АЛҒАШҚЫ САХНАЛЫҚ ҚОЙЫЛЫМДАРДАҒЫ АКТЕРЛЫҚ ОЙЫН   

 

Аға оқытушы А.Сейтметова

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

Қазақстан Республикасы, Түркістан қаласы

 

 Қазақтың  актерлік  өнерінің  туу, қалыптасу және даму  кезеңдерін  халық  шығармашылығынан  бөле-жара қарауға болмайды. Біздің  актерлік  өнеріміз  халық  шығармашылығының  ұланғасыр  дәстүрінің  дамуы  мен  жалғасы  деп  қарастырсақ  жаңылыспайтын  сияқтымыз. Сол кездегі театр  труппасының  негізін  қалағандар да  ел  арасына  кеңінен  тараған  халық  өнерінің  қайталанбас  хас  шеберлері  болды.  Олар  жаңа  ғана тәй-тәй  басып,  дүниеге  келген  театрға  орындаушылық  өнерді өздерімен  бірге  ала  келді. Сонымен  қатар  олар  сахнаның талабына сай қал-қадірінше  көптеген өзгерістер енгізіп, өздерінше  дамытып, жаңа  өнердің  өзіндік  бір   түрлерін  дүниеге  әкелгені  талас тудырмайды. Тұңғыш өнерпаздарымыздың актерлік өнердегі алғашқы қадамын, халық өнерінің  шығармаларын  орындаушылардың  бәрінен  байқауға болады. Ал драматургиялық  шығармалардың тууы – бұл  процесті  мүлде  жеделдетіп  жібергенін  дәлелдеп  жатудың өзі  артық. Пьесаның  қолжазба  күйінде-ақ  немесе  поэмалық  шығармаларды  сахнаға  бейімдеу  тәсілдерін   қолдануын  театр мен  драматургия  зерттеушілері дәлелдеп отыр. Профессор  Р.Нұрғалиев  "Қазақ  драматургиясының   барлық  жанрларының негізгі қайнар  көзі,  алтын  арқауы, күре тамыры ауыз әдебиеті, фольклордың сан   алуан   нұсқалары"[1] – дейді.

Театр  тарихын  зерттеушілердің  дәлелдеріне  қарағанда  халық  өнерінің  шеберлері  өздерінің  тұңғыш қойылымдарынан бастап, жүктелген  рольдерін шын  мағынасында  келістіріп  орындап,  кәсіби актерлік өнердің негізін қалады.  Семейдегі   "Ес – Аймақ", кейіннен "Жылжымалы  губерниялық  труппа", Орынбор, Омбы,  Ақмола, Ташкент  т.б.  қалалардағы  әуесқойлық  театрларда  актерлік өнердің сипатын танытатын  спектакльдер қойыла басталды. Рольдерді  орындаушылар  көрермен  қауымның  алдына  шығып,  бірте-бірте  сахнада әрекет  жасауға  дағдылана  бастайды. Пьесадағы  өмірді  өзінің             ой-түсінігінен  өткізіп,  жансыз  кейіпкерлерге  жан бітіретін актерлік  өнердің  алғашқы қадамы  ұлттық  топырақта  басталғанын  театртанушы  ғалым   Бағыбек  Құндақбаев  дәлелдеп  шыққан. Рас, алғашқы орындаушылар өнерінде көркемдіктен гөрі  еліктеушілік,  күнделікті  тірліктен сол "күйінде" көшіріп алуға,  натуралистік  суреттеуге   көбірек  иек   артқаны  ақиқат.  Ұлттық  театрдың  алғашқы  туу,  даму,  қалыптасу  кезеңдеріндегі  актер  өнері  негізінен  халық өнерінің орындаушылық сипатына  сүйенген. Халықтық кәусәр  бұлақтан  сусындаған талантты  өнерпаздарға  өзі  көріп,  біліп  жүрген  құбылысты парықтап, оған араласатын кейіпкерлердің бейнелерін суреттеу ешбір қиындыққа  түспеген.

