1.                 ИСТОРИЯ. Этнография

Смағали Ажар

Ғылыми жетекшісі Аужанова Н.Б.

І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Казахстан

Қазақ хандығындағы іс қағаздардың кейбір мәселелері

Қазақ хандығындағы іс қағаздар және олардың маңызы                                                XV ғасырдың ортасында Қазақ хандығы құрылып, дербес мемлекетке айналған тұста оның өзіндік рәміздері де қалыптасты, яғни оның нақты аумағы, сол аумақта өмір сүрген халқы, халықтың ортақ тілі, мәдениеті, діні мен ділі, мемлекетті басқару аппараты қалыптасты. Қазақ хандығының құрылуы көшпелілерде мемлекеттің құрылуы мүмкін емес деген пікірді жоққа шығарады. Қазақ Хандығының 550 жылдық мерейтойы  ауқымында халықты халық ретінде танытқан қазақ тілі және сол тілде жүргізілген іс қағаздары туралы айту аса өзекті, өйткені тіл елдіктің нышаны болса, іс қағаздары - заманауи тіршіліктің маңызды элементтерінің бірі. Іс қағаздарынсыз адамдардың өмірі мен қызметін, басқа да әрекеттерін дәлелдеу мүмкін емес. Сол  ана тіліміздегі іс қағаздарының Қазақ Хандығы тұсындағы және патшалық Ресейге бодан болған кездегі тарихына шолу жасап өтуді мақсат еттік. 

    Қазақ Хандығында хандық билік хан кеңесі арқылы іске асырылды. Мемлекеттің, сондай-ақ кеңестің арнайы кеңсесі жұмыс істеді, оны сол кездегі іс қағаздары дәйектейді. Арнайы дайындалған құжаттар рәсімделіп, безендіріліп, мөрмен немесе таңбамен куәландырылып отырылған. Әрбір ханның өзіндік мөрі немесе таңбасы болған. Қазақ хандары мөрді алтыннан, күмістен, кейбір жағдайларда мыстан соқтырып алатын. Мөрді немесе ханның өзі, болмаса сенімді адам ұстайтын. Жалпы тарихта  «мөр ұстаушы» деген лауазым ежелгі түркілерден мәлім болған тәрізді. Шыңғыс ханның жаулап алу жорықтары кезінде найман ұлысында сондай мөр ұстаушы адам болғандығын «Монголдың құпия шежіресінде» айтылады. Алтын орда кезінде Шыңғыс хан ұрпақтары да мөрді мемлекеттің басты нышандарының бірі ретінде санаған. Қазіргі  уақытта мөр, мөртабан ұғымдары қарапайым тұрғындарға мәлім. Маңызды құжаттардың мөрсіз немесе мөртабансыз заңдық күші болмайтындығын бәріміз жақсы білеміз.

Қазақ хандығында жазылған алғаш іс қағаздардың елшілік сипатта болған. Қазақ жеріне алғаш орыс елшілігі 1573 жылы келген болатын, ал 1594 жылы қазақ жерінен Мәскеуге елшілер аттандырылды. Осы кезден бастап екі ел арасында елшілік қарым-қатынастар орнатылып, құнды қағаздармен алмасу   жүре бастады. Құнды  қағаздардың ең бастылары болып болып қазақ хандарының шығарған заңдары саналады. Мәселен, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның  «Жеті Жарғысы»  деген сияқты заңдар. Бұл заңдар мемлекетті басқаруға және әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеудің негізі болды. Сол кездегі  дайындалған іс қағаздарының мазмұны  қазақ елінің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени өмірінен көрініс береді. Іс жүргізу далалық демократияның және Қазақ хандығының басқару ережелеріне сәйкес, ұлттық салт-дәстүр ауқымында жүргізілді.

