Мамырова Акмарал Габдумаликовна

 

АӘИУ «Жалпы педагогика» кафедрасының І курс магистранты

 

«Қолөнер атауларының лингвомәдени сипаты»

 

«Шебер ұстаның қолы - алтын» -  деген тіркесті халқымыз бекер айтпаса керек-ті. Кешегі ата-баба мұралары қазіргі кезде қолға алынып, халықпен қайта қауышуда. Еліміз көне мәдениет өлкесі. Ерте замандардан-ақ оны мекен етушілер мал бағып, егін салумен шұғылдана жүріп, өзіндік өрнегі мол, өнерін, мәдениетін қалыптастырады. Қазақ халқының қолөнері бағзы заман тарихымен бірге өсіп, дамып, біте қайнап келе жатқан құнды дүние болып табылады. Қазақ халқы қолөнерінің жиынтығы - өру, тігу, тоқу, құрастыру, бейнелеу шығармашылықтары  болып табылады. Қолөнер түрлерінің әрқайсысының сан ғасырлық тарихы бар. Қазақ халқы өзінің күн көріс тіршілігінде қажетті үй-жай салуды, киім-кешек тігуді, азық-түлік өндіруді өзінің тұрмыстық кәсібі етіп, оларды күнделікті тіршілік барысында пайдаланып, әсем бұйымдар жасап оны тұтына да алды. Кез-келген халықтың дамуы оның ата кәсібімен, тарихымен тығыз байланысты болады.

Ерте уақыттан бастап, яғни біздің жыл санауымыздан мыңдаған жылдар бұрын-ақ табиғат пен адам арасындағы қарым-қатынас адамдарды қызықтырған. Материалдық лексика халықтың болмысымен, салт-дәстүрімен, ұлттық ерекшелігімен  байланысты қалыптасады, әр халық түрлі табиғат аймақтарында өмір сүреді,  олар өзінің тұрған жерінің табиғатына  иекемделіп, соған лайықты шаруашылықпен айналысады. Соның негізінде әлеуметтік-қоғамдық қатынастар, әр ұлттың өзіне лайық мәдениеті, еңбек түрлері мен құралдырының ерекшеліктері қалыптасады.

Қазақ тілінің лексикасы - қат-қабат, сарқылмас мол қазына. Ол байлықтың ең бір сүбелі қабаты - этнографиялық лексика. Онда мағынасы күңгірттеніп, қолданыстан шығып қалған, өткен өмір мен ескірген әдет-ғұрыпты бейнелейтін, әртүрлі кәсіпке байланысты ұмыт болған атаулар мен  сөз тіркестері көптеп кездеседі. Атап айтқанда, мал бағуға, саятшылыққа, зергерлікке т.б. байланысты атауларға және соларға қатысты байырғы құбылыстардың тілдік бейнесі ретінде сөз тіркестері мен фразеологизмдерде, тіл шеберлерінің дайын үлгілері - мақал-мәтелдерде халқымыздың басып өткен бүкіл ұзақ өмірінің өрнегі жатыр. Қазіргі бізді қоршаған өміріміздің барлығы да - өнер. Қандай жағдайда болсын, өнерді де өнер иелерін де өмірге келтіретін халық болып табылады. Қазақтың сәндік қолданбалы өнерінің тамаша үлгілері атадан балаға мұра болып біздің заманымызға да жетті. Қазақтың қолөнерін зерттеу мәселесі ерте кезден көптеген саяхатшылардың, ғалымдардың, этнографтар мен археологтардың да назарын аударып келеді.

Қолөнердің қайнар көзі - еңбекте жатқандығын жазушы М.Горький де айтып кеткен. Еңбек адамның іскерлігімен ой-өрісін ғана өсіріп қоймай оның адамгершілігін, дүниеге көзқарасын қалыптастырып, рухани сезімін байытады. Халықтың қолөнеріне әдет-ғұрып жабдықтарымен қатар, аң аулауға, мал өсіруге және егіншілікке қажетті құрал жабдықтарда кіреді. Осыған орай қолөнердің өзі бірнеше түрге бөлінеді, олар: зергерлік-өнер, металды өңдеп өрнектеу (алқа, жүзік т.б. бұйымдар) Ағаш , тас қашау, тоқыма өнері кесте, және көркемдеп тігу, тері өңдеу, өрмек тоқу т.б.

      Ата-бабаларымыздың материалдық және рухани мәдениетінің айқын көрінісі, ретінде қолөнер атаулары практикалық та, эстетикалық та қызметті қатар атқарған.

Халықтың дүниені танып білуі, өзі өмір сүріп отырғын ақиқат дүниеге деген көзқарасы күнделікті тұрмыс-тіршілігіндегі, шаруашылығы мен кәсіби қызметіндегі тәжірибеге негізделген. Қандай да болсын белгілі бір зат пен құбылысты тану, оның сыртқы бейнесі мен адамға тигізетін пайдасы мен зиянын ажырата білу, оның түрлі әсерін бақылап, түйсіну, күнделікті тәжірибеде қолданудың нәтижесінде жүзеге асады. Танылған заттар мен құбылыстар айрықша қасиеттеріне, өзіндік ерекшелігі мен пішініне, адам санасында қалдырған әсеріне қарай белгілі бір атауға ие болады. Бұрынғы тұрмыстағы адам ақыл-ойы мен еңбегінің арқасында жасалған сан алуан заттар, бұйымдар, құбылыстар халқымыздың этнографиялық мұрасы болып табылады.