Алғашқы сахналық қойылымдарда негізгі салмақ көбінесе сөзге түсіп, ал әрекеттің нақты өзіндік формасы анықталмай тек сөзге ілесіп отырды. Ойналып жатқан сахналық көріністер көбінесе сөздің пластикалық иллюстрациясы тәріздес көрініп келді. Сөз бен әрекет арасындағы органикалық байланыс сахнада ұзақ жылдар аралығында қалыптасып барып бекіді.

Театр  және  актерлік  өнер  көпшілік  қауыммен  атқарылатын мерекелік  құбылыс  тәрізді туып,  дамып  келді.  Көрермен  қауымның   орындаушылық  өнерге,   орындау   шеберлігіне  деген  ілтипаты   күннен  күнге  артып,  уақыт  өте  сол   қауымды   өнерді   түсінуге,   қабылдауға,   бағалауға   тәрбиеледі.

Эпос,  ән,  ұлттық  дәстүр,  ақындар  айтысы,  халық  арасынан  шыққан  әңгімешілер,  сөз  шеберлері театрдың құрылуы мен дамуына,  есеюіне,  қанаты  қатып  көтерілуіне  тікелей  нақты  ықпал  етті. Сонымен   қатар  жаңа  туған сахналық  жас  өнер  мәдени ортаны  орнықтыратын, тұтас қауымды көркем-эстетикалық  әсерге  бөлейтін   рухани   қуаты    күшті    құбылысқа   айналды.

Ал  мемлекеттік  театр  ашылғаннан  кейін  де  сахнадағы құбылысты "өмірдегідей" етіп  көрсету,  яғни натурализмнен бастау алып келе-келе  этнографиялық   дәлдікке  бет  бұру – актерлік  өнер дамуының белгілі бір  белесі,  әуесқойлықтан  кәсіпқойлыққа барар ілгерілеудің бастамасы болды.  Бұл  ілгерілеу,  әрине  әуесқой   сахнадан  бастау  алғанымен,  шынайы  өнерлік  сипатын  Қызылорда  қаласында  ашылған  тұңғыш  ұлттық   театрдың   әрбір  қойылымын   саралай  отырып  айқындауға  болады.  Мұндағы театрдың труппасына  топтасқандар  шетінен  тума  дарын,  тамаша  әнші-күйші,  "сен  тоқта, мен  сөйлейін"  деген  халық  арасынан  шыққан  майталмандар күрделі  өнерге   жылдам   бейімделіп   кетті.

Театр ашылғанда шағын  пьеса  немесе  бір  актысын  ғана  көрсетіп,  артынан концерт  беру  сол тұстағы ұлттық сахна өнерінің басты  ерекшелігі. "Туа актер болғандар" сахнаны  жатсынбай орындаушылық  өнерді  бірден  бастап     кетті. Театрдың негізін қалағандар – шетінен  халық  өнерінің  майталман  орындаушылары. 

Халық арасынан шыққан әңгімешіл қазақ пен бүгінгі актер арасында ерекше бір табиғи ұқсастық бар. Олардың көркем мәнерлі орындау өзгешеліктері  бүгінгі актерлік өнердің заңымен, табиғатымен астасып-араласып жатыр. Шаршы топ алдында әңгіме айтушы өнерпаз халық алдында дара өнер тудырушы актер іспеттес қабылданып, бағаланып, қастерленіп келген.

Сонымен тұңғыш ашылған ұлттық театрдың алғашқы актерлері әуелі біраз дайындықтар жасап, репетиция үстінде пьесаның мазмұнымен танысады, ой бөлісіп, жеке кейіпкерлерге өздерінің пікірін білдіреді. Әрі қарай өздері талай көрген, естіген адамдардың кейпіне енуге тырысады. Жарқыраған тума дарындар М.Әуезов айтқан "қолайлы топырақта" шынайы актерге тән өнерімен көрінген.

