ТОПОНИМДЕР ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ТАНЫМ

 

Филология ғылымдарының докторы, профессор  Пангереев А.Ш.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті

 

Табиғаттың беймәлім сырларына үңілу, оларды білмекке құштарлық қандай да болмасын халықтың тарихи санасына тән нәрсе екендігі белгілі. Халықтың тарихи санасы мен фольклор туындыларын бір-бірінен бөліп алуға келмейді, бұл екеуі сан ғасырлар бойы бірге жасасып, бірігіп кеткен ұғымдар. «Жалпы фольклорлық процестің ерекшеліктерін халық тұрмысының, әдет – салттарының, дәстүрлерінің тереңіне бойламай анықтап алу тіпті мүмкін емес. Халықтың сөз, ән, күй өнері сол халықтың өзімен бірге туып, бірге өскен, халық тағдырын сол халықтың өзімен бірге арқалап көтеріскен, халықтың тарихи өмірінде болып өткен үлкенді-кішілі оқиғалар фольклорлық шығармаларда іздерін қалдырып отырған. Сондықтан батырлық және лиро-эпикалық жырларды, шежірелерді, аңыздар мен аңыз-әңгімелерді халық тарихынан бөліп алып қарастыру және мүмкін емес».

Осы айтылып отырған ұлан-ғайыр  фольклорлық шығармаларда ізін қалдырып отырған халық танымының бір парасы - топонимдер  десек, ол да сол халықтың шығармашылық өнері аясында туып, халықпен бірге жасасып келе жатырған мәдени- рухани   құндылықтары қатарынан орын алады. Мәдени, рухани құндылық дегенде біз әдетте ұлттың асыл қасиеттерін білдіретін абстракциялық ұғымдарды еске алатынымыз анық. Ал енді дала төсінде халықтың шежіресіндей жазылып, орнығып қалған жер-су атаулары дерексіздіктен гөрі, деректілігімен ерекшеленеді. Сайын даланың өзінің аталу ерекшелігіне байланысты талай сырды бойына бүккен, шешуін тауып сөйлеткен кісіге тарихтың куә көзіндей әңгіме шертетін жер-су, елді мекендер мен мұндалап тұнып тұр. Егеменді ел болып еңсеміз көтерілген әсіресе қазіргі кезде бұл ұлттық құндылықтарымызды танып білуге деген оң көзқарас қалыптасты, мәдени өреміз биіктеді. Кейінгі ұрпақтың жер-су атауларын білуге ықылас танытуы сол ұлттық мәдени құндылықты түгендеуге деген ұмтылыс деп білу керек.

Бір кездері ата-бабасының аяғы тиген, ен жайлап, еркін көшкен жерлерінің атауы қызықтырған ел баласының қай-қайсысы да ол атау, есімдердің қайдан шыққандығын, оның өзегінде нендей оқиға жатқандығын, өлке шежіресіне айналған атау қойнауында қандай сыр бүгулі тұрғанын сұрастырып білуді атадан қалған салтқа, өзіндік бір дәстүрге айналдырған. Бір сөзбен айтқанда туған жердегі елді мекен, жер атауларына халық қашан да ерекше перзенттік сезіммен қараған.

Жалпы қай уақытта, қай қоғамда болмасын жер-су атауларының алар орны бөлек. Халқымыздың дәстүрінде берік сақталған нәрсенің бірі жолаушылап келе жатырған адаммен амандасып жөн сұрасу болса, сол жөн сұрасу барысында қойылар сұрақтар қай жақтан (жерден) келесің, жеріңнің, суыңның аты не, ол не себепті олай аталған болып келеді. Алыстан келе жатырған жолаушыға, немесе әлдебір себептермен ел аралап жүрген жүргіншіге, не жоқ іздеп жүрген жоқшыға, болмаса әйтеуір көлденең көк аттының бәріне қойылар сауал осы. Бұл оларды тергейін,тексерейін деген ниеттен емес, кеңістікті ,дүниені, басқа да елдерді танып, білейін деген ойдан туындап қанға сіңген әдет, жақсы әдет. Өйткені адам баласы дүниенің төрт бұрышының түрін түстеп, атын атап танып білуге ежелден бері құмар. Жер мен жерді,ел мен елді  ажырату үшін де топонимдердің маңыздылығы , қажеттілігі осында.

