ҚАЗАҚ ТЕАТРЫНЫҢ ХАЛЫҚТЫҚ НЕГІЗДЕРІ

 

К.М.СЕЙТМЕТОВ

өнертану ғылымдарының кандидаты

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

Қазақстан Республикасы, Түркістан қаласы

 

Қай  ұлттың  өнерін  мысалға  алсақ та  ол  өнер  ғайыптан, өздігінен көктен  түсе қалмайды. Оның туатын, туындайтын орны,  ошағы  болады. Сол топырақта  дүниеге  келген өнер  белгілі бір  шартқа, болмысқа, ұлттық құбылысқа бағынады. Ұлттық өнеріміздің, оның ішіндегі актерлік өнер түрінің  дүниеге     келу  орны – халық  арасы,  ел  іші. Ендеше,   елдің   өз бойында туындаған  өнер сол  елдің  әдет-салтын, ұғым-нанымын, мақсат-мүддесін паш етеді. Олай болса, халқымыздың өз іргесінде пайда болған салттық-дәстүрлік ойындар,  той-думандар, ел аузындағы әңгіме, аңыздар,  ұлы  жиында айтылар ән-күйлер,  күлкілі  жәйіттер – біздің  актерлік өнеріміздің туған, қалыптасқан, дамып жетілген орны.  "Өзге жұрттың мысалына қарағанда, театр өнерінің ұрығы елдің әдет-салтынан, ойын-сауығынан, ән-күй, өлең-жырларынан басталған. Театр өнерін туғызатын жайлы топырақ, қолайлы  шарт елдің өз денесінен шыққан, өнердің   іргесін  қалайтын елдің өзі" [1] – деген ұлы суреткердің тұжырымдамасы бұған дәлел. Біз әңгіме етіп отырған актерлік өнердің тууы мен дамуы ұлтымыздың алуан түрлі                                  ойын-сауықтарымен, әдет-ғұрыптарымен тығыз байланысты екендігінде. Қазақтың       ертеден  дәріптеп, қастерлеп келген ұлттық халық өнерлеріндегі актерлік  шеберліктің   тегін   тектеу,  болмысын  тану, оның  асылдарын    бүгінгі  сахналық  мәдени  керуеніне ілестіріп  отыру – зерттеудің басты мақсаты. Олай   болса,  алдымен  ұлттық  өнеріміздің  өзегі  болатын  қазақтың  ескіден  келе  жатқан  көне  ауыз  әдеби  мұраларынан  актерлік  өнердің  элементтерін іздестіруге болады. Бұлар  жайында  халқымыздың  тұрмысы  мен  кәсіпшілігінен, рухани  байлығынан,  эстетикалық  талғамынан  мәлімет  мол.  Рас,   ол  кездегі  алуан  түрлі  орындаушылық  өнер  түрлерін  қазіргіше актерлік  өнер деп атамағанымен,  бірақ  оған  негіз  боларлықтай "Жар-жар" мен "Беташар", "Айтыс" өлеңдері бойынан актерлік өнер элементтерін молынан  кездестіруімізге  болады.  Бір  кездері  М.Әуезов  ұлт  театры  екі  бағытта – қалалық  және     далалық  болып  дамиды деген  пікір   айтқан.  Осы  ойға  орай  қыр театрының  (дала  театры)  репертуарына  жоғарыда  аталған  салт  өлеңдері  еніп,  өзінің  тамаша  орындалуымен  дүйім  елді таң-тамашаға бөлеп отырған. Зерттеушілер Ш.Құсайынов пен Ы.Дүйсенбаев халық  ойындарының  рухани  мәдениетіндегі  дала   театры   болатындығын  айтады: Театры  жоқ  елдің  театр  орнына  көретін  сауығы – еңбек  мерекелері  мен  өлгенге  ас    беру,  қыз  ұзату,  бала  сүндеттеу  сияқты  ойын-тойларының  өзекті  арқауы  ән  мен  күй,  драмалық  театр  элементіне   жататын   халық    ойындары   болғаны  да  даусыз" [2].