  Іс қағаздарының кейбіреулер «Материалы по истории казахского ханства» деп аталатын құжаттар жинағынан орын алған. Бұл кезеңдегі ресми іс қағаздарының көпшілігін қазақ хандарының, сұлтандарының, батырларының, старшындарының көршілес елдерге, соның ішінде патшалық Ресейдің билеушілеріне, әкімшілік ұйымдарына жазған хаттары құрайды. Мәселен, Қайып ханның 1716 жылы 13 қыркүйекте Ресей патшасына тату көршілік қатынастарда тұру тілегін білдіріп, арнайы елшілер арқылы жіберген мәлімдемесі. Мәлімдемелердің бұдан бұрынғы уақыттарда да жазылуы ғажап емес, дегенмен ол ендігі кезекте олар ресми сипатқа ие бола бастады. Бұдан басқа Қайып ханның жоңғарларға қарсы бірлесіп күш біріктіру үшін әскер жіберу туралы өтініш жасап, император І Петрге 1718 жылы 10 желтоқсанда жолдаған хатын айтуға болады. Хаттың Тәуке хан қайтыс болғаннан кейінгі ойраттар қаупінің күшейген тұсында  жазылғаны белгілі. 1730 жылы 8 қыркүйектегі Кіші жүз ханы Әбілхайырдың өзінің қол астындағы халқымен бірге Ресей бодандығына қабылдауды сұрап Анна Иоановна патшайымға жазған хатының іскерлік құжат түріндегі ғана емес тарихи маңызы да айтарлық. Жалпы орыс мемлекетінің құрамына енгеннен кейінгі кезеңдерде ресми хат жазу, хат алысу дәстүрге айнала бастады. Мәселен, Махамбет Өтемісұлының М.Ладышинскийге, Жәңгір ханның Исатай Тайманұлына, Кенесары Қасымұлының патша ағзам мен отарлық билеушілерге жазған хаттары тек іс қағаздарының тарихында ғана емес қазақ тарихында алатын орны ерекше. Қазақ даласы патшалық Ресейдің бодандығын қабылдағаннан кейін Орынбор шекаралық комиссиясы құрылған кезде ең түрлі мәселелерді талқылау барысында алғашқы хаттамалар жазылды. Мәселен, 1742 жылы 27 қыркүйекте  жоңғар елшілігі, кіші жүз ханы Әбілхайыр және Ресей империясы өкілдерінің арасында жүргізілген келіссөздер кезінде хаттамалар дайындалды. XYIII ғасырдың екінші жартысында кіші жүзде Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс кезінде патшалық әкімшілік тарапынан қазақ даласында хандық билікті жою шаралары жасалып, О.А. Игельстром реформасы дайындалғандығы тарихтан белгілі. Міне, осы уақытта кіші жүздің старшындары орын алған ахуал және қозғалыс кезіндегі жағдай жөнінде хабарлама жасап тұруға міндетті еді, яғни іс жүргізудегі тағы бір құжаттың түрі пайда болды. 

Қазақша ресми іс қағаздарының өзіндік стилі болды. Патшалық Ресейдің әкімшілік орындарының қазақ жеріндегі  отарлық отарлық саясатына қатысты ресми іс құжаттары қазақ тіліне аударылып, көпшілігі баспа түрінде жарияланып отырылды. Ресми қағаздар өткен кезеңдердегідей жекелеген билеушілер мен тұлғаларға емес көпшілікке арналды.

Ресми іс қағаздарының мазмұны мен жолданымдарына қарай бірнеше топқа бөлінді. Оларды нормативтік, басқарушы, хаттамалық, есептік,  хат алысу, жеке тектік құжаттар, техникалық және жеке құрам құжаттары деп шартты түрде жіктеуге болады. Бірінші топқа патша үкіметі тарапынан жазылған заң актілері, ережелер, циркулярлар, нұсқаулар, бұйрықтар, жарлықтар, өкімдер, ұсынымдар енгізілді. Екінші топқа заң, сот істеріне байланысты ережелер, анықтамалар, келісімдер, хаттамалар, журналдар, стенограммалар т.б. жатқызылды. Үшінші топты жеке адамдардың ресми ұйымдарға жазған өтініштері, шағымдары, арыздары, хаттары, есептер, баяндамалар, баяндау хаттары құрды. Ресми іс жүргізуде басым көпшілігін хат алысу ерекше орын алды. Хаттар кіріс пен шығыс болып бөлінді. Хат алысуды бірнеше топқа топтастыруға болады: өзіне қарасты мекемелермен хат алысу; деңгейі тең мекемелермен хат алысу; жоғарғы мекемелермен хат алысу.   

ХІХ ғасырда іс жүргізу тәжірибесінде Жәңгір ханның кезіндегі архив пен кеңсе туралы айту қажет. Тарихтан белгілі үлкен аймақта билік құрған.     Еуропалық жаңашылдыққа ұмтылған хан өзінің хандығында қатынас пен хат хабарды кез келген түкпіріне жылдам жеткізу жолдарын қарастырды. Мұны старшындардың әкімшілік, сот істеріне қатысты өзінің бұйрықтарын, жарлықтарын, нұсқауларын мүлтіксіз, әрі мезгілінде орындатудың тәсілі деп санады. Осында тәсілдің нәтижесі болып Жәңгір ханның қалыптастырған өзіндік феодалдық егерлік қызметі табылады. Жәңгір корреспонденциялар мен өзге де іскерлік қағаздарды хандықтың ішкі және көршілес Астрахан, Орынбор губернияларына жеткізудің жүйесін құрды. Көршілес губернияларға, жекелеген  тұлғаларға хат жолдау, ресми қағаздарды жеткізу мақсатында қатынастар жолдарын Жәңгір хан ордасынан Астрахан губерниясындағы Черный Яр қаласына, Элтон көліне және Орал шептеріне, нақтырақ Глиненский шебіне дейін ретке келтіріп, қадағалап отырды. Қатынас жолдары бойында пошта бекеттері қойылып, оны ұстап тұрушыларға ақшалай және малмен ақы төлеп отырды. Старшындар ұсынып, таңдап алынған 14 штаттық жеткізушілер, яғни шабармандар ханның жіберілімдерін және өзге де құжаттарды Орданың барлық аудандарына үздіксіз жеткізіп тұрды. Хан қазынасы жыл сайын шабармандардың еңбегіне сол кез үшін  қомақты қаржы 6300 сом бөлінді.

 Империя мен  оның билеушілеріне тәуелді болса да Жәңгір хандықтың ішіндегі ахуалды, мәселелерді барынша реттеп отыруға тырысты. Хандықты басқарудың бірыңғай жүйесін құра білген Жәңгір дәстүрлі хандық мемлекеттілік элементерімен бірге жаңалықтарды да енгізді. Жәңгірдің кезінде ерекше тапсырма орындаған шенеуніктер институты өмір сүрді. Ол екі сұлтаннан және екі орыс шенеунігінен тұрды. Ханның кезінде екі сұлтан хандық өкілеттілікті иеленіп, қырғыз депутаттары деп аталды. Оларға аса жауапты міндеттер жүктелді.

Жәңгір хан Ордада іс қағаздарын жүргізетін арнайы кеңсе құрды. Кеңседе ресми іс қағаздарына жауапты қызмет адамы болды. Оның қол астында іс жүргізуге тікелей қатысты бірнеше қызметкер еңбек етті. Баса айтатын жайт, кеңседе іскерлік хаттарға ерекше назар аударылды. Хаттар кіріс және шығыс деп екіге бөлініп, арнайы журналда тіркеліп отырылды. Сот,сауда,несие, т.б. істеріне байланысты қалыптастырылған құжаттар хан ордасында құрылған мұрағатта сақталды. Егер Ресейде  осы кезде атқарушы, яғни министерлік іс жүргізу қалыптасып, дамып алғашқы толыққанды сипатқа ие болса, Бөкей Ордасында бүкіл қазақ даласында байқалмаған іс жүргізу орын алды. Осылайша қазақ даласында ХҮІІІ ғасырдың соңында ХІХ ғасырдың бас кезінде іс жүргізу алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда айтарлықтай дамып, қазіргі уақыттағы іс жүргізуге жақындай түсті. Ол Ресей империясының отарлау саясатының ықпалында айтарлықтай өзгерістерге ұшырап, дамуының өзіндік келесі сатысына көтерілді. Іс қағаздары қазақ тілінде дайындалып, іс жүргізу құжаттардың түрлері көбейді. Алайда отандық тарихнамада Жәңгірдің жеке басына және билігі туралы әртүрлі пікірлер орын алған. Бір зерттеушілер ханды барынша дәріптесе, енді біреулері анықтап, шынайы бағасын берген абзал.

Қорыта келгенде Қазақ Хандығындағы және Ресейге бодан болған тұста іс жүргізудің мемлекеттің басты функцияларының бірі болғандығына көз жеткіздік. Қазіргі уақытта сол кезде қалыптасып дамыған іс жүргізу одан әрі өз жалғасын тауып келеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Монғолдың құпия шежіресі. - Алматы,1995.

2.     Дүйсембекова Л. Қазақ ресми іс қағаздары. - Алматы: Ана тілі, 2005.

3.     Материалы по истории  казахского ханства. - Алматы,1995.

4.     Касымбаев Ж. Государственные деятели казахских ханств ХУІІІ- первой половины ХІХ.в Хан Жангир. - Алматы, 2001.