М.ЖҰМАБАЕВТЫҢ ТҰРАҚТЫ СӨЗ ТІРКЕСТЕРІН ҚОЛДАНУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Байтұрсынова Ж.

Ш.Есенов атындағы КМТИУ

ҚТӘМ-12-1 тобының магистранты

 

Тіл білімінің фразеология саласын жеке пән ретінде қалыптастыруда, оның зерттеу нысаналарын айқындап, тілдегі орны мен табиғатын айқындауда теориялық тұжырымдар жасап, қомақты еңбектер жазған Мәскеу, Самарқанд, Санкт-Петербург ғылыми мектептері өкілдерінің, түркітанушы тіл мамандарының, сонымен қатар қазақ тіл білімінде іргелі еңбектерімен ғылым көкжиегінен орын алған фразеологиятанушылар: тілдік жүйе, құрылымдық тұрғыдан қарастырған: І.Кеңесбаев, Ә.Қайдаров фразеологизмдердің сыртқы және ішкі құрылымындағы дыбыстық, мағыналық, семантикалық, әуезділік үйлесімін т.б архитектоникасын талдап ашып беруде С.Сәтенова, фразеологиялық бірліктердің тілдік нормасын және одан уәжді, уәжсіз ауытқулардың түрлері мен типтерін айқындауда Н.Уәлиев,  т.б. еңбектерін атап айтуға болады.

Фразеологизмдерді құрылымдық тұрғыдан зерттеу кезінде оның құрамындағы сөздердің мағынасын ашу, этимологиялық талдау жасау, варианттарын көрсету, синонимдік қатарын анықтау тәрізді мәселелерді  Г.Смағұлова, лексика-фразеологиялық жүйедегі бірліктерді Ж.Манкеева және т.б. ғалымдар зерттеу жұмыстарын ғылыми тұрғыдан қарастыра отырып, ғылымға өзіндік жаңалықтарын ала келді. Қазақ тіл білімінде бұл термин бір ізге түспегендіктен: тұрақты тіркес, фразеологиялық бірлік, фразеологиялық тіркес, фразеологиялық орам, фразеологиялық тұлға, фраза сияқты атаулармен аталып жүр. «Қазақ тіл білімінде фразеологиялық тіркестер мен тұрақты тіркестер деген атаулардың ажыратылмай, бірінің орнына бірі қолданылуы өте шартты, шын мәнінде бұл екеуі бір емес, тұрақты тіркес деген ұғымның шеңбері әлдеқайда кең, ал фразеологиялық тіркестер соның бір бөлегі ғана, оған фразеологиядан басқа сөз болып отырған атаулық тіркестер (көр тышқан, алты бақан, бас бармақ, ат дорба, жарыс сөз, күн тәртібі, темір жол, жер шары, еңбек кітапшасы, Арал теңізі, Алматы қаласы, Қиыр Шығыс т.б.) де енсе керек», – [1, 72] деген С.Исаевтың пікірін келтіруді орынды деп санаймыз.                     

С.Исаевтың айтуы бойынша тұрақты тіркес ұғымы өте кең. Оған атаулық тіркестер, фразеология, мақал-мәтел, қасаң сөз (Н.Уәлиев) және т.б. сөйлеу барысында даяр қалпында қолданылып, тұрақтылық сипат алған тілдік бірліктерді жатқызуға болатынын көреміз.

Жазушы қаламы фразеологизмдерді жалпытілдік қолданыстағыдай өзгертпестен жұмсауы да, белгілі бір мақсатқа орай құрылым-құрылысын, мағынсын жаңғырта қолдануы да мүмкін. Біздің байқауымызша, жаңғыртудың өзі екі түрлі болуы ықтимал. Біріншісі-жалпытілдік қолданысқа тән түрлендірулер де, екіншісі тек жазушы қаламына тән түрлендірулер.

Тұрақты тіркестер бейне жасауда, қоғам, табиғат көріністерін бейнелі, көркем суреттеуде, адамның психологиялық жағдайын көрсетуде, ішкі сезімін суреттеуде бірден-бір дайын құрал.

Көркемсөз шеберлері фразеологиялық тұлғаларды көркемдік тәмілдерінің айшықты құралы ретінде екі түрлі қолданады:

1)     Фразеологиялық тіркестерді семантикасы мен құрылымын еш

өзгертпей, сол күйінде қолданылу – бұл узуалдық қолданысқа жатады;

2)     Фразеологиялық тіркестерді семантикасы мен құрылымын өзгертіп,

өңдеп, яғни трансформацияланған күйінде – бұл окказионалды қолданысқа жатады.