"Жар-жар" өлеңінің екі топқа бөлініп, яғни, қыз бен жігіт болып топтасып,                 алма-кезек айтысуының  өзінде актердің сахналық   сөз  әрекеті, іштегі  астары, тартысы, мән-мағынасы  араласып,  астасып  жатыр.  Мәселен   жігіттер  тобы:

"Бір   толарсақ,  бір  тобық,

Санда  болар,  жар-жар-ау!

Қырық  кісінің  ақылы

Ханда  болар,  жар-жар-ау!

«Әкем-ау»  деп  жылама,

Байғұс  қыздар,  жар-жар-ау!

Әкең  үшін  қайын  атаң

Онда  болар  жар-жар-ау!  -  десе,

    Қыздар  тобы:

Жазды  күні  ақша  қар,

Жаумақ  қайда  жар-жар-ау!

Құлын-тайдай  айқасқан

Оң  жақ  қайда,  жар-жар-ау

Қанша  жақсы  болса  да

Қайын  атам,  жар-жар-ау!

Айналайын  әкемдей

              Болмақ қайда, жар-жар-ау"[3] – деген жолдарды орындаушылардың                          іс-әрекеттерінен, көпшілік алдындағы қалпынан, бүгінгі тілмен айтқанда, мизансценаны бағдарлаймыз, олардың жауаптасуының өзі сахналық қарым-қатынастың үлгісі дерлік. Байыптап қарасақ,  "Жар-жар" М.Әуезов айтқандай актердің  ойнауына  ыңғайлы  көркем құбылыс. "Жар-жар"  өлеңін   айтушылардың      әзіл-қалжың араластыра отырып ұзатылып бара жатқан қызды жұбатып өлең айтуы, ал қыздың туған жер, ата-анасына, құрбы-құрдастарына деген қимастық сезімі, мұңын айтып өлеңмен жауаптасуы                сияқты ұлттық дәстүрлік әрекеттердің  бәрі актердің сахнада жасайтын  іс-әрекеттері мен сөз әрекеттеріне, мизансценалық құрылымына, сахнадағы серіктесімен жасайтын            қарым-қатынасына, ішкі психологиялық арпалыстардан туындайтын көңіл-күй құбылыстарына келеді. Сондай-ақ  көпшіліктің оларды қостап не болмаса қарсылық  білдіре отырып әрекет етуі де актерлердің көпшілік сахнасындағы ойын өрнегіне  ұқсайды. "Жар-жар"  өлеңін  орындау  кезіндегі   сәттердің  бәрін  ой елегіне сала отырып қарасақ бір немесе бірнеше актердің   оқиға желісіне байланысты  жасап жатқан әрекеттер түріне бара-бар. Біз өлеңнің  көркемдік бойында драмалық, трагедиялық күйлердің  барлығын,  оның  актерлік  ойнау  өрнегінде  көрерменді еліктіріп ерекше әсер  ететіндігін, шынайы сахналық шығарма үлгісінде қабылданатынын байқаймыз.            Осыған орай академик З.Қабдолов ежелгі заман поэтикалық синкретизмдегі эпос, лирикамен   бірге  ән бастаушылар  мен  қоштаушылар  диалогтарын, адамдардың дене қимылдарының, бет  құбылыстарының  араласуының "өнерге қолма-қол сахналық сипат беретін"  [4] ерекшелігін   атайды.

