СЫР ТАРИХЫМЕН ТАМЫРЛАС ТАҒДЫР

Бахтиярова Сара Бахтиярқызы

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты

Қатпарлы қалың әдебиетімізді жасаушылар – көмейіне көрікті ой құйылған дархан даламыздың дарабоз дарындары мен тума таланттары қай заманда да дәріптелері сөзсіз. Сал-серілер поэзиясының алып өкілдерінің бірі – Сыр тарихымен тағдыры тамырлас әйгілі халық ақыны, кемел композитор, өткен ғасырдың руханият әлеміндегі қаһарман тұлғалардың бірегейі, сал-сері, әнші әрі палуан Иманжүсіп Құтпанұлы. Ол – тағдырдың небір теперіштерін көріп, әділетсіздікке жан-дүниесімен қарсы боп өткен ірі ақын, арқалы әнші, ұлы өнердің тұғыры биік тұлғасы. 

Иманжүсіпті дүниеге әкелген өлке – батысынан шығысына шарықтаса қыран құстың қанаты талатын ұланғайыр қазақ даласының солтүстік өңірі, дәлірек айтқанда, қазіргі Кереку топырағы. Тұрғанбай батырдың немересі, Құтпаннан тараған үш ұлдың ең кенжесі Иманжүсіп 1863 жылы жарық жаһан есігін айқара ашқан ақын 1931 жылдың 2 наурызында жалған жаланың құрбаны болып дүниеден озады. Иманжүсіп өз өмірінде Сәкен Сейфуллинмен, Қажымұқан Мұңайтпасовпен, Балуан Шолақпен жолдас болған.

Тарихқа көз жүгіртсек, Кіші жүзде Хиуа басқыншыларының озбырлығымен шайқаста Жанқожа батыр шықса, Орта жүзде Тұрғанбай датқа Қоқан хандығының халыққа көрсеткен қаныпезерлік қысымшылығы мен қанаушылығына қарсы күрестегі тізгінін өз қолына алған. Тұрғанбайдың батырлығы мен батылдығы, өмірі мен өлімі туралы бүгінгі ұрпақтарына жеткен хикая әңгімелер мен тарихи деректер де кейде әр түрлі арнада өріліп жатады. Мысалы, Сыр елінің белгілі ағартушысы, «Қазақ» газетінің Сырдария губерниясы бойынша тілшісі болған Қалжан Қоңыратбайұлының осы газеттің 1916 жылғы ақпанның 24 (№171) сандарында жарияланған «Тұрғанбай датқа һәм оның жоғалған баласы Иман-Жүсіп жайында» деген мақаласында жұртым, ұлтым деп жүрген Тұрғанбайдың өз қандастарының күншілдігі мен рушылдық алауыздығы салдарынан арандатудың арбауына түсіп, ақыры қасындағы адал серіктерін аман сақтап қалу үшін өз басын анық өлімге тіккені, ажал аранына хас батырларша қасқая  жалғыз барғаны айтылады [1, 92 б]. 

Репрессия жылдарында Иманжүсіптей нағыз ерлерді панасыз тағыдай қылып, бір сайда атып тастаған сайын қазақтан иман мен береке кетті. Қазақтың ежелден тамыр тартқан төл әдебиетінде атадан артық туған ерлерді ерекше сүю, бағасын білу бар.

 «Ерейментау» жырының мәтініне оның «Бұғылы-Тағылы» атты өлеңінің 5 шумағы еніп кетсе керек. Бұл өлеңді ол айдауға бара жатқанда жазған.

Қысырақтың үйірі жирен ала,

Орыс, қазақ байлары жапты жала.

Сүйіндікке бет алып шыққанымда,

Көрінуші ең алдымен Ботақара. [2, 101 б]. 

Ақынның бұлай сөз саптауынан дәстүр жалғастығын көруге болады. Мәселен, «Қазтуғанның қонысымен қоштасуы», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» лиро-эпостық жырындағы Ай, Таңсықтың туған жермен қоштасуы – қазақтың ұлттық санасында бұрыннан келе жатқан дәстүр. Ақын:

Ауылым Күйгенжарға қона алмайды,

Өткен күн қайта айналып оралмайды.

