ФИЗИКА ТЕРМИНДЕРІНІҢ ЛЕКСИКА-СЕМАНТИКАЛЫҚ ТӘСІЛ АРҚЫЛЫ ЖАСАЛУЫ

 

                                       Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік

                                   университетінің доценті С.Е.Сарсенова

 

Сөзжасамның лексика-семантикалық  тәсілі деп-  ешқандай жұрнақсыз-ақ,  ешқандай сөз  тіркестірусіз-ақ жаңа сөз жасауды айтамыз. Мұндай жағдайда сөзжасамның қайнар көзі – тілімізде бұрыннан  қолданылып келе жатқан жалпыхалықтық сөздердің  мағынасында болатын әр түрлі  өзгерістер  жаңа сөз жасаудың  лексика-семантикалық  тәсілінің негізін қалайды.

Лексика-семантикалық тәсіл – терминжасау  тәсілдерінің  бірі.  Оны басқа тәсілдерге қарағанда термин жасаудың  басты негізгі тәсілі деп бағалауға да болады. Өйткені   ұлт тілі негізінде  жасалған ғылыми  терминдердің  көпшілігі осы тәсіл  арқылы  арқылы жасалған терминдер.

Ғылыми еңбектерінде  терминжасамның  бұл тәсілі  әр түрлі  аталынып жүр. Мәселен, түрколог ғалым К. Мусаев терминжасамның бұл өнімді  тәсілін халықтық  лексиканың  терминденуі деп атаса /1,79/, Ө. Айтбаев бұл тәсілді   мәністік тәсіл деп атайды /2, 133/ .  Терминжасамның  бұл тәсілі  мәністік ғалымдардың  (В.В. Иванов, О.П. Фролова, Г.Ц. Пюрбеев,                     А.В. Суперанская)  соңғы  жылдары жарық көрген еңбектерінде терминологизация терминімен аталып жүр.  Ал Ш. Құрманбайұлы оны терминдену деп атайды  /3,27/.  Терминдену дегеніміз не?

Терминдену дегеніміз - әдеттегі  жалпыхалықтық  сөздің арнайы  терминологиялық мәнде жұмсалуы.  Бұл процесс  байырғы  сөз   мағынасын  өзгерту  арқылы,  нақтырақ  айтсақ, сөз  мағынасының  кеңеюі  немесе тарылуы  арқылы жүзеге асады. Мысалға жүгінелік.

Толқын сөзі жалпыхалықтық тілде  «желдің әсерінен теңіз,  өзен  етінің жал-жал болып тербелісі»  деген мағына білдірсе  /ҚТТС, 4,359/,  ол сөз физика  ғылымында  « тербелістің кез-келген  ортада шекті  жылдамдықпен  таралуы» деген  мағынаға  (дефиницияға) ие  /5, 24/.

Егер жалпыхалықтық  тілдегі  толқын сөзінің   мағынасында  «желдің әсерінен », «теңіз (өзен) бетінің»,  «жал-жал болған», «тербеліс»  деген сияқты  4 сема болса,  терминдік мәндегі толқын сөзінде  «тербеліс», «кез-келген ортада»  (суда ғана емес),  «шекті жылдамдықпен»,    «таралу» деген  4 сема бар. Екеуіне де ортақ  және жалпы  (негізгі сема)-«тербеліс». Басқа семалар өзгеріп, жалпыланған (кеңейген)  немесе нақтылана түскен. Жалпыхалықтық  сөздің терминденуі  дегеніміз-осы. Яғни  бұрын тек теңіз толқыны,  толқын күшейді деген сияқты  тіркес құрамында  қолданылып,  қарапайым ұғымды ғана білдірсе,  терминденгеннен  кейін  ол сөз механикалық  толқын электромагниттік  толқын,  көзі деген сияқты  тіркес құрамдарында  қолданылып,  ғылыми ұғымды білдіретін болды.

Жарық сөзі жалпыхалықтық тілде - «жарқыраған  (жарық ай, жарық жұлдыз)»,  «қараңғы емес  (жарық бөлме, жарық түн)» деген мағына берсе, ол сөз физика  термині   ретінде  «электромагниттік  өріс өзгергенде  пайда болатын (ұзындықтары 400 км-ден 780 км-ге дейінгі) электромагниттік  толқындар»  деген ұғымды білдіреді.

