Молдабек Қ. -п.ғ.д., проф., ҚР ПҒА академигі,Орынбай А.Б., Бесбаева Ж.С. Оңтүстік қазақстан педагогикалық университеті, Шымкент қ., Қазақстан

ОҚЫТУ ҮРДІСІНДЕ ЭЛЕКТРОНДЫҚ ОҚУЛЫҚТАРДЫ ПАЙДАЛАНУ

   Бүгінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуы, сенімді электронды-оптикалық мәліметтер жеткізуші компьютерлер мен көпшілік тұтынушыларға жүйелі тәртіппен пайдалану мүмкіндігіндегі электрондық энциклопедиялар, анықтамалар бірқатар көкейкесті мәселелерді шешуге нақты жол ашып отыр [1].                                                    

Педагогикада дидактикалық үрдіс мәнін түрліше түсіндіретін, оны құраудың түрлі жолдарын ұсынатын бірқатар оқыту теориялары бар. Оқыту түрлері оқытатын және оқу іс-әрекетінің сипаты бойынша, оқытудың мазмұнын, әдістерін және құралдарын құру негізінде ажыратылады. Қазіргі уақытта дидактикада хабарлаушы (иллюстративті-түсіндірмелі), мәселелік, бағдарламалық оқыту жөнінде қалыптасқан жалпы көзқарастар бар. Соңғы уақытта қашықтық оқыту әзірлемесі жүргізілуде. Біз ақпараттандыру шарттарымен оқытуды ақпараттық-коммуникациялық технология негізінде электрондық деп атаймыз. Себебі, электрондық оқыту жоғарыда көрсетілгендей, алгоритмделген оқыту үрдісі, оның бойында қазіргі кезеңдегі оқытудың барлық түрлерінің белгілері бар.

Оқыту үрдісінде электрондық оқулықтарды пайдалану оқушыларды қажетті мәліметтер іздеуге, білім алуға, тестілер мен тапсырмаларды орындауға жұмылдырады. Түсініктер, заңдылықтар, теориялар, ізденіс, фактілерді талдау, ойлық іс-әрекет барысында танылады[2].

Оқыту үрдісі, оқулық іс-әрекет ғылыми ізденіске жақындатылып, мәселе, мәселелік жағдай, болжам, шешім құралдары, сынақ, ізденіс нәтижелері түсініктерінен көрініс табады. Ақпарат құралдары арқылы оқытудың қасиеттері: ойлық қабілетті дамытады, оқуға деген қызығушылықты арттырады, шығармашылық күштерін оятады. Алайда, оқытудың бұл түрін жүзеге асырудағы электрондық оқулықтың мүмкіншіліктері әзірше шектеулі. Мәселен, ол оқылатын материалдың сипатынан болу мүмкін және т.б.

        Бағдарламаланған оқытуда оқу нақты басқарылатын үрдіс ретінде жүзеге асырылады. Оқытылатын материал жеңіл меңгерілетін бөліктерге бөлінеді. Олардың бірінен соң бірі оқушыларға ұсынылады.

 Әрбір бөлікті оқыған сайын оқушылардың меңгерулерін тексеру қажет. Бағдарламаланған оқытудың қасиеттері: ұсақ бөліктер жеңіл меңгеріледі, меңгеру екпінін оқушы таңдайды, жоғары нәтиже қамтамасыз етіледі. Кемшіліктері: әрбір материал түбегейлі өңдеуге жарамайды, оқушының ой дамуы репродуктивті операциялармен шектеледі, оқуда эмоцияға, қарым-қатынасқа деген қажеттілік байқалады. Ақпараттандыру шарттарымен оқыту, біздің пікірімізше, бағдарламаланған оқуға ұқсас болса да, онымен дифференцияланады, себебі бірқатар ерекшеліктері бар.

 Оқыту үрдісінде электрондық оқулықтарды пайдалануды жүзеге асырудың негізгі түрі – сабақ болып есептеледі. Ол оқу-тәрбиелеу үрдісінің қарапайым құрылым жасаушы бірлігі болып табылады. Оның аясында оқу бағдарламасының белгілі бөлігі ашылып жүзеге асырылады және оны меңгерудің нақты кезеңі көрініс табады. Нақтылы сабақ қандай оңтайлы болса да, хронологиялық түрде мақсаттармен, мазмұнмен, оқушылар құрамымен және т.б. шектелген педагогикалық үрдістің аяқталған кесіндісін білдіреді.  Мұғалім сабақта дәл бекітілген уақыт барысында арнайы бөлінген орында топтың, оқушылардың (сыныптың) ұжымдық, танымдық іс-әрекетіне, олардың әрқайсысының ерекшелігін ескере отырып, тікелей оқыту үрдісінде барлық оқушылар оқудың негізін меңгеруге қажетті шарттарды жасайтын, сондай-ақ оқушылардың танымдық қабілеттерін дамыту мен тәрбиелеуге арналған жұмыстың мақсатын, мазмұнын, түрін, құрамдарын және әдістерін қолдана отырып жетекшілік жасайды.

 Ғылыми-педагогикалық әдебиеттерде сабақты түрлі көзқарастар және аспектілер тұрғысынан қарастыратын көптеген жұмыстар арналған.

        Әрбір сабақ осы идеяға сәйкес құрылып, жүзеге асырылуы тиіс. Онда оқытудың қазіргі кезеңгі теориясының логикасы және белгілі бір деңгейде қоғамның білім беру жүйесіне әлеуметтік тапсырысы айқындалады. Бұл міндеттерді іске асырудағы нақты кезеңдерге бөлінген үрдісті алдымен білім беру міндеті, содан соң дамытушы, содан кейін ғана тәрбиелік ретінде деп түсінуге болмайды. Шын мәнінде олар өзара әрекет жасап, бірін-бірі өзара толықтырады. Бұл міндеттерді іске асыру бірлігі мазмұннан да, әдістерден де көрініс табуы тиіс[3].

        Аралас сабақ қандай да бір тақырыпты меңгеруге аз уақыт бөлініп, қысқа мерзім ішінде материалды алғашқы қабылдаудан оның меңгерілуін тексеруге дейінгі барлық танымдық циклді жүзеге асыру керек болған кезде өткізіледі.

        В.С.Безруков сабақты келесі түрлерге бөледі. Әсіресе ғалымның  практикада сұхбаттасу сабағы жиі қолданылады.

        1. Сұхбаттасу – оған қатысушылардың тең дәрежедегі, қатынас субъектілері ретінде көрінетін ұйымдасқан қарым-қатынас.

                  2. Лекция сабағы, әсіресе оқу пәнінің күрделі және мәселелік сұрақтары бойынша жүргізіледі. Лекция сабағы тиімділігінің шарттары – мұғалімнің дамыған ойлау қабілеті, оның эвристикалық және сыни ойлау қабілеті, осы іскерліктерін балалармен бөлісуге дайындығы. Сондай-ақ оқушылардың лекцияны тыңдап, конспектілей білулері, сұрақ қоя білулері, ой, талғам логикасын талдай білулері. Сұхбаттасу сабағы және лекция сабағы ерекше педагогикалық іскерлікті және оқушылардың ерекше дайындығын талап етеді.    

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі 

1.     Балықбаев Т.О. Теоретико-методологические основы информационные модели формирования студенческого контингента вузов:– Алматы 2003. -34 с.

2.     Бидайбеков Е.Ы. Математика – информационные технологии в теории и практике обучения: Учебн. пособ.-Алматы: 1996, – 86 с.

3.     Ермеков Н.Т. Информатика. Жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану математикалық бағдарларындағы 10-11 сыныпқа арналған байқау оқулығы. – Алматы: Жазушы, 2002, -392б.