Сыбанбаев Қ.Ү.

«Философия және тарих»

кафедрасының доценты, философия

ғылымдарының кандидаты

 

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ -  АДАМНЫҢ ТУА БІТКЕН МӘНІ РЕТІНДЕ

Елімізде бүгінгі күннің талабына сәйкес болып  жатқан ауқымды өзгерістер адамның ролін, шығармашылық белсенділігін талап етуде. Былайша айтқанда, объективті жағдайлардың өзі, қоғамда қалыптасып келе жатқан қатынастардың барлық саласында адамдардың шығармашылық іс-әрекетке көшуіне кең жол ашуда. Сондықтан да бүгінгі таңның кезек күттірмес міндеттерінің бірі - адамның  мәнін, жаңа әлеуметтік  жүйедегі оның жаратушылық іс-әрекетін  терең  философиялық  талдаудан өткізу болмақ.

Адам іс-әрекетінің  барлық  саласы  негізінен  шығармашылықпен тығыз  байланыста.  Материалдық игіліктер өндірісі, адам жасап  шығарған  өндірістік күштер, барлық  материалдық және  руханилық  құндылықтар жүйесі,  жалпы алғанда, мәдениет  шығармашылықтың жемісі.  Философияда  шығармашылық  төңірегінде  әртүрлі  пікірлер, көзқарастар бар.  Мұның  өзі бұл мәселенің аса  күрделі,  көп салалы екенін  білдіреді. Философтардан  зерттеу объектілерін  жан-жақтылық тұрғыдан қарастыруды  талап  етеді. Орыс  философы Н.А.Бердяев  шығармашылықты  « әрқашанда өсу, өмірде  болмаған  жаңа  нәрсенің  пайда болуы » деп  түсіндіреді (1). « Ештеңе бір  затқа  айналады, жоқтан болмыс  пайда  болады » (2). Ол сондай-ақ  шығармашылықтың  үш  элементін айқандайды. Біріншісі – еркіндік, екінші элемент – талант, үшіншісі – шығармашылық  нәтижесінде  пайда  болған жаңа  зат. 

Көпке дейін  философиялық  әдебиеттерде шығармашалық  дүниеде  болмаған жаңа бір  затты, құбылысты өмірге әкелетін  іс-әрекет  деп түсіндіріліп  келді.  Ал, зерттеуші  ғалым Л.Н. Коганның пайымдауынша, жаңа  нәрсені  шығару ғана емес, сондай-ақ,  бұрыннан  белгілі  құбылысқа өзіндік  тұрғыдан  келу де шығармашылық  бола  алады. Екіншіден,  ғылымда шығармашылық кейде теріс нәтиже  берумен де  көрінеді ( 3 ). Әрине кез  келген жаңа  зат , құбылыс шығармашылық  үрдісінде  пайда  болады. Алайда,  жаңаның  пайда  болуы көп жақты, күрделі шығармашылық үрдістің тек бір бөлігін, бір жағын  ғана  қамтиды. Шығармашылықты түсіндіргенде тек  заттық  нәтижемен  шектелуге   болмайды. Мәселен, нәтижесіз  аяқталған  ғылыми  экспериментті, ізденісті,  балалардың өзіндік  ойынын  шығармашылық  емес деп  айтуға  болмайды.  Біздің  ойымызша,  жаңаға  барар  жолдың өзі,  осы  жолдағы  ұмтылыс, ізденістер де  шығармашылық  бола  алады.  Шығармашылық  көрсеткіші   жасалынған,  пайда  болған  жаңа  нәрсе  ғана  емес, ол дүниені,  сыртқы  ортаны  меңгеру,  өзгерту  барысында  адамның  өзінің  еркін,  жан-жақты,  әмбебап  дамуы деуге  болады.  Өйткені,  осы  шығармашылық  үрдісте  жаңа  пайда  болсын  немесе  болмасын,  ең бірінші,  адамның өзі,  оның  сыртқы  дүниені  өзгерту  қабілеттілігі  дамиды.  Ең  бостысы, шығармашылықта  адам  сыртқы  дүниені  өзгертуші  және  сол  уақытта  өзін-өзі  қалыптастырушы  субъект  ретінде көрінеді.  Мұны  шығармашылыққа философиялық  тұрғыдан  қараудың  бір  көрінісі  деуге  болады. Философия  шығармашылықты  адамның  мәндік  сипаты  ретінде  қарауды  ұйғарады.  Адам  шығармашылық  үрдісінде  өзін-өзі  қалыптастырып,  тұлға  ретінде  дамиды. Ал,  шығармашылықтың  негізі – заттық – практикалық  іс-әрекет және  рухани  іс-әрекет  болып  табылады. 