Тұңғыш  актерлеріміз  өздерінің  табиғи  дарындарымен  бірге,  орындаушылық театрлық  элементтерге  /сипаттарға/  сүйене  отырып,  актерлік  өнерді  дүниеге  келтірді.

Қазақ театрының Қызылорда кезеңінде драматургияның жанрлық сипатына қарай жекелеген кейіпкерлердің рольдерін орындайтын шеберлері болған. Актер соған машықтанып, әлгі кейіпкерлердің бейнесін барынша толық жасаған. Мәселен, М.Әуезовтің "Еңлік-Кебек" қойылымы, оған қатысқандар театрға келмей тұрып-ақ сахнада талай рольдер ойнап, өздерінше тәжірибе жинақтаған, шаршы топтың алдына шығып жүрген халық өнерінің шеберлері.

Міне, енді трагедияның "билер қақтығысы" деп өздері ат қойып алған сахнасы кәсіби театрдың екінші қойылымы. ...Сахнаның  құрылымы әдемі көмкерілген киіз үйдің іші. Өздерінің әлеуметтік  дәрежелеріне қарай дөңгелене отырған билердің  ортасында ерекше көзге түскен Қараменде екі жақтың дауын шешетін төбе би рөлінде. Бәрінің ынтасы ортада, бір-біріне  алма-кезек өткір диалогтар тастап өліспей беріспейтін қызу тайталасқа түскен Еспембет пен Көбей бидің әрекеттеріне ауған, кім қалай сөйлейді, кім жеңеді, ел тағдыры қалай шешіледі, жұрт аңсары соған ауған.

Түсі суық, қабағынан қан жауған, қолындағы қамшысын  салмақтай тастап, өткір де өктем сөйлеп отырған Еспембеттің ролін Серке /Сералы/  Қожамқұлов ойнаған. Оның сөз саптауы мен қимыл-қозғалыстары ерекше. Оның кейіпкері сонау бала кезінен талай көріп, талай естіген билердің ішіндегі аса бір қатал да алғыры болып бейнеленген. Актер өз рөлінің әлеуметтік сипатын, сыртқы пішінін, психологиялық толғаныстарын барынша мол қарастырған. Оның алшақ басып сахнаға шығуынан кейіпкер бейнесіне лайық актерлік бейнелеу тәсілдері еркін көрініс береді. ...

Жан-жағына бұрылмастан, отырғандармен ерінінің ұшымен амандасып, өзіне тиісті орнына жайғасуынан ызбарлы да жайсыз бидің кескін-келбеті орындаушының  өнерімен өріліп суретке түскендей көрініс берген. Белін шешіп, шапанының етегін тізесінің астына басып, тобықтыларға алара қарауынан даудың қантөгіссіз  бітпейтінін сездіргендей. Айқастың шаңы көтеріліп қан сасығандай әсер қалдырады. Оның "...шолақ байталдың құйрығындай Тобықты үстемдігің асты деймін" [2] - деп басталатын әйгілі сөзінен ымыраға келмейтін дауды онан сайын ушықтырып жіберетін әрекеттері - актер ойынының драмалық арқауы. Екпіндетіп басталып өктем сөйлейтін Еспембет  бидің  қимыл-әрекеті  еш жерде босаңсымай  ширай  түседі,  "екінің бірі", - деп қарсыласын айтқанына  көнбесе  бүркітше  бүріп  алатын  жыртқыштық  кейіпке  енуі - бидің табиғатына  лайық  суреттеу. Кәсіби  актер  шеберлігінің  өмір шындығынан алынатын және  ізденістен  туатын  нәтижесін  өзі де: "сахнадан  көрсетер  барлық  мінез-құлық,  түр-түс,  айла  әрекеттер  айналаңда  жүрген адамдардың  бойында бар емес пе.  Ол  үшін  көңіл  зеректігі  керек-ақ. Ал  енді,  образ  жасаудағы  тағы  бір  басты  мақсат  әр  рольдің  өзіне тән  үн  табу.  Рольдің   үнін  тапсаң  әрі  қарай  өзінен-өзі  келе береді.  Тек  сол  үнді  өршітіп,  өсіріп,  ширықтырып  шыңдай  білу  керек" [3] - деп атап көрсетеді.

