ҒҰЛАМАНЫҢ ІЗІН ҚУҒАН ҒАЛЫМ
(профессор Тынысбек Қоңыратбай зерттеулері
хақында)
Ханғали СҮЙІНШӘЛИЕВ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор
Известному казахскому ученому, академику Международной академии им.Ч.Айтматова,
доктору филологических наук, профессору филологии и искусствоведения, лучшему
преподавателю вуза – 2014, Отличнику народного образования Республики
Казахстан, обладателю медали им.А.Байтурсынова
Коныратбаю
Тынысбеку Ауелбекулы исполнилось 60 лет. В этой связи вниманию читателей
предлагается статья видного литературоведа, доктора филологических наук,
профессора Хангали Суюншалиева, опубликованная несколько раньше на страницах
республиканской газеты «Казахстан-Заман».
Еліміздегі оқу-ағарту
ісі мен ғылыми танымды бірнеше ұрпақтан бері
жалғастырып келе жатқан ағайынды Қоңыратбаевтар
әулеті қазақ оқырмандарына жақсы мәлім.
Үстіміздегі жылы қазақтың аса көрнекті
ғалымы, филология ғылымдарының докторы, профессор
Әуелбек Қоңыратбаев 100 жасқа толып отырса, оның
белбаласы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тынысбек
Қоңыратбай да танымал ғалымдар санатында. Осыған
ұзақ жылдар бойы пікірлес, қаламдас әрі замандас
болған ғалым ретінде әкелі-балалы ғалымдар туралы үн
қатып, лебіз білдіруді өзіме парыз санадым.
Аталық
қоғамға құрылған түркі жұртында
«Ата көрген оқ жонар..» дейтін нақыл бар. Оның ата
кәсібі бір ұрпақпен ғана тұйықталып
қалмай, одан әрі жалғасын тапса деген игі ниеттен туғаны
анық. Сондықтан оның қазақ халқының
ХХ ғасырдағы рухани
ой-санасына өзіндік үлес қоса білген
тұлғаларға да қатысы болуға тиіс.
Ғылыми таным -
әрбір адамның жеке күш-қажыры, ыждаһатымен
қалыптасатын рухани қазына. Оның туып, қалыптасып, одан
әрі тереңдеуіне бір емес, бірнеше ұрпақ өкілдері
өз үлестерін қосып отырады. Белгілі бір ғылыми ой
немесе танымды қалыптастырудың оңай еместігі де белгілі.
Тың ғылыми тұжырымдарды ел санасына сіңіру өз
алдына, кейде жасанды кедергілер де кездесіп отыратынын кезінде көріп,
анық сезіндік. Әсіресе
біздің алдымыздағы аға буын өкілдерінің
көрген қиыншылықтары аз болмады.
Заман тудырған зұлматтан
Қоңыратбаевтар әулеті де аман қалмады.
«Қазақ» газеті, «Айқап» журналының тілшісі, үлкен
ағартушы, ауыз әдебиетінің жанашыры Қалжан Қоңыратбайұлы
мен жазушы, қазақ әдебиеті бойынша тұңғыш
оқулықтардың авторы Әлібек
Қоңыратбайұлы – 1937 жыл құрбандары. Сол
«өрттен» аман қалған жалғыз тұяқ –
профессор Әуелбек Қоңыратбаев қана көзі тірісінде
жемісті еңбек етіп, артында жиырмадан астам кітаптар қалдырды.
Әуекеңді алғаш көруім -
Ұлы Отан соғысынан соңғы кезең. Бұл жылдары республикалық баспасөз беттерінде ол
кісінің Абайдың ақындық мұрасы, көне
түркі және шығыс әдебиеті (Ясауи,
Бақырғани, Қашқари, Фердауси, ДаҺики, Низами,
Науаи, т.б.) туралы ғылыми ой-тұжырымдары жиі жарық көріп
тұратын. Ол мақалалары 1945-1946 жылдары ҚазТАГ арқылы
барлық облыстық газет беттерінде басылушы еді. Ғылым іздеп
Алматыға келгенімде, есімі танымал ғалым Ә.Қоңыратбаев
Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және
әдебиет институтында бөлім басқарады екен. Араға бірер
жыл салып, 1947 жылғы партия қаулысы шыққан соң,
Әуекең бастаған академияның бір топ ғылыми
қызметкерлері көзден ғайып болды. Сөйтсем,
феодалдық дәуір мұраларын жаңғыртып жүрген
«ұлтшылдар» деген айыппен олардың алды істі болып, соңы қызметтен
қуылып, жер айдалған екен.
Қазақ әдебиетінің өсіп-өркендеуіне
елеулі еңбек еткен Әуелбек Қоңыратбаев 1937 жылы бір, 1947
жылғы партия қаулы негізінде екі, 1950 жылғы Кенесары дауына
байланысты үшінші рет саяси соққы көрген ғалым.
Алғашқы жолы (1937) партиядан шығарылып, жер аударылып
жүріп әупіріммен аман қалса, екінші рет (1947) Ғылым
академиясынан шеттетілген, ал соңғысында (1951) Қызылорда
педагогикалық институтының кафедра меңгерушілігінен
қуылған. Сөйтіп ұзақ жылдар бойы
аға-інілерінің тағдырын басынан кешіп, ғылыми ортадан
аластатылған.
Әуекең асқан еңбекқор, оптимист
кісі болатын. Партия қатарынан шығарылып, үсті-үстіне
соққы жеп жатса да, қолынан қаламын тастамай,
соңғы демі біткенше
ғылыми еңбектерін жазумен өтті. Бірақ бар
бақытын ғылымнан тапқан ғұламаны өз
замандастары, сол тұстағы қазақ қоғамы
бағалай білді деп айту қиын. Мерзімді баспасөз беттеріндегі
толып жатқан мақалаларын айтпағанда, Әуекең
көзі тірісінде «Ақбоз ат» (аударма, 1945), «Қазақ совет
әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші» (1950),
«Шолпанның ақындығы» (1956), «Қазақтың
Қозы Көрпеш жыры туралы» (1959), «Жеті алып» (1959),
«Әдебиетті оқыту методикасының очерктері» (1962), «Сұр
көжек» (1963), «Әдебиетті оқыту методикасы» (1966), «Эпос
және оның айтушылары» (1975), «Шеберлік сырлары» (1979) атты 10
кітабын ғана жарыққа шығара алды. Ғалымның
қиянат көріп, ғылыми ортадан шет қалып,
еңбектерін бастыра алмағанын кезінде С.Мұқанов,
Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, Т.Нұртазин секілді ғалымдар жиі айтып
жүруші еді. Ғалымға жасалған қиянаттың шет жағасын біз де көрдік.
Ә.Қоңыратбаев
шығармашылығы тұсында менің түйгенім:
ғалымның қоғамға танылуы үшін ғылыми
еңбектер жазуы жеткіліксіз. Сонымен бірге үздіксіз насихат та керек
екен. Ғұлама ғалымның мұрасын көпшілік
санасына сіңіру үшін осы жағының жетпіспегені
анық. Ә.Қоңыратбаев өзінің көптеген
күрделі еңбектерін көзі тірісінде жарыққа
шығара алмай кетті...
Байқасам, ұрпақ
жалғастығының керек
жері осы екен. Қазақта «Атадан ұл туса игі, ата жолын
қуса игі» деген нақыл сөз бар. Қоңыратбаевтар
әулетінің аға буын өкілдері тағдыр
тауқыметін көп тартса да, олардың есімдері мен
еңбектері қазақ халқының қоғамдық
ой-санасынан тыс қалмай келеді.
Әуелбек Қоңыратбаев
зерттеулерінің жарыққа шығуы осы ізбасар
ұлының қажырлы
еңбегімен тығыз байланысты. Баспа орындарының кезінде әкесіне көрсеткен
бюрократизмімен күресе жүріп Т.Қоңыратбай әр
жылдары оның «Қорқыт
ата кітабы» (1986), «Қазақ эпосы және түркология»
(1987), «4-7-кластарда қазақ әдебиетін оқыту
методикасы» (1987), «Керуен» (1989), «Тотынама» (1991), «Көне мәдениет жазбалары»
(1991), «Қазақ фольклорының тарихы» (1991), «Ұлы
дидактика» (1993), «Қазақ
әдебиетінің тарихы» (1994), «Абайдың романтизмі» (1994) атты
зерттеулерін жарыққа шығарды.
Бүгінде Тынысбек
Қоңыратбайдың өзі де танымал ғалым, фольклортанушы, этнограф, түркітанушы,
филология ғылымдарының докторы, профессор. Оның
қаламынан туған кітаптар бүгінде ондап саналады: «Көне
мәдениет жазбалары» (1991), «Тотынама» (1991), «Елім-ай» (1994),
«Ә.Қоңыратбаев - түркітанушы» (1995), «Ертедегі
ескерткіштер» (1996), «Әуелбек Қоңыратбаев –
қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші» (1996), «Эпос
және этнос» (2000), «Ел мұрасы» (2003), «Қазақ
халқының музыкалық мәдениеті мен фольклоры» (2004),
«Ағайынды ағартушылар» (2004), т.б. Тынысбектің ғылыми
мақалалары Түркия, Қытай, Өзбекстан елдерінде,
республикалық журнал беттерінде жарияланып жүр. Өте
еңбекқор, үнемі тынымсыз ізденіс үстінде
көрінеді.
Т.Қоңыратбай – ата кәсібін
жалғастырушы мұрагер. Ә.Қоңыратбаевтың 100 жылдығы қарсаңында ғұламаның
10 томдық шығармалар жинағын құрастырып,
редакциялап, жарыққа шығарып отыр. Әр кітабы 30-35
баспа табақ құрайтын 10 томдықты дайындаудың
өте күрделі жұмыс екені белгілі. Бұл еңбегімен Тынысбек
әке алдындағы парызын
өтеумен бірге өзінің де еңбекқорлығын
анық танытты.
Бүгінде Тынысбек белгілі жорналшы. Сексенінші жылдары
бірқатар баспа орындарында редакторлық тәжірибе
жинақтаған қаламгер, екі тілде қатар шығатын «Қазақ
және әлем әдебиеті» («Казахская и мировая литература») мен
«Музыка әлемінде» («В мире музыки») журналдарының Бас редакторы
ретінде де таныла білді. Зерттеп жүргені – көне әдебиет пен фольклор
мәселелері. Өзінің «Қазақ эпосының
этникалық сипаты» деп аталған докторлық диссертациясын
бұрын сөз бола бермеген тың тақырыпқа
құрып, қазақ эпосының этникалық арқауын
жаңаша қарастырған. Бұл зерттеуді фольклортану
ғылымына қосылған сүбелі үлес деп білген
ләзім.
Қазақ эпосының тарихилығы деген
мәселені Әуекең де зерттеген. Бірақ эпостың
тарихылығы мен этникалық сипаты деген мәселелер бір емес.
Мұның алғашқысы фольклортану ғылымындағы
тарихи мектеп методологиясының шеңберінде көрінсе,
соңғысы тек қазақ эпосының табиғатынан
туындайтын ерекшелік. Шетел, орыс ғылымында оның дайын методологиялық
үлгісі болған емес. Демек, Т.Қоңыратбай зерттеуінің
басты жаңалығы қазақ эпостану ғылымындағы этникалық
таным-бағыттың арқауын тартуында.
Ғалымдық қасиет Тынысбектің бойына әке қанымен келген.
Өзінің еселі еңбектерімен ол қазақ фольклортану ғылымындағы
белгілі тұлғалардың біріне айналып отыр. Жазған еңбектеріне қарасақ, үнемі
жаңа ой айтып, онысын
теориялық анықтама деңгейіне жеткізуге бейімділігі
байқалады. Жас
ғалымның ой-өрісі мен зерттеу қарымы өте
терең әрі қуатты. Мені Тынысбектің
еңбекқорлығымен қатар перзенттік парызын жете сезінуі де
ерекше қуантады.
Алдындағы әке – ағын дария болса,
соның жолын қуған бала – сарқырап аққан
бұлақ іспетті. Өз заманында қоғамнан теперіш
көрген әке мұрасын бүгінгі қазақ
қауымына қайта сыйлаған Тынысбектің
ғылымдағы өз ізденістері де жемісті әрі мазмұнды.
Өрелі ғалымның зерделі зерттеулері ғылым жолына
түскен жастардың рухани сусынын
қандыра бергей.
Еліміздің ұлттық энциклопедиясына
Қоңыратбаевтар әулетінен төрт бірдей есім енген екен. Солардың
кішісі профессор Тынысбек Қоңыратбай да бүгінде танымал ғалым. Тынысбекке
еңбегің жанып, бағың өрлей берсін! Руханият
әлеміндегі табыстарың мол болсын, ғылымдағы
ұрпақ жалғастығы мәңгі сөнбесін
демекпін.