Шығармашылықтың  басты  ерекшелігі  -  адамды  өзіндік  дамуға  бағыттайды.  Бұл  үрдіс жас  баланың тілі шығып,  сыртқы  ортаны  тануға ұмтыла бастаған  шағынан,  балабақшадағы,  мектептегі  кезеңдерде  кең  етек жаюға  тиіс. Жеткіншектің  келешекте үлкен  шығармашылық   тұлға болып қалыптасуының ең  қажетті  негізі  осы  кезеңде жатыр.

Шығармашылықта  міндетті  түрде   еңбек  көрініс  беруге  тиіс. Адам  еңбексіз ешқандай  жетістікке  жету  мүмкін  емес. Мысалы,  пианист  күйсандықта ойнап,  жаттығулар  жасағанда,  бұл – еңбек, бірақ  шығармашылық  емес, дегенмен, бұл  еңбекті  шығармашылыққа  қажетті еңбек  деуге  болады. Өйткені,  еңбексіз  шығармашылық  болмайды. Еңбек – адам  дамуының  ең  маңызды  факторы болып  табылады. Алайда,  ғұлама,  таланттар үшін  бұл  фактор  қажетті,  бірақ  жеткіліксіз. Бұған  қоса  оларға  үйлесілген  көптеген  факторлар қажет.  Олар: ата-бабадан  берілген қабілеттілік, сапалы  білім, өнегелі  тәрбие. Сонымен қатар, таланттың  дамуы, өркендеуі  үшін қажетті  жағдай  болуы  шарт.

Шығармашылық  дамуына  материалдық  және  моральдық  факторлар да үйлесімді  әсер  етеді. Әрине,  адамға өзін  және  жанұясын  камтамасыз  ету  үшін, өмірлік  қажеттіліктерді  алу  үшін істеген  еңбегіне  материалдық  марапат,  қаражат өте  қажет.  Материалдық  жетіспеушілік  шығармашылық  адамын  мұқатады,  оны  тоздырып, жанұясымен  ажырасуға  дейін алып  келуі  мүмкін.  Тіпті  қайғылы  жағдайға  душар  болуы  мүмкін.  Қаншама  талант иелері жоқшылықтан,  жетіспеушілектен зардап шеккені ғылым мен  өнер  тарихынан  жақсы  белгілі.  Сонымен бірге,  екінші  жағынан,  материалды  игілік  шығармашылық  іс-әрекетке жеткілікті  стимул  бола  алмайтынын  көптеген  фактілермен  түсіндіруге болады.  Материалдық  игіліктің  жоғарғы деңгейіне  жеткен  көптеген  адамдар өздерінің қаржылары мен  уақыттарын  игіліктің  басқа  түрлерін иелену  үшін, лауазымды  биікке  шығу  үшін,  дем  алу  үшін  жұмсайды.  Өздерінің  шығармашылық  қабілетін  жетілдіруді  тіпті  ұмытып  та  кетеді. Тым  жоғары  дәрежедегі  жетістік,  игілік  адамды  бұзуы,  жалқаулыққа,  жатып  ішерлікке айналдыруы  сөзсіз. Мамық  төсек  бөстекке  қарағанда  адам  үшін  қауіпті  деген  сөз  бар.