Белгілі бір жер аумағына, территорияға иелік ететін, сол жерді мекендеп тұратын халық өз меншігін топонимдік  атаулар арқылы белгілеп алмай ма? Яғни топонимдік атаулар өмірдің экономикалық дамуына, меншіктілік формасының қалыптасуына да қатысты. Жалпы жер-су атауларының әрбір объектіге  (тауға, суға, орман-тоғайға т.б) жекелене атала бастауы да адамзаттың осы табиғатты игеруі нәтижесінде пайда болған меншіктілікке тікелей байланысты деп айтуға болады. Осы жөнінде В.А.Никонов: «Чем полней человечество овладевает природой, тем огромней количество названий и важней их роль» [1,11-б.], – деп жазған екен. Бұл дұрыс айтылған пікір. Себебі адам табиғатты игерген сайын, оның құбылыстарын түсінген сайын оның бәрін өз танымы тұрғысынан бағалап, ат қойып, өз алдына бөлек жаңа дүниелерді аша түсетіндігі белгілі жәйт.

Табиғаттағы құбылыстардың бәрінде де белгілі бір себептілік болады. Адамның психологиясы сол себептіліктерді білуге, құпия сырларын ашуға құштар келеді.

Адамның табиғатқа деген қоғамдық санасы дами келе алдымен жер-су атауларын өз сипат белгісіне қарай атауды, ал кейіннен ғылым пайда болып дамыған кезде топонимика деген жер-су атауларының жиынтық бейнесін білдіретіндей атау алды десе де болғандай. Қазіргі аса дамыған қоғамдық қатынастар елдің ішінде болсын, ел мен елдің арасында болсын өндіріске, мәдениетке, өнерге, жалпы қай салада болмасын орнатылған іскерлік қарым-қатынастар, не болмаса қарапайым сапарлардың өзі бетке алған мекеннің атын білмей іске аспайтындығын түсіндіріп жатудың өзі артық.

Сонымен, жер бетінен атауы жоқ белгі-бедер таба алмайтынымыз ақиқат. Өйткені адамзат қоғамының ілгері дамуы үшін географиялық атаулардың мәні айырықша болған, бола да бермек. Бір мемлекет ішіндегі, тұтас халықтар арасындағы саяси-әлеуметтік өмір ырғағын былай қойғанда, ең елеусіз деген хабардың өзін белгілі бір мекен-жайын айтып алмаса түсіну мүмкін болмас еді. Демек, топоним атаулы тарихи, географиялық және лингвистикалық мәннен хабар беріп тұрады деген сөз. Мұның өзі белгілі бір өнірдің топониміне қарап сол өңірді мекен еткен ұрпақтың тарихы туралы, тіршілік көзі жайында, ой-өресі хақында, тіптен сезім сұлулығына дейін тамаша хабардар болып, белгілі бір қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Ең бір елеусіз деген географиялық атаудың астарында тұтас романға бергісіз шытырман тарих тұнып жатуы кәдік. [2,72-б.]

Қалай болғанда да топонимдік атаулар халық өмірінен, қоғам өмірінен тыс болмақ емес. Бұл баяндап отырған тезистеріміздің бәрі топонимияның қоғамдық маңызы туралы. Біз топонимдік фольклордың қоғамдық қызметін айтқанда оның халық өмірімен байланыстылығын алдымен сөз етіп отырған себебіміз фольклордың өзі халық өмірінің айнасы іспетті болғандығынан, олардың бір-біріне астасып, тұтасып жатқан ерекшеліктерінен деп білген жөн. Сондықтан топонимдік фольклордың қоғамдық мәні мен маңызына тоқталғанда жер-су атауларының халықтың тарихи санасымен бірге туып, бірге жасасып келе жатырған ерекшелігін, фольклор атты халық шығармашылық өнерімен еншілес болып, тіпті біте қайнасып бірігіп кетуін заңды құбылыс деп білеміз. Осы бірлік, тұтастықты жіті байқаған ғалымдардың бірі М.Базарбаев былай дейді: «Жер және тіл», анығырақ айтсақ, табиғат, мекен, оған байланысты сөйлеу тілі. Асылында, ешбір әдебиет алғашында осы байланыссыз, осы ықпалсыз өсіп, дамымаған болар. Бұл байланыстық, әрине кейін де үзілмейді, қазір де бар» [3,67-б.]. Ғалымның талдауға алып отырған «Жері» –топонимика да, «тілі» – фольклор сюжеті деп білсе де болады. Бұл екеуінің байланысын фольклор жанрларының қай-қайсысын алып қарасақ та айқын танимыз. Бұндай байланыс – бірліктің өміршең болатындығы олардың қоғамдық қызметінің бір екендігінде деп білу керек.