"Жар-жардың" осындай сахналық ерекшелігін ең алдымен танып, өзінің театр туралы алғашқы мақаласында ашып берген ұлы суреткер М.Әуезов болатын.       "Шынында,  ерте күнде ас пен тойда ұлы  жиында  ізденіп  келіп өлеңмен, әнмен айтысатын ақындар,  өз заманында театр жасамай, не жасады?  Солар  жасаған сауық елдің құр қуанып, құр   көңіл көтергенінен басқа, кәрі-жастың сай  сүйегін  босатып, аруағын шақыртып, барынша  қыздырып,  желіктірген  жоқ па  еді?" Онан соң  ұзатылатын қыздың   тойында еркек  пен  әйел  қақ  жарылып  алып, айтысатын жар-жар, салт ойынын  туғызатын театрдың өзі емес  пе? "Жар-жар" мен   "Беташар" бүгінгі заманның сахнасына қою үшін  ешбір  қосымша керек қылмайды. Солар сияқты            толып жатқан  айтыс өлеңдерінің қай-қайсысы  болса  да  қалай  болса  солай  қоюға  болады [1] – деген сөзінде  мұндағы  сахнаға  қатысты  актерлік  элементтердің барлығын,  оның  сахна  төрінде  актер  арқылы  орындауға  ыңғайлылығын,  ондағы сахналық құрылымды, мизансценалық  қалыптарды, актерлік ойынды соқырға таяқ  ұстатқандай етіп көрсетіп  отыр. Демек,  біз   өзіміз  іздеген  актерлік  орындаушылық  өнер  ұшқыны  мұнда барынша  айқын  көзге  ұрып   тұр. Мысалы,  "Қаракөз"  пьесасында   оны   орынды   да   оңды   пайдаланған.

Асан  салдың:

"Жар-жар айта біз келдік, еркем, сізге,  жар-жар,

Айтысқан сөз жарассын сіз бен  бізге,  жар-жар!

Қуаныш  тойыңды  құттықтаймыз,  жар-жар,

Тілеу  тілеп  алдыңнан  үй  мен  түзде,  жар-жар!

Жиылған  жұрт  ағайын  тілегіңде,  жар-жар

Еш  күмән  жоқ  оң  сапар  тілеуінде,  жар-жар!

Екі  асылдың  сынығы  қосылыпсың,  жар-жар,

Міні  бар  деп  айтпаймыз,  біреуіңді  жар-жар!

Еркелетіп  өсірген  бетін  қақпай,  жар-жар,

Жар атын да айтпағын зорын  таппай,  жар-жар!

Көп  тілеулес  ағайын  ортасында,

Бетін аштық сол сөздің келген ашпай, жар-жар  десе,  әрі  қарай  Сырым  бастаған   шымылдық  ішіндегілер:

Жар жақсы деп жаршылар көп айтады, жар-жар,

Өмір  көркі  жарменен  деп  айтады,  жар-жар!

"Жігіт  айтса   күлкімен  айтар  сөзін,  жар-жар,

Қыз  жыласа  уайым  жеп  айтады,  жар-жар!

Сал  жігітке  шырқаған  әні  қызық,  жар-жар,

Ағайынға  той  қылған  сәні  қызық,  жар-жар»

Қыз  не  десе  о  десін  аттанарда,  жар-жар,

Тізіп  алған  атаға  малы  қызық,  жар-жар

Мен жыласам жылайын қайғым айтып, жар-жар 

Іштегі  өртті  тығамын  айтпай  қайтіп,  жар-жар

Ұрыссаң - дағы  ата-анам  естісеңде,  жар-жар  

Мен бекіндім кетуге барым айтып, жар-жар! [5] – деп басындағы мұң мен  шерді  сүйгеніме  қосылсам-ау деген арман, дертті, Мөржан  бастаған топқа деген қарсылықты Сырымға   қосылып  айтқан  Қаракөз  аузынан  естиміз.

Сонымен  автор  халық өнер  түрлерін  қалай  пайдалану керектігін айтып қана қоймай,  өзінің драматургиялық шығармаларында  да кеңінен пайдалана  білген. Ол     "Жар-жарды"  сахнада нақты бір оқиғаға арқау  етіп ала отырып, оған  трагедиялық  мұң беріп,  кейіпкерлер арасындағы тартысты  шиеленістіре  түскен. "Жар-жар" айтысы Мөржан бастаған алқалы  топтың наразылығын  араластыра  отырып, оқиға желісін шиеленістіруге мол дәнекер болған. Ойымызды жинақтай келе                                 айтарымыз біз өзіміз іздеген актерлік өнердің тууына, дамып, қалыптасуына                   "Жар-жар"  өлеңінің  ерекше  әсері  бар  деп  айтуға  болады.

 Қыз  бен  жігіт  болып  бөлініп  айтысатын  "Жар-жардан" кейінгі қазақ қызының  жанкүйер  жақындарымен,  ел  жұртымен қоштасу  сәтін  білдіретін әріден келе жатқан салт  жырларының бірі – "Сыңсу". Бұл жырдың  бойынан да біздің актерлік ойынымызға тән  боларлықтай  ерекше  сәттерді  байқауға  болады.  Еріксіз  ұзатылып  бара  жатқан  қазақ  қызының мұң-шерін, арман-ниетін, наза  көңілін,  аянышты  тағдырын,  танытып  мұңмен  айтылатын  бұл өлең – актерлік  өнер  түріне,  өзінің  ұлттық,  салттық орындалу             жолымен   бір   табан   жақын.

"Заманым  өтті  басымнан,

Дәуренім  кетті  басымнан.

Ата-анам  еді  дәулетім,

Ағайын  жұрттым-сәулетім.

Жат  жұрттық  боп  кеткен  соң,

Кетер - ау бастан  сәулетім.

Айналайын, ел-жұртым,

Не  болар  менің  заманым,

Естіле  жүрер  дейсің  бе,

           Не болып жүрген хабарым...." [6] – деп  лирикалық  мұңды, психологиялық  көңіл-күйді  тудыруы,  сахнадағы  актер  толғанысын, көңіл-күйінің құбылысын білдіретін сәттермен салыстыруға болатын сияқты. "Сыңсу"  жырының  бойында  физикалық  әрекеттен  гөрі  адамның  ішкі  көңіл-күйі  арпалыстарын  білдіретін  сезім  басым.  Оның ата-анасымен,  туған  ауылымен,  туыс-жақындарымен, бірге өскен құрбы-құрдастарымен қимай қоштасып, жат-жұртқа  амалсыз кетіп  бара жатқаны, қам көңілі мен  іштей торығуы  сахнадағы  актердің  трагедиялық  күй кешу сәттеріне,  психологиялық әрекеттеріне жақын.  Сыңсудың  өзіне тән әуені, жеке  бастың күйіне байланысты  айтылу  мазмұны,  орындалуы  сахнадағы актердің  іштей  толғанысына  бара-бар.  Қыздың  құлазыған  көңілін,  қиналған  сезімін,  басына  түскен  тауқыметін білдіріп егіле сыңсуы, оған  кейбіреулердің  аяушылығы,  олардың  бет-әлпетіндегі  шарасыздық сипаты – сахнадағы  жеке  бір  кейіпкер  мен  көпшілік  топтың  актерлік   ара   қатынасын   білдіріп  тұрғандай.

Сонымен  бірге  қызға  ақыл-кеңес  ретінде  айтылатын  жұбату өлең  түрі  де актерлік  өнер  түрімен  сабақтасып  жатыр.  Мәселен  үшін: 

"...Жыламай  құлақ  салыңыз,

Бұл  сөзіме  наныңыз.

Мен  айтамын  өсиет

Тыңдап  ұғып  алыңыз.

Мұннан  көшіп  кетерсің.

Тең  құрбың  шықса  алдыңнан

Ойын-күлкі  етерсің.

Құрбы  келсе  күлгейсің,

Әдеппенен  жүргейсің.

              Салмақпенен  сөз  сөйлеп,

  Жақсы  жауап  бергейсің" [6] – деген  жыр  тізбектері оңаша емес көпшілік  қауым  алдында  айтылады. Оның шаруаға икемді, сабырлы, салмақты болуын, бөтен мінез көрсетпей, өтірік-өсекке берілмей тазалық сақтауын, ата-анаға бауырмал, ел-жұртының  сенімін  ақтауы  сияқты өсиеттер айтылады. Содан соң қыздың     тақиясын алып, сәукеле кигізіп, жас  келіншектер  киіндіріліп, отауға құда-құдиғилар  шақырылып көрімдік  сұралады.  Осындағы  әрекеттер  табиғатынан  актер  іс-әрекеттеріне келетін сахналық көріністі, алдын-ала  ойластырып  актерше  ойнауға  болатын ұлттық салт-дәстүр ерекшелігін  тануға  болады.

Содан соң сарын /аужар/ айту  рәсімі  өтеді.  Ол  еріксіз,  малға  сатылып,  теңіне  қосыла  алмай шалға  кетіп бара  жатқан  қыз  тағдырына  үн  қосқан   жеңгесінің  мұңға  толы  өлеңі.

Бірінші  жеңгесі:

"Ойнаушы  ең   бала  күнде  түйе  болып,

Жүріпті-ау  біреу  саған  ие болып,

Айдынның  аққуындай  қайран  қалқа,

Қазан  қайтіп  ұстайсың  күйе  болып?" – деп амалсыз  көзіне жас  алса,   екінші   жеңгесі:

Кішкене  болдың  түймеден,

Жіңішке  болдың  иенден.

Ерніңнен  сүт  кеппестен

Барасың  кетіп  кімменен? [6] – деп  қыз мұңын  одан  әрі тереңдете  айтса,  оған  сол  ауылдың бойжеткен қызы бар әйелдері  қосыла  жылап,  оның  трагедиялық  мазмұнын  қалыңдата түседі.  Міне,  осының  бәрі  сахнада ғұрыптық тұрғыда өтетін,  актердің  сахна  төрінде  әрекетке  баруына  қолайлы,  қиындық  туындатпайтын   дайын   сахналық   элементтер.

Сонымен сыңсу өлеңі бойынан да орындаушылық  өнер  түрін  көреміз, яғни актерлік өнерімізге негіз боларлық, актерлік  элементтер түрі бар екендігін байқау қиын          емес.  Біздің  актерлік  өнеріміздің  дүниеге  келуіне  сыңсу  өлеңінің   тікелей  қатысы  бар  десек  жаңылыспаймыз.

Актерлік өнер ошағы қалыптасқан  салт-жырлаының тағы бірі – Беташар".                      Бұл жоғарыдағы біз әңгімелеген "Жар-жарға" ұласатын ұлттық көркемдік дәстүрдің  жалғасы. "Беташар" – жаңа  түскен  келінге  үлгі-өнеге, насихат  айтатын  халық  арасына  кең  тараған  салт  өлеңі.  Мұны  орындаушылардың, яғни,  әр түрлі әуезге салып айтатын ақынның  әншілік және домбыра тартатын қабілеті жоғары  болған.  Бұл  орындаушыдан  табан астынан небір күлдіргі, айызыңды  қандыратын өлеңдерді суырып салып,  тыңдаушыларын  өз  өнерімен   баурап  әкететін  үлкен  актерлік  шеберлікті  талап  еткен.

Мәселен: "Бетіңді  келін  ашқаным

 Жаңа  жұртқа  қосқаным.

 Жасы  үлкенді  сыйлап  жүр,

 Құрмет  қылып  жасқанып...

 Айт  келін...енді  айт, келін,

 Өзіңнен  үлкен  адамның 

 Бетіне  тіке  қарама,

 Үлкен  кісі  келгенде

 Қатарласып  отырмай,

 Кейін  отыр  панада.

 Жасы  құрбы  екен  деп,

 Жаманға  болма  ашына.

 Ойынның  мәні  осы  деп,

 Әркімге  берме  шашыла...

 Ерте  тұрып  төсектен

 Қақаңдама  келіншек,

 Өзің  жатып  байыңа

 Тұр-тұрлама  келіншек.

 Аузы-басың  сүйреңдеп

Өсек  айтпа  келіншек..." [1] – деп  ақын   жігіт  жиналған  көпшілікті                  мәз-мәйрам  етіп, көптің көңілін сергіткелі, күлкіге  кенелткелі, айтып  жатқан  өлең  сөздеріне  әр  алуан ауық-ауық әзіл-қалжың араластыратын болған. Сонымен бірге ақын жігіт өлең   соңында   өзінің  келіннің  бетін  ашқаны   үшін  сый-сияпат  дәметіп  жаңа  түскен  келінге   жасы  үлкендердің  әр  қайсысына  жеке-жеке  сәлем салғызып, тағзым  жасатады. Араларында  пейілі тар, көңілі қара, сараңдары болса  оларды  жол-жөнекей әжуа-мазақ қармағына  іле  кетеді:

"Нар  берсеңіз,  мая  бер,

Үстіне  кілем  жая  бер...

Жылқы  берсең  биеден,

Кем  болмасын  түйеден...

Сиыр  берсең  қызылдан,

Шұбалақ  құйрық  ұзыннан.

Қой  берсең  үлкен  ағынан,

Егіз  болсын  қозысы,

Болмасын жалқы  тағынан"  [6].

Міне өздеріңіз байқап оырғандай, "Беташардың" айтылуының өзі  салт-дәстүрге құрылған,  актердің сахналық ойын өрнегінің ерекше бір  түрін  көрсетеді. Оған қатысушы топтың   әр  қайсысының  мизансценалық  орны,  актерлікке шектес орындаушылық тәсілі қалыптасқан. Айталық, жас келіннің басына  ақ  желек жамылып жеңгесінің икемімен жасы үлкендерге тағзым етуі, оны көпшілік  қауымның қоштап риза  болуы, айтушы ақынның  ауық-ауық  сөзін бөліп, келінге  сәлем  жасатуы,  осыған  жалғасатын  тағы  да  басқа дәстүрлік қимыл-әрекеттер сахнадағы  актер  ойынымен астасып жатқан дайын бөлшектер  тәріздес. "Беташар" нақты  бір  сюжетке жазылып, белгілі бір  төкпе                  әнге құрылған. Келіннің  бөтен  елге келген, енді сол елдің  үлкен-кішісіне жаға білуі,         үлкенді үлкендей, кішіні кішілей сыйлай білуі өлеңмен  айтылып, көпшілік қауыммен қабылданып,  ду-ду әңгіме, әзіл-күлкіге ұласуы,  қойылымның халықтық сахнасындағы  көріністерді  еске түсіреді.  Сонымен орындаушы  жігіттің әрекет шындығына сеніп,              сөз арқылы қимыл-қозғалысқа  түскені   анық.

Сондай-ақ беташарды айтушы жігіттің    өзін  қоршаған айналасымен қарым-қатынас          жасау ұшін ол маңайындағыларды көре,  ести,  сезе  тұрып,  олардың  тыныс-тірлігін  дұрыс  сезініп, терең   түсінетін  аңғарымпаздық  қабілеті  болуы  керек. Бұл қасиет актерлік  өнерде зейін  элементі  деп  аталады.  Сол  сияқты ақын  жігіт  беташарды тамашалап   тұрған көпшілік қауымды уысынан шығармай  ұстап  тұру  үшін  оның адамдармен қарым - қатынас  жасай  алатын табиғи қабілеті,   көпшілік  көңілін  өзіне  аудара білетін  актерлік қасиеті, орындаушылық шеберлігі жоғары  болуы    керек  болған. Демек, орындаушы   мен көрермен  арасындағы үздіксіз қарым-қатынас процесі  үнемі  жалғасып тұруы  қажет. Олай болса актерге аса қажет  алыс-беріс  сезімі,  қуат  жолығысы, өз ара қарым-қатынас тәріздес элементтер шоғыры орындаушы   жігіт   бойында  табиғатынан  бар  болған.

Әсіресе, көзге ұратыны "Беташардың" адамды мінездеуі, кісінің характерін жасауы   және оны көпшілікке жеткізу мақсаты – актерлік ойын-өрнегінің нақты бір  элементтерінен туындағандай  әсер  қалдырады. "Беташар" салт-дәстүрінен біз              сахнадағы актерлердің рөл орындағандай сәттерін  аңғарғандай боламыз.  Айталық, "Беташардың" бас  кейіпкері – келіннің  атасы  мен енесі,  игі  жақсылар, ауыл ақсақалдары тағы басқа  топтардың әрқайсысы сахнадағы рөл  орындаған  актердей өз міндетттеріне қарай басқалармен  қарым-қатынасқа түсіп, өз міндеттерін іштей сезімталдықпен, аса ыждақаттылықпен атқара  білген. Сондай-ақ  мұны айтушы-         ақынның сол тойдың  жүргізушісі  немесе  жетекшісі  болуы – режиссерлік өнерді еріксіз еске түсіреді. Ол  суырыпсалма, өлең  шығаратын әрі ауыл  адамдарының мінезін  білетін психолог, ең бастысы,  көпшіліктің  ойын-тойға  деген  талабын  шебер орындайтын өнерпаз болып көрінуі  актерлік  өнермен  іштей  қабысып  жатыр.