Адамдағы  шығармашылық  инстинкт – пайдакүнемдіктен  тыс  инстинкт.  Мұнда  шығармашылық  адамы өзін-өзі  ұмытып,  бар  ынтасы  басқаға  ауады. Шығармашылық  адамы  шығарған ғылыми  жаңалықтарды,  көркем  шығармаларды,   көркем  туындыларды  басқа  адамдар қолданып,  өздерінің, қоғамның  мақсатына  жұмсайды.  Ал,  шығармашының  өзі  пайдакүнемдіктен  тыс  бейкүнә  болып  қала  береді.   

Шығармашылық  құбылысының  адам  мәніне  тікелей  қатынасы  бар.  Ал адам еңбек  процесінде  қалыптасатыны  белгілі.  Ендеше  шығармашылық  қабілет те,  дүниеге  шығармашылық  қатынас та  еңбектен  туған. Шығармашылықтың  түрлері  және  соған  сәйкес қабілеттіліктер  адамның  өзінің  дамуымен, қалыптасуымен  бірге өсіп  отырады. Сөйтіп,  тарихи  мәдениеттің нәтижесі,  жемісі  болып  қалады. Шығармашылықты  еңбектің  ажырамас  қасиеті  ретінде  адамның  өзіндік  дамуының,  оның  ішкі  жан  дүниесі  қалыптасуының  құралы  деп  айтуға болады.

Сондай-ақ,  адамның  өздік  тәрбиесін  де  шығармашылық іс-әрекетке жатқызуға болады.  Өзіндік тәрбие – адамның өзін тұлға ретінде жетілдіруге, өзінің мүмкіндігін толығырақ іске асыруға  бағытталған  саналы  іс-әрекеті. Ерік-жігер, шыдамдылық, қайырымдылық,  ұстамдылық секілді сапалы қасиеттерді  өзінің бойына сіңіруі, санасына тоқуы. Адам өзіндік тәрбие барысында өзін жетілдіру үшін өзімен өзі күресуі қажет. Өзін-өзі жеңген адамға басқаларды басқару, өзінің соңынан ерту, тәрбиелеу қиынға соқпайды.  Адам практикалық, шығармашылық  іс-әрекет  барысында,  сыртқа  дүниеге  белсенді әрекет ету арқылы оны өз мақсатына қарай өзгертеді, сөйтіп, осы процесте өзі де дамиды. Былайша айтқанда, адам өзін-өзі  қалыптастырады. Үнемі өзгеріс үстінде болады. Көпжақты дүниеде әртүрлі қатынасқа түседі. Оған сыртқы орта, адамдар, өзгеріп отыратын жағдай, жан ұя т.б. әсер етпей қоймайды. Олай болса, адам белгілі  дәрежеде сыртқы орта мен тәрбиенің жемісі деп айтуға болатын секілді. Шығармашылық  дамуына  мәдени-әлеуметтік  факторлардың әсері  орасан.  Шығармашылық  тікелей  әлеуметтік  өмірден  шығады,  сөйтіп  өз  кезегінде оны өзгертеді,  дамытады.  Яғни,  шығармашылық  қоғамнан,  мәдениеттен  тыс  бола  алмайды,  ал,  мәдениет  шығармалықсыз  қалыптаспайды.

Шығармашылық -  қоғам  мен  қоршаған  ортаның, бүкіл  мәдениеттің  сапалық  даму  формасы.  Адамның қоршаған   дүниеге әлеуметтік  өзгеріс  еңгізу  тәсілі, бұл  үрдісте бүкіл  қоғамның,  өркениеттің  алға  жылжуы  жүзеге  асады.  Осылайша,  адам  өзінің  дамуына  негіз  қалайды.

ӘДЕБИЕТ:

1. Бердяев Н.А. О назначении  человека.  Опыт  парадоксальной  этики. М.,   1931,    135 б.

2. Бердяев Н.А.   Спасение  и  творчество. М., 1992 ,   172  б.

3. Коган Л.Н.  Культура  и творчество . Свердловск, 1976 ,  8 б.