Филол.ғ.д., проф. Айгүл Серікқызы Ісімақова
М.О.Әуезов
атындағы Әдебиет және өнер институтының
әдебиет теориясы және әдебиеттану методологиясы
бөлімінің меңгерушісі
Алаш
әдебиеттануындағы тәуелсіздік идеясы
Тәуелсіздік
алғаннан бері қазақ халқының сана-сезімі,
ұлттық намысы мен ұлтты ұлт ететін ділі мен діні
біртіндеп өз қалпына келіп жатыр. Қазақ әдебиеті
сонау Күлтегін мен Тоныкөктің ақыл сөздерінен
басталса, оның басына ақ сәлде киген өкілдері бар
екенін, «Айтарыңды ойлап сөйле, жүректі Ер! Аузыңды бақ,
енер содан кесел де!» деп өсиет айтқан ата-баба сөзін енді
ғана санамызбен сезінудеміз. Әл-Фараби, Ж.Баласағұн,
А.Йасауи, А.Йүгінеки, М.Хорезми, М.Х.Дулатидің ғибратты
асыл сөздері қазақтың ата-баба
дәстүрінің ғана ізі емес, жалпыадамзаттық
ақыл мен парасаттылық, имандылық пен ізгіліктің
үлгісі болып қала бермек. «Құтты білік» жазылған
кезде «Игорь жасағы туралы жыр», «Монғол құпия
шежіресі» әлі дүниеге келмеген де еді. Қазақ жерінде о
бастан асыл сөз ғибраты болғанын, яғни
ата-бабаның ежелгі әдебиеті бар екенін дәлелдеп келе
жатқан ғалым Ә.Дербісәлі 21 әл-Фараби, 8
әл-Йасауи, 12 әл-Тарази сияқты асыл сөз иелерінің
мұрасын тәуелсіз әдебиеттану мен тарихқа енгізіп отыр.
Көне Сығанақ шаһарынан шыққан
Сығанақидің үш томдық еңбегін Каирден тауып
әкелді. Шығыстанушы ғалым Түркияның атақты
Сүлейман кітапханасында Кердерінің он томдық мұрасы
бар екенін айқындап, Қашқардан шыққан бірнеше
ғалымдардың мұрасын тіл білетін зерттеушілерге беруге
әзір екенін мәлімдеді.
Ғалымның
біз әлі қадірін түсіне алмай келе жатқан
руханилығы мол қазына М.Х.Дулатидің «Жаһаннамесін»
бүгінгі қазақ тілінде ғылымға енгізуі
үлкен жақсылық. М.Х.Дулатидің «Тарихи Рашидиі» –
асыл сөз үлгісі ғана емес, ұлттық сөз
өнерінің тарихилығын дәлелдеп тұрған
әдеби жәдігер. Бұл екі басылым – әдебиет о баста
тектілер ісі болғандығының тағы бір дәлелі. Олай
болса, тәуелсіз әдебиеттану ғылымы өзінің
төл дәстүріне қайта бұрылып, осыншама
ғибратты ата-баба асыл сөзін бүгінгі тұрғыдан
меңгеруі қажет.
Тәуелсіздікпен
бірге тұрмыс-салтымыз, имандылығымыз, мәдениетіміз,
кеңес кезінде жазықсыз репрессияға ұшыраған
әдебиетіміз бен оны танытатын әдебиеттану ғылымы қайта
оралып, жан-жақты жаңа зерттеулерді талап етуде. Кеңестік
кезеңде цензураға ұшыраған әдеби көркем
мұра біртіндеп жөнделу үстінде. Тоталитарлы-отаршылдық
саясаттың күшімен тарихи жыр мен толғаулардан алынып
тасталған ұлтжандылыққа, имандылыққа,
елдің біреуге бодан болмай, тәуелсіз болу үшін рухани
күреске шақырып, ұлттық рухты оятып, жігерді жанитын
өлең жолдары, «Аллаһ», «Құдай»,
«бисмиллаһир-рахманир-рахим», «намаз», «иман» сөздері көркем
мәтіндерде бұл күнде өз орнына қойылып,
егемендігімізбен бірге орнығып келеді.
Құтты ел болу үшін не
істеу керек? Ол үшін адам қандай, қоғам қандай
болуы тиісті? Бақ-дәулет, құт-береке қонған
ел болу үшін қанағат, рақым қажет екені белгілі.
Себебі, өмір өткінші, ал басты рухани құндылықтар
өзгермеген. Бұған дәлел – асыл сөз жәдігерлері.
Х.Досмұхамедұлы сонау 1928
жылы «Аламан» атты ғылыми зерттеуінде отандық-әлеуметшілдік
міндетін анықтап берген: «Отан сезімі, мемлекет сезімі кем, менмендік
сезім күйлі құлықты аламандық дейміз», – дейді. «Отан бірлігі, Отан намысы, Отанды
сақтау сезімдерін» Алаш әдебиетшілері бізге осылай анықтап
берді. Ол үшін әлеумет міндеті туралы ой қажет. Абайша
әдебиет – Отанды сүю үлгісі.
«Отан бірлігі, Отан сүю сезімі, әлеуметшілік міндеті секілді
бүтін мемлекетке керек сезімдерді, менмендік, бәсекелестік, ерегіс
секілді аламандықтың жеңгенін ел арасынан жиналған ескі
сөздер анықтап көрсетіп тұр [1:147, 149].
Тәуелсіз күнге дейін
қазақ әдебиеті тек XX ғасырда туған жас,
бұрын жазба мәдениеті жоқ болып саналып келді. 1988 жылы
қазақтың сталиндік репрессияға ұшыраған
зиялы тұлғалары ақтала бастады. Біздің
ұрпақ үшін бұл аспаннан түскендей
жаңалық болды. Әлихан Бөкейхан, Ахмет
Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мұстафа
Шоқай, Шәкәрім Құдайбердіұлы,
Жүсіпбек Аймауытұлы, Міржақып Дулатұлы,
Смағұл Сәдуақасұлы, Мағжан Жұмабай,
Қошке Кемеңгерұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Ыдырыс
Мұстамбайұлы, Райымжан Марсекұлы, Ілияс Қабылұлы,
Абдолла Байтасов, