ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПТЕРДІҢ БІЛІМ БЕРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

А.Т.Туралбаева

«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы  Алматы облысы бойынша ПҚБАИ «Басқару және білім сапасы» кафедрасынының менгерушісі, философия докторы

 

С.Таджибаева

Абай атындағы ҚазҰПУ

6М010200-БОПӘ мамандығының 2курс магистранты

 

Қоғам қажеттілігіне сәйкес қабілетті балалар мәселесін зерттеуге қатысты философиялық, психологиялық, педагогикалық мәліметтер және ғылыми еңбектер жылдан жылға көбеюде. Бүгінгі таңда мемлекет пен қоғамның алдында тұрған басты мақсат – Республиканың зияткерлік әлеуетін сақтау және қазақстандық азаматтан зиялы қауымды дайындау. Білім мен ғылым кеңістігінде еліміздің білім қызметкерлері көптеген тың өзгерістер енгізді. Интеллектуалды жоғары, қоғамға жаны аши білетін азаматтарды дайындау, бастауыш сынып қабырғасынан басталады. Ендеше жаңа ғасыр мектебінің алдында тұрған міндет - дарынды балалармен жүйелі жұмыс жүргізу болып табылады. Оқу мен тәрбиенің сыныптағы бала танымына лайық жолдарын сұрыптау, әр баланың даралық ерекшелігін дамытуға, қоғамда өмір сүруге психологиялық тұрғыдан дайындау мақсатымызға айналуы тиіс. Әрбір жеке тұлғаның өз басына сын көзбен қарап, өзін-өзі реттеп, өз бойындағы қасиеттерді іске асыратын тұлға тәрбиелеп шығару. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық, рухани өміріндегі ұлттық мәртебемен білім беру жүйесін ғаламдық модернизация кеңістігіне сабақтастыра ізгілікті мазмұнда дамыту ұстанымы көзделіп отыр.

Осы орайда Зияткерлік мектептер ұлттың зияткерлік әлеуетін дамытуға жәрдемдесуге тиіс. Ал мектептердің түлектері Қазақстанның әл- ауқаты мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға өрелі үлес қосады. Президент қойған міндеттерді орындау үшін Зияткерлік мектептер инновациялық білім беру моделін әзірлейді, олар үздік қазақстандық және халықаралық тәжірибені интеграциялайды. Дәл осындай көзқарас мектептердің түлектеріне Назарбаев Университетіне, үздік қазақстандық және беделді шетелдік жоғары оқу орындарына ойдағыдай оқуға түсуге және оқуларын аяқтауға мүмкіндік береді. Олар еңбек нарығында сұранысқа ие болатын болады, әлеуметтік- экономикалық және саяси салаларда белсенді ынтымақтасатын болады, инновацияларды жер-жерде енгізеді, осылайша, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен іскер абыройын арттыратын болады.

«Қазақстан Республикасының 2016-2019 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасына» сәйкес білім берудің мақсаты – жылдам өзгеріп отыратын дүние жағдайларында алынған терең білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі іске асыруға, өзін-өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс, адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру[1].

ХХІ ғасырдың қарқынды ілгерілеу ырғағына қатар ілесу үшін, өзара тығыз байланысты және көпмәдениетті әлемде қалыптасқан қазіргі жағдайда оқушылардың өз бетінше оқу дағдыларын дамыту аса маңызды болып табылады.

Бастауыш сыныпта оқыту оқушыларды төменде аталған мүмкіндіктер есебінен дамытуды көздейді:

-ғылыми-зерттеу дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік ұсыну;

-кез келген қабылданатын ақпаратқа сын тұрғысынан қарап, талдай білу дағдысын белсенді дамыту;

-өзіндік рефлексия және тәуелсіз, өз бетінше ойлануға ынталандыру;

-кез келген өмірлік жағдайда немесе жұмыста кездесетін негізгі жаһандық проблемаларды түсіну және оларға сәйкес әрекет ете білуге ынталандыру[2].

Бастауыш сыныптарда оқытылатын пәндерді оқу арқылы оқушылар өз түсінігін кеңейте отырып, өзінің ой-пікірі үшін жауапты болуға үйренеді.

Оқушылар өзіндік көзқарасы мен пайымдауын қалыптастырып, дамытуға, мұқият зерделеуге және өз ойын сенімді айта білуге дағдыланады. Мысалы, олар дәлелдерді талдау мен бағамдауды және ойлау дағдылары туралы ойлануды үйренеді. Сонымен қатар, пәнаралық байланыс орнату арқылы олар ақпаратты тиімді пайдалануды үйренетін болады.

Осыған байланысты инновациялық білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды іске асыру үшін қажетті білім беру саласындағы қазіргі заманғы басқару нысандарын енгізу, академиялық еркіндік пен дербестікті дамыту үшін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы құрылды. Ұйымның қызметін 2011 жылғы 19 қаңтардағы «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев қоры» мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы реттейді.

Дербес ұйымның басқару органдарына Жоғары қамқоршылық кеңес, Қамқоршылық кеңес және атқарушы орган – Басқарма жатады.