Терминдену  үшін тек  түбір сөз болуы шарт емес. Қазақ тілінде бұрыннан қолданылып жүрген сөз де,  туынды сөз де, тіпті біріккен сөздер де  терминдене алады. /6,103/. Ол үшін әлгі сөздер жалпыхалықтық  (лексикалық) өрістен  терминологиялық  өріске өтуі керек.  Мысалға  «қорғасын балқыды», «темір балқыды» деген тіркестерден  балқы сөзін алып көрелік.

Бұл  сөз  терминдену  үшін, алдымен оның  әдеттегі  «қорғасынның  (темірдің)  еруі» деген   жалпыхалықтық  мағынасы өзгеріп, физика ғылымында  қолданылып жүрген «кристалл (қатты) дененің сұйық күйге өту  процессі»  /5,84/  деген ғылыми мағынаға  ие болып,  жаңа сапаға көшті;  терминге тән қаситеттерді бойына жинақтады  (ғылыми ұғымды білдіреді т.б.)  Сондықтан   болар  Л.А. Капанадзе: «Терминдену дегеніміз- сөздің  лексикалық мағынасын алып тастап, оған дефиницияны  таңып беру,»-деді  /7,152/.

Бұл әрине, балқу сөзі ендігі  жерде тек термин  ретінде ғана қолданылады  деген сөз емес; ол бұрынғыдай жалпыхалықтық  тілде де,  физика ғылымында да (термин ретінде ) қолданыла береді.

Тілімізде  бұрын жалпыхалытық  сөз болған,  ал қазір физика  ғылымының термині  қызметін атқарып жүрген (терминденген) сөздердің саны біршама. Олардың қатарына  бөлшек, дыбыс,  жарық, кедергі, көлем, күш, қуат, өріс, сәуле, шама деген сияқты түбір сөздер мен  ағын,  аққыштық, ауырлық, беріктік, жылдамдық,  кеңестік, қаттылық, қозғалыс, қондырғыш,  қысым,  өткізгіш,  серпімділік,   сұйық тартылыс,  таратқыш,  тербеліс,  толқын,  тұтқырлық, тығыздық, үйкеліс, деген сияқты туынды сөздерді де, балқу, булану,  жылу,  кернеу,  қайнау,  сығылу,  сыну,  тұйықталу,  шашырау,  үдеу, үйкелу деген  сияқты етістіктің  қимыл атау формаларын да жатқызуға болады.

Бұлардың бәрі тілімізде  ежелден қолданылып,  келе жатқан байырғы сөздер.  Олар кейінгі  кезде мағыналарын өзгертіп, терминдік қызметке көшкен.  Сол қызметі арқылы  бұл сөздер  физика ғылымының  өркендеп дамуына,  ол ғылымды  жастарымыздың  оқып-үйренуіне,  түсуіне көп көмегі тигендігі дәлелденуді қажет етпейді. Оның үстіне  бұл сөздердің  тіліміздің  байи түсуіне  септігінің  болғандығын  да теріс  дей алмаймыз.

Терминдік  сапаға көшкен  жоғарыда келтірілген  сөздерге терминологиялық   сөздіктерде  былайша анықтама берілген.:

Жылдамдық (скорость) - материлдық нүктенің  (дененің) уақыт бірлігі ішінде жүрген жолымен анықталатын және  әрқашан  да қозғалыс траекториясының  жанамасымен  бағытталған векторлық шама /5,108/.

Қуат (мощность) - жұмыстың уақыты бойынша алынған туындысымен өрнектелетін дененің   энергетикалық  сипаттамасы /10,78/.

Сәуле  (луч)- толқындық энергия  ағынының  таралу бағытын  көрсететін геометриялық сызық / 5,68/.

Тұтқырлық  (вязкость) – газ немесе  сұйықтық қабаттарының  түрлі жылдамдықпен қозғалу салдарынан  пайда болатын ішкі үйкеліс / 5,28/.

Үйкеліс  (трение) – бір қатты  дене екінші қатты  дене бетімен  қозғалғанда пайда болатын механикалық кедергі /5,122/.