Зерттеушілердің  айтқандарына  қарағанда  актер  әрбір  қойылым  сайын өз ролін тың бояулармен толықтырып  отырған көрінеді.  Шеберлігінің  қалыптасуына  ерекше  ықпал  жасаған  бұл  роль  С.Қожамқұловтың  атын  әйгілейтін  сахналық  табысы,  келешектегі  актерлік  ізденістеріне  жол  ашқан  шығармашылық  адаспас  компасы  болды.  Осы  сахналық  бейнесімен-ақ  С.Қожамқұлов  ұлттық  актер өнерінің  өзіне тән  мектебін  жасауға  мол үлес  қосты.

Енді  осыған  қарама-қарсы  Көбей  бидің  тұңғыш  сахналық  бейнесіне  тоқталып  көрейік.  Бұл  рольді  ойнаған Қ.Қуанышбаев  табиғатынан актерлік  өнерге  бейім,  сахна  үшін  жаралған  жан  екенін  танытты.  Көбей  оның  мемлекеттік  театрдағы  актерлік  өнерінің бастамасы.  Пьесаның  мазмұнына  қарай  сөзге  шешен,  "көмей  бидің"  бейнесін  жасауда  өзінің  өмірлік  тәжірибесіне  сүйенді.  Ол  өзі  Арқада  жұртты күлдіріп,  ән  салып,  сауық  құрып  жүрген  кезінде  небір  сойқан  билер  шайқасын  көзімен  көрген,  кейбір  бай-манаптар  мен  билерді  өзі  де  әжуа-мысқылға  алып  жүрген  тұстары  болды.

Енді  міне,  солардың  бірі  - Көбейді  өз  руының  айыбын  іштей  сезінгенімен  өз "тентегін"  қызғыштай  қорғап  Тобықты  елінің  намысын  қолдан  бермеуге  ұмтылған  бидің  табиғатын  нанымды  ашқан.  Актер  ең  алдымен  би  араласатын  оқиғаның           мән-мағынасына  жетік,  оған  қатысатын  билердің  сыр-сипатына,  мінез-құлқына,  қимыл-әрекетіне  іштей  қанық,  ар  жағынан  табиғи  дарыны  мен  ішкі  түйсік  арқылы  қисынды  жолмен-ақ  алып  кеткен.  Ол  Көбейдің  сөзге  жүйрік,  аспай-саспай, ойланып     айтатын  байсалдығына  баса  көңіл  аударған.  Оның    Еспембеттің  қисық,  қыңыр,  содыр  сөздерінен  именбей  әзілге  айналдыра  астарлай  сөйлеудің  өзі  көпті  көрген  көне  көз  бидің,  жақсыны  да,  жаманды да  алыстан  болжайтын  көреген  бидің  кескін-келбетін  келтірген.  Қ.Қуанышбаевтың  байсалды  да  салмақты  жүріс-тұрысынан  ойлылық,  сабырлылық  аңғарылған.  Ол  Еспембет  аузымен  айтылатын  мақал-мәтелге  толы  шешендік  сөздерді  емеурінінен-ақ  танып,  соған  орай  бұл  да  өз  өнерін  асыра  көрсетуге  ұмтылады.  Ол   бидің  іштей  тынымсыз  арпалысына  көңіл  бөлген.  Актердің бет-жүзіндегі  кейбір  қобалжу  белгісі,  Тобықты  жағының  айыбын  сезінуден  көбіне  төмен  қарап,  басын  көтермей  сөйлеуі  де  би  тәсілі  екенін  орынды  аңғартқан. Оның  көпті  көрген,  өмір  тәжірибесі  мол сұңғылалығы  актер  ойынының  арқауы  болған.  Әрине  мұндағы  шеберліктің басты  шарты,  жалпы  актерлік  өнердің  негізгі  талабы  сахналық  сөзде  жатыр. Ұлттық  актерлік  өнердің  қалыптасуына  сол  тұңғыш  актерлердің  сөзге  шешендігі, сөздің  сөз  қасиетін терең  ұғатын  ерекшеліктері - шеберліктерінің  басты  шарты.

