Омаров Тоғатай

ОҚМПИ,шымкент,Қазақстан

Жазушы Жәлел Кеттебек және желтоқсан шындығы

Қазақ елінің талайлы тағдырында ерекше орны бар оқиғалар жетерлік. Оның бәрі елім деген ерлердің есінде жүргенімен, кейбірін тіпті де атаусыз қалдыратындаймыз. Мәселен, тарихта аты қалған «Албан көтерілісі», «Созақ көтерілісі»  сынды тарихи оқиғаларды тарихшыларымыз болмаса, қарапайым көпшілік жете біле бермейді. Білген күннің өзінде сол қанды оқиғалардың кейбірінің саяси мәні, олардың тарихи бағасы әлі нақты берілген жоқ. Менің ойымша сондай көтерілістердің бірі һәм бірегейі – кешегі Желтоқсан көтерілісі. Тіпті, оны бірде көтеріліс, енді бірде оқиға ( событие) деп, әртүрлі атап жүрміз. Бірақ, мәселе оның қалай аталуында тұрған жоқ. Мәселе оның маңызында. Біз оны әйтеуір желтоқсан айы келгенде есімізге аламыз. Онда да оны тәуелсіздік күніне орай демалыс үшін берілетін екі-үш күндік қуаныштың, одан қалса, жаңа жылға деген (әр жаңа жылдан жақсылық күтетін пенденің әдеті ғой) қуаныштың дүмпуі басып кететінін несіне жасырамыз. Содан кейін тағы бір жылға дейін ұмытып жүре береміз.

Ұлт азатығы жолындағы күрестердің бірі, кешегі тоталитарлық жүйенің сеңін сетінеткен, демократияның алғашқы қарлығаштары Желтоқсан көтерілісіне де биыл отыз жыл. Орталық комитеттің шешімдеріне батыл қарсы шығып, елінің мүддесін қорғауға бел буған жалынды жастар қандай қарсылыққа ұшырап, оның аяғы немен аяқталатынын дәл сол кезде болжап та жатпаған болар. Қалай десек те, олар қандай мақтау-мадақтауға да лайық еді. Алайда көп уақыт бұл тақырыпты қозғауға да, ол туралы жазуға да тиым салынды.

Еліміздің егемендік алуы қазақ әдебиетінің де жаңа белеске көтерілуіне ықпал етті. Енді ақын-жазушыларымыз кеңес тұсында бара алмаған, еркін түрде қозғай алмаған тақырыптарды қайта қарауға, елеп-екшеуге мүмкіндік алды. Сондай жабық тақырыптардың бірі һәм бірегейі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы десек қателеспеспіз.

Желтоқсан оқиғасы әдебиетімізде шағын өлеңдерден бастап поэма, әңгіме, повест, роман, трилогия, драматургия сияқты барлық жанрда көрініс тапты. Осыдан-ақ бұл тарихи оқиға бойында ұлттық намысы бар ақын-жазушылардың барлығына дерлік қозғау салғанын көруге болады. Алайда қаншама туындылар жазылып жарық көрді дегенімізбен Желтоқсан шындығы толық ашылып, өз бағасын алды деп, тағы да айта алмаймыз. Әрине ол басқа әңгіменің арқауы.

Аталған тақырыптың бүге-шігесіне дейін қозғап, оның саяси мәніне барлау жасаған тамаша шығарманың бірі жазушы Жәлел Кеттебектің «О дүниеден оралған адам» атты хикаяты.

«– Зұлымдық – озбырлардың философиясы.

– Биліктің шен-шекпені өздерінің сүйікті құлдарына ғана бағышталған.

– Ең ұлы марапат – өз халқыңың ықыласы» [1, 2423].

Хикаяттың эпиграфы ретінде алынған бұл жолдарда жазушының идеясы ғана емес, біз кеше өмір сүрген Кеңес заманының ащы шындығы да жатыр.