Жүз қатыны қыпшақтың ұл тапса да,

Бәрібір Иманжүсіп бола алмайды [2, 101 б].

Бұл ойдың түп қазығы – Иманжүсіп нағыз дара, айтулы ердің өзі. Бір қарағанда, өркөкірек менмендік, асылық тәрізді сезілері анық. Бірақ Иманжүсіп иненің жасуындай жалған сөйлеп тұрмағаны тағы айқын. Оны Иманжүсіптің сөнбейтін жарқыраған жұлдызы айғақтайды.

Адамзат баласы анадан жалғыз туады, жалғыз өледі. Бір адамды бір адам қайталамайды. Бір Алла тағаланың құдіретімен солай. Атадан асып туатын ерекше ерлерді ел дәріптейді, ғасырлар өтсе де, олардың аты өшпейді.

Қазіргі қазақ өлеңінде Ғалым Жайлыбай Иманжүсіп бейнесін жырға қосты:

Толғауымен тірліктің тоналды ай, жыл,

Бота болып боздады Боралдай – жыр,

Аққу-қазым айдынға оралмай жүр.

«Талай қатын қазақта ұл туғанмен –

Бәрібір Иманжүсіп бола алмай жүр».

Өткен күннен атады өлең дерек,

Өлең барда ойламан өлем бе деп,

Иман аға,

Біз қашан төмендеп ек?

Көкмойынға үкілі көз сап тұрмын –

Мойнындағы тұмарын көрем бе деп…

Бұл ата дәстүріне адалдық. Елі үшін жанын қиған ерлерден өткен ардақты адам болмайды.

Ең әуелі Иманжүсіп аты – қос есімнен құралған. Иман – діни ұғым, сенім деген мағынаны береді. Жүсібі – пайғамбар аты. Құранда оның аты аталады. Жақып пайғамбардың ұлы – Жүсіп. Ол бағы жанып, елден асарын түсінде көреді. Түсінде оған күн мен ай, 11 жұлдыз басын иіп, тағзым етеді. Ағалары оны қызғанып, өлтіргісі кеп, мал бағып жүріп құдыққа тастап кетеді. Керуеншілердің құтқаруымен Мысыр патшасының ең сенімді адамы болған Жүсіп  аштыққа ұшыраған, кезінде өзіне опасыздық жасаған аға-бауырларына кешірім жасап, асырап, зор қайыр қылады.  Бұл әпсана «Жүсіп-Зылиқа» жырына арқау болған. Жүсіп кіріп келсе, ас әзірлеп отырған әйел, қыз атаулы оның сұлулығына еліте қараймын деп саусақтарын кесіп алатын болған дейді. Қазақтың Иманжүсібі де осал болмаған:

Қараөткелдің кіргенде көшесіне,

Маржалары көрем деп қамалаған.

Ғасыр бұрын орыс келіншектерін қазақ «маржа» деп атаған, «Мария» деген жиі кездесетін ат қазақыланып, бұрмаланған түрі. Олар қазақты бұратана деп менсінбес еді. Иманжүсіп қыз, келіншекке сүйкімі күшті болғанын айтпай неге кетсін:

Екі жағы дарияның қалың шұбар,

Көкмойынға үкілеп тақтым тұмар.

Бір түстеніп аттанған ауылымның

Қыздары болушы еді маған құмар.

Көрген кісілердің айтуынша, Иманжүсіп бір ауылдан атымен аттанып бара жатқанда, некелі әйелдер көздері сүзіліп, соңынан қимай қарап қалады екен. Айтулы ердің бір қасиеті – жар сезімін, сүйіспеншілікті ояту екені тағы айқын.

Әкем Құтпан болғанда, ағам – Шоңай,

Адамзатта ұл тумас мендей құмай.

Болыстың поштабайын сабап едім,

Төрт аяғы байлаулы қойдан оңай [2, 102 б]. 

«Ерейментау» атты өлеңде айдауда таршылық басына түскен ақын тағы екі ағайыны – Тұрсынбай мен Дәулетханды еске алады.