Алғашқы  актерлеріміздің  ескі  ауыл  өміріне  жетік,  елдің  әлеуметтік  сипатын  қиындықсыз-ақ  ажыратып,  сол  ортада  тірлік  кешкендердің  бейнесін  барынша  нанымды  суреттеуі - олардың  сахналық  өнерге  деген  құштарлығы  мен  сенімділігін  арттыра  түседі.

Сонымен  "Еңлік-Кебек"  қойылымы  театрдың  дүниеге  келгенін  жарияласа,  оны  сахнаға  шығарған  актерлік  өнер  аренаға  шықты.  Әрбір  жаңа  қойылым  оларға  шығармашылық  қанат  бітіріп,  шыңдай  берді.  Ендігі  спектакльді  бұрынғыдан  да  түрлендіріп,  өздерінше  жаңа  бір  көркемдік  сатыға  көтеруге  ұмтылады.

М.Әуезовтың  "Қаракөзі"  осындай  ізденістің  нәтижесінен  туған.  Мұндағы              сал-серілер  өмірі  роль  орындайтын  актерлерге  бала  кезінен  етене  таныс,  талайының  өнеріне  тамсанып,  өздері  де  соларша  өнер  көрсетіп,  солардың  тірлігіне  ұқсас  өнер  өткелдерінен  өтті.

Кең  байтақ  қазақ  елінің  түкпір-түкпірінен  жиналған  алғашқы  актерлеріміз  шетінен әнші,  сықақшы,  домбыра  мен  қобыздың  құлағында  ойнаған  бесаспап  болуы  олардың  шеберліктерінің  жылдам  дамып  қалыптасуына  ерекше  ықпал  жасады. Сонымен бірге  олар  режиссерлік  жұмысты,  декорациялық көркемдеуді,  қысқасы  қойылымдағы  қажет  дайындықтарды  өздері  атқарды.  Ол  кездегі  режиссер  қойылатын  шығарманың  көркемдік  және  идеялық  ерекшеліктеріне  тереңдемей,  көбіне  оқиғаға  мазмұнының  сахнада  дұрыс  ашылуына  көңіл  бөлген.  Ол  үшін  пьесаны  бірер  рет  бәрі  бірге  дауыстап  оқып  шығып,  кейіпкерлерге  табанда  сипаттама  беріп,  тікелей  роль  бөлісуге  кіріседі.  Осы  арада  негізгі  шығармашылық  туындыдан  қай  актердің  қандай  рольге  бейімділігі  алдымен  ескеріледі  және  роль  бөлуге  келгенде  шығармашылық  демократия  сақталып,  әрқайсысы  өз  ұсыныстарын  ортаға  салып  отырған. Театрдың  өткен  тарихына  қарасақ,  олардың  бұл  мәселеде  жаңылысқа  түспегенін  аңғару  қиын  емес. "Қаракөз" спектаклінің  көркемдік  жетістігі бұған  дәлел.  Труппаның  қолдауымен  әрі  режиссер  Қ.Жандарбековтың  өзінің  ұсынысымен  Сырым  ролін  өзі  ойнаған. Жиырма  бес  жастағы  көркем  де  сымбатты,  тамаша  әншілігінің  үстіне  драмалық  қабілеті танылып  қалған актер Сырым салдың  қайталанбас бейнесін  жасап,  актерлік  өнерінің  қалыптасып  қалғанын  көрсетті.  Жастайынан  ән  айтып,  көркем  үйірмелерде  рольдер  ойнап  келген  Қ.Жандарбековке  сері  мен  салдың  бейнесін  жасау  ешқандай  қиындыққа   түспеген.  Театр  зерттеушілердің  пікірлеріне    қарағанда  махаббат  пен  бас  бостандығы  үшін  заманның  қатыгез  заңына,  мызғымас  дәстүріне  қарсы  шыққан,  өнер  бостандығы  үшін  қажымай  күрескен,  бірін-бірі  құмарта  сүйген  ғашықтардың  қайғылы  тағдыры  мен  өмірін  суреттейтін  режиссер,  актер  Қ.Жандарбеков  қойған  "Қарагөз"  қойылымы  театрдың  үлкен  жемісі  болды.

Алғашқы  театрдың  актерлері  өз  рольдерін  өмірден  алған  бай  тәжірибелеріне,  табиғи  дарынына,  ескі  ауылдың  тіршілігін  жете  білетіндіктеріне  сүйене  отырып,  пьесадағы  автор  ойын  өзінің  көкірек  көркемдігімен  ұштастырып  отырды.  Сонымен  бірге  олар ауыз  әдебиетіндегі  "Жар-жар", "Беташар"  жырларының  сахналық  жолын,  орындалу  үлгісін  әрекетке  үйлесімді  қиыстырып,  көркем де  шебер  орындауға   ұмтылған.  Жалпы,  сал-серілер  ролі алғашқы  актерлердің  қай-қайсына  болса да  қиындыққа  түспеген.  Сырымның  қасына  ерген Дулат, Қоскелді  және  олардың  маңайындағы  басқалары  да  сымбатты  көріктерімен,  тамаша  әншілік  өнерімен,  оқиғаның  дамуына  қарай  орынды  қолданған  жарасымды   әзіл-оспақтарымен  спектакльдің  сахналық  көркін  келтірген. Қ.Қуанышбаев (Дулат) пен  Ә.Қашаубаев  (Қоскелді) орындауларындағы  суырыпсалмалық әдіс әрекет еркіндігіне  "берілген  жағдайға қарай" үйлесімді қарым-қатынасқа  жетелеген. Спектакльді  зерттеушілердің  жазуына  қарағанда  Сырым-Жандарбеков  сахнаға жалт  етіп  шыға келгенде  көрермен көңілін өзіне аударып әкететін өзгеше жалындаған қасиеті, ширақ қимылы, төгілдіре сөйлейтін ақындық құдіреті ерекше болған көрінеді.

Актердің  әншілік  қабілетін,  орындаушылық  талантын  өнертанушы  ғалым Б.Құндақбаев былай суреттейді:  "Орындаушы  ең алдымен  Сырымды  ақын,  өмірге құштар,  еркіндік  аңсаған,  төңірегіндегі әлем мен құбылысты өз  жүрегімен,  өз сезімімен  қабылдайтын  ерекше  жан  деп  түсінген.  Сондықтан ол  бейнелеген  Сырым  сүйсе  құлап  түсетін,  күйсе  оттай  жанатын,  сөйлесе  ақынша  толғанатын  кесек  тұлға  болып  құйылған" [4] – деп ақын  бейнесінің өзгеше  бір  қыр-сырларын  ашқандай  болады.            "Қара түндей қасірет ортасында  жалғыз-шырақ жарығым,  маңдайдағы  жұлдызым!  Торға   түскен  ақ  тотым...  келші  күнім..." [5] – деп Сырымның Қарагөзді  құшағына ала  тебірене,  егіле  сөйлеу сәттеріндегі актердің тамаша шешен сөйлеуі, сөздің           астарына терең бойлауы, мән-мағынасын ашуы Қ.Жандарбеков актерлік өнеріне тән  қасиет.  Ол  осы алғашқы рольдерінің бірімен-ақ табиғи дарынымен кейіпкердің әлеміне  терең  үңілудің  сырын меңгерген. Психологиялық толғаныс,  көңіл-күй  ауысулары  да  осы Сырым  ролінен көрініс тапқан. Мұны қойылымның көптеген  көріністерінен  қарастырып  мысалдар  келтіруге болады. Орындаушының аузынан  шыққан  сөз  бен өлең-әндер бірде лирикаға, бірде  тамылжыған саздылыққа, бірде алақұйын романтикаға   қауырт   ауысып,  астасып  отыруы  актерлік  шеберлікті    дәлелдейтін  құбылыс.

