, екі не үш септік жалғауы семантикасының бір ғана жалғауға шоғырлануы да болған. Тілдің даму барысында бір-біріне семантикалық  жақындағы айқын септік жалғауларының кейбірінің қолданудан шығып «өлі» қосымшаға айналумен байланысты, олардың мағынасы қолдануда тұрақталып қалған жалғауға ауысқан.

Септік жалғауларының морфологиялық және семантикалық дамыуы екі түрлі грамматикалық категориямен тығыз байланысты: тіл құрамында жалғаулардың пайда болып молаюы және етістіктердің меңгеру қабілетінің өзгеріп, кеңеюі. Көне түркі тіліндегі жиі ұшырасатын, септік жалғаулардың «жүйесіз» алмасып қолданылуының азайып, белгілі бір жүйеге түсуі де етістіктердің меңгеру қабілетінің сараланып, жіктелуімен тығыз байланысып жатады. Мысалы, көне түркі тілінде атау мен табыс, жатыс және барыс септіктерінің «жүйесіз» алмасып қолданылуы бар. Кейінгі даму барысында сол етістіктер аталған септіктердің тек біреуімен ғана қолданылатын болған.

Қазіргі тіліміздегі септік жалғаулардың ерте кезеңдегі тұлғасын ескерткіштер тілінен көренеді. Алайда осы арада мына бір ерекшелікті айту керек. Тарихи салыстырмалы әдісімен іздестірілуі мүмкін септік жалғаулардың бәрі бірдей ежелгі, көне ескерткіштер тілінде қолданылатын негізгі тілдік құралдардың  қатарында ұшыраса бермейді. Ескеткіштер тілінде де жалғаулардың кейбірі түбірмен бірігіп кеткен «өлі» қосымша түрінде кездесетін жайттар бар.

Қазіргі түркі тілдеріндегі, солардың бірі қазақ тіліндегі септік категориясын тарихи саралаудың нәтижесінде көне түркі тілінен жеткен септік түлғалары екені белгілі. Ол тілдердің деректері түркі тілдерінің көне дәуірлерінде септелудің үш түрлі жүйесі болғандығын дәлелдейді. Ондай жүйелер: жай септеу, тәуелді септелудің арасындағы айырмашылық, табыс, барыс септіктер ыңғайында жай септеу мен тәуелді септеу арасындағы айырмашылық байқалады. Алайда сол дәуірдің өзінде-ақ бұлардың арасында зат есімдер мен есімдіктер септелуіндегі шектелу жойыла бастаса керек. Екінші сөзбен, сол тілде-ақ жоғарыда айтылған айырмашылықтар жеке-жеке өз аясында қалмай, бірінің белгісі екіншісіне ауыса, араласа бастауы байқалады. Негізгі септелетін сөздер – зат есімдер. Алайда қазіргі тілде заттық мәнге ие болған (субстантивтенген) кез-келген сөз септік жалғауларын қабылдайтыны белгілі. Осы із түркі тілдерінің тарихында  бар, оның жұрнақтары қазіргі түркі тілдерінің кейбірінде қолданыс тапқан. Ондай өзгешеліктер әр септіктің өз тұсында мүмкіндігінше айтылады.

Қ.Жұбановтың еңбектерінде де септік жалғаулары, оның ішінде жатыс, шығыс септіктері жайлы бірқатар пікірлер мен тұжырымдар кездеседі. Ғалым септік жалғауларының грамматикалық қызмет аясына кеңірек тоқталып, олардың мағыналық тұлғалануын нақтылай түсуді көздеген. Осы орайда септік жалғауларын жіктелімінің жаңа түрін ұсынады.

 Қ.Жұбанов жатыс септігіне нақты тоқтала келіп, оның атауы болып тұрған «жатыс» деген сөздің өзі бұл септіктің мағынасын, қамтитын қызмет аясын толық ашпайды деген пікір айтады. «Немесе «жатыс септігі» термині қазақ тілінде қолданылуында онша дәл емес, себебі, мұнда арнайы мекендік септік жоқ, мекен және мезгіл мағыналарын қоса білдіретін септік қана бар»,- дейді. Жатыс септігінің көнеленуі нәтижесінде үстеу жасайтыны белгілі. Септіктің бұл ерекшелігі жайында Қ.Жұбанов: «Мұны екінші сөзбен айтқанда, бұрынғы жатыс жалғау дегенді септеулердің қатысынан шығарып, үстеу (жұрнақ) қатарына қосқан десек болады»,- дейді [2]. Үстеулерді мезгіл-мекен есім деп атап, олардың екі түрлі болатынын айта келіп, туынды түрінің -да қосымшасы арқылы жасалатынына тоқталады. Кейбір сөздердің құрамындағы -та /-да тұлғасының жалғаулық қызметі әлсіреп бірте-бірте жұрнаққа айналып кеткен.