Иманжүсіптің туған немересі Раушан Нұрханқызы Көшенова атасына арнаған «Тұлпардың ізімен» атты кітабында: «Оның қыздары Үлбибі мен Күлзағипа әкесін тәте деп атаған. Иманжүсіптің үлкен ағасы Шоңай сол Қарасуда (Ақмола) өмірінің соңына дейін өмір сүрді. Бабамыз Тұрғанбайдың кіші інісі – Басықара. Майбике құмды шөлден өзінің туған баласы Баймырзаны тастап, осы Басықараны аман алып шыққан екен», –  деп жазады [3, 85-б].

Асырап алған әкесі баланы Құтпан атаған. Иманжүсіптің әкесі Құтпанның шын аты – Баймырза екен. Ол Кенесары жасағында 10 жыл жүрген. Азаттық идеясы Иманжүсіптің қанына Қоқан, Хиуамен күрескен атасы Тұрғанбай датқадан берілгенін тарих біледі. Айтулы ерді жұрты қайталанбас тұлғасы арқылы ажыратса керек. Қырғыннан бас сауғалаған Тұрған­байдың бәйбішесі Майбике анамыз үш жасар Баймырзасы (Құтпан) мен 5 жастағы Басықара атты кенже қайнысын алып, Қаратау тауының жотасына қашып шығып кетеді. Бірнеше күн арып-ашып жол жүріп, ешқандай елге кездеспеген Майбике ары қарай екі баланы бірдей алып жүруге шамасы келмегендіктен, бір баланы жол бойына тастап, қалған біреуімен ары қарай жол жүріп, ел іздеуге шешім қабылдайды. «Ертерек елге кезіксем, баланы адам жіберіп алдырамын ғой» деген оймен кетеді. Сол жоғалған баланың дерегі араға 80 жыл салып, Сыр бойындағы туыстарына келіп жеткен. Бұл 1912 жыл еді. Хабарды естіген Сыр елі, туған-туыстары Иманжүсіпке арнайы сәлем хат дайындатып, елден Қодар есімді азаматты басшы етіп топ жасақтап Ақмолаға жіберген. Хатты осы елдің белгілі ақыны Мәнсүр Бекежанов (Нартай Бекежановтың туған ағасы) жазады.

«Иманжүсіпке хат» деген бұл тарихи дастан елдің есінде мәңгілік сақталып қалған. Осы хатта Сыр бойы қыпшақ­тарының тарихи өмір жолдары, еліне еңбегі сіңген атақты азаматтары қам­тылып, өз дәрежесінде дәріптелген. Иманжүсіптің ата-тегі толық баяндалған.

Майбике анамыз Тұрғанбай датқаның бәйбішесі заманында ақылды-парасатты, елдің бірлігін, ерінің абыройын сақтай білген данышпан әйел деп айтуға толық негіз бар, оған хатта көрсетілген мына жағдай толық дәлел болады деп ой­лаймыз. Жаудан қашқан Майбике анамыз жөнін­де хатта:

Ақыры әбден шаршап болдырады,

Адасып таба алмайды жолды тағы,

Бойынан қуат кетіп жүдеген соң,

Бәйбіше былайынша ой қылады:

«Амалсыз тастайыншы өз баламды,

Бір жұмыс бізге осындай кез болған-ды,

Бұйырған бала болса, ел кездесер,

Алдыртармын жіберіп тез хабарды.

Өлмесем, өзіме де құдай берер,

Қайнымды алсам, халқыма ұнай берер

Баласын ап, қайнысын тастады деп,

Датқаға сөз келтірер былайғы ерлер»

Баласын бір төбеге отырғызып,

Бәйбіше тарығады көңілін бұзып,

Бетінен сүйді-дағы жүре берді

Тұрса да жүрек-бауыры, іші еріп.

 Майбике анамыздың ерлігі қай заман­да да қазақ аналарының керемет даныш­пандығын паш ететін өнегелі іс.

Керуен жолдың бойында қалған баланы Керекуден (Павлодардан) Түркіс­танға базарға келіп, қайтып бара жатқан керуен тауып алып, өздерімен бірге алып кеткен. Бірнеше күн қатарынан ашыққан, шөлдеген үш жасар Баймырза өзінің атын да, ел-жұртын да айта алмайды.

Баланы керуенбасы саудагер Дайрабай деген кісі өзінен ер бала жоқ болғандықтан, өзі асырап алып, атын еліне құт-береке әкелсін деген ниетпен Құтпан (Баймырза) қояды. Құтпан (Баймырза) ер жетіп, еліне белгілі азамат болып өседі.