 

 

 

      Тілімізде сақталып қалған көптеген халықтық атаулар мен көнерген сөздердің астарында этнографиялық мән, этнофразеологизмдер жататындығын Р.Сыздық, Н.Уәли, Г.Смағұлова сияқты ғалымдар өз зерттеулерінде тарихи, тілдік, мифтік, этнографиялық, танымдық мәліметтерге сүйене отырып, өз тұжырымдарын келтіреді. Қазіргі тіл білімінде этномәдени тіл бірліктерін белгілі бір тақырыптар төңірегінде топтастыра отырып, оларды түрлі бағытта қарастыру кең үрдіс алып келеді. Әлеуметтік-экономикалық жағдай адамдардың киген киімінен, тұрмыстық бұйымдарынан, тұратын үй-жайынан толықтай байқалады. Зат, бұйымдардың атқаратын қызметі ортақ болғанмен, олар әрбір адамның тұрмыс дәрежесіне, қоғамдағы орнына қарай сапасы, жасалу технологиясы, көркемдігі жағынан әртүрлі болып жасалады.

      Күнделікті тіршілікте жиі қолданылған тұрмыстық бұйымдардың бірі - алаша, кілем. Ерте заманнан бері қазақ тұрмысында мықтап орын алған, бүгінгі күнде де маңызын жоймаған, өте тығыз тоқылатын, өте төзімді, ұзақ уақыт сақталатын бағалы үй бұйымдарының бірі - кілем. Ертеде кілемді жерге төсеумен бірге туырлық пен үзіктің орнына да жапқан, әрі сән үшін, әрі жылылық үшін керегенің ішінен де тұтылған. Халық арасындағы «Үй жасауы - кілем» деген сөздің өзі-ақ оның қазақ тұрмысында қаншалықты орын алғанын көрсетеді. Кілемді алтын, күміс бұйымдармен бірге байлықтың, молшылықтың белгісі деп санаған. Кілем қыз жасауының ерекше құрамына енген. Құрметті қонақтарға арнап кілем төсеу, кілем төсеп қарсы алу, көшіп-қонғанда салтанаттыққа түйеге кілем жабу сияқты дәстүрлермен бірге оны құн төлеуге, сый-сияпат жасауға да пайдаланған.        Кілем тоқу - қай халықта болсын ерекше орын алған кәсіп [1,54].

      Сондай-ақ кілем атауларын бірнеше топқа бөліп қарастыруымызға болады.

      1.Арабы кілем (түйе жүнінен тоқылған түксіз кілем);

      2.Бұқары кілем (түкті кілем);

      3.Керей үлгі (керей тайпасының кілемі);

      4.Торғай түр кілем (Торғай өңірінің кілемі).

      Кілем тоқу өнері қазақта да, қырғызда да, өзбекте де, түркіменде де бар өнер.

          Тұрмыста қолданылатын қолөнер туындылары - тарихи мәдени категория. Оның кейбір дәстүрлі түрлері мәдениеттің терең қабаттарын құрайды. Оның әр қабатында, түрінде қоғамның әлеуметтік-тарихи, материалдық-экономикалық дамудың таңбалары болып отырады. Бірақ халықтың ұлттық ерекшелігімен  дәстүріне, тұрмыстық болмысын бойына сіңіре отырып дамыған ұлттық мәдениеттің алтын қазынасы, халық санасы оянуының  айнасы болған халықтық қолөнердің  туындылары қазіргі заманда өзінің жүйелі даму сипатынан айырылып, көптеген түрлері жойылып, ұсақталып, кейбіреулері өзінің құнды қасиеттерінен қол үзіп, қазіргі заманның талап-тілегіне ыңғайлы күйге түскен. Көбі тек атаулары арқылы ғана ана тілімізде сақталған. Сондықтан олардың тілдік сипатын зерттеу тәлімдік, тарихи-танымдық қасиетін ашады.

      Қазақ дәстүрінде ұзатылатын қызға жасау дайындағанда жасау сырмақ та бірінші кезекте дайындалған. Қыз жасауына енетін дүние-мүліктерді жұптап емес, тақ сандарды білдіретін өлшемдермен жасаған. Мысалы, әрбір жасау түрін 3, 5, 7, 9, 15 тіпті 41-ге дейін жасаған туралы деректер бар. Әдетте, бай-бақуатты, ауқатты отбасылар жасау түрін жетіден жоғары етіп жасаған. Яғни, жасауға дайындалған көрпелер жетеу болса, сырмақ та, жағалы киім де жетіден болған. «Қызға алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді» деп санаған халқымыз жасау сырмақты ерте бастан дайындап, теңге буып сақтаған [2,132].

      Қазақ әйелдерінің қолөнер туындыларының ішінде ең кең тара ғаны, технологиялық жағынан жетілгені - киіз басу. Киіз басу - арасына жүн салынып оралған әрі сыртынан байланған шиді әлсін-әлсін ыстық су құя отырып, бір топ адамның домалатып тебуі. Бұларға қарама-қарсы бір немесе екі адам екі ұшы тұйықталған арқанмен шиді алға тартып, өзіне қарай домалата сүйрейді. Киізді басушыға қарама-қарсы тұрған адамды қой бастар дейді. Киіз әбден қатайғанша оны киіз басылып жатқан үйдің маңында домалатып, бір топ адам екі аяқпен кезек-кезек теуіп отырады. Мұндағы басты нәрсе: киіздің бойында тепкі тимеген жер қалып қоймауы керек. Олай етпеген жағдайда киіздің бір жері кірігіп, бір жері кірікпей босап, жүн сол қалпында да қалып қоюы мүмкін. Ондай жер кейін тесік болып қалады. Қазақ тұрмысында киіз тебу бір ауылға ортақ іс болып саналған, өйткені бұл жұмысты бір-екі адамның атқаруы қиын. Киіз тебушілер домалатып тепкен киіздерін қадірлес отаулардың сыртына апарып, «қой басты, қой басты» деп әзілдейді. Ал ол үйдің иесі реті келсе қой сойып, болмаса қымызбен яки құрт-май алып шығып, киіз тебушілерді қонақ ету салтын жасайды. Киізді бұлап, білектеген, оған түр салған. Әсемдеп, өрнектеп киіздің бетіне ою, өрнек басылған. Түр салынған киіз текемет деп аталады. Яғни киіз бен текеметтің айырмасы киіздің оюлы немесе ою-өрнексіз басылуына да байланысты болып келеді [3,51].

Киіз баса отырып аналарымыз өз істерін керемет әнге де қосып отырған. Олардың:

               Текеметтің түріндей ай,

              Алма ағаштың гүліндей   ай, - деп әндетуі бұл өнердің қызықтылығынан да хабар берсе керек.

Қоғамдық дамудың қай сатысында болсын, қоғаммен бірге дамыған қолөнері әр дәуірде өзінің өшпес ізін қалдырып, әлеуметтік-көркемдік жағынан дәуір тынысын қалт жібермей әсерін тигізіп отырады. Ұлттық қолөнер халықтың күнделікті тыныс-тіршілігін, таным-талғамын, түрлі қайталанбас ерекшеліктерін бейнелеумен бірге халықты эстетикалық жағынан тәрбиелеуге ықпал етеді. Көшпенді өмір салтын ұстап, төрт түлік малына жайлы қоныс іздеп көшіп­-қонып жүрген ата-­бабамыз үшін ыңғайлы деп тапқан жаңа қонысында тігуге де, керек бір сәтте жығуға да, түйеге артып жүруге де тиімдісі киіз үй болғаны мәлім. Ал енді осы қазақ үшін қастерлі, киелі ұғымға айналған киіз үйдің сүйегін жасаумен ежелден ер кісілер жасаса, оның іші мен сыртына қажетті мүлік пен көз тартар жасау-­жабдығын қазақ әйелдерінің шебер қолынан шыққаны даусыз.

Күн көрісі төрт түлік мал болған соң, оның етін де, сүтін де, терісін де, жүнін де ысырап қылмаған қазақтар оларды қалай тиімді пайдаланудың жолдарын білген. Қазақ әйелдерінің жиі пайдаланатын қолөнер материалына малдың терісі мен жүні жатқан. Олардан киім-кешек те, ыдыс-аяқ та, киіз үйдің мүліктері  де жасалған. Қырқылған қой-ешкі жүнін жуып, шайырынан айырған әйелдер ешкі жүнінің қылшығын арқан-жіп есуге алып қалып, түбітінен қолғап, мойын орағыш, орамал, тақия тоқиды. Ал жуылған жүнді кептірген соң тулақтың үстіне жайып, екі сабауды қолына алып, кезекпен сабалайды. Сабап, қопсытылған жүннен арқан еседі. Одан кейін жүн түтіп, оны шүйкелеп, шетінен ұршыққа иіреді. Иірілген жіптен қап, алаша, басқұр, терме тоқылады. Бұлардың барлығын да халық өзінің күн көоріс тұрмыс-тіршілігінде пайдаланады.

Қорыта айтқанда, дүние жүзінде әр халық ата-баба мұраларын, халық өнерін

сақтап қалуы парыз. Атадан балаға мұра болатын қолөнерін жалғастырушы шеберлер әрқашанда халық арасында құрметті.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Тәжімұратов Ә. Шебердің қолы ортақ. - Алматы, 1997.  - 96 б.

2.Айдаров Т. Қазақ тілінің лексикалық ерекшеліктері. - Алматы, 1975.  - 184 б.

3.Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнері. - Алматы, 1969. - 248 б.