Мұны  жалғыз  Сырымға  ғана  емес,  барлық  салдарға  ортақ  актерлік  табыс  деп  қараған  жөн. Сол  сал-серілердің  бейнелерін  жасаған Қ.Қуанышбаев, Ә.Қашаубев, И.Байзақов тағы  басқалар  табиғатынан  сері,  өнерімен  елдің  еркесі  болған  ақын  жандылар.  Тағы  да зерттеуші ғалым  Б.Құндақбаев  зерттеулеріне  жүгінеміз:  "Олар  өздері  бейнелеген  елдің  сәні, ән  мен  жырдың  еркесі,  жүрген  жерлері  қызық,  той  думан,  әзіл-күлкісі  үзілмейтін  өзгеше  өнер  иелері  деп  түсінген,  тіпті  өз  өнерлері,  өз  болмыстары  жағынан  да  сол  асылдарға  мейлінше  жақын  тұрды.  Салдар  аузымен  немесе солардың  қатысуымен  айтылатын  ән  мен  жыр,  өлең  мен айтыс  көріністерін  шебер  өткізумен  бірге,  олардың  психологиялық толғаныстарын,  көңіл-күй  сезімдерін  де  терең  ашқан." [4] Сонымен,  сал-серілер  ролінде  сайдың  тасындай  сайланып  шыққан  орындаушылар  ойнап, ұлттық  актерлік  өнердің  дамуын  тағы  бір  белеске  көтерді.

Қазақ драматургиясының жедел  дамуы  Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Б.Майлин, С.Сейфуллин, Ж.Шанин  тағы басқалардың тың  шығармаларының  жарық  көріп,  сахнаға  қойылуы, актерлік  өнермен  бірге,  тұтас  театрдың  даму  белестеріне  әсер  етті.

Қазақ  қауымының  әр  тарихи  кезеңдеріндегі  әлеуметтік   өмірін  бейнелейтін  пьесалар  алғашқы  актерлеріміздің  шеберлігін  ұштап,  сахналық  өнерді  меңгеруге  тың  сахналық   бейнелер  тудыруға  мол  ықпал  жасады.  Әрбір  жаңа  қойылым  актерлік  ізденістерге  жетеледі.  Аталған  драматургтер  пьесаларындағы  өздеріне  етене  таныс  кейіпкерлердің  бейнесін  жасау  актерлерге  аса  қиындыққа  түскен  жоқ.  Күнделікті  тірліктен  көрген,  білген  жандардың  кескін-келбетін  елестетіп,  өзі  танып  білгендердің  сырт  пішінінен  бастап,  бірте-бірте  ішкі  әлеміне  үңілу,  кейде  өмір  көрінісінің  натуралистік  көшірмесінен  этнографиялық  дәлдікке  ұмтылу алғашқы  ұлттық  актерлік  өнердің  ерекшелігі.

Дала  театрының  майталмандары  бойындағы  табиғи  дарынын  белгілі  бір  көркемдік  мақсатқа  бағындыруды  осы  алғашқы  кезеңнен  қолға  алды.  Сахнаға  қойылған  әрбір  пьеса  оларға  актерлік  өнердің  жаңа  бір  қырынан  көрінуіне  мүмкіндік  жасады.  Актерлік  өнер  қойылым   сайын  театрды  жаңа бір белеске  көтерсе,  драматургия  да  сол  жаңа  талапқа  жауап  беруге  жарап  қалды. Бір  сөзбен  айтқанда  актерлік  өнердің  тууы  мен дамуы  тікелей  ұлттық  драматургияның  көркемдік  мүмкіндігімен  өлшенбек.