С.Аманжолов: «бұған қарап шығыс жалғау барыстан кейін пайда болды деп қорытынды шығаруға болмайды. Керсінше жатыс септік шығыс септік негізінде пайда болған шығар дейміз, өйткені жатыс септік тұлғасы -да, -де, қысқарған тұлға екені көрініп тұр, ал шығыс септік тұлғасы тиянақты басы-аяғы дауыссызға біткен. Егер септіктің негізгі бүтін сөзге тірелетін болса, тиянақты формалар сол негізге жақын тұрады»,- деген пайымдаулары да ғылыми ақиқат аулынан алыс кетіп түрған жоқ. «Жеке жалғау атаулының бәрі де әуелде мағыналы сөз болған. Қазіргі олардың әуелгі мағынасы жойылып, дәнекерлік қызметін атқарып жүр. Бұлардың мағынасы жасырын тұрған затқа ұқсайды. Ол жасырын мағына сөз арасы жалғанғанда көрінеді», - дейді [3].

С.Аманжолов қазіргі түркі тілдеріндегі жатыс септігінің формалары жалпы алғанда бір, бірақ айырмашылық та жоқ емес дей келе башқұрт тілінде -да, -де, -та, -те, мен қатар -за, -зе, -ла, -ле түрі барын, ал чуваш тілінде -ра, -ре, -че түрлері барын, ал якут тілінде жатыс жалғауы жоғын айта келе жалпыға ортақ түрі -та, -те, -да, -де, болу керек. С.Аманжолов V-VIII ғасыр тіліндегі -ра жатыс септік мәнін бергендігін «Дивандағы» ічре сөзі де барыс мәнінен гөрі жатыс жалғауына жақындау деген пікірі бар [3].

Септік жалғауларын арнайы сөз еткен осы еңбегінде ғалым септік жалғауының қолданыстағы мағыналары кең. Жатыс жалғау негізінде заттың орнын я мезгілін көрсетеді. Алайда жатыс жалғауының қолданыстағы мағынасы көп: 1) мекенді көрсетеді, 2) мөлшерді көрсетеді, 3) істің себебін, 4) істің мезгілін, 5) істің шартын, 6) істің қазіргі процесін білдіреді деп 6 мағынаға бөліп, мысалдармен дәлелденген. Әсіресе, «істің қазіргі үдерісін білдіреді» деп бөлуі көңіл аудартады.

1. Қазіргі түркі тілдеріндегі жатыс жалғауының нұсқасын салыстыра қарағанда, дауысты дыбыстар ыңғайынан болсын (кейбірінде бұлардың еріндік нұсқасы бар) дауыссыз дыбыстар жағынан болсын, негізінен -да тұлғасының айналасына топтасады. Әрине, басқа дауыссыз кейбір тілдерде тек -д (азербайжан, түркімен) болып келетіні де бар. Ал чуваш тілінде -ра, -ре, -че  тәрізді басқа түркі тілдерінің ешқайсысына ұқсамайтын нұсқалар қолданылады. Қалай болғанда да жатыс септік жалғауы сыртқы тұлғасының көне дәуірден қазіргі тілге дейін көп өзгеріссіз жеткен. Тіл дамуының барысында бұл септік жалғауына қатысты өзгерістер қолданылу мағыналары мен етістіктерді меңгеру жүйесінен ғана байқалады.

Б.А.Серебренников -да тұлғасының бойында болған локатив мәндерінің морфологиялық тәсіл тұрғысынан жіктелуін -да негізінде жаңа жалғаудың қалыптасуымен түсіндіреді -дан жалғауының қалыптасуымен бірге аблавтив мәні соған ауысты -да , локатив мәні -да тұрғысында орнығып қалды. Заттың, үдерістің пайда болған, бөлініп шыққан объективін білдіруде қолданылады. Табғашда адырмиты, қанатты (т). (Табғаштан айырылып, жанды болды). Тәңрі тег теңріде болмыш түрк білге қаған.... (Тәңірдегі тәңіріден жаралған түріктің білгір ханы...) [1].

