Магистрант Дюсенова Г.

«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан

Балаларды қорғау саласының тарихи-құқықтық дамуының алғышарттары

 

Қазақстан Республикасы 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіз ел ретінде қайта жаңғырып, өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет ретінде негізін орнықтырды. Жаһандық даму кезеңінде Қазақстан қоғамын сипаттайтын саяси, әлеуметтік және экономикалық өзгертулер мен қайта құрулардың шапшаңдығы қазақстан балаларының жағдайына және дамуына кейде жағымды, ал кейде теріс ықпал ететіні рас. Тәуелсіз еліміздегі кәмелеттік жасқа толмаған балаларды қорғау проблемасы бүгінгі таңда бірқатар теріс факторлардың әсерінен күрделене түсуін зерттеу өзекті мәселе болып табылады. Өйткені балалар құқықтарын қорғау халықаралық кауымдастықты өз маңыздылығымен, көп қырлылығымен үнемі алаңдатып отыратын басымдықтардың бірі болып табылады.

Бала құқығын қорғау саласы адам құқықтарының қорғалуынан бастау алады. Сондықтан да бала кұкығын қорғау саласының қалыптасуының тарихи алғышарттарына жүгінгенде адам құқықтарының қорғалуының тарихына талдау жасау қажет. Адам құқықтарын халықаралық қорғау қазіргі заманғы халықаралық құқықтың маңызды салаларының бірі болып табылады. Оның қалыптасуы өте күрделі. Адам құқықтарын қорғау тарихы тереңде жатыр. Индивидтің құқықтық статусын реттейтін алғашқы нормалар Ежелгі Рим мен Ежелгі Греция, феодализм кезіндегі Англияның (1215 жылғы бостандықтың Ұлы Хартиясы, 1679 жылғы құқық туралы Билль), АҚШ-тың (1776 жылғы тәуелсіздік Декларациясы, 1787 жылғы АҚШ Конституциясы, 1789 жылғы құқық туралы Билль), Францияның Ұлы француз революциясы нәтижесіндегі (1789 жылғы адам мен азаматтың құқықтары Декларациясы) ұлттық заңнамаларында орын алды. Адам құқықтары мен негізгі бостандықтары концепциясы категория ретінде XIII ғасырда Европада пайда болды. Бұл идея Гуго Гроций, Джон Локк, Эдмонд Бурк секілді танымал ойшылдардың еңбектерінде бастау алып, XIII ғасырда Томас Пейн еңбектерінде жалғасын тапты [1, 83-б].

Қазіргі заманғы елдердің конституциялық тәжірибесі әсіресе социалистік лагерь құлдырағаннан кейін біршама деңгейде адам құқығына қатысты негізгі құқықтар мен бостандықтарды конституциялық тұрғыдан бекітіп, мемлекеттің адамды мәжбүрлеу және қысым көрсетуін тежеп табиғи-құқықтық және позитивистік әдістердің қарама-қайшылығын әлсіретті. Сонымен қатар, табиғи-құкықтық және позитивистік әдістердің қарама-қайшылығын жұмсарту әдісі табиғи құқықтар мен принциптердің тиімді орнығуының салдарынан жүзеге асты, сондықтан да мемлекеттік бекуден тыс қорғалмауын жойды. Бұл тұрғыда адамның табиғи құқықтары ұғымымен қатар өзіндік кұқықтық тұрғыдан бекіген негізгі құқықтары ұғымы жөнінде де сөз етуге мүмкіндік береді. Адамның табиғи құқықтары уақыттан тыс пайда болып, «позитивтіден тыс» немесе «мемлекеттен бұрын» пайда болған құқық ретінде сипаттауға болады. Ал адамның негізгі құқықтары конституцияда аталған, демек конституциялық құқық немесе «сот арқылы қорғауға жататын құқықтар» деп аталады. Нәтижесінде мемлекеттің конституциясы табиғи құқықтарды міндетті және бөлінбейтін құқық деп бекітіп, ол адамға тумысынан тән және ол құқықтық мәнге ие болып, субъективтік құқыққа айналады. Негізгі құқықтарды субъективті құқық деп тану азаматқа қажетті жағдайда оған жүгініп, мемлекеттік билік органдарынан сол құқықтардың кепілденген қорғалуын талап ете алады.

Мемлекеттердің ішкі юрисдикциясы тарихи өзгеріске ұшырап, мемлекеттер осы шектеулерді өздері белгілей отыра, мемлекетішілік кейбір мәселелерді халықаралық-құқықтық реттеуге жол береді. Ескі, дәстүрлі халықаралық құқық мемлекет пен оның азаматтары арасындағы қарым-қатынасты қарастыра отыра бір ғана шектеу жасады. Мемлекеттер өз күштерін «гуманды мақсаттарда» қолдана отыра бір жақты тәртіппен басқа елдің территориясында өмір сүретін өз азаматтарының және ұлттық азшылықтарының өмірі мен мүліктерін қорғау үшін соғыс ашуға дейін барды.

Сол кезеңнің ғалымдары адам құқығының табиғи-құқықтық теориясына көп зерделеу жасады: Петербург университетінің профессоры Ф.Мартенес былай деп жазды «барлық сауатты мемлекеттер азаматтығы мен ұлтына қарамастан кез-келген адамның тұлғалығына байланысты негізгі құқықтарын мойындайды» [3, 46-б]. Ондай құқықтарға өмір сүру құқығы, діни бостандық құқығы жатады. Швейцария ғалымы И. Блюнчли адамның табиғи құқықтары «бейбіт өмірде де, соғыс кезінде да құрметті болу керек» деп атап өтті [4, 224-227-б]. Адамның негізгі құқықтары мен бостандықтары үшін басқа елдің ішкі істеріне араласу мен интервенцияның заңдылығы XVIII және XIX ғасырларда халықаралық құқық ғылымы өкілдері тарапынан «гумандық» мотивтер ретінде танылып, қолдауға ие болды.

Профессор А. Гефтер ғана егер мемлекет өз азаматтарының құқықтары мен бостандықтарына шектеу келтіріп жатса онда «ол елмен кез-келген байланысты үзу керек», бірақ оның ішкі істеріне араласпау керек деген [5, 168 б.].

«Гуманды» мақсаттар үшін болған интервенцияның заңдылығын мойындай отыра көптеген ғалымдар «гуманитарлы» интервенция бір жақты емес, топтың шешімі негізінде жүзеге асады деген. Ф. Листтің пікірінше «бір ғана мемлекеттің шешімімен болса адамның негізгі мүдделерін қорғау мақсатында болған интервенциямен келіспеу керек. Басқа мемлекеттің ішкі ісіне араласу бірнеше мемлекеттің шешімімен (ұжымдық интервенция) жүзеге асу керек» [6, 417-435-б]. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін және Ұлттар Лигасы құрылғаннан кейін мемлекеттердің интервенцияға құқығы белгілі бір шектеулерге ие болды. Ұлттар Лигасы аясында құлдық пен құл иеленушілікке қарсы және әйелдер мен балалардың саудасын жоюға бағытталған келісімдер жасалды. Қазақстан территориясында адам құқықтары идеясының таралуын, еуропалық және азиаттық концепциялардың тоғысында пайда болған адам құқықтарының еуразиялық тұжырымдамасының авторы Ж.Д.Бұсырманов «Қазіргі Қазақстан территориясында адам құқықтарының идеясы ерекше жолмен тарады. Көшпенділер өмірінің ерекшелігі, олардың ұжымдық үлгіде шаруашылықты жүргізуі, сонымен қатар ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр өзіндік ерекшелік пен нәр берді. Осы ерекшеліктер еуропалық концепциядан өзгеше азиаттық концепцияның қалыптасуына әсер етті. Христиан дініне негізделген европалық өркениетке адам құқықтары саласында персоноцентризм, демек онда тұлға бостандығын қамтамасыз ететін индивид кұндылығы туралы ой пайда болды. Қоғамдық идеал іздеу – құндылықтардың  үнемі жаңарып, шынайы және жалған идеалдардың алмасып отыруы. Дегенмен осы процесс демократия, бостандық, адами құндылықтардың пайда болуынан бастау алады»- деп көрсетті [2, 68-б].

Барлық құқық түрлері сияқты баланың жеке басына қатысты заңның да ерекше тақырып ретінде қаралуы немесе оның жасөспірім құқығы тарихы жағынан ортаға жаңа шығып келе жатқан ұғым. Адамзаттың пайда болуынан бастап өткен әр ғасырда қоғамның балаға деген көзқарасы да түрлі өзгерістерге ұшыраған. Сондықтан бала және оның құқығын қорғау мәселелерін құқықтың даму сатыларының ішінен зерттеу қажет.

Ұлттық заңнама бала құқықтары туралы конвенция нормаларын енгізу процесінде барлық басқа құқық қорғау шарттарымен салыстырғанда алға жылжып, Конвенция нормаларын тұтастай енгізген «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заң қабылданғанымен, халықаралық стандарттар бұрынғысынша ұлттық құқық жүйесінен алшақ күйде екенін көруге болады. Мүмкін, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңды іске асыру тәжірибесі халықаралық құжаттар нормаларын ұлттық құқыққа енгізудің жаңа үлгісін әзірлеуге жәрдемдесетін болар, ал әзірге заңның көптеген нормалары іс жүзінде қолданылмай отыр.

Әдебиеттер:

1.  Никонов К. Современные теоретические аспекты института международно-правовой защиты и поощрения правовой защиты и поощрения прав ребенка//Московский журнал международного права. № 1. М., 2009. 83б.

2 . Бусурманов Ж.Д. Евразийская концепция прав человека. Монография. Алматы: 2006. - 328 б.

3 . Хлобустов О. Права человека: история и современность // Диалог, 1998 № 11, 87б.

4. Международное право: Учебник для ВУЗов, под ред. В.И.Кузнецова. -М.: ЮРИСТ, 2001, 227-б.

5. Николайко И.В. Права человека и система ООН (проблемы многостороннего сотрудничества) / АН УССР Ин-т государства и права, отв. ред. В.Н.Денисов. -Киев.: Научная думка, 1991, 168 б.

6 . Общая теория прав человека: Учебник, под ред. Е.А.Лукашевой. - М.: изд-во НОРМА, 1995,435-б.

Резюме

       В статье рассматриваются некоторые аспекты конституционно-правового регулирования защиты прав ребенка в Республике Казахстан. Анализируя международные правовые документы и некоторые нормативно-правовые акты, автор предлагает дальнейшее совершенствование национального законодательства в сфере защиты прав несовершеннолетних лиц.

 

Resume

      This article considers some aspects of constitutional and legal regulation of children's rights in the Republic of Kazakhstan. Analyzing the international legal instruments and some regulations, the author offers further perfection of national legislation in the sphere of minors' protection of the rights.