Мажитаева Ш., Арипова А.Е.

Е.А.Бөкетов  атындағы  Қарағанды мемлекеттік университеті,

Қарағанды қ.

 

КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТТIН ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДI КАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ РӨЛI

 

In article authors consider distinction of phraseological units from other linguistic units which develop the literary language.

 

Әрбір  ұлттың мәдени өмірінің көрінісі – фразеологиялық қордан ерекше  байқалады.  Фразеологизмдер – халық өмірінің айнасы.

Фразеология термині белгілі бір тілдегі фразеологизмдердің тұтас жиынтығы деген мағынамен қатар, тіл білімінің фразеологизмдерді зерттейтін саласы деген ұғымда да қолданылатыны белгілі.  

Фразеологизмдер – құрылымы мен құрамы тұрақты, даяр қалпында қолданылатын бейнелі тұрақты тіркестер. Тілдегі фразеологизмдер – тілдік бірліктердің ішінде аккумулятивтік қызметі ерекше байқалатын, бірнеше мыңжылдықтар бойына пайда болып, қалыптасқан, әдеби тіл дамуы кезеңдерінің өзіндік ерекшелігін айқындайтын тілдің ажырамас бір бөлігі. Әр жазушы өз өресіне қарай тілдің фразеологиялық қорынан қажетін алады да, өз кезегінде әдеби тілдің дамуына үлесін қосып отырады.

Фразеологизмдер – тіл қазынасының байырғы да құнарлы қабатына, көркем сөз қорының сүбелі саласына жататын сыры мол, мазмұны терең, қолданыс аясы кең құбылыс. Ағылшын көркем әдебиетінің ұлы тұлғалары ретінде танылып, Шекспирмен негіздеген жазба әдеби тіл дәстүрін әрі қарай жалғастырған ағылшын жазушылары осы тіл қазынасын мәнді материал, көркем құрал етіп, әдеби тілдің көркемдік дамуын ілгерілетті.

Көркем шығарма тілінің фразеологиялық қорын зерттеу – бір жағынан жалпыхалықтық тілдің кезеңдік ерекшелігін терең білуге көмектессе, екінші жағынан, әр суреткердің тіл шеберлігін жан-жақты ашып, оның әдеби тілімізді дамытудағы рөлін анықтаудың бірден бір жолы болып табылады.  Фразеологизмдер көркем әдебиет қажетін өтеуде халықтың эстетикалық талғамын ақтайтын ең бір күшті тілдік құрал болып саналады. Тілдің әдебилігінің сипаттарының бірін, әдеби тілдің даму кезеңдерінің көркемдік ерекшеліктерінің бірін фразеологизмдер танытады. Фразеологизмдерді жалпы мағынасына қарай: 1) Адамды сипаттайтын фразеологизмдер; 2) Алғыс және қарғыс мәнді фразеологизмдер; 3) Қоғамдық-әлеуметтік факторға байланысты туындаған фразеологизмдер; 4) Діни наным-сенімге, салт-дәстүрге байланысты туындаған фразеологизмдер; 5) Өлшемдік ұғымдарды білдіретін фразеологизмдер; 6) Табиғат құбылыстарына байланысты фразеологизмдер. Зерттеушілер фразеологизмдерді осылай бөлгендерімен, оларды мұндай тақырыптық топтарға бөлудің шартты екендігін ескертеді [1]. Мысалы: suit the action to the word – сөзді іспен дәлелдеу, beat it on the hoof – қара жаяу, жаяу жүру, to eat one’s words – өз сөзін қайтып алу, to make advances – келісімге бару, to take advantage – алдау, пайдалану, to win smb’s affection – біреудің көңілінен шығу, біреудің көңілін табу, to be afraid of one’s shadow – барлық нәрседен қорқу, өз көлеңкесінен қорқу, after – ақыр соңында, to turn deaf ear – көңіл бөлмеу.