Тағы бір айта кететін негізгі мәселе, Дайрабай қартайып дүние­ден өтерде, құдай алдында болған шындықты о дүниеде мойныма қарыз болмасын деп Құтпанға (Баймырза) айтып кетіпті. Өзінің баланы Түркістаннан Керекуге қайтқан жолда Қаратау жоталарының бірінде тауып алғанын, оны асырап өзіне ұл еткенін, елден кем қылмай өсіріп тәрбиелегенін жеткізген. Келешекте елін іздейтіндей заман болса, Түркістан өңірінен, Сыр бойынан іздеу салғаның дұрыс болады деп ескертіп кеткен. Құтпанның өз заманында елін іздеуге мүмкіндігі болма­ған болуы керек, ол да өз кезегінде дүниеден өтер шағында ұлдары Ақшабай, Шоңай, Иманжүсіпке осыны аманаттаған екен.

Бұлар барлығы өздерінің қай елден екенін, ата қонысы жайлы 1912 жылы арнайы барған ағайындарынан естіп білген. Руы Қыпшақ, Шашты, Құтым. Хатта бұл нақты мәселе былай деп баяндалған:

Қыпшақта бұлтың болған ноқтағасы,

Ақиқат - бұған жұрттың жоқ таласы.

Жаз жайлап Сарысуды мекен еткен

Торының Сырда жатқан төрт баласы.

Қитаба, Түйішке боп екеу өтті,

Көкмұрын, Шашты бұған тете жетті.

Баймырза атаң марқұм осы халықтан

Айрылып үш жасында жеке кетті.

Жеті ата Шашты қыпшақ бөлінеді,

Бәрі де Сырда түгел көрінеді:

Айдарғазы әм және Малай, Құтым,

Байсары, Бошай, Шағыр, Шегір еді.

Тұрғанбай - сол Шаштының Құтымынан,

Сен соның Иманжүсіп тұқымынан.

Бабаңның ілгері өткен жайын айтып,

Жаздырды хикая етіп жұртың мұнан.

Осы кездесуден кейін ағайынды үшеуі ақылдасып, елге бірінші болып Иман­жүсіптің көшіп баруын мақұл көреді.

Сөйтіп, Иманжүсіп 1913 жылы Қызылорда облы­сы, Шиелі ауданына көшіп келеді. Бұл жыл елге «Иманжүсіп көшіп келген жыл» есебінде жергілікті елдің есінде қалған екен. Иманжүсіптің өмірінде көп теперіш көргендігін мына өлең жолдарынан байқаймыз:

Менде дұшпан көп еді қамалаған,

Иттей болып барлығы  абалаған.

Кіргенде Қараөткелдің базарына,

Қызық көріп қазақ, орыс жағалаған.

Ақын туған жерін, тасып аққан өзені мен мұнарланып көрінген тауларын, тілсіз тұрған орман-тоғайлары мен жанға дәру ауасын өлеңге қосты. Ел аузында ән болып жатталып қалған әйгілі «Ерейментау» өлеңінде:

Күнбатысқа көлденең аққан Нұра

Оған құяр тұс-тұстан өзен, жыра

Иісі аңқыған Арқанын сай-саласы

Шөбі балғын бал татыр, суы – сыра!

Ішім өлген, дүние-ай, құр сыртым сау,

Маған десең, көз жасым, жаңбыр боп жау.

Бүркіт салып басыңа шығар ма едім,

Бір көрінші көзіме, Ерейментау.

Осы табиғат көріністерін қисынды сөздің күшімен көз алдымызға елестете отырып, өмір шындығын, елдің тыныс-тіршілігін, туған жерден жырақ жүрген кездегі сағынышын нәзік сезіммен жеткізе білген.

Иманжүсіп  айдауда  жүргенде туған жердің баға жетпес қасиетін  жырға қосып, жүрегіне толған шерді ақтарды:

Ақтау, Ортау, Қаратау, Көктің көлі,

Жаз болғанда жайлаушы ед көшіп елім.

Сағынғанда көзімнен бұлбұл ұшты

Ақ туын ата-бабам тіккен жері.

