ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҒЫНДА «ЭКОЛОГИЯ» МАМАНДЫҒЫ СТУДЕНТТЕРІНІҢ ҰЛТТЫҚ САНА-СЕЗІМДЕРІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

 

     Ш.Есенов атындағы КМТИУ доценті Үрістенбекова Г.Қ., Каримсакова Б. А.

 

Егемен елiмiздiң саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтiк дамуында болып жатқан түбегейлi өзгерiстер бiлiм беру жүйесiн де жетiлдiрiп жаңартуды қажет етуде. Өркениетке ұмтылған елiмiздiң болашақ дамуы жас ұрпаққа берiлетiн бiлiм мен тәрбиенiң бағыты мен мазмұнына байланысты екендiгi сөзсiз. Қазiргi уақыттағы әлемдiк бiлiм кеңiстiгiне кiрiгу жағдайында нәтижеге бағдарланған бiлiмнiң мәнi артып отыр. Әлемдiк деңгейдегi ғаламдану процесiнде әр халықтың қазiргi өркениет талаптарына сай ұлттық ерекшелiктердi жетiлдiру мәселесi алға шыққаны белгiлi. Сол себептi де оқытудың мазмұны мен құрылымын, оқытудың тәрбиелiк қызметiн жаңаша қарастыруды өмiрдiң өзi талап етуде.

Халық ұрпақтан-ұрпаққа қоғамдық және әлеуметтiк тәжiрибесiн, рухани байлығын аға ұрпақтың өзiнен кейiнгiлерге мұрасы ретiнде қалдырып отырады, сонысымен қоғамның материалдық және рухани мәдениетiн жасайды. Осылайша сабақтастық жалғасып жаңа буын адамзат баласының басынан өткерген тарихынан ең таңдаулыларды өз бойына сiңiредi және ең озық үлгiлерiн дамыта беруге, қоғамның рухани құндылығының сантүрлiлiгiн жаңа жағдайда байыта түсуге мүмкiндiктер туады. Әрбiр халықтың озық ойлы даналары туған халқының өнегелi сөзiн естiп, үлгiлi тәрбиесiн алып, өз халқының қалпы-салтын, мiнез байлықтарын, салт-дәстүрлерiн, эстетикалық талғамын және психологиясын осы халықтық шығармаларды аса бiр қызығушылықпен, құштарлықпен зерделеу негiзiнде бойларына сiңiргендерi мәлiм.

Соңғы кездері жас ұрпақты педагогика ғылымының құрамдас бөлігі ретінде халықтық педагогика негізінде тәрбиелеу қалыптасып келеді. Халықтық педагогика мәселесіне орыс педагогикасының таңдаулы өкілдері К.Д.Ушинский, В.Г.Белинский, Л.Н.Толстой, С.М.Макаренко, В.А.Сухомлинский т.б. көп көңіл бөлсе, қазақтың ұлттық педагогика ғылымының дамуына Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, Т.Тәжібаев т.б. ғалымдардың еңбегі зор.

М.Жұмабаев «Педагогика» еңбегінде бала тәрбиелеуде ұлттық тәрбиенің алатын орны туралы былай дейді: «Әр тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі. Әрбір ұлттың бала тәрбие қылу туралы ескіден келе жатқан жеке-жеке жолы бар. Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті. Және әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» [1, 16 б.]. М.Жұмабаевтың бұл пікірін жоғары оқу орындарында қазақ тілін дамыта оқытуда және тәрбиелеуде негізге алдық.

Халық педагогикасы – ұлттық тәжірибелер мен тағылымдардан туған бай қазына. Халық педагогикасының студенттердің бойында ұлттық ділін, қадір-қасиетін қалыптастыруда тигізетін ықпалы зор. Студенттерге қазақ тілін дамыта оқытуда халық педагогикасының бай тәрбиесін пайдалану олардың ой-өрісін, жоғары эстетикалық талғамын көтеріп, биік адамгершілік тұлғасын қалыптастырады, елінің, халқының намысын қорғауға үйреніп, адамгершілікке, инабаттылыққа, адалдыққа, ойлылыққа, кішіпейілділікке тәрбиеленеді. Халық педагогикасы арқылы тәрбие беру мәселесін арнайы  зерттеген ғалым С.Ұзақбаева: «Әрбір адам, ең алдымен, өз халқының перзенті, өз отанына жан-тәнімен азаматы болуы керек екенін, ұлттың болашағы тек өзіне байланысты болатынын есте ұстауға тиіс. Оның осындай тұжырымға тоқталуына ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер көптеп көмектеседі, солар арқылы ол жалпы адамзаттық әлемге аяқ басып, өз халқының игілігін басқа халықтарға жақын да түсінікті ете алады. Сондықтан әрбір ұрпақ өз кезі мен өткеннің талаптары объективті факторлар кезінде жеткіншек ұрпақты өмірге даярлап, оны жинақталған тәжірибе негізінде тәрбиелей отырып, өзінің ата-бабаларының тәжірибесін игере түсуі керек», – дейді [2, 11 б.].

Бүгінгі таңда ұлттық тіл, әдебиет, мәдениет, салт-дәстүр, әдет-құрып, салт-сана тағдыры мен дамуы, оның болашағы жоғары оқу орындарында қазақ тілі пәнін оқыту мен болашақ мамандарды тәрбиелеуге де байланысты. Тәрбие – халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, баланың қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын қалыптастыру [2, 29].

Қазақ тілін мамандыққа қатысты дамыта оқытуда және тәрбиелеуде халықтық педагогиканың алар орны ерекше. Өйткені әрбір сабақта экология мамандығына сай мәтіндер мен жаттығу жұмыстарын қазақ халқының ұлттық салт-сана, кәсібімен байланыстыру негізінде алынады. Әрбір халықтың тұрмыс-тіршілігі, өмір-салты және жалпы дүниетанымы тікелей табиғатпен тамырлас әрі өзектес болып келеді. Халқымыздың да өмірі табиғатпен тығыз байланыста өткен. Қазақ халқының ежелден-ақ табиғаттың аясында өскені тарихтан да белгілі. Жер-Ана, Табиғат-Ана, Отан-Ана деген сөздерді тебірене айтуынан өзін табиғаттың төл баласы ретінде санағанын байқауға болады. Бұрынғы ата-бабаларымыз табиғаттың әрбір қүбылысын жіті зерттеп отырған. Қазақ халқы жаратылыс әлемін, табиғатты қастерлеп, кие санаған, пір тұтқан. Сондай-ақ аспан денелерін, жұлдыздарды зерттей отырып, ауа-райын анықтап, болашақты болжаған. Халқымыз ұрпақтарын жан-жануар, аң-құс, құрт-құмырсқаға  қамқорлықпен қарауға, оны қорғауға үйреткен. Өмір сүріп отырған сұлу табиғатты кіршіксіз таза сол күйінде келер ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен.

Табиғат әлемі – адамның өмір сүретін ортасы. Сондықтан адам табиғаттың бүтіндігін, тазалығын, табиғи үйлесімділігі мен биологиялық тепе-теңдігін бұзбай сақтауға мүдделі. Алайда адам өзінің табиғи қажетін өтеу үшін табиғат байлығын пайдаланып, оның өзара  үйлесімділігін бұзады. Адамзаттың мұндай әрекеті ешқандай бақылаусыз, экологиялық заңдылықтарды есепке алмай жүргізіле берсе, орны толмас шығынға ұшыратып, адам өміріне қауіп төндіретін жағдайлардың туындауы мүмкін. Сонымен бірге қоғамдағы әр адам ауаның тазалығына, ормандардың жойылып кетпеуіне, өзен, көлдер, су қоймаларының былғанбауына, жердің бұзылмауына, сирек кездесетін аң-құстар, өсімдіктердің жоғалып кетпеуіне, яғни тірі табиғаттың зардап шекпеуіне атсалысуы керек.

Табиғат – адамның танымдық және эстетикалық қатынас ортасы. Оның эстетикалық көркемдігі адамның рухани дамуына, рахат сезімге бөленіп, шынайы ләззат алуына жетелейді және эстетикалық талғамын өсіреді.

Экология бөлімі студенттерін қазақ тіліне дамыта оқытуда экологиялық тәрбие де беріліп отырады. Өйткені, біріншіден, экология – олардың негізгі мамандығы. Студенттер өздерінің мамандықтары туралы терең білім қорын жинақтап, мамандығының қыр-сырын білуі керек. Екіншіден, экология – қазіргі кезде дүние жүзінде тұратын әрбір адамның негізгі  проблемасы, қоғам проблемасы. Қазақ тілін оқыту арқылы өскелең ұрпаққа экологиялық білім, тәрбие бере отырып, оларға табиғатты көздің қарашығындай сақтауға үйрету керек. Жер бетінде экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы орны толмас табиғи апатқа ұшырататынына көздерін жеткізіп, санасына ұялату керек. Оларға экологиялық құбылысты барлап көруге, өсімдіктер мен жануарлардың, табиғат пен адамның байланысын білу арқылы өз тарапынан шешімге келуге үйрету қажет.

Экологиялық тәрбиенің міндеті – жоғары оқу орындарында оқитын экология мамандығы студенттерінің табиғатқа эстетикалық көзқарасын қалыптастыру және оған адамгершілік тұрғысынан қарауға, шынайы табиғаттың  сұлулығы мен әдемілігіне және ұлылығына тамсандыру арқылы жауапкершілік сезімін ояту. Туған жердің табиғатын сүю, оны қорғау студенттердің отаншылдық сезімін оятады. Ал экологиялық сананы қалыптастыру студенттердің экологиялық мәдениетін дамытады. Экологиялық мәдениет табиғат қорғау ісін терең түсінуге, оны сауатты түрде жүзеге асыруға, адамгершілік, эстетикалық сезімді байытуға және табиғатқа деген жанашырлыққа толы білімді қалыптастырады. Халқымыз Табиғат-Ана алдындағы перзенттік парызына жоғары жауапкершілік сезіммен қарап, табиғатқа деген сүйіспеншілік қасиетін ұрпақтан-ұрпаққа өсиет, нақыл сөздер, мақал-мәтелдер арқылы қалдырып отырды. Болашақ эколог мамандардың сөз байлығын арттырып, ой-пікірін көркем жеткізуде мақал-мәтелдерді қолдануға дағдыландыру керек. Халықтық педагогиканың бір тармағы ретінде саналатын мақал-мәтелдермен сусындап өскен жастарымыздың келешекте еліміздің болашағын ойлайтын азамат болып өсері заңды да.

Қазіргі экологиялық мәселелер бүкіл адамзат баласын ойландырып отырған кезде халқымыздың тағылымдық, тәрбиелік мәні зор мұраларына ерекше көңіл бөлу қажет. Халқымыздың табиғатқа деген сүйіспеншілігі және оны көздің қарашығындай сақтап, қорғау туралы үлгі-өнеге боларлық асыл-мұраларды мақал-мәтел, нақыл сөз түрінде беріп отырған.

Кейінгі кездегі экономиканың қарқынды дамуы Қазақстан экологиясына әсерін тигізуде. Елімізде түрлі экологиялық апат аймақтары, экологиялық мәселелер көбейіп кетті. Біздің мақсатымыз – болашақ эколог мамандарға осы проблемаларды терең түсініп, алдын алып, нақты шешімдер қабылдауға үйрету. Табиғат заңдылықтарын жете меңгерген білікті эколог мамандар даярлау және халықтық педагогика бағытында білім беру бүгінгі күннің негізгі мәселесіне айналды.

Ата-бабаларымыздың табиғатты аялап, оны көздің қарашығындай сақтап, қамқорлық жасап келуі халқымыздың табиғат қорғау мәселесінен де тыс қалмағанын көрсетеді. Мысалы, табиғатты қорғау, сақтау, күту туралы: «Жердің көркі тал болар, Елдің көркі мал болар», «Ағаш ексең аялап, Басыңда болар сая-бақ», «Күте білсең – жер жомарт», «Бір тал ағаш өсірсең, еңбегіңнің жанғаны, Абзал адам өсірсең – басыңа бақ қонғаны» т.б. осы сияқты мақал-мәтелдерін келтіруге болады.

Cондай-ақ халқымыз табиғат сұлулығын, жануарлар, құстар әлемін бағалаған, оларға қамқорлықпен, жанашырлықпен қараған. Аққуды адалдықтың, пәктіктің символы ретінде санаған. Ал көгершінді – бейбітшіліктің, қарлығашты – мейірімділіктің белгісі деп есептеген. Кең даламыздың сәнін келтірген, даламыздың көркі болған ақбөкендердің қазіргі кезде жағдайы өте мүшкіл. Қазақ халқының табиғат қорғауға қатысты көптеген ырым-тыйымдарын болашақ эколог мамандарымыздың құлағына сіңдіре білу қажет. Мысалы, қазақта шөпті жұлма, көкті жұлма, көкті таптама, жерді сабалама, талды кеспе, құстың ұясын бұзба, құсты ұясынан үркітпе, жәндікті інінен қума, суға түкірме, күлді шашпа, жерді қазба, жалғыз ағашты кеспе  сияқты тыйымдар көптеп кездеседі. Халқымыз «үкіні атпа, киесі ұрады», «құстың жұмыртқасын сындырма, бетіңе шұбар түседі», «құмырсқаның илеуін бұзсаң, үй ішіңе кесапаты тиеді», «құмырсқаның илеуін бассаң, аяғың ақсақ болып қалады» деп қорқыту, сескендіру арқылы да табиғат әлемін сақтап қалуға тырысқан.

Бұрынғы билер, ата-бабаларымыз бата-тілектеріне де табиғатты қосып отырған. Мысалы,

Жаңбырсыз жаздан сақта!

Жапа шеккен аздан сақта!

Жаудың жаласынан сақта!

Бұлттың аласынан сақта!

Студенттер осындай туған өлке, табиғат, аң-құстар туралы мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер арқылы  жаңа сөздер, ұғымдарды біледі. Олардың ойлары дамып, саналары қалыптасуына ықпал жасайды. Мақал-мәтелдердің тәрбиелік, танымдық мәні мол болуымен қатар студенттер сөз қадірін білуге, ой-пікірін дұрыс әрі шебер жеткізуге дағдыланады. Мақал-мәтелдер З.Әбілова, Қ.Қалиева сияқты ғалымдар халық шығармашылығының төл жемісі, халықтың адамгершілік кодексі, тәрбие теориясы ретінде түсіндіреді [3, 237]. Шын мәнінде де қазақ халқы бала тәрбиесіне бесікте жатқан кезінен бастап бесікжыр, тақпақ, санамақ, ертегі, әңгіме, дастан-қиссаларды бойына сіңіріп өсіреді. Халықтық туындылармен жастай сусындаған баланың болашақта туған елін шын сүйетін, туған жерін қасық қаны қалғанша қорғайтын нағыз патриот болары сөзсіз.

«Адамдардың бір-біріне инабаттық танытулары, өзара ізеттілік көрсетулері, сыйлы-құрметті, қадірлі-қастерлі болулары, тіпті жан-жануарлар және өсімдік әлемімен нәзік байланыста болулары, оларға қамқорлық жасаулары тәртіптілік  пен әдептілікке негізделеді» [4, 10 б.]. Қазақтың халықтық педагогикасында әдептілік қағидалары, яғни мінез-құлық нормасы болып саналады. Мысалы: үлкен кісінің алдын кесіп өтпе, үлкен адамның сөзін бөлме, үлкен адамнан бұрын асқа қолыңды салма, үлкен адамға бірінші  болып сәлем бер, кемтарға күлме, көкті жұлма, малды теппе, ақты төкпе, нанды баспа т.б. тыйымдардың тәрбиелік мәні зор.

Адамның тәрбиесі, алдымен, адамның бағыт-бағдарын саналы түсінген жағдайда ғана жеке басының тұлғасын қалыптастыра алады. Қазақтың халықтық педагогикасында жас жеткіншектердің ақыл-ойын, ой-санасын дамыту мен тәрбиелеу мәселесі басты назарда ұсталған. Қ.Жарықбаев, С.Қалиев сияқты педагог-ғалымдар адамның қабілетін жан-жақты жетілдіре тәрбиелеу үшін дене еңбегімен қатар, ақыл-ой тәрбиесін дамытуды аса қажет деп есептейді: «Ақыл-ой тәрбиесі көріп-білу, жүрекпен терең сезіну – толыға, молыға қалыптасатын тәжірибеден туатын үздіксіз жаттығудың нәтижесі. Көрген-білгенді ой елегінен өткізіп, оны түйіндеп миға тоқу, үнемі сарапқа салу ынта-жігерді, күшті қажыр-қайрат пен талапты керек етеді» [5, 18 б.].

Қазақ халқы баланың ойлау, тілдік және басқа да қабілеттерін түрлі жаңылтпаш, жұмбақ, есеп-жұмбақ, басқатырғыштар арқылы дамытып жетілдірген. Баланың ақылды, алғыр, шешен болып қалыптасуына жағдай жасаған. Ата-бабаларымыз ұрпағының тәрбие мәселесіне көп мән берген. Осылай ата-бабаларымыз ұрпағын жаман  әдеттерден жирендіріп, жақсы әдетке үйір қылған.

Адамның тәрбиесі, алдымен, адамның бағыт-бағдарын саналы түсінген жағдайда ғана жеке басының тұлғасын қалыптастыра алады. Қазақтың халықтық педагогикасында жас жеткіншектердің ақыл-ойын, ой-санасын дамыту мен тәрбиелеу мәселесі басты назарда ұсталған.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Жұмабаев М. Педагогика. –Алматы: Ана тiлi, 1992. –60 б.  

2. Ұзақбаева С. Тамыры терең тәрбие. Жоғары оқу орындары студенттерiне арналған оқу құралы. –Алматы: Бiлiм, 1995. –232 б.

3. Әбiлова З., Қалиева Қ. Этнопедагогика оқулығы. –Алматы: ҚазХҚ. және ӘТУ-тi, 1999. –394 б.

4. Шакузадаұлы Н., Ерғалиева Ж. Әдептiлiк қағидалары. –Алматы: Өнер, 2000. –320 б.

5. Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлiм-тәрбиесi. Оқу құралы. –Алматы: Санат, 1995. –352 б.