Көркем шығарма авторлары фразеологиялық тұлғаларды әлдебір идеялық мақсатпен, образды ситуацияны жан-жақты ашуда көбірек қолданатын тәсіл – окказионал қолданыстағы фразеологизмдер [2, 72].

Осы жайында С.Сәтенова: «Фразеологизмдердің структуралық-семантикалық тұрғыдан өңделіп берілуі, ақын-жазушылар тарапынан көркемдеу, зерлеу, трансформациялау арқылы белгілі бір ойға назар аудару тәрізді қажеттіліктен туған құбылыс.

Тұрақты сөз оралымдарының құрамындағы сөздердің ықшамдалуының басқа сөздермен ауыстырылып берілуі, яғни контаминациялануының өзіндік себептері, түпкі мақсаттары бар»  [3, 86].

Тілдік қолданыста, әсіресе поэзияда, кейбір тұрақты сөз сыңарларының арасына сыналып сөз ендіру бяғыдан бар құбылыс. Оған кез-келген көркем шығармадан мысал келтіруге болады. Бірақ әңгіме сол сөздердің тұрақты сөз орамының мағына тұтастығына нұқсан тигізбей, қайта жымдасып, үндестік табуында ғой. Мұндайда Мұхтар Әуезов - шебер жазушы. Тұрақты сөз орамдарының құрамын кеңейтіп, жаймалап қолдану құбылысына жазушы шығармасынан мынадай мысал келтіре кетуге болады: Бәрі де тіреліп қалды. Ат тұмсығы бір бітеу, меңіреу, қабырғаға тірелген сияқты. Жалтара алмады, үндемеді («Абай жолы»). Бұл жерде жазушы ел жуандарының тұйыққа қамалып, уәжден жеңіліп, мысы құрып отырғанын кейіптеген.

Болымсыз мәндегі фразеологизмдерді болымды мәнде немесе керісінше қолдану. Қазақ тілінде фразеологизмдердің тек болымсыз тұлғада жұмсалатын түрлері бар. Ондай фразеологизмдерді болымды тұлғада қолдану фразеологиялық нормаға қайшы келеді. Мысалы: адам айтқысыз, қулығына найза бойламайды, ізетке найза бойламайды, жар құлағы жастыққа тимеді; алты аласы, бес бересісі жоқ; сайда саны жоқ, құмда ізі жоқ т.б. Бұларды болымды тұлғада немесе болымды мәнде жұмсасақ, онда олар мағынасыз тіркеске айналады. Дегенмен фразеологизмдердің жалпы тілдік қолданыста тұлғасы жағынан әрі болымды, әрі болымсыз жұмсалатын түрлері де бар. Мысалы: ай десе аузы жоқ, күн десе көзі жоқ- ай десе аузы бар, күн десе көзі бар; төбесі көкке жетпеді - төбесі көкке жетті; тілде тиек жоқ, ерінде жиек жоқ- тілде тиек, ерінде жиек бар деймісің т.б.

Фразеологизмдерді авторлық мақсатқа сай қолданылу құбылысы, яғни тұрақты тіркестердің әртүрлі стилистикалық тәсілдер арқылы трансформацияланып,  мағыналық  және құрылымдық жағынан өзгеріске ұшырап қоолданылуда зерттеушілер Ә.Қайдар, Т.Қоңыров, Н.Уәлиұлы, М.Бекбаева, Е.Бектұрғанов, А.И.Ефимов, Л.И.Шоцкая, Г.С.Амиров т.б. еңбектерінде талданады.

Мағжан шығармаларының көзге түсер ерекшеліктерінің бірі – окказионал фразеологизмдердің қолданылуы. Адамның көңіл-күйіне, жан дүниесіне қатысты окказионал фразеологизмдердің тірек сөз ретінде көбінесе көз, жүрек деген сөздер қолданылады. Мағжан жүрек сөзін түрліше құбылтып, көңіл-күйді мәнді, әсерлі беру үшін соны тіркестер жасайды. Мысалы:

1)     Дәл жүрекке жасын шашады.

2)     Жүрегіме қасірет толды.

3)     У толды ғой жүрекке.

4)     Тізе көрсең қара жүрек адамнан.

5)     Жүрегімде көп жара.

6)     Жүрегі жас парлағандай.