Несібемді жазған екен менің түзден,

Қойыпты күдер үзіп ел-жұрт бізден.

Қайран ел, оқта-текте еске түссең,

Жасымды тия алмаймын екі көзден [2, 102 б]. 

«Ерейментау» – Иманжүсіптің айдауда жүргенде, ел мен жерді, өзі кіндігімен байланған тұрмыс-салтты ерен сағынғанда шығарған құса өлеңі, жасымас өр рух пен сағыныштың үлесі басым.

Иманжүсіптің «Ерейментауы» – азаттық идеясын ұлықтауымен елім деген әр қазақтың көкірегінде жазылып қалары айқын.  Түркістан-Тұран елін сүю идеясы жолында өмірін күреске арнап, жанын берген Мұстафа Шоқай Иманжүсіп шыққан қыпшақ руының шашты атасынан болатын.

 «Ерейментауда» – Иманжүсіптің таңғажайып портреттік бейнесі тұнып тұр. Табиғи құнары күшті, сұлу, бекзат, нұрлы бейне. Ол жеке адамның образы бола тұрса да, қазақ деген қайсар халықтың асыл ұлдарының ұлттық мінез-құлқын даралайды. Халықтың дегдар рухынан, тектік  жаратылысынан жаралған. Тек қуалаған даралық, ата текке тартқан өршілдік. Онда адалдық пен азаттық сүйгіш ұлы қасиет айқын білінеді.

Иманжүсіп бұл өлеңде лирикалық кейіпкер – «мен» арқылы исі қазақтың тағдырында бар, арқасына батқан кесапаттың сырын ашады.

«Ерейментау» – әр түрлі нұсқасы бар өлең. Әуелгі нұсқасында 9 шумақ. Бірақ ақын өлеңдерінің 31 тармағын «Ерейментау» деген бір тақырыппен топтау арқылы «Бес ғасыр жырлайды» атты кітапқа бере салғаны білінеді.

«Ерейментау» – тұлғаны,  тұлға арқылы ұлттық болмысты танытатын өте биік, текті өлең.  Қап тауларынан  алтынды Алтайға  созылған кең алқапты жайлаған көкбөрінің ұрпағы исі қазақ баласы үшін азаттықтан асқан құдірет бұл әлемде болмаған, әрі болмайды да.

Ақынның өмірі мен шығармашылығына айрықша назар аударған М.Әуезов оның қазақ өнері тарихындағы орнын белгілей отырып, алғаш болып әнші-ақынның шығармашылық мұрасын зерттеді.

 Қорытындылай келе, Иманжүсіп шығармашылығы мен өмірі, тарихта алатын елеулі орны  бір күнде айтып таусылатын дүние емес. Иманжүсіптің басқа серілерден өзгешелігі ақындығына, әншілігіне, балуандығына қоса мінезінің өрлілігінде, өткірлігінде. Ол қазақтың азаттығы үшін арпалысып өткен әулеттің бір бұтағы болған. Сатқындық пен опасыздықты, әділетсіздік пен қуғындауды көп көрген. Сол үшін де Иманжүсіп тұлғасы барынша дара. Бойындағы өнерімен, дарынымен қоса, халықтың қуанышына ортақтасып, мұңын жоқтап, үлкен қайсарлықпен тайсалмай патша үкіметіне қарсы шыққан Иманжүсіптей сахара саңлақтарының үлгі-өнегесін әрі қарай дәріптеп, жолын жалғастыру келешек жас ұрпақтың қолында деп ойлаймын.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

         1. Көшенова Р. Иманжүсіп. - Алматы: Қайнар, 2001.-176 б.

2. Иманжүсіп Қ. Өлеңдер // Қазақ поэзиясының антологиясы - Алматы, 1992. – 148-153бет.
         3. Көшенова Р. Тұлпардың ізімен. - Алматы: «Қазғұрт» баспасы, 2012 ж. - 304 бет.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бахтиярова Сара

 

1956 жылы 1 ақпанда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Бала би ауылында дүниеге келген.

            1978 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетін бітірген.

            1978-1992 жылдары мектепте мұғалім, 1993 жылдан бастап жоғары оқу орнында аға оқытушы, кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарды. Бүгінгі таңда Қорқыт ата

атындағы мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасында жұмыс жасайды. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент.