Актердің мәдени сөйлеу шеберлігі мен тіл техникасы

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ- түрік университеті

Актерлік өнер кафедрасының аға оқытушысы

Ұ.А.Кулетова

Қазақстан Республикасы, Түркістан қаласы

Актердің басты мақсаты – тіл байлығының құнарын сезіну, ойналып жатқан образды тіл техникасы арқылы сомдау болып табылады. Болашақ актер үшін сахна тілі-тіл техникасының сан қырлы сыры мен қол жетпес құндылығы тілдің тұңғиық құпиясына қазық болып қалады. Қазіргі таңда тіл мәдениетінің көкейтестілігі арта түсті. Тіл мәдениеті білімгерлердің тілін ұстарту міндетін жүзеге асырудың амал-тәсілдерін көрсетеді. Тіл қарым-қатынас құралы. Адамның ой-өрісін, мәдени дәрежесін, ақыл-парасатын, рухани байлығын көрсететін айна. Тіл мәдениетіне тән нормалар білімгерлердің таза, нақты, әдеби тілмен сөйлеуге, диалект сөздер қолданбауға, сөйлеген сөздері жатық, әсерлі, түсінікті болуын қадағалайды. Сонымен қатар, олардың мәнерлеп оқуын, сондай-ақ өз ойларын логикалық тұрғыдан байланыстыра, жүйелі айту дағдыларын қалыптастыруға тиіс. Тілмен жұмыс жасау барысында әрбір сөздің қажеттілігі мен ойландыратыны актерден мәтінге үңіле қарауын талап етеді.

Актер оқиғаны тыңдаушысына жеткізуде әңгімелеуші сюжет арқылы емес, өзінің анық тілі мен зерттелген сөзбен жеткізіп түсіндіреді. М.Балақаевтың мәдениет туралы айтқан анықтамасын тіл мәдениетімен жалғастырсақ ол өз ойын былайша көрсетеді: «Тіл мәдениеті дегеніміз - тілдік тәсілдердің ширау, жетілу дәрежесі. Сонымен қатар, ол тіл жұмсаудағы ізеттілік, сауаттылық қана емес, тілдік тәсілдерді, фонетикалық, орфографиялық, орфоэпиялық, морфологиялық, синтаксистік, стильдік құбылыстарды ұқыпты, дұрыс қолдану дағдысы» [1, 17 б.]. Қарап отырсақ, мәдениеттің өзі екіге бөлінеді екен. Материалдық және рухани мәдениет. Соның ішінде тіл мәдениеті рухани мәдениетке жатады. Салауатты әрі мәдениетті адамдар үшін дұрыс сөйлеп, сауатты жазу қандай міндет болса, сөздердің мағынасын түсініп, астарын ашып, мәнерлеп сөйлеу негізгі шарттың бірі. Дер кезінде керекті сөзді қолдана білу, айтатын ойыңның мағынасын бөліп-жармай жеткізе білу, сөзді жүйелеп айту – мәдениеттіліктің белгісі.

Актердің өзіне берілген рөлмен жұмыс жасауы, драматургтің сөзбен жазған шығармасын спектакльге айналдыруы – бәрі де тіл байлығымен жүзеге асатын процесс болып табылады. Актердің мәдени сөйлеу шеберлігін қалыптастыруда драмалық емес, мақал-мәтелдерді, нақыл сөздерді көбірек пайдалануға болады. Өйткені, мақал-мәтелдің астарында жасырынып жатқан ой асылын ұғынуды қажет етеді. Мақал мәтелдерге құрылған диалогтық сөз тізбектері актер қызуқандылығын көтеріп, сезімдерін ұштайды. Болашақ ұрпақ тәрбиесіне ежелден көңіл бөлген қазақ елі мақал-мәтел, нақыл сөздерді барынша қадірлеп, барлығынан биік қойған. «Ендеше, сөз құдіреті қазақ халқы үшін бағасы шексіз қазына. Сөйлеу мәдениетін жетілдірмейінше, ақыл-ой парасаты қалыптаспайды. Яғни, дұрыс сөйлей білу дегеніміз – дұрыс ойлай білу. «Жүйелі сөз жүйесін табар» деп дұрыс ойлап, дұрыс сөйлей білудің үлкен өнер екенін ұрпақ зердесін ұялатуда үлкен мән жатыр» [2, 234-35 б.].

Сөз – актер үшін тек үн емес, бейнені тудырушы. Актер үшін басты міндет, біріншіден, сөз астарын ашу, екіншіден сөзді түсіну арқылы өзінің сахналық тәртібі бойынша интонация, қозғалыс қимылын, мимика, сөз, сахналық әрекеті арқылы сыртқы кескінін шығару. Білімгердің ұшқырлығы мен тапқырлығын және сөзді дұрыс қолдана білу тәсілін шыңдау үшін тренинг жаттығулар қажет.  Сондықтан оқу процесінің алғашқы жылдарында көркем сөзбен жұмыс жүргізу кеңінен қойылған. Сабақ процесінде білімгерлер арасында мақал-мәтел сайысын, ұсынылған жағдай немесе тақырып бойынша тренинг жаттығулар өткізген дұрыс.

Мысалы, мақал-мәтел арқылы білімгерге төмендегідей жаттығулар легін берейік:

1.                  Білімгерге мақал-мәтел тізбегі арқылы достыққа үндеу, дінді уағыздау, білімге ұмтылдыру, ұлтжандылық секілді ұсынылған жағдайды тапсырайық. Мақал-мәтелдерді байланыстыру үшін, одағай, қаратпа сөз және көмекші етістіктерді ғана қолдану қажет.

Мысалы: Бауырларым! Құдайға құрмет елдің салты, еліне құрмет ердің даңқы. Шариғат ағып жатқан бұлақ, бұрынғының сөздері – жағалай біткен құрақ демекші, ораза намаз тоқтықта, отыз күн оразаның бір айты бар, әр қылған жақсылықтың бір қайты бар деген. Құран сөзі – құдай сөзі. Діні пәктің ділі пәк, ділі пәктің тілі пәк. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, заман ақыр болғанда пір мүриттерін іздейді. Құдайдың алдында бай да, кедей де, бәрі құл. [3, 41-62 б.]

2.                  Енді жұптық тапсырма бойынша қыз айттыру, достасу немесе ғашықтық тақырыбында диалог құруды тапсырайық. Бұл жағдайда да артық сөз қосылмау қажет.

Мысалы: қыз айттыру:

1 білімгер: Замандас! Апасы киген тонды сіңілісі де киеді демекші, қыз алмаған жігіттің, қырық қызда дәмесі бар көрінеді. Көш бастаған серкеміз болмаса да, ел ішіндегі еркеміз. Қымызды кім ішпейді, қызды кім айттырмайды...

 2 білімгер: Бөрі алатын жігіт бөрігінен белгілі, жау алатын жігіт серігінен белгілі емес пе? Жылуы болмаса, түбіт қасиетсіз, жігері болмаса, жігіт қасиетсіз. Әкесінің ақшасына үйленген, әйелінің қадірін білмейді. Әр құстың лайықты жемі бар, әркімнің лайықты теңі бар. Тең теңімен, тезек қабымен.

1 білімгер: Біз де кісі болармыз, атқа кісен салармыз. Сыртын көріп ішінен түңілме, қарасын көріп, күшінен түңілме. Ас таңдасаң аяғына қара, қыз таңдасаң анасына қара деп келгенбіз. Алқатсаң алқат қызыңды, ақтар ол дәм-тұзыңды. Өзім дегенді өзекке теппе. Алыс та жақын болар жолын тапса, жақын да алыс болар қолын қақсаң. Мал – баланың шашуы, алыңыз [4, 18-35 б.] т.с.с.

«Қазақ халқының тілі бай, әрі көркем тіл. Сан алуан көрікті де, қанатты сөздер, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер мен нақыл сөздер халық тілінде көркемдеп бейнелеуші, өрнектеп мәнерлеуші тәсілдер де сонда..» [5, 58 б.], деп белгілі ғалым М.С.Серғалиев дөп басып айтқан. Сөзді әдемі жаза білу бар да, сауатты сөйлеу және халыққа оны мән-мағыналы етіп жеткізу бар.

Тілдік норманы қалыптастыру, сауаттылық, тіл тазалығы, сөздерді дұрыс айту, дұрыс жазу тіл мәдениетінің басты талаптары болып табылады. А. Жапбаров тіл мәдениетінің жоғары болуына мынадай талаптар кояды:

- сөздің жүйелі, анық, түсінікті болуы;

- сөздің тілдегі орфоэпиялық, грамматикалық, лексикалық нормаларға сай дұрыс құрылуы;
- сөздердің қажет еткенде бейнелі, көркем, эмоциялы болуы;

- сөздердің тыңдаушы немесе ортаның қажеттілігіне сай болуы. [6,139 б.]

Демек, дикцияны тазалап, орфопиялық норманы дұрыс сақтау, тілге арналған гимнастикаларды жасап, тілді жұмсарту керек. «с» - «з» әріптерін айту барысында, «ш» - «ж» дыбыстарын қосып отырған абзал және оны тыңдай алу керек. Жаттығуды алдымен бір буынды сөздерден бастап, дауысты дыбыстарды қосып, шағын мақал-мәтел мен жаңылтпаштарға ұластыру керек.

Жаттығуды айту барысында тіл мен тістің орналасуына, сол әріптердің айтылу заңдылықтарына көңіл аудару қажет. С,з әріптерін айтқанда тілдің ұшы алдыңғы төменгі тістерге жанасады, ал ж,ш әріптерін айтқанда тілдің ұшы жоғарғы тістерге көтеріледі, бірақ қатты таңдайға жанаспайды.

Тіл тазалығы- ғасырлар бойы дамып қалыптасқан сөздік қор, грамматикалық құрылыс, фонетикалық заңдылықтармен қатар, ресми түрде қабылданған орфоэпия, орфография ережелері, терминдер және оқулықтар мен оқу құралдарындағы нормативті ереже нұсқаулардың жиынтығынан құралады. Сөйлеу тіліндегі ешқандай ережеге сыймайтын ала-құлалықтарды бір қалыпқа түсіріп, оларды әдеби тілдің нормасына айналдырудың әрекеті- сөйлеу мәдениетінің талабы. Енді, төмендегі әріптер тізбегін айтып көрелік:

Сасса,  сэссе,  соссо,  суссу,         шашша,  шэшше,  шошшо,  шушшу

Зазза,  зэззе,  зоззо, зуззу              жажжа, жэжже, жожжо, жужжу

 

жздра, жздре, жздро, жздру         шстра, шстре, шстро, шстру

зждра, зждре, зждро, зждру         сштра, сштре, сштро, сштру - бұл тілдің ұшы еркін қозғалу үшін жасалынатын гимнастика.

Орфоэпия ұлттық тілдің қалыптасуы мен дамуына тікелей байланысты. Мысалы, [ш]-мен сөйлеу: [шаш]—[чаш] емес, [ұш]—[үч] емес, [ж]-мен сөйлеу: [жарқын]—[джарқын] емес, [жақсы]— [джақсы] емес т. б. Сондай-ақ жалпыхалықтық тілде кездесетін "л" - "д" дыбыстық нұсқ апа- рының маңцай (маңлай диал.) жылқылар (жы- лқыдар диал.) болып айтылуы ұлттық әдеби тіл нормаларының қалыптасуымен байланысты.

Мәтінді талдау барысында төмендегі ескертпелерге тиянақты зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет:

- керекті сөздің әдеби вариантын қолдану, ретсіз енген, баламасы бар кірме сөздерді, жергілікті тілге тән диалектілерді, жаргон сөздерді тұс-тұстан қолданудан қашық болып, реттеп отыру;

-  тілдегі ауызекі, ресми іс-қағаздарды, публицистикалық, көркем поэзиялық, ғылыми стильдердің әрқайсысының ерекшелігін сақтап отыру;

- сөйлеу әдебінің сақталуы;

- тілдегі көркемдік құралдар, тіл байлығын, оның мүмкіндіктерін пайдалану;

- сөйлеуде тілдің өз заңдылықтарына қатысты халықтың ұлттық ерекшеліктерін сақтау;

- сөйлегенде ойдың көлемі, мазмұндық құрылымы, хабардың жеткізу жүйесін реттеу[7,305 б.].

            Осы ескертпелерден тілші-ғалым Р. Сыздықованың сөздері есіңе еріксіз түседі: «Тіл мәдениеті дегеніміз - сөздерді дұрыс орнымен қолдану (лексикалық), дұрыс құрастыру (синтаксистік), дұрыс қиюластыру (морфологиялық), дұрыс дыбыстау (орфоэпиялық), сауатты жазу (орфографиялық), тілді әсерлі етіп жұмсау(лингвостилистикалық) нормаларын ұстану, орнықтыру, жетілдіру»[8,24-25].

Болашақ актер қай кезде, кімге, қалай сөйлеу керектігін және сөз астарының салмағы қандай екендігін сезінуі шарт. Яғни, сөз астарының қатпары қалың. «Әрбір әдемі ой, әдемі айтылады, қалай айтуды ойламаңдар, не айтуды ойлаңдар» - дейді Гете. Сөздің жаман, жақсысы жоқ, бірақ қажеттісін саралай білу керек. Кейде, «көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда өңі қашады»- деген Абайдың сөздері кері ұғым береді. Өйткені, дайындықты қажет етпеген сөз – бос сөз. Іштей пісіп жетілген, зерттелген, толыққанды түсінген сөздеріңді серіктесіңе айтып, оны қабылдау, сенің өткізе білу процесің шыңдалмаса, сөз ойналмайды.

Тәжірибелік сабақтардың бірінші кезеңінде тіл әрекетіндегі жеке тәжірибесіне, текстерді құрастыру дағдыларын қалыптастыруға байланысты әртүрлі іс-әрекетте кәсіптік сөйлеу мәдениетінің  дағдыларын меңгеруге көмектеседі. Бұл үш жақтама:

а) сөйлеу процесінде білім сферасын байытуға;

ә) сөйлеу әрекетінің мәні мен функциясы жайында білімі мен түсінігін тереңдетуге;

б) шығармашылық тәжірибесін жинақтауға тікелей бағытталған.

Екінші кезеңінде оқытудың құрылымды-логикалық тәсілін қамтитын проблемалық диалогтық әңгіме әдісіне көп көңіл бөлінеді:

-         белгілі драматургиялық шығарманың мәнін түсінуге бағытталған студенттердің интеллектуалды жеке кәсіптік тәжірибесінің маңыздылығы;

-         Классикалық шығарманың қойылуы мен оны шешу жолдарын жобалау;

-         Серіктеспен қарым-қатынас жасау барысында диалогты шығармашылық жағынан талдау процесі;

Осы арқылы студенттердің эмоциялық, ойлау сферасын жандандырып, кәсіптік сөйлеу мәдениетінің теориялық, практикалық жайында қызығушылығын тереңдетіп, шығармашылық шешімін табуға жол ашады.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

 

  1. Балақаев М. Қазақ тілінің мәдениетінің мәселелері / М.Балақаев.-
    Алматы:Қазақстан,1965.-186 б.
  2. С.С.Байсарина. ХҚТУ, «Хабаршы» журналы №1, 2007 ж. 234-35 б.б.
  3. Қазақтың мақал-мәтелдері. Алматы, 2005 ж.
  4. Тұрманжанов Ө. «Қазақ мақал-мәтелдері». А., «Ана-тілі», 1997. 
  5. М.С.Серғалиев, «Қазақ тілінің стилистикасы» Алматы. 1994 ж.
  6. Жапбаров А. Қазақ тілі стилистикасын оқыту негіздері.- Алматы:
    Қазақ университеті, 1991.-156 б.
  7. Кунапьянова А. Д., Аубакирова Л. Р. Тіл мәдениетінің өлшемдері
    және оған қойылатын талаптар / А. Д. Кунапьянова, Л. Р.  Аубакирова // «С. Аманжолов оқулары – 2004»: Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары.- Өскемен: С. Аманжолов атындағы ШҚМУ баспасы,2004.-464 б.
  8. Сыздық Р. Тіл мәдениеті және оның проблемалары / Р. Сыздық
    // Тілдік норма және оның қалыптануы.-Астана: Елорда,2001.- 230 б.