2. Чуваш тілі. Септіктердің  ішіндегі жатыс септігі түбірге -ра, -ре, -та, -те қосымшалары қосылу арқылы жасалады. Мысалы: пасарта (базар).

Түркмен тілі. Түркмен тілінде -да, -де нұсқаларына ие. Бірақ қатар қолданылған кей дауыссыз дыбыстар бірі екіншісіне ықпал жасап, дыбыстың өзгеріске түсуі өте көп байқалады. Мысалы, түбірдің соңы н дыбысына бітіп қосымша д дыбысынан басталса, айтылуда д дыбысы н болып айтылады, жазылуда ескермейді. Мысалы: Менне (менде) мұннан (жазылуда мунда) т.б. Сөздің соңы м дыбысына бітіп қосылатын қосымша д дыбысыннан басталса, д дыбысы айтылуды н болып айтылады. Мысалы: Кимне (жазылуда кимде) адымна (жазылуда адымда) т.б. Н дыбысына біткен сөздерге б дыбысынан басталатын қосымшалар қосылса, я сөз тіркессе, айтылуда б дыбысы м болып айтылады. Мысалы: Он мир (жазылуда он бир) он мәш (он бәш) т.б.

Гагауыз тілінде: Тәуелді септеуде атаудан басқа септіктерде түбірге н дыбысын қосып барып септейді. Мысалы: Досту, достунун, достуна, достуну, достунда, достундин т.б. Егер н дыбысына біткен екі не одан  көп буында сөздер септелінсе, гагауыз тілінің фонетикалық заңдылығы бойынша түбірдегі соңғы дауысты дыбыс созылыңқы қасиетке ие болады. Мысалы: Атау - сонан (көше), ілік - сокаан, барыс - сокаа, табыс - сокаа, жатыс - сокакта, шығыс - сокактан т.б.

Башқұрт тілінде. Соның ішіндегі жатыс септігі түбірге -да, -дә, -за, -зә,  -та,-тә, -на, -нә, -ла, -лә қосымшалары қосылу арқылы жасалады. Мысалы: ауылда, атта т.б.[4]

Саха тілі. Олар: атау, біргелік, табыс, даралық, барыс, шығыс, құралдық, салыстырмалы септіктер. Саха тілінде жатыс септігінің орнына табыс септігі қолданылады.

Хакас тілі. Атау, ілік, барыс, табыс, жатыс септіктері бар. Жатыс септігі зат есімге -да, -де, -та,- те, қосымшалары қосу арқылы жасалады.

Тыва тілі. Атау, ілік, барыс, жатыс, шығыс, табыс, бағыттық. Жатыс септігі -да, -де, -та, -те қосымшалары арқылы жасалады.

Тофалар тілі. Қазақ тілінен өзгеше бір септік ретінде бөлшектік септігі бар да, оның грамматикалық формасы жатыс септігі сияқты да -да, -де, -та, -те, -да, -дэ. Бұл септік амал-әрекеттің белгілі бір затты толық қамтымай, оның белгілі бір бөлшегі ғана қамтитындығын білдіреді. Мысалы: Тофалар тілінде шайдан іш (яғни бір бөлшегін) деудің орнына шәйда ишивит дейді. Судан әкел дегенде сугда һал, наннан бер дегенде һиямуда һан т.б. дейді.

Шор тілі. Атау, ілік, барыс, табыс, жатыс, шығыс, құралдық септіктер. Жатыс септіктің қосымшасы -да, -де арқылы жасалады.

Демек, жатыс жалғаулы сөз тіркестерінің мезгілдік мағынасы көлемдік мағынаның негізінде кейін қалыптасқан деуге болады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.     Языки мира. Тюркские языки. Бишкек, 1997.

2.     Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер.Алматы, 2010.608 б.

3.     Аманжолов С. Қазақ тілі теориясының неіздері. Алматы, Ғылым, 2002.

4.     Грамматика современного башкирского литературного языка. М.: Наука, 1981.

5.     Древнетюркский словарь. Л., 1969.

 

Резюме

В статье расматриваются вопросы становления и функционирования местного падежа тюркских языков.