Шығарма кіріспесі шағын прологпен басталған. Оқиға желісі кейіпкердің өткен өмір жолын еске түсіру арқылы өрбіп отырады. 

Оқып көрелік. «Мен қазір ауған жеріндемін. Соғысып жүргеніме тоғыз жылдан асты. Әлі қанша жүрерім бір құдайдың өзіне ғана аян. Менің ойымша, адамзат тарихындағы ең жұмбақ соғыс – осы Ауған соғысы. Онда логика жоқ. Егер жергілікті шаруа өзінің жерін қорғап ашық ұрысқа шықса, онда әңгіме басқа. Бұндағылар қарудың күшімен күнкөрісін айыруға әбден машықтанып алған. Соған қарап Батыстың бір стратегі Ауғандагы ахуалды түсініксіз қақтығыстардың заңдылығы деп бағалапты. Бұл жәйтке дәлел іздеп, бас ауыртудың қажеті жоқ дегені болса керек. Білгіштігіне болайын? Біздің тіршілігіміз ең анайы, әрі ең көне шындыққа негізделген. Күшке қарсы күш көрсете алмасаң, сенің құның көк тиын. Міне, гәптің төркіні. Неғұрлым хауіпті, әрі зұлым болсаң, соғұрлым құрметтісің. Бірақ бұл логика емес. Бұдан тоғыз жыл бұрын, сексен алтының қақаған қысында тұрлаусыз тағдыр мені бұрқ-сарқ қайнап жатқан осы дүниенің ішіне лақтырып тастаған еді. Содан әлі малтып шыға алмай жүрмін. Құдайлығын айтсам, бір жағынан, шыққым да жоқ. Мәселе әдеттеніп қалғандықтан емес. Дүниеде өзгермейтін әдет болмайды. Ауған мені қорсыну сезімінен арылтты. Мен ешкімге кіріптар емеспін. Кез-келген министрдің, немесе кез-келген тайпа көсемінің жанын жәһаннамға жібере салудың қолыңнан келетінін білгенде сен өзіңді жер шарындағы ең ұлы өркениетте өмір сүріп жатқандай сезінесің» [1, 242б].

Кейіпкер атынан айтылған осы шағын прологтан біраз ой қорытуға болады. Біріншіден, талай боздақтардың өмірін жалмаған Ауған соғысы шын мәнінде кімге керек еді? Кеңес әскерінің бейбіт жатқан ауған жеріне баса-көктеп кірудегі мақсаты не? Ауған соғысы жазушы айтқандай адамзат тарихындағы ең жұмбақ соғыс па? Екіншіден, «күшке қарсы күш көрсете алмасаң, сенің құның көк тиын» деп отырғандағы зорлықшыл күш иесі кім? «Ауған мені қорсыну сезімінен арылтты. Мен ешкімге кіріптар емеспін» дегенде жазушы нені меңзеп отыр?

1979 жылы Ауған жерінен Кеңес әскері тек он жылдан соң, яғни 1989 жылы шығарыла бастады. Бірақ, ол соғыстың онымен аяқтала салмағанын енді біліп жатқандаймыз.

Әрине, қазақ жастарын 1986 жылғы қақаған қыста сол кездегі Брежнев алаңына алып шыққан күш – кіріптарлық, өктем ұлттың кіші ұлтқа жасаған озбырлық іс-әрекеті емес пе еді?

Жазушы хикаяты екі күнге созылған осы тарихи оқиғаның бар шындығын алдыңызға жайып салады. Хикаят көтерілісті сырт көздің баяндауында, болмаса қатысушылардың одан кейін қалай қудалауға түскендері арқылы бағалап, үкім кеспейді. Мәселен Желтоқсан оқиғасы, оның себеп-салдары А.Алтайдың «Сібір офицерінде» бірді-екілі эпизодта көрінсе, М.Байғұттың «Жоғалған Жұрнақ» әңгімесінде оқиға Жұрнаққа қатысты айтылатын ауыл-аймақтың, онда да балалардың ауыз-екі әңгімелері арқылы көрініс тауып жатады.