Енді осы екі ұғымды тарқатып көрейік. Халық «жер» деген сөзді «жер-су» түрінде де айтып қолданады. Оны ғалым М.Базарбаев та дұрыс көрсеткен.

Бұндай сөз қолданысы, ауызекі сөйлеу тілінде қазір қолданыста болмағанымен бағзы замандарда ең қастерлі ұғымның бірі ретінде қолданыста болып, қазіргі отан ұғымында түсіндірілгені айқын. Оның дәлелі негізінде Монголия жері, Орхон өзенінің бойында табылған Күлтегін мен Білге қағанға арнап орнатылған ескерткіш тастарда бәдізделген, бүгінде халқымыздың төл мәдениетінің белгісі, ерлік істерінің жаңғырығы, ел үшін, жер үшін күресінің символы, елдікті сақтаудың айрықша белгісі, үлгісі болып отырған жазба деректері болмақ.

Тасқа қашалып жазылған бұл мызығымас мұраны зерттеушілер екі түрлі бағытта қарастырып, бірі түркі қағанатының тарихи деректер жиынтығы десе, екіншілері тарихи ерлік поэма түрінде ұғуды ұсынады. Бұл жөнінде ғалым М.Жолдасбеков: Орхон жазуларының жанрлық табиғаты туралы тюркологияда қазір қарама-қайшы екі түрлі көзқарас қалыптасып келеді. Оның бірі А.Щербактың, екіншісі И.Стеблеваның есімімен тікелей байланысты дей келе «Орхон жырлары тек қана өлеңге құрылмаған, арасында қара сөз араласып келіп отыратын өзіміздің «Алпамыс», «Қобыланды» тәрізді эпикалық жырларды еске салады», – деп түйінді ой айтады. Бұдан әрі ғалым Орхон жазулары жөнінде Ә.Марғұлан айтқан «VI-VIII ғасырлардағы халық фольклорында эпостық поэзияның Орхон ескерткіштерінде жазылып қалған ең ертедегі ақындық тәсілдері мен дәстүрлері белгілене бастаған» деген пікірді, М.Әуезов айтқан «Бұл күнге дейін оларды (Орхон жазулары) тіл тарихының ескерткіші ретінде зерттеп жүр. Соған қоса ол фольклордың мейлінше көне үлгілерінің де ескерткіші емес пе? Сол жазуларда эпостық аңыздардың шағын да ықшам фабулалық желілері бар ғой» деген пікірін келтіре отырып, Орхон ескерткіштерінің жанры жөніндегі мәселені күн тәртібіне алғаш қойған, оның әдеби сипатын ашып көрсеткен осы екі тұлға екендігін  баса атап көрсетеді [4, Б.71-72.].