Орыс тіл білімінде бұл салада көптеген еңбектерімен танымал ғалымдарға В.В.Виноградов, А.В.Кунин, В.Н.Телияларды жатқызуға болады. Олар    фразеологиялық орамдарды фразеологиялық тұтастық, фразеологиялық бірілік, фразеологиялық тіркес деп бөліп қарастырады. Фразеологиялық оралымдардың түрлері бір-бірінен әрқашан айқын ажыратыла бермейді, осыған орай, оларды классификациялау тіл білімінде өте-мөте күрделі мәселе. Фразеологиялық оралымдар лингвистикалық әдебиеттерде бүтіндей тұрақты тіркестің тұтас мағынасы мен оның сыңарлары мағыналарының арақатысы жағынан топтастырылса, екіншілерінде – құрылымы жағынан, үшіншілерінде қызметі немесе эмоционалды-экспрессивті жағынан жіктейді.

Фразеологиялық тұтастыққа оның құрамындағы сөздер бір-бірімен тұтасып, әбден жымдасып кеткен, олардың мағыналық жігін ешқандай ажыратуға болмайтын тұрақты тіркестер жатады. Мысалы: to show the white feather – ақ жалау көтеру = қорқақтық таныту, қорқақтық көрсету; to kiss the hare’s foot – қоянның табанын сүю – кешігу [2].

Кунин А.В. фразеологиялық единицалар мен сөздердің өзгешеліктері біріншіден мазмұнында, екінші айырмашылығы жасалынуында, үшіншіден, фразеологиялық единицаның мағыналық құбылысы мен сөздің мағыналық құбылысы еш уақытта сәйкес келмейді деген тұжырым жасайды [3].

В.Н.Телия құрылысы жағынан сөз тіркесі не сөйлем боп келе беретін фразеология объектісінің барлық түрін жинақтап атау үшін «фразеологиялық орам» («фразеологический оборот не жай ғана «орам»), «фразеологизм» деген терминдерді қолданады [4].

Қазақ тіл білімінде ХХ ғасырдың 40-жылдарынан бастап фразеологизмдер құрылымдық-типологиялық, семантика-морфологиялық, этнолинвистикалық, тақырыптық, лингвомәдениеттанымдық және  басқа да тұрғыдан зерттеле бастады. Фразеологизмдер жалпы барлық функционалдық стильде қолданылады, бірақ әрқилы ыңғайда қызмет атқарады. Ғылыми және ресми-іс қағаздар стилінде, жалпы әдеби, стиларалық тұрақты тіркестер атау күйінде (номинативті қызметте) жұмсалса, көркем әдебиетте, публицистикада, сөйлеу тілімізде ең алдымен фразеологизмдердің экспрессивті-стилистикалық жағына аса зор мән беріледі. Жазушылар, публицистер фразеологизмдерді белгілі мақсатқа орай өзгертіп, құлпыртып та жібереді. Фразеологизмдердің семантикасын, құрылысын және экспрессивті-стилистикалық қасиетін жақсартып, жаңғыртып отыратын да тұстары бар. Жаңадан мағыналық реңк беріп,  көркемдік қасиет үстейді.   

Ағылшын жазушыларының да  фразеологизмдерді әрқилы өзгеріске түсіріп қолданатынын байқадық. Мұнда сөздердің мағынасының фразеологиялық тіркесте  кеңеюін  көреміз. Мәселен, бұрын тіркеспеген, бір-бірімен байланысқа түспеген сөздерден жазушы алуан түрлі құбылту нәтижесінде қилы-қилы қызықты комбинация құрайды. Сонда көптеген сөздер мен жаңа жасалған тұрақты тіркестердің семантикасын анықтап, олардың көркемдік ажарын мүмкіндігін толықтыра түседі. Мысалы, Ч.Диккенс «Оливер Твист» романында фразеологизмдерді өте көп қолданған: the run of one’s teeth – 1) тегін тамақ, тегін тамақтандыру; демеу, көмек. 2) ауыспалы мағынасы – дамымау, дамуды тоқтату; құлдырау; ызғындау. a run of luck (немесе of good luck) – бақытты шақ, бақытты кезең, жолы болғыштық, үнемі жолы болу. the kid (немесе the kinchin) lay жарг. – көшеде баланың ақшасын ұрлау. set one’s heart (немесе mind) on (немесе upon) something (немесе set one’s mind to something) – бірдеңеге ұмтылу; бірдеңені қалау; бірдеңені қатты тілеу. What’s the row? – 1) бұл қандай шу? Неліктен бұндай шу? 2) Не болып жатыр? Не болды? Қандай жағдай болды? Қандай оқиға болды?