Актер  труппасының  ерлер  құрамын  дарынды  жандар  құраса,  әйелдер  құрамын  жасақтау  әжептеуір қиындыққа  түседі.  Алғашқы  актрисалар  негізінен  актерлердің  жұбайлары.  Солардың  ішінде  осы  "Қарагөз" спектаклінде  Қарагөз  ролін  ойнаған  тұңғыш  қазақ  актрисаларының  бірі - Зура  Атабаева. Көрсетілер  спектакльдің  мәнді  де  мағыналы  болып,  жоғары  жетістікке  жетуі  режиссер  шешімімен  қатар  басты  рольде  ойнаушы  актер,  актрисалар  шеберлігіне  де  байланысты. Сондай  шынайы  актерлік  шеберлігімен  көрінген  осы - Зура  Атабаева. Қарагөз  тағдырын  қазақ  актрисаларының  махаббат  тағдырынан  бөліп  қарауға  болмайтын  құбылыс  қой. Жалпы  жүрек  қалауы,  махаббат  қызығы –  ару  жаратылысының   нәзік  ерекшелігін Зура  Атабаева  өз  басынан  кешкен  тағдырымен  байланыстырған  көрінеді. Бір  сөзбен айтқанда Қарагөз  трагедиясына  өзінің  басынан  кешкен  тірлік  болмысы  арқылы  барған.  Сезім  арпалыстары,  махаббат – қазақ  аруларының бәріне бірдей  ортақ  қасиет. Инабаттылық  пен  ізеттілік,  аңсаған  арманына  ұмтылу,  осы  жолдағы  толғаныс  сәттері,  еркіндікке  талпыныс әрекеттері  актриса  ойынының  тұғыры.  Енді  осыған  Зура  Атабаеваның  актриса  ретінде  өзіне  ғана  тән  даралықтарын  қоссақ, Қарагөздің  сахналық  бедері  айқындалып  шыға  келеді.  Алғашқы  қазақ  актерлерінің  болмысынан  ала  келген  өзге  шеберлігі  актрисаларға  да ортақ. Қарагөздің  көңіл-күй  арпалыстары,  сезім  шарпылыстары, бейнеге  ену  әрекеттерімен  бірге  сөз  астары  мен  ой  ағымынан  туындайтынын  актриса  жетік  білген.

Жалпы  қазақ  әйелдерінің  бейнелерін  сомдаған  актрисалардың  қай-қайсысы болса  да  театрға  келместен  бұрын  әуесқойлық  қойылымдарға  қатысып,  рольдер  ойнап, ән  айту  процестерін  бастарынан  кешіргенін  актерлік  өнерді  меңгерудің  белгілі  бір  сатысы  деп  қараған  жөн.  Қарапайым  шағын  рольдерден  бастаған  олар              бірте-бірте  күрделі  бейнелер  жасап,  спектакльдерден спектакльге  өтіп,  актерлік  шеберліктерін  қалыптастыра бастады. З.Атабаева  сияқты  алғашқы  қазақ актрисаларының  барлығы  осы  жолдан  өтіп, театрдың  дамуына өз үлестерін қосты.

 

Резюме

В статье  анализируется  роли   основоположников  актерского  искусства, а так же  особенности их игр.

Resume

This article deals with the  first  kazakh actors acts and  their methods of their acting.

 

Әдебиеттер:

 

1. Нұрғалиев Р. Арқау. Екі томдық шығармалыр. 1-том. Алматы,  "Жазушы", 1991.

2. Әуезов М. Мақалалар, пьесалар. 1917-1920. 1-том.-Алматы, "Ғылым", 1997.

3. Қожамқұлов С. Шеберлік мектебі. Мақала, очерк, естеліктер жинағы. Құраст.А.Мусинов.  М.Құлмұхаметов.- Алматы, "Өнер" 1993.

4.Құндақбаев Б. Әуезов және театр. Алматы, "Ғылым", 1997.

5.Әуезов М.Мақалалар, әңгімелер,  аудармалар, пьесалар. 1921-1929. 3-том. Алматы,    

    Ғылым", 1998.