Бұл келтірілген  мысалдарға қарап,  бір байырғы сөз  бір ғана термин  тудырады  деп ойлап қалуға болмайды.  Сол жаңадан  туған бір терминнің  кейде бірнеше  туынды немесе  тіркестік терминдер жасауы да мүмкін. /8,203/.  Мәселен жоғарыда көрсетілген  сәуле термині  космос сәулелері, рентген сәулелері,  ультракүлгін сәулелері,   сәуленің  қосарланып сынуы, деген сияқты  тіркесті  терминдер туғызса, толқын термині  бойлық толқын,  механикалық толқын,  тұрғын толқын, толқын көзі,  толқындық бет деген сияқты  тіркесті  терминдер туғызуған. Ал жарық термині жарықтылық,  жарық ағыны,  жарық дисперциясы,  жарық интерференциясы, жарық  күші,  жарық  поляризациясы,  жарық рефракциясы, жарықтың шағылуы, жарықтың сынуы,  жарықтың шағылуы, жарықтың шашырауы деген сияқты туынды терминдер мен тіркесті  терминдер  туғызуға себепкер болған

Бұл тіркесті  терминдердің  әрқайсысының  білдіретін  өзіндік ғылыми  ұғымдары бар. Сол ғылыми  ұғымдарды көрсету үшін  сәуле терминінен  жасалған  үш-төрт мысал беріп өтелік:

Космос сәулелері- әлем кеңестігінен  жерге үздіксіз  келіп жететін  жоғары энергиялы бөлшектердің  (негізінен протондардың) ағыны /5.62/.

Рентген сәулелері- қысқа толқынды электромагниттік толқындар / 5.101/.

Ультракүлгін  сәулелер-  рентген сәулелерінің  ұзын толқындық  түрлерімен қысқа  толқындық түрлері арасына  орналасқан  электромагниттік толқындар /5,126/.

Сәуленің қосарланып сынуы – анизотропты орта арқылы   өткен жарық сәулесінің  екіге бөлінуі /5,38/.

Жоғарыда біз тек түбір сөздер  ғана емес, туынды, біріккен, тіркесті сөздер де  терминдене алады. Бірақ бұлардың  терминдену  деңгейі бірдей емес. Мәселен, булану, жарық, жылу,  қайнау,  сұйық,  тығыздық, үдеу деген жалпыхалықтық сөздердің терминдену деңгейі  біршама үлкен болса, ал жарықтың шашырауы, жылу, сыйымдылық, шекаралық  қабат деген  сияқты сөз тірскестерінің  терминдену деңгей: олардан сәл бәсеңдеу. Ол мына түбір терминдер  мен тіркесті терминдердің  анықтамаларын бір-бірімен  салыстыру арқылы анық көз жеткізуге болады.

Қайнау ( кипение ) – сұйықтың қанықтырушы  буының қысымы  мен оның бос бетіне  түсіп тұрған  сыртқы  қысым теңгерілетін  температурадағы булану процессі  /5,57/.

Сұйық  (жидкость) – белгілі көлемі болғанымен  тұрақты формасы  жоқ газдар мен қатты  денелер арасындағы  аралық агрегаттық күй / 5,45/.

Жарықтың  шашырауы (рассеяние света) -  жарық  сәулелерінің  бастапқы таралуы бағытын өзгертіп,  жан- жаққа ауытқуы / 5,100/.

Жылу сиымдылық  (теплоемкость)- дененің  температурасын бір градусқа көтеруге жұмсалатын жылу мөлшері / 5,117/.

Байқағанымыздай,  сөз тіркесінің  кейде бір сыңары ғана терминденсе,  кейде оның  екі сыңары да  терминденгеніне  көз жеткізу қиын емес.

Айталық, егер айнымалы қозғалыс, іргелмелі қозғалыс, құйынды ток деген сияқты сөз тіркестерінің тек қана екінші сыңарлары ( қозғалыс, тоқ) ғана терминденсе, ал ток күші, жарық ағыны, магнит өрісі деген сияқты сөз тіркестерінде олардың екі сыңарлары да терминденген.

Бұл құбылыс жөнінде Ш.Құрманбайұлы былай деген: ”Изотоптар үйірі, радий үйірі, металдың қажуы, термалық қажу, коррозиялық қажу деген терминдердің лексикалық мағынасы мен терминологиялық мағынасының арасындағы айырмашылықтұрғысынан қарайтын болсақ, бұл терминдердің жасалуына лексика-семантикалық тәсілдің де қатысы бар сияқты көрінеді.Яғни сөздердің тіркесуі арқылы жасалған терминдердің бір компоненті терминденген деуге негіз пайда болып отырғандығын айту керек” /3,58/.

Айта кететін тағы бір нәрсе: бір термин әр ғылым саласында әр түрлі ғылыми ұғымды білдіруі мүмкін. Мысалға бір ғана қысым ( давление)- терминін алып көрелік.

Молекулалық  (жылулық) құбылыстарында:

Қысым- газ  молекулаларының ыдыс қабырғасына ететін әсерімен анықталатын және тығыздыққа тура пропорционал  шама.

Механикада:

Қысым – денеге әсер етуші  күш интенсивтілігін сипаттайтын  және әрқашан да сол  дене бетіне  перпендикуляр   бағытталған скалярлық шама.

Гидромеханикада:

Қысым- қозғалыстағы  сұйық  (газ)  қысымы  қабырғасына  түсетін  статикалық қысым мен ағын жылдамдығына  тәуелді динамикалық қысым жиынтығынан  тұратын толық  қысымға  тең шама /5,37/.

Бұлар қысым  терминінің  әр түрлі мағыналары ма, жоқ омоним сөздер ме?  Қазірше бұл сұраққа  дәл жауап  беру қиын. Біреулер оларды  бір сөздің  ( терминнің)  әр түрлі мағыналары деп ұғады. Мәселен, Е. Аққошқаров өзінің  «Физика- терминдерінің орысша- қазақша түсіндірме сөздігінде »  (1974) қысым сөзінің жоғарғы мағыналарын  бір  сөздің үш мағынасы  ретінде берген.  Біз ол мысалдарды  сол сөздіктен алып,  келтіріп отырамыз.  Екінші біреулер  «әр түрлі ғылыми ұғымдарды білдіретін  болғандықтан»  жоғарылар  сияқтыларды омоним сөздер » деп таниды /9,45/.

Егер қысым сөзінің  үш түрлі мағынасы  жұрнақ, тамыр, түбір, дыбыс, буын,  өріс, ассимяция,  редукция, сөздері сияқты  әр түрлі ғылым саласында  қолданылып,  әр түрлі өрісте  жұмсалынса,  сөйтіп олар, мүлде басқа- басқа ұғымдарды білдіретін болса, онда оларды, сөз жоқ омоним  сөздер деуге  болар еді. Ал ол жоғары анықтамаларда  әр түрлі ғылым  саласында емес,  бір-ақ ғылым саласында, атап айтсақ,  бір ғана физика  ғылымының  әр түрлі салаларында  түрліше мағынада  жұмсалынып тұр.  Ол мағыналардың  арасында  байланыс та жоқ  емес сияқты.  Сондықтан біз қысым   терминінің  мағыналарын  омоним бе?  Мағыналар ма?- деген сұраққа  осы жерде  дәл жауап  бере алмай отырмыз.  Оған дәл жауап беру үшін  аталған құбылысты  арнайы, жан- жақты  зерттеу керек.

Сонымен,  әдеттегі терминдер  сияқты физика  терминдері  де лексика – семантикалық  тәсіл арқылы жасалынады. Лексика-семантикалық  тәсіл дегеніміз-  тілімізде бұрыннан бар  сөздердің термин ретінде  пайдалануы.  Бұл кейде терминдену  деп те аталынып жүр.

Жалпыхалықтық  сөз терминдену  үшін,  ол ең алдымен  белгілі бір терминологиялық  өріске өтіп,  өз мағынасының  үстіне ғылыми  мағына  үстеп алуы керек.  Басқаша айтсақ, жалпы қолданыстағы  сөздер – терминологиялық лексиканы  байытудың бір көзі  болып табылады.   

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Мусаев К.М. Формирование, развитие и современные проблемы терминологии на языках союзных республик. М., 1986.-79С.

2.Айтбаев Ө. Қазақ терминдерінің дамуы мен қалыптасуы. Алматы: Ғылым, 1988.-206б.

3.Құрманбайұлы Ш. Қазақ лексикасның терминденуі. Алматы: Ғылым,1998.-206б.

4.Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Алматы:Қазақ ССР ҒА-ның баспасы, 1959. 533б.

5.Аққошқаров Е. Физика терминдерінің орысшы-қазақша түсіндірме сөздігі. Алматы: Қазақстан, 1974. - 152б.

6.Гонцова С.А. Словообразование в научно-технической терминологии. Алматы: Рауан, 1990. - 94С.

7.Капанадзе Л.А. Функционирование терминов науки и техники в общелитературном языке ХХ века//  Русский язык и советское общество. М., 1958. - 152С.

8.Крыжановская А.В., Симоненко Л.А. Актуальные проблемы упорядочения научной терминологии. Киев, 1987.- 204С.

9. Лотте Д.С. Основы построения научно-технической терминологии. М.: Изд.Акад.Наук СССР, 1961.- 158С.