Әрине, уақыт өте келе кезінде өз заманының шындығы болып мәңгі тасқа қашалған бұл сөздерді тарихи шежіре деп те, эпос стилінде жазылған әдеби мұра деп те қабылдауға болар. Мәселені бұдан да терең барып қарастыруға да еркіндік бар. Ең үлкен мәселе – бабаларымыздың асқан көрегендікпен тасқа қашап бәдізшілерге жаздырып кеткен бұл теңдессіз мәдени мұрасының атқарған және атқара бермек қоғамдық қызметіне байланысты. Осы қызметіне байланысты әр ғылым саласы бұл жазу мәтіндерін өз зерттеулеріне пайдаланып, өзіндік пайымдаулар жасауларына құқылы сияқты. Біз де өз тақырыбымызға орай бұл жазуларды негізгі жетекші мотиві ел мен жер қорғау болғандықтан топонимдік желідегі әдеби ескерткіш – поэтикалық туынды деп атауды жөн деп білеміз. Себебі тастағы мәтінде (Күлтегін жазбаларында) түркі жұртының елін сақтау, жерін қорғау үшін жүргізген соғыстар, жауынгерлік әдістер мен тактикалар, елдікті орнату жөніндегі басқа да әрекеттер нақтылы жер-су аттарын қолдану арқылы айқындалып отырады. Күлтегін жазуында (кіші және үлкен жазу) тасқа қашалған жер-су атының саны – 23, оның ішінде Өтукен, Көгмен, Темір қақпа сияқты атаулар бірнеше рет қолданысқа түсіп, жалпы мәтін бойында топонимдік атаулар 32 рет айтылады. Жортуыл, жорықтардың қайда өткендігіне куәлік беретін бұл жер-су атаулары сан ғасырды артқа тастап бүгінге жетіп отырған ескерткіш мәтінінің негізгі идеясын ашуға сеп болғандай. Негізгі идея, басты мақсат не еді? Қаһарман бабалардың «Күндіз отырмауы, түнде жатпауы, Бастыны еңкейтуі, тізеліні бүктіруі» не үшін қажет еді деген сұрақтардың жауабы біреу. Ол – түркі халқының қасиетті жер-суын (отанын) сақтау үшін. Өйткені мәтіндегі басты лейтмотив осы. Жер-суды қасиетті санап, оны ешкімнің табанына таптатқысы келмеген, одан айрылу, өмірден қол үзумен, елдіктен, ұлттық болмыстан айрылумен бір деп есептеген бабаларымыз оны қасық қаны қалғанша қорғағандығын бұл мәселені зерттеушілердің қай–қайсысы да атап көрсеткен. Әсіресе, осы ескерткіштерді зерттеушілердің бірі әдебиетші ғалым М.Жолдасбеков түркі халықтарының діни көзқарастары жөнінде айта келіп: «Ол уақытта (ислам діні тарамаған кез) халық құдайды, әулиені білмеген. Көкке – Тәңірге, қара жерге, суға табынған. Не бір қысылшаң тар кезеңдерде дағдарған, есеңгіреген түркі халқына дем беретін де осылар – түрктің қасиетті  жер-суы» [4,25-б.],  – деп жазған болатын. Жер-суды отан ұғымында қолдану да осы тезистерден бастау алады деуге болады. Сайып келгенде бұл ұғымның күні бүгінге дейін маңызды болып келетін қоғамдық қызметі де осында.

Әрине, жер-су туралы ұғым, түсініктер бір ғана Орхон ескерткіштерінен басталды деу асығыстау айтылған пікір болады. Оны осы ретпен тасқа жазу үшін де арғыдан келе жатырған таным-түсінігі, жортуыл-жорықтары жөнінде әңгімелеу, жазу дәстүрі болғандығына дау жоқ. Өйткені мәтінді тасқа жазу үшін  оның алдымен ауызша айтылып тараған өзіндік негізі болуы керек ғой. Халықтың таным-түсінігі дегенде оны қалай білеміз, қалай анықтаймыз деген ой көлденеңдейтіні белгілі. Расымен де оны қалай айқындаймыз деп ойлап қарағанда нақтылы дәлел табуға болады. Байыптап қарасақ күнделікті қолданып жүрген біздің тіліміз көптеген сұрақтың шешімін табады екен. Яғни тарихты тарихтан емес, тілдің өзінен, өзінің ішінен іздеген дұрыс. Мәселен, біздің тілімізде «күліңді көкке ұшырайын» деген сөз бар. Өлтіру деген мағына беретін осы сөздің астарында ертеде онимистік түсінікте болған халқымыздың танымы жатыр. Яғни адамның рухын көкке үрлеп, көк тәңірісіне тапсыру деген ұғымды береді. Индияда әлі күнге дейін өлген адамды өртеп, күлін (рухын) су тәңірісіне беріп Ганга өзеніне шашатын дәстүр бар екені көпке мәлім. Сонда осы айтылған «күліңді көкке ұшырайын» деген сөз ерте заманда, исламнан бұрынғы кезеңдерде біздің жерімізде де өлген адамды өртеу ғұрпы болғандығын білдіреді. Және бұл жобалап айтылған, логика арқылы жеткізуге тырысқан сөз болғанымен бүгінгі таңда расында да дерегі бар сөз болып отыр.