7)     Жүрегіне өмір оғы көп тиген.

8)     Уланды жүрек.

9)     Жүректі дерт өртейді.

10)       Ер жүрегі өрт екен.

11)       Жүректі мастық өртейді.

12)       Жүрегімді жүзге тілді.

13)       Сыздық ердің жүрегі шер,  дерт екен.

14)       Жүрегін тілім-тілім тілге ойлайды.

15)       Жүрек ерікке ұмтылады.

16)       Жалынды жүйрік, жас жүрек.

Бұл тіркестер адам сезімінің қаншалықты күйде екенін тереңірек баяндайды. Сезім көкжүйегін көркем түрде асқан шеберлікпен бере білген.

Мағжанның «Сағындым» өлеңінде абақтыда адамның ауылын сағынғандығын, көңіл-күйін айту үшін табиғатпен сырласады. Мәселен, алыстағы ағайын, туған-туыс, ел-жұртын еске алғанда үнемі Алтын Күн, қара Жер, Жүйрік жел, Күміс көл ақынның аузына қайта түседі? Өзін табиғаттың ажырамас бөлшегі деп сезінетін, сонымен біте қайнасып кеткен ақын Сарыарқаның сар даласын аңсамағанда қайтеді? Заманы бөлек болса да, Абайдың жалғыздық тағдырын  арқалаған ақынның өзінің ортасынан таба алмаған  таянышты қара жерден іздеуі, азалықты мөлдір көлден көруі ағаттық па? Жалпы Мағжан Жұмабаев мұрасында От пенен Су, Ай менен Күн, Күн менен Түн, Жүйрік Жел көп тілге тиек етіледі екен.

Бірақ ақын бұл сөздерді сол қалпында қолданбайды, түрлендіріп, өңдеп, кейіпкердің іс-әрекетіне, көңіл-күйне сәйкес түрліше қалыпқа түсіреді. Бір ған жел сөзінің өзіне қарасақ, неше түрлі образбен береді: жүйрік жел, жалқау жел, жібек жел.

        

Таң атқанша жүйрік жел

Жүгіруден талмады [4, 13].

 

Жалқау жел өзін-өзі сорға сүйреп,

Жан-жақта жүргендей-ақ жындар билеп [4, 98].

Осы бір жел сөзінің өзі Мағжан поэзиясында жүз құлпырып, мың түрленіп, ақынның ішкі дүниесі мен сезім сырларын құбылта атқарады.

Ақын сондай-ақ түнді зұлымдықтың символы етіп, әр қилы мағына береді:

Түн баласы түнерген, түн жамылған

Аллаға емес, әзәзілге табынған [4, 40].

 

Түн баласы тәңірісін өлтіріп,

Табынатын басқа тәңірі таппаған [4,40]-

деп, ашылмас қайғы-шерді, ауыр ойды қырық құбылған түн образы ретінде қолданса, Күн мен Айды, Отты жақсылықтың, қуныш-шаттықтың, сұлулықтың белгісі ретінде алып, бұларға да түрліше мағына беріп, жаңа ұғым қалыптастырады.

Қоғамдағы өзгерісті, замана қайғысын күннің образы арқылы суреттейді:

         Алтын күн басып барады

Алтын күн ақырын өледі.

Сорлы бұлттар – сорлы жар

Қан жылап  күнді көмеді.

Ақын бұдан басқа жылан, көр, у,  т.б. көптеген сөздерді  әр түрлі бейнеде береді.

Мағжан Жұмабаев осылайша тұрақты тіркестерді жаңғыртып, өңдеп, құбылтып, айшықты сөздермен толықтырып қолдану арқылы олардың контекстегі мәніне экспрессивті эмоционалды реңк беріп, көркемдегіш қасиетін құлпыртып, стилистикалық қызметін күшейтіп, мағынасын кеңейткен. Бұл тіркестер әдеби тілімізге мұра ретінде қосылып, сөздік қорымызды байытады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1.                   Исаев С. Қазақ тіліндегі тұрақты тіркестердің бір типі жөнінде // Қазақстан мектебі, 1965. – №9. – 73 бет.

2.                   Смағұлова Г.  мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілері. А., Ғылым. 1998

3.                   Сәтенова С.  Қос тағанды фразеологиялық тіркестердің авторлық қолданысқа қарай өзгеруі. А., Ғылым. 1997

4.                   Жұмабаев М. Сүй, жан сәулем. А., Атамұра. 2002