Ч.Диккенстің «Оливер Твист» романындағы фразеологизмдерді аударуда түрлі әдіс-тәсілдер қолданылған. Ч.Диккенстің «Оливер Твист» романындағы фразеологизмдерді аудару барысында біріншіден, фразеологизмдердің жалпы мағынасы берілген. Екіншіден, фразеологизмдерді аударуда олардың қазақ тіліндегі фразеологизмдермен мәндес келетіндігі ескерілген. Үшіншіден, көптеген фразеологизмдер сөзбе-сөз аударылған. Ч.Диккенс пайдаланған фразеологизмдердің өзіндік ерекшеліктері бар.

Қазақ әдеби тілінде көркем шығарманы әсірелеу, көркемдеу тәсілдері ретінде фразеологизмдерді қолданудың орны ерекше. Фразеологизмдер  шығарма мәтініне айтылатын ойға айрықша әр, мәнерлілік береді, көркем шығарма тілін жандандыратын, астарлап бейнелей суреттейтін тілдегі дайын құрал деп есептеледі. Фразеологизмдердің көркем әдебиет тіліндегі маңызы мен рөлі туралы Х.Кәрімов: «Әдебиетте шығарма тілін көркемдеп, жандандырып, нәр беруші амалдардың бірі – халық тіліндегі тұрақты фразеологиялық тіркестер. Олар тілдегі бейнелі экспрессивті-эмоциялы бояуы қанық амалдардың қатарынан орын алады. Олар – ұлттық психикалық өзгешелігінің негізінде қалыптасқан образды ойлау тілінің үлгілері, халықтық даналыққа суарылған өткір құралдар» [5]- деп ой түйіндесе, Ә.Қайдаров фразеологизмдердің қолданысы жөнінде: «Фразеологизмы – весьма сложные лингвистические образования. Сложность их объясняется не только множеством структурных типов и синтаксических моделей, но и тематической и семантической многоплановостью, а также способностью выражать самые различные эмоционально-экспрессивные оттенки мысли» дейді [6].

Ал фразеологизмдерді меңгертуді тіл үйренушіні бейнелі ойлауға, көркем сөйлеуге үйретудің құралы, тілді орынды жұмсауға  төселдірудің жолы деп санауға болады, тұрақты тіркестердің рөлі ерекше екендігі туралы Ф.Оразбаева: «Тұрақты тіркестердің біртұтас лексикалық тұлға түрінде тілдік қарым-қатынаста қолданылуы маңызды орын алады. Сондықтан қатысымдық тұлға ретінде алынатын тұрақты тіркестер адамның ойын жеткізуде белгілі бір ұғымды көрсетуімен қымбат» деген тұжырым жасайды.

Шындығында, фразеологизмдер  оқу үдерісінде жүйелі пайдаланудың ғылыми-әдістемелік мәселелерін зерделеудің өзектілігі дау тудырмайды.  

Қорыта келгенде, көркем шығармада автор фразеологизмдерді шығарма тіліне мәнерлегіштік, бейнелегіштік нәр бере отырып молынан пайдаланады,  оқытуда үйренушінің сөздік қорын байытып, олардың дүниетанымын кеңейтеді, көркем сөйлеуге жаттықтыратыны сөзсіз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Қоңыратбаева Ж. ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасы тіліндегі   фразеологизмдер: Филол. ғыл. канд. дис. автореф.  Алматы: 2002.  30 б.

2 Виноградов В.В. Основные понятия русской фразеологии как лингвистической дисциплины.  М., 1946.

3 Кунин А.В.  Англо-русский фразеологический словарь. М.,1967.

4. Телия В.Н.  Что такое фразеология?  М.: Наука,1966  86с.

5 Кәрімов Х. Қазақ тілінің аймақтық лексикасы. Алматы: Ғылым, 1990. 

6 Қайдар А. Тысяча метких и образных выражений. Астана, 2003.  368 б