Қытайдың Минзу университетінің профессоры, бітіктанушы (ескерткіш танушы) ғылым Еркін Ауғалидің айтуынша олар моңғолия аумағындағы Күлтегін ескерткішіне зерттеу жүргізгенде, оны қазып сүйекті көрмекші болады. Қазып қалғанда сүйек жоқ болып шығады. Алайда табыттың иесі жоқ басында тұрған екі құмыраныбайқайды. Құмыраның ішінде шүберекке түюлі күл болып шығады. Өртеу ғұрпы болғандығының нақты айғағы осы. Тарих тілдің ішінде деп осы себептен айта аламыз.

Олай болса, адам баласы жер бетінде тіршілік ете бастаған уақытынан бастап кеңістікті игеру барысында қоршаған орта, табиғат, дүниедегі заттар мен құбылыстар төңірегінде көп ойланып, олардың пайда болу, аталу сырлары жөнінде көп толғанып келеді десек дұрыс болады.

Жер-суға ат қойып, айдар таққан уақыт адам табиғаттан өзін бөлектеп, енді оған қожалық ете бастаған мерзім болса керек. Өйткені болмысты, қоршаған ортаны танып-білу санамен тікелей байланысты екендігі белгілі.

Адам баласының табиғатында әуелі басқаны біліп алып, өзін кейіннен танып білу қасиеті бар. Ежелгі дәуір адамдарының алдымен өзінен басқа заттарға ат қоятыны, өзін сол басқаларға ұқсата атайтыны – өз басын кіші дүние деп біліп, оны ана үлкен дүниеге ұқсатуынан болған. Осы таным тілге де әсер еткен.

Біз топонимдік атауларды алғашында жалпылама су, тау түріндегі географиялық атау ретінде аталды деп ұйғарып, ал олардың төбе, жота, қырат, теңіз, өзен, көл т.б. жіктеле, түрлене бөлінуі адамның қоршаған ортаны толық танып меңгергендігінің, белгілі бір кеңістікті игеріп, сол жерде тұрақты мекенденуі себепті өзіне меншікті сезініп  әрекет етуінен деп білеміз. Затқа, құбылысқа ат қою, табиғатты өзіндік бедер-белгісімен ұқсата атау өмір тәжірибесінен туындайтыны,  белгілі  бір себептерге, құбылыстарға байланысты болатындығы аян.

Бұдан қандай да болмасын жер-су атауы алдымен географиялық термин ретінде дүниеге келетінін, яғни белгілі бір жердің, кеңістік атауының бедерін, өзіне тән белгісін көрсететін базалық географиялық термин мәнінде, мысалы, сай, өзен, жылға, тау, тас т.б. түрінде танылатындығын көреміз.

Ендігі кезекте адам баласы сан ғасырлар бойғы өмір тәжірибесі негізінде өзінің сөздік қорына енген, ұғымына сіңген осы базалық терминдерді енді олардың сапалық белгілеріне сай күрделендіре отыра пайдаланып атаулар жасаған деп білеміз. Бұл терминдердің күрделенуі, қордалана жиылуы өмірдің күрделенуімен тікелей байланысты. Яғни, адамзат баласы өз материалдық қажеттіліктеріне орай жаңа жерлерді мекендеп, кеңістікті игеруіне, иемденуіне байланысты және тарихи санасының табиғатты, дүниені тану барысында үнемі өсу үстінде болуы себепті танылған объектіге үйлесімді, ұғымға сіңісті болған атаулар қоры үздіксіз жасала берді деуге негіз бар.

Уақыт өткен сайын, кеңістікті игеру барысында адам аяғы тіршілікке қолайлы жаңа жерлерге тиген сайын атаулар легі көбейіп жаңа танымдық негіздер жасалатындығы белгілі. Бұл және тоқталып қалатын да процесс емес, үздіксіз жүріп отыратын құбылыс. Оның үстіне жер-су атаулары мызғымас тұрақтылығымен де ерекшеленеді. В.А.Никонов жер бетінен жоғалып кеткен тілдердің белгісі ретінде географиялық атаулардың ғана сақталып қалғандығын айта келіп: «Разрушены города, распались государства, исчезли языки и сами народы, а названья выжили. Хрупкие слово оказалось прочней гранита» [1,12-б.], – деп таңданыс білдіреді. Бұл топонимдік атаулардың тұрақтылығын көрсететін фактор.

Уақыт өте келе жер бетінде  табиғат қалпы өзгеруі мүмкін. Бір кездері болған айдын көл, арналы өзендер тартылып, орнын қоға басып, не құрғап кетуі, немесе Аққулы, Шағалалы аталған көлдерде ол құстардың қарасының да көрінбейтіні, сайдың бітеліп тегістеліп кетуі, көкмайсалы жерді құм басып шөлге айналып кетуі сияқты құбылыстар табиғат дүниесінде болып тұратындығы белгілі. Бұның өзін былай қойғанда ғасырлардың мызғымас ескерткіші – тілдің өзінің өзгеріске түсу, кейбір сөз қолданыстарының историзм, архаизм санатына қосылып, санада көмескі із қалдырып күңгірт тарта бастауы мойындалған шындық.

Сонымен қандай бір елді мекен, жер атаулары болсын, ол алдымен халық тарапынан қойылатын географиялық жер атаулары болса, екінші жағынан, ол халықтың тарихи жадының көрінісі ретінде өз ішіне әуелі тілді, рухани ұғым-наным мен дүниетанымды, тіпті әдет-ғұрыпты да қоса қамти отырып, кешенді түрде ақпарат берудің қайнар көзіне айналады. Тарихта кез-келген халықтың жоғалып, не жойылып кетуі мүмкін, бірақ сол халықтың авторлығымен қойылған географиялық жер атаулары сол халықтың тарихынан тынбай хабар беріп жататын халық жанының жанды индикаторы тәрізді құбылысқа айналмақ дей келе ғалым М.Мырзахметов: «Мысалы, Солтүстік Кавказда ғасырлар бойы өмір сүріп келген ұбық халқы 1817-1864 жылдар ішінде отарланып, өздері туған жерінен қуылды. Шетке қашып, ана тілінен де айырылып, рухани өмір сүруін тоқтатты. Бірақ ұбық халқы жоғалғанымен, соның авторлығымен қойылған кейбір жер атаулары өмір сүруде. Қазіргі Сочи (ру аты) қаласы – соның нақтылы айғағы» [5,220-б.],  – деп пікір білдіреді. Бұл топонимдік атаулардың жалпы жер бетінде сақталуының мысалы.

Ал, оның фольклор сюжеттеріне арқау болуы, фольклорлық мәтіндерде сақталуы ерекше құбылыс. Жер бетінде сақталған атаулар жоғарыда көрсетілген мысалдағыдай соғыс, жаугершілік әрекетінен, халықтар миграциясы әсерінен, саяси-әлеуметтік себептерден өзгеруі мүмкін, ал фольклор мәтіндерінде сақталған жер-су атаулары тұрақтылығымен ерекшеленеді, олар сол фольклор туындысымен бірге туып, бірге жасамақ. Бұл мәселенің бір жағы. Екінші жағынан фольклор сюжеттеріне арқау болған жер-су аттарының өзгермейтін тұрақтылығы, өміршеңдік қасиеті олардың атқарар танымдық, эстетикалық қызметіне және қоғамдық әлеуметтік жүгіне тікелей байланысты.

 

Әдебиеттер:

 

1.      Никонов В.Введение в топонимику. М.: Наука, 1965. – 180с.

2.     Сейдімбеков А. Күңгір-күңгір күмбездер: Сұлулық туралы сырлар. – Алматы: Жалын, 1981. – 240б.

3.     Базарбаев М. Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы. - Алматы: Жазушы, 1973. – 256б.

4.     Жолдасбеков М. Асыл арналар. - Алматы: Жазушы, 1990. – 352б.

5.      Мырзахметов М. Түркістанда туған ойлар. – Алматы: Түркістанда туған ойлар. – Алматы, «Санат», 1998. – 368б.