 ДББҰ стратегиялық мақсаты – Үздік қазақстандық және халықаралық тәжірибе мен практиканы ықпалдастыратын инновациялық білім беру моделін құру және енгізу. Бұл мақсат жету жолында келесі стратегиялық міндеттер орындалуы керек:

– «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ жүйесінде қазіргі заманғы басқару нысандарын іске асыру;

– бастауыш, негізгі және жоғары мектептер үшін білім беру бағдарламасы мен оқу материалдарын жасау;

 – функционалды сауатты, патриот, жауапты, көптілді, жасампаз, және сыни ойлайтын, салауатты өмір салтын ұстанатын, өмір бойы оқуға қабілетті, жетекші қазақстандық және халықаралық университеттерге түсетін оқушыларды қалыптастыруға ықпал ететін оқытатын орта жасау;

 – білім беру сапасын бағалаудың айқын жүйесін әзірлеу;

– мұғалімдер мен басқа да педагог қызметкерлерді кәсіби дамытуды қолдау;

– жаратылыстану-математика ғылымдарын оқуға қабілетті балаларды іздестіру мен конкурстық негізде қабылдау;

– ДББҰ қызметіне ата-аналар жұртшылығын, үкіметтік емес ұйымдарды, жергілікті атқарушы органдар мен басқа да мүдделі тараптарды тарту;

 – Зияткерлік мектептер желісін кеңейту;

– Зияткерлік мектептердің тәжірибесін Қазақстанның орта білім беру жүйесіне көрсету;

– әлемде халықаралық деңгейде танылған білім беру және ғылыми ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту[3].

Зияткерлік мектептер оқуға инновациялық көзқарастарды, өз тәжірибесі мен практикасын, үздік шетелдік тәжірибені Қазақстанның орта білім беру жүйесіне көрсетеді, осылайша елде берілетін білім мен тәрбиенің сапасын арттыруға жәрдемдеседі. Бұл мектептер бастауыш мектеп (оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту), негізгі мектеп және жоғары мектеп деңгейлері бойынша білім беру бағдарламаларының қазіргі заманғы модельдерін әзірлеуді, оларға мониторинг жүргізуді, зерттеуді, талдауды, байқаудан өткізуді, енгізуді және іске асыруды жүзеге асыратын эксперименттік алаң болуы керек.

Қазақстан Республикасындағы қазіргі бар білім беру талаптары мен стандарттары білім беру саласындағы қазіргі заманғы басқару нысандарын лайықты деңгейде енгізуге, инновациялық білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды іске асыруға мүмкіндік бермеді. Осыған байланысты «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ құрылды. Бұл мәртебе білім беретін оқу бағдарламаларын дербес бекітуге, қабылдау емтихандарына қойылатын талаптарды белгілеуге, үлгерімдікті ағымдағы бақылауға, аралық және қорытынды аттестациялау мен басқаларына құқықты білдіреді. Академиялық еркіндік қағидаты жаңа бағдарламаларды әзірлеу мен байқаудан өткізуді жеделдетуге, орта білім беру жүйесін жаңғыртуға мүмкіндік береді. Қазақстандық және әлемдік білім беру жүйелерінің үздік дәстүрін үйлестіретін мектепте білім берудің инновациялық моделін қалыптастыру қазіргі заманғы білім берудің объективті қажеттілігі болып табылады. Осындай модельді жасау білім беру мазмұнын, оқыту әдістемелерін, оқу жетістіктерін бағалау қағидаттарын, қалыптасқан мектеп құрылымын, өзара қарым-қатынас жүйесін өзгертуді талап етеді.

Кіріктірілген білім беру бағдарламасы Кембридж университетінің Халықаралық емтихан кеңесімен, Кембридж университетінің білім беру факультетімен ынтымақтастықта әзірленеді.

Кіріктірілген білім беру бағдарламасының ерекшеліктеріне әрбір деңгей бойынша тоқталайық.

 Бастауыш мектепте:

– балабақшадан және бастауыш сыныптардан (1–4-сынып) тұрады;

– баланың білуге құмарлығы, ойын, жобалау және танымдық қызмет арқылы баланың жеке басын дамытады;

– бастауыш мектепте оқуға қажетті ептілік пен дағдыны дамытады;

– оқушылардың зерттеушілік дағдыларын дамытады; – жаңа кіріктірілген пәндер енгізіледі:

«Ғылымға ену», «Әлемді тану», «АКТ», «Өнер».

Зияткерлік мектептердегі оқу процесі зерделенетін проблеманың мән- жайына әбден түсінуді қамтамасыз ететін, әрбір оқушының жеке қатысуын және оның оқуға қызығушылығын арттыратын белсенді оқыту әдістерінен құрылған.

Ғылыми-зерттеу қызметінің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:

– оқушыда ғылыми шығармашылыққа қызығушылықты қалыптастыру, ғылыми-зерттеу міндеттерін өз бетінше шешу әдістемесі мен тәсілдеріне оқыту;

 – шығармашылық ойлауды және өз бетінше жұмыс істеуді дамыту, оқыған кезде алған теориялық және практикалық білімді тереңдету және бекіту;

– неғұрлым дарынды және талантты оқушыларды анықтау, өзекті міндеттерді шешу үшін олардың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін пайдалану.

Зияткерлік мектептерде зерттеу қызметінің дағдыларын меңгеру оқушыларда базалық білім жүйесінің бар екендігін және зерттеу жұмысына тікелей қатысуды болжайды. Бірінші шарт теориялық және практикалық білім жүйесі, оқушылардың өз бетімен жасайтын жұмысы, ғылыми зертханалардағы практикалық сабақтары арқылы іске асырылады. Екінші шарт меншікті зерттеу жұмысын әзірлеу процесінде базалық білімді іске асырумен қамтамасыз етіледі. Мысал үшін, Зияткерлік мектептерде зерттеу жұмыстарын және кеңейтілген зертханаларда биология, химия, физика және математика бойынша 3D технологияларды пайдаланып оқу процесін неғұрлым қызықты ететін тәжірибелер өткізуге мүмкіндік беретін барлық қажетті жағдай жасалған.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1          Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 1 наурыздағы № 205 Жарлығы

2          Мұғалімге арналған нұсқаулық Үшінші (негізгі) деңгей. «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ, 2012.-59б.

3          Бастауыш мектептің пәндері бойынша оқу бағдарламалары туралы. Әдістемелік құрал. 2015.-118б.