"Беташар" оқиғасының өрбуіне қарай орындаушының қимыл-әрекеті, дене            қозғалысы  да  рөл  үстіндегі  актердің  іс-әрекетіне  ұқсап  жатады. "Беташарды"    айтушы  ақынның актер  тәріздес өтіп  жатқан оқиғаны іштей  түсініп  соған  орай  суырыпсалмалық  әрекетке  баруы  және  оны қызықты  етіп  көрсете  білуі  орындаушылық  өнердің  ерекше  бір сәттері  деп түсінген жөн. "Беташар" өлеңін  айтушының  іс-әрекеті  мен мінез-құлық ерекшеліктері актерлің сахнадағы іс-әрекетеріне бір табан  жақын.  Айтушы  жігіттің  мақсаты жаңа түскен келіннің бетін ашып   көпшілікке таныстыру,  жас келіннің жақсы жақтарын сипаттап,  келген жерін мақтап   көпшілікке  өз  өнерімен  әсер  етуі  актердің  рөл  орындау кезіндегі  нақты бір қисынды әрекеттеріне  келеді. Орындаушы жігіттің актер тәріздес неше  түрлі  көңіл-күй құбылыстарына  түсіп   көңілді  әрекеттер  жасап,  үнін құбылтуы   актер ойынына ұқсас. Демек, беташар өлеңін  орындаушының   алдына қойған үлкенді-кішілі мақсаты,  актердің  рөл  орындау  барысындағы  рөлдің  көкейкесті  мақсатын  айқындау  үшін  жасалатын                 іс-әрекетіне келеді. Беташарды  айтушы  жігіт  актер  тәріздес  саналы  түрде  алдын  ала сөйлейтін  сөзін,  жасайтын   іс-әрекеттерінің  тізбектерін  дайындап  алып  отырған. Сонымен қатар оның беташар өлеңінің  сөздерінің  астарын  ашуы да   актердің  рөл сөзінің  астарын ашуына  келеді.  Ол беташар  өлеңінің  сөзін  нақты  бір   халықтық  әннің  әуенімен  айта  отырып актер  тәріздес   әрі  жатық, әрі  әдемі   айтып   жеткізуге   тырысқан.

Сонымен, ұлттық  сахналық  элементтер  халық  шығармаларының  көптеген  түрлерінде  дами  қалыптасып,  бүгінгі  актерлік  өнердің   нәр  алар  мәйегі  болып  отыр. 

 

 

Пайдаланылған  әдебиеттер:

 

1.М.Әуезов. Шығармалар. 11-том. Алматы, "Жазушы", 1969.

2.Ш.Хұсайынов.,Дүйсенбаев Ы.  Қазақтың     ауыз   әдебиеті    және ойындарындағы    театрлық  элементтер // Ш.Хұсайынов. Өнер  өрімдері:  Мақалалар,  әңгімелер.  Пьесалар,  киноповестер, аударма.     Алматы, 1991.

3.Айтыс. Қазақ халық әдебиеті. 1-том. Алматы, "Жазушы", 1988.

4.З.Қабдолов. Сөз  өнері: Әдебиет теориясының негіздері. Алматы,   "Мектеп", 1982. 

5. М.Әуезов. Мақалалар, әңгімелер, аудармалар, пьесалар 1921- 1929.

6.С.Қалиев, М.Оразаев. М.Смайылова. Қазақ халқының салт-дәстүрлері. Алматы, "Рауан", 1994.