Мұнда кейіпкер сол тарихи оқиғаның бел ортасында жүретіндігімен ерекшеленеді. Оқиға желісі үзілместен, кәдімгі кино көріп отырғандай әсерге бөлейді. Жазушы шеберлігі сондай оқиғаның шиеленіскен шешімі қалай аяқталады екен деген қызығушылық сізді еріксіз алға жетелеп отырады. Кейіпкермен бірге сіз де жаныңызды шүберекке түйіп отырғаныңызды сезбей де қаласыз.

Алматыдағы жоғары оқу орны заң факультетінің соңғы курсында оқып жүрген кейіпкеріміз; «Ол кездері біз кереметтей бақытты едік. Не бір қиын істі төсек үстінде шешіп жүрдік. Небір ауыр күнәларымыз бен ағаттықтарымыз да төсек үстінде кешіріліп жатты. Кикілжің кейінірек пайда болды. Оңаша үй болып, әйелім босанғаннан кейін қосымша машақат пен қиындықтар көбейе түсті. Отбасының берекесі қашып, болмашы нәрсеге шырт етіп, шекісіп қала беретін әдет шығардық. Тіпті, солардың себебін айту да қиын. Меніңше, өмірден ештеме көрмеген адамдардың оннан тоғызы пенде баласына тән тірліктің ауыртпалығын дұрыс қабылдауға бейімсіз келетін секілді. Зұлым тағдырдың құрбаны болдық деген бір алдамшы наным олардың санасын үнемі улап тұратын болса керек. Масқара болғанда, менің әйелім де осы оннан тоғыздың қатарына жататын жан еді. Бәлкім, тоғышарлық тұрғыдан оны да түсінуге болатын шығар? Неге десеңіз, әйелім мен сияқты емес, дәулетті отбасында өскен», [1, 242б] деп еске алады.

Сонымен пәтерден-пәтерге көшіп жүрген жас отбасы әзірге бір жарым жасар ұлдарын Қордайға апарып тастауға мәжбүр болады. Енесі алғаш денсаулығының, балаға қарайтын шамасының жоқ екенін айтып қарсы болғанмен, ақыры көндірген жары Баян баланы апарып, оны емшектен шығарып қасында екі-үш болып, қайтуға уағдаласады. Ия, себепсіз, салдар жоқ. Мүмкін, сол келісілген күні Баян қайтып келгенде, Жантөре өмірінің бұлай астаң-кестеңі шықпас та ма еді? Кім білген?

Оқиғаның бел ортасында жүрген кейіпкеріміз басынан соққы алып, есінен танады. Оны өлдіге санаған қауіпсіздік комитеті қызметкерлері басқа да құрбандармен бірге Бүкір тауға апарып көміп тастауы керек еді. Алайда ол бағына қарай, жо-жоқ, сорына қарай тірі қалған еді. Кейіпкеріміздің басынан өтіп жатқан бұл сезімдік күйлерді жазушы былайша береді.

«Брежнев аланында ән құдыретімен ерекше бір әсерге бөленіп тұрып, мен күллі өмірімді жаңа сезіммен өлшеуге тырыстым. Кім болғанымды, кім болатынымды – бәрі көз алдымнан өтті. Үш күннен соң бізге бүлікшілер деген айып таңылды. Біз билік тарапынан қарғысқа ұшырадық. Қатерлі қылмыскер ретінде аспанда, суда, жерде – жарық дүниенің күллі ендігінде түп-түгел қуғынға түстік. Қылмыс – ауыр күнә. Ол күнәні кешіріммен өтеу мүмкін емес. Оның жалғыз ғана өтемі – жаза. Егер тіршіліктің бейкүнә шаттығын сезіну үшін, адами әлеміміз асқақ болу үшін, адам құдыретінің шаттығы мен ұлылығын сезіну үшін, өз жеріңнің ақыреттік адал перзенті болу үшін қылмыстан өзге жол қалмаса, не істемек керек? Неге мен адамдықты сезіну үшін қылмыс жасауға мәжбүр болдым? Оу, бауырлар, неге үн қатпайсындар? Сонда қылмысты мен бе, әлде адамдықты құртушылар ма? Неге мен сотталуым керек, неге басқыншыларды соттамасқа? [1, 242б].

Оған әлдеқашан үкім шығарылып қойған. Ол үкім – өлім. Себебі, жоғарыға оның өлгендігі туралы ақпарат беріліп қойған. Оның үстіне ол біраз шындықтың тірі куәсі де. Ендеше, ол қалайда өлуге тиіс. Бұл шындықты жазушы кейіпкердің аузымен былайша өрбітеді.

«Саясатқа тірілер керек емес. Оған өлгендер ғана керек. Өйткені, өлілердің үстінен жаңа бір идеологиялық аңыз орнату арзанқол саясаттың аса оңтайлы тәсілі. Әрі өлілер өткен күнәға куә бола алмайды ғой. Ал, мен – тірімін. Масқара болғанда, тірі қалдым. Әрі Бүкір таудағы сұмдықтың куәсімін. Сонда не істемек керек? Қайткен дұрыс? [1, 242б].

Ия, бұл ащы да болса мойындауға тура келетін шындық. Ал бүгін сол желтоқсанда құбан болғандар мен қуғын-сүргенге ұшырағандардың нақты санын ешкім де айта алмайды. Қаншама ата-ана балаларына дұрыс тәрбие бере алмады деген желеумен қызметтерінен шеттетілді. Қаншама жас жігіттер мен қыздар оқудан шығарылып, ең сорақысы он екіде бір гүлі ашылмаған қазақтың қаншама қара көз қыздары мүгедек болып қалды.

Енді қайда барарын білмей жанұшырған Жантөре басынан талай қиындықты кешіреді. Өзінің үлкен қылмыс жасағанына емес, керісінше үлкен қылмыстың куәсі болғандығы үшін жазаға тартылатынын білген соң  шет елге кетуге бел байлайды. Жантөренің шет елге кетуінің тағы бір өзіндік себебі бар еді. Ол өзіне дос санап жүрген Сағынтай мен құдай қосқан жарының опасыздығы еді. Әрине мұны ол сол кезде білген жоқ еді. Ал оның сыры мәлім болғанда бәрі де кеш болатын.

Ақыры бір апта бойы арып-ашып жалдамалы пәтеріне зорға жеткен Жантөрені тағдырдың тағы бір тәлкегі күтіп тұр еді.

– Мінеки, сізді құрта жаздаған күйеу балаңыз, – деп әйелім жүгіріп жеткен әкесін көргенде, одан сайын өршеленді. – Қу сирақ сорлының түріне қараңыз. Қаңғыған төбеттей арса-арсасы шығып, құр сүлдері қалыпты. Біз оны өліп қалған десек, тірі болып шықты. Құдай да жақсыларды алады, бұндай сормандай бейшара кімге керек? Көрдіндер ме, о дүниеге де сыймай қайтқанын? Қарандар, мына сүмелекке!

...Енді бұл үйде мен қызығарлық ештеме қалмағаны, ұлым мен әйелімді мәңгіге жоғалтып, тіршілікте үміт қылған соңғы тірегімнен айрылғаным өзегімді өртеп жіберді» [1, 313-314 бб].

Қауіпсіздік комитетінің полковнигі Жантөрені бір жағы аяғандықтан, екіншіден оның тірі қалуы өзіне де қауіпті болған соң Ауған жеріне өткізіп жіберуге көмектеседі. Оның Ауған жерінде тоғыз жылдан бері соғысып жүргендігі, онда қайдан тап болғандығы осылай ашылады.

Міне, жазушының желтоқсан оқиғасының жанды картинасын жасаған хикаяты осылай аяқталады. 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Ж.Кеттебек. Түйсік. – Алматы: Arna-b, 2009. 400 бет.