*120021*

Бокаева Алина Тлеубековна

Каспий Қоғамдық университетінің ассоцпрофессоры, филология ғылымдарының кандидаты

«Толқыннан улы балды жұта бердім...»

(М.Жұмабаев өлеңдеріндегі «толқын» образы)

Космостық ырғақтың образы ретінде, сонымен қатар, инволюция мен эволюция процестерінің көрінісі ретінде бейнеленетін толқын образы Мағжан ақынның поэзиясында өзіндік ерекшеліктерімен көрінеді. Толқын қозғалысы өмірдің циклдік процестерін, тепе-теңдікті, бәрі бір-біріне еніп, бір-бірінен шығып, үнемі кезеңдік қайталануды көрсетеді. Толқын мәңгі және шексіз. Мағжанның да толқыны мәңгі және шексіз толқымақ. Ақынның өлеңдерінде бұл – сұлу, сұлудың шашы: Шашың – толқын, жүрегімнің жарына/ Соғылды да баттым улы зарыма. («Жұлдызды – жүзік, айды алқа ғып берейін»), Отау сайын судай сұлу толқын шаш,/ Толқын тербеп: «Әлди, әлди!» - дейді бау. («Берниязға»), бұл өлең жолдары: Тізілген толқын – меруерт,/ Толғанып оқы, тербетер. («Қоңыр жыр»), бұл өмір: Сен, бөбегім, ержетерсің, өсерсің,/ Толқындар да толқып-толқып басылар. («Жас Мағжанға»), Толқынға толды төрт жағым («Жазғы жолда»), бұл – қиял:

Бергенде көтеріле от боп жанып,

Қиялдың толқындары алды қағып.

Толқыннан улы балды жұта бердім,

Кетпес-ау, мен татпасам, толқын танып. («Тұранның бір бауында»)

«Жұлдызды – жүзік, айды алқа ғып берейін» атты өлеңдегі толқын-шаштың жүрек жарына соғылуы неткен ғажап көрініс десеңші?! Міне, ақын поэзиясының әсерлілігі, құдыреттілігі осында болса керек! Сондай-ақ,  «Берниязға» деген өлеңдегі толқын-шашты әлдилетіп бау тербеуі де өте әсерлі және әдемі шыққан сурет. «Қоңыр жыр» өлеңінде ақын өзі айтқандай,  өлеңдері толқындай толғантып тербетері анық. Адам өмірі толқынға өте ұқсас емес пе? Бірі бірімен ауысып, бірі бірімен толығып, бірін бірі өшіріп, бірі бірімен жаңарып, бірі бірінен туындап жатады. Бұл өмір заңдылығы. Өмір толқындары бірде биікке көтерсе, бірде төменге батырады. Бірде қатты толқып көтерілсе, бірде сабырлықпен басылады. «Еділде» атты өлеңінде ақын толқынның бар табиғатын ашқандай болады.

Түсте толқын еліріп,

Абыржып еді ойнақтай.

Кешке толқын тып-тыныш,

Қабыржыған қаймақтай.

Түсте толқын тулап ед

Ойнақтаған тайлақтай.

 

Кешке толқын тынып тұр

Қоңыр іңір бейуақтай.

Түскі толқын теп-тентек,

Бойлауық, көзсіз қайраттай.

Кешкі толқын тұңғиық,

Тек қоймас терең ойлатпай.  

 

Тізілген толқын – меруерт

Бір-біріне тағылып,

Шұбырған толқын шуменен

Ағытқан қойдай ағылып.

Күңіренген толқын долданып,

Көпіріп жарға қағылып.

 

Толқынға қарап мен тұрмын

Қоңыр оймен қамығып.

Әдемі табиғат көрінісін беретін өлең-суреттегі толқынға ақын персонификация әдісін қолдана отырып, толқынның тірі жан ретінде толқыған бейнесін көрсетті: елірген, тынған, тып-тыныш, абыржыған, тулаған, ойнақтаған, теп-тентек, бойлауық, қайратты, тұңғиық. Толқын бірде тайлақтай, бірде қаймақтай, бірде бейуақтай. Бұл толқын бар табиғатымен ақынмен үндес, ақын жанының толқындарымен үндес. Мағжан поэзиясының толқындары да бірде алай-дүлей болып көкке ұмтылса, бірде саябырсып ақ көбігін ғана шашқандай болады. Қандай болса да оқырман жүрегіне беймәлім бір толқу енгізгендей болады. Тыныштық көрмеген ақын өлеңдері үнемі толқыған толқындар тәрізді. Осы көркем образға Мағжан көптеген мағына сыйдыруда, толқын бұл:

·        өмір;

·        тағдыр;

·        сұлудың шашы;

·        өлең;

·        қиял;

·        қозғалыс;

·        алма-кезек.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Жумабаев М. Шығармалар. 3-томдық, 1-т. А., Білім, 1995.