Набиянова Асем Курметовна,
қазақ тілі мен әдебиеті
мұғалімі
(Қарағанды Облысы Білім
Басқармасының «Тілге Ауыр Зақым Алған Балаларға
Арналған Мектеп-Интернаты» КММ, Қазақстан)
ҚАЗАҚ
ЖӘНЕ ОРЫС ТІЛДЕРІНДЕГІ ЕТІСТІКТІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Қазіргі тіл біліміндегі өзара туыс және туыс емес
тілдерді салыстырмалы-салғастырмалы тіл білімінің ұстанымдары
мен әдістемелерін кең қолдана отырып зерттеу – отандық
және шетелдік тіл біліміндегі ерекше дамып келе жатқан жаңа
бағыттардың бірі.
Салғастырмалы лингвосараптама ана тілі мен
басқа шет тілдің, яғни туыс емес тілдердің грамматика,
лексикасындағы ұқсастықтары мен айырмашылықтарын
бақылаушы деп те атауға болады. Салғастырмалы лингвистика
тілдегі синхронды әдістің материалдарына сүйенеді. Ондай
зерттеулерде қолданылып жүрген әдістер, сонымен бірге
қазіргі кезде жалпы тіл білімінің жан-жақты дамуымен
тығыз байланысты, екінші жағынан, зерттеліп отырған
жұмыстың мақсаты мен міндеттеріне де байланысты болып келеді.
Белгілі бір сөз табының
лексика-грамматикалық сипаты дегенде, алдымен, лексикалық
мағынасының жалпылануы негізінде пайда болатын жалпы грамматикалық
мағынасы, екіншіден, грамматикалық түрлену жүйесі,
яғни сөйлеу барысында пайда болатын таза грамматикалық
мағыналар мен оны білдірудің парадигмалық формалар
жүйесінің жиынтығы, үшіншіден, сол топқа
тән сөйлемдегі синтаксистік қызметі негізге алынады. Яғни
белгілі бір сөз табының лексика-грамматикалық сипаты
сөздерді таптастырудың негізгі үш приципіне негізделеді. Осы
жағынан келгенде етістік те өз алдына жеке сөз табын
құрайды.
Етістік – сөз таптарының ішінде
ең көлемді де күрделісі болып саналады. Етістіктің
ең күрделі сөз табы екендігі
оның лексика-семантикалық ерекшелігінен, түбір
тұлғасы мен оған үстелетін грамматикалық
формалардың қат-қабаттылығынан, грамматикалық
категориялардың әртүрлілігінен, жаңа сөз жасау
жүйесінен, қолданылу аясынан, сөйлемде атқаратың
синтаксистік қызметінен, т.б. лексика-грамматикалық
қасиеттерінен байқалады. Етістік зат есім сияқты көне
(сөз табы), басқа сөз таптарын жасауға негіз
болған сөз табы.
Екі тілде де етістік үлкен синтаксистік
мүмкіндіктерге ие. Ол сөйлемде өте маңызды
конструктивті және ұйымдастырушы роль атқарады.
Қазақ тілінде де, орыс тілінде де ол негізінен баяндауыш
қызметін атқарады.
Баяндауыш қызметінде ол қажетті
морфологиялық категорияларға ие: рай – наклонение, шақ –
времени, жақ – лицо. Бұдан басқа екі тілде де
етістіктің сөйлемде баяндауыш қызметін атқаратын
жіктелмейтін түрлері бар: етістіктің тұйық формасы –
неопределенная форма глагола, есімше – причастие, деепричастие – көсемше.
Етістік семантикалық жағынан тілімізде
қимылды, іс-әрекетті, процесті, әртүрлі өзгеріс,
құбылысты білдіретін сөздер болып табылады.
Кейбір еңбектерде етістікке
«қимылдың немесе қимыл түрінде өтетін түрлі
процестердің атын білдіретін сөз табы» [1, 8] деген анықтама
беріледі. Дұрысында, «етістік қимылдың атын емес, нақ
өзін білдіреді, қимылдың атын етістіктің кейбір
тұлғалары ғана (қимыл есімі немесе тұйық
етістік) білдіреді. Етістіктің семантикалық өрісі кең.
«Оның себебі, - дейді А.Ысқақов, - ол семантика тек
субъектінің іс-әрекетін ғана емес, табиғат
ауқымында, қоғам өмірінде ұшырасатын,
адамның абстракты ойы мен санасы арқасында туатын неше алуан амал,
әрекет, іс-қимыл, қозғалыс, жай, күй,
сияқты процестерге қатысты ұғымдарды түгел
қамтиды. Етістіктің осы бай семантикасы, оның
түр-түрі, қашан да болсын, мезгіл я шақ
ұғымымен ұштас болады» [2, 233]. Етістіктерді іштей
мағыналық, функциялық сипатына қарай бірнеше
топтарға бөлуге болады. Мысалы: А.Ысқақов оларды:
амал-әрекет етістіктері, қимыл-қозғалыс етістіктері
(ауна, аудар, жылжы), қалып-сапа етістіктері (жат, тұр),
ойлау-сөйлеу етістіктері (айт, жатты), өсу-өну етістіктері
(балала, гүлде), бағыт-бағдар етістіктері (бар, кет, әкет), көру-есту
етістіктері, мінез-құлық етістіктері деген сияқты
топтарға бөлсе [2, 235], академиялық грамматикада:
Объектімен тікелей байланысты іс-әрекетті
білдіретін етістіктер: (же, іш, майла,
жүр, көр, оқы) т.б. сабақты етістіктер. Субъект
қозғалысын, беталыс, бағытын болатын етістіктер: (кел, кет, түс, шық, жина, тара,
тарқа). Субъектінің қалпы, сапалық өзгеру
үдерісімен байланысты айтылатын етістіктер: (ұйықта, оян, азай, көбей). Бейнелеу етістіктері:
(едірей, жыми, ырсылда,
қызараңда, сайра). Ішкі объектілі салт етістіктер: (құлында, гүлде) [3,
127-128].
Етістіктер басқа да мағыналы сөз
топтары сияқты түбір күйінде де, әртүрлі
грамматикалық тұлғаларда да қолданылады деп
жүрміз. Бірақ етістіктің осындай
түр-тұлғаларының қолданылуында бірден сырт
көзге іліне бермейтін ерекшеліктер бар. Ең алдымен ол ерекшелік,
С.М.Исаев көрсеткендей, етістіктің түбір
тұлғасының
лексика-грамматикалық сипатымен байланысты. Қазіргі
қазақ тілінде етістіктің түбір тұлғасы сырт
қарағанда етістіктің кейбір грамматикалық
категорияларының формаларымен, атап айтқанда, бұйрық
райдың жекеше ІІ жақ анайы тұлғасымен сәйкес
келеді [4]. Сондықтан да қазақ тілінің грамматикасында,
етістіктің түбір тұлғасына қимылды білдірумен
бірге осындай грамматикалық мағыналар, яғни
бұйрықтың және ІІ жақ анайы жекешелік
мағына тән көрсетіледі де, «етістіктің түбірі –
бұйрық райдың екінші жағы» деп анықталады.
Ә.Төлеуов: «Етістіктің морфологиялық белгілері мынадай:
етістіктің түбірі ІІ жақ бұйрық райы болады да,
оның басқа түрлері осы формасына қосымшалар
қосылу арқылы жасалады. Яғни оның морфологиялық
категориялары бұйрық райдан өрбіп жатады», - дейді [5,
82-72]. Демек, ІІ жақ бұйрықтық мағына деген
ұғым мен етістіктің түбірі бір ұғым болып
түсіндіріледі.
Бұл анықтама бойынша, етістіктің
түбірі деген ұғым мен бұйрық райдың жекеше
ІІ жақ формасы деген ұғым бір де, бұйрық рай етістіктің грамматикалық
түрлену жүйесінің бір көрінісі емес, түбірге
ғана тән семантикалық-грамматикалық сипат деген
қорытынды туады. Ал дұрысында, профессор С.М.Исаев
көрсеткендей, біріншіден, бұйрық райдың жекеше ІІ
жақ формасында тұрған етістіктің бәрі бірдей
түбір бола бермейді: сен кел,
оқы дегендерді түбір
деп танысақ, ал келтірме, оқытқызба дегендерді де түбір
деп тану керек, екіншіден бұрықтың мағына түбірге
тән грамматикалық мағына болса, яғни, ол
грамматикалық түрлену формалары арқылы берілмей,
түбірде әуел бастан бар және грамматикалық мағына
болса, осы тұлғаның үстіне қосылған
түрлену формаларында жұмсалғанда да, ол мағына
сақтала беру керек, бірақ қимылдық мағына
сақталады да, бұйрықтық мағына сақталмайды:
келгенмін, оқыпсың т.б. дегенде ешбір
бұйрықтық
мағына жоқ. Демек, ІІ жақ бұйрық
мағына түбірдің емес, етістіктің арнайы түрлену
жүйесінің бір көрінісі болып табылатын таза
грамматикалық мағына. Үшіншіден, ІІ жақ
бұйрық мағына түбірге тән болса, арнайы
грамматикалық формалары бар ІІ жақ сыпайы (сіз келіңіз)
және көпше түрдегі бұйрық рай
тұлғалары (сендер
келіңдер) қайда кірмек? Төртіншіден, рай категориясы
етістіктің грамматикалық түрлену жүйесіндегі таза грамматикалық категориясы, ол
түбірден бүтіндей бөлек, ал бұйрық рай рай
категориясының бір түрі ғана. Бесіншіден,
етістіктің түбірі тікелей
жіктелмейді, ал ІІ жақ бұйрық рай тұлғасы –
жіктелудің бір грамматикалық, парадигмалық көрінісі
болып табылады [4, 47].
Етістік түбірдің грамматикада
көрсетіліп жүрген бір ерекшелігі – олардың тікелей
жіктелмеуі. Ал бұйрық рай ІІ жағы жіктелу
үлгісінің бір көрінісі, яғни сөйлеу процесі
нәтижесінде пайда болатын грамматикалық мағына.
Мұның өзі етістіктің түбірі — бұйрық
рай ІІ жағы деген анықтаманың қате екендігін, етістік
түбірі басқа сөз таптары түбір сияқты жеке
тұрып қолданыла алмайтынын көрсетеді. Ы.Мамановтың
«Түркі тілдерінде түбір етістіктер ешқашан басқа
сөздермен тіркеске енбейді де, сол күйінде дербес сөйлем
мүшесі бола алмайды. Етістіктер есімше, көсемше, қимыл есімі,
рай формаларымен түрленгенде басқа сөздермен синтаксистік
қатынасқа еніп, сөйлем мүшесі қызметінде
жұмсалады» деген пікірінің орынды екенін байқаймыз [1, 65].
Демек, етістіктің түбір
тұлғасы қимылды, іс-әрекетті, процесті т.б. білдіреді
және ол – етістіктің жеке сөз табы ретіндегі жеке
тұрғандағы семантикалық белгісі, негізгі және
грамматикалық мағынасы, ал
бұйрық рай ІІ жағы – сол етістіктің сөйлеу
үдерісінде басқа сөздермен қарым-қатынасқа
түсудің нәтижесінде пайда болатын грамматикалық нольдік
форма арқылы көрінетін түрлену мағынасы, яғни
категориялық мағынасы болып табылады.
Етістік сөйлемде негізгі мәнде де,
көмекші мәнде де қолданылады. Жеке тұғанда
лексикалық мағынасы бар түрін немесе күрделі
етістіктің негізгі мәнін білдіріп тұратын сыңарын
негізгі етістік, күрделі етістіктің негізгі мәнін емес,
грамматикалық мәндерін білдіретін сыңарын көмекші
етістік деп атайды. Көмекші етістіктің мәнді, мәнсіз
(Ы.Маманов) немесе толымды, толымсыз (Ысқақов) түрлері
болады.
Мәнсіз етістіктер – е, ет, жазда, де. Мәнді көмекші етістіктер: өз
алдына лексикалық толық мағына білдіретін, дербес
сөйлем мүшесі қызметін атқара алатын түбір
етістіктер тұлғасындағы атауыш сөздер (барып келгелі, үре бастады).
Толымды көмекші етістіктер: ал, бар, бер, баста, бақ, бол, біт,
жатыр, жүр, жөнел, жібер, кел, қал, таста, тұр,
шық, қыл, ет [1, 97]. Толымсыз
көмекші етістіктер: е (еді, екен, емес). Бұл
көмекшілер өздері тіркескен сөздерге ешқандай да
лексикалық мағына я реңк үстемейді, тек
грамматикалық мағына ғана жамайды.
Аналитикалық етістік я аналитикалық
тұлға болу үшін, - дейді А.Ысқақов, біріншіден,
негізгі етістік, екіншіден, оған қосылатын дәнекер форма,
үшіншіден, көмекші қызметін атқаруға тиісті
тағы бір етістік қатысуы керек. Аналитикалық етістік кемі
осындай үш компоненттің тіркесуі арқылы жасалады.
Аналитикалық етістік грамматиканың
семантикасын білдіріп, оның көрсеткіші есебінде қызмет ететін
соңғы екі бөлшегі – көсемше жұрнағы мен
көсемше етістік – мағына
жағынан да, қызметі жағынан да дәйім бірлікте
жұмсалады да бір ғана форма ретінде қызмет етеді. Бұл
грамматикалық форма аналитикалық қосымша я аналитикалық
формант деп аталады.
Аналитикалық форманттың І компонентінің есебінде
көсемшенің -й
(-а, -е), -ып, (-іп, -п) жұрнағы қызмет етеді де, екінші
компоненті ретінде толымды
көмекші етістік жұмсалады.
Күрделі етістіктер қазақ тілінде
өте көп қолданылатын формалардың бірі болып табылады.
Олар құрамына және грамматикалық мағынасына
қарай үш топқа бөлінеді. Есімдер мен
еліктеуіштердің көмекші етістіктермен тіркесуі арқылы
жасалатын тіркесті түбір етістіктер: жек
көру, таң қалу, ер жету, құр қалу, тарс
ету, гүрс ету. Күрделі етістіктің бұл түрі
ешқандай грамматикалық үстеме мағына білдірмейді де,
лексикалық единица есепті қолданылады. Сондықтан да бұл
форма сөз тудыру категориясына жатады.
Еді көмекші етістіктің тіркесуі
арқылы жасалатын күрделі формалар: оқыған еді,
көрген еді. Көсемше тұлғасындағы етістікке
көмекші етістіктің тіскесуі арқылы жасалатын формалар:
оқып шыққан, келе жатыр. Күрделі етістіктер құрамындағы
негізгі етістіктің мағынасына қарай «Қазақ
тілінің грамматикасында»
үшке бөлінген:
а) кесімді күрделі етістік.
ә) босаң күрделі етістік.
б) бейімді күрделі етістік.
Ал А.Ысқақов оқулығында
«Қалау мәнді күрделі етістік» түрі қосылған
[2, 63].
Етістік – заттың
қимылын, іс-әрекетін және заттың
қозғалыстағы күйін сипаттайтын сөз табы. Ол не
істеді? қайтты? (что делать? что сделать?) деген
сұрақтарға жауап береді.
Іс-әрекет мағынасы етістік үшін
жалпы сипаттама, себебі «қимыл» сөзінің астарында көп
мағына жатыр:
1) еңбек әрекеті: Ол ағашты кесіп тастады. – Он срубил дерево. Жұмысшылар тұрғын
үй салды. – Рабочие строят жилые дома.
2) қозғалыс: жүру – идти, жүгіру – бежать, жорғалау – ползать,
жылжу – двигаться, зымырау – мчаться.
3) адамның сезім мүшелерінің
жұмысы: есту – слышать,
тыңдау – слушать, көру – видеть, сөйлеу – говорить;
4) ойлау үдерісі: ойлау – думать, бағдарлау, талқылау – рассуждать, білу –
знать, түсіну – понимать.
5) физикалық қалпы: тұру – стоять, жату – лежать,
ұйықтау – спать, жадырау, сергу – бодрствовать.
6) көңіл күйі: көңілдену – веселиться,
қуану – радоваться, шаттану – торжествовать.
7) қалыпты күйден өзгеру: ағару – белеть, бозару – бледнеть,
қараю – чернеть, қартаю – стареть, жасару – молодеть.
Екі тілде де етістік үлкен синтаксистік
мүмкіндіктерге ие. Ол сөйлемде өте маңызды
конструктивті және ұйымдастырушы роль атқарады.
Қазақ тілінде де, орыс тілінде де ол негізінен баяндауыш
қызметін атқарады.
Баяндауыш қызметінде ол қажетті
морфологиялық категорияларға ие: рай – наклонение, шақ –
времени, жақ – лицо. Бұдан басқа екі тілде де
етістіктің сөйлемде баяндауыш қызметін атқаратын
жіктелмейтін түрлері бар: етістіктің тұйық формасы –
неопределенная форма глагола, есімше – причастие, деепричастие – көсемше.
Сабақты етістік тікелей затқа
бағытталған әрекетті білдіреді. Салт және сабақты
етістіктердің лексикалық мағынасымен олардың
синтаксистік айырмашылығы байланысты: екі тілде де сабақты етістік
табыс септігін қажет етіп тұрады (орыс тілінде – винительный
падеж). Балаларды (кімді?)
тәрбиелеу – воспитывать (кого?) детей, қиындықтарды (нені?)
жеңу – преодолеть (что?) трудности.
Салт етістіктерге төмендегіні білдіретін
етістіктер жатады:
1) кеңістіктегі қозғалыс пен
қалып күй: отыру – сидеть,
жату – лежать, жүру – ходить, малту, жүзу – плавать, ұшу –
лететь, сүңгу – нырять;
2) физикалық және мінез –
құлық жағдайы: ұйықтау
– спать, ауыру – болеть, зардап шегу – страдать.
3) бір күйден екіншісіне өтуін
сипаттайтын етістіктер: сауығу –
выздоравливать, ауыру – болеть, ағару – белеть;
Салт етістіктер өзінен кейінгі
объектілердің тура толықтауыш болуын талап етпейді: үйге кіру – войти в дом, есепте
тұру – состоять на учете.
Екі тілде ортақ белгілерден басқа,
айырмашылықтар да бар. Орыс тілінде сабақты етістіктен кейін екі
жағдайда винительный падеждан кейін родительный падеж келеді.
а) егер тура толықтауыш затты тұтас
емес, белгілі бір бөлігін атаса.
Бұл құбылыс қазақ
тілінде де бар, тек шығыс септік жалғауы қолданылады: судан (неден?) беріңізші – дайте
(чего?) воды, жидектен теріп алды – насобирал ягод. Қазақ
тілінде тұтастың бөлігін атау керек болмаса, онда
сабақты етістіктен кейін табыс септігі қолданылады: жидекті теріп
алды.
б) Орыс тілінде сабақты етістік
жоққа шығарушы болса, онда одан кейін родительный падеж
қолданылады: не чувствовал боли –
ауырғанды сезбеді, не выполнил поручения – тапсырманы орындамады.
Қазіргі
кезде шетел тілін ана тіліне сүйене отырып, ана тілі арқылы
үйренетін тілдің ерекшеліктерін салыстыра оқыту кең
қолдау табуда. Салғастырмалы әдіс тілдердің
практикалық және теориялық денгейін жоғарылату
арқылы, осы тілдерді меңгерту әдістерін жеңілдету
жолдары арқылы зерттеледі. Салғастырылатын тілдердегі
етістіктің категориялары теориялық және практикалық
тұрғыдан олардың ұқсастықтары мен
айырмашылықтарын нақтылап көрсетуге бағытталады.
Әдебиеттер тізімі:
1 Маманов Ы.
Қазіргі қазақ тілі. – Алматы, 1995. – 128 б.
2 Ысқақов А.
Қазіргі қазақ тілі. – Алматы, 1985. – 286 б.
3 Қазақ грамматикасы: Фонетика. Сөзжасам. Морфология. Синтаксис. –Астана: Астана полиграфия,
2002. – 783 б.
4 Исаев
С.М. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: – Қайнар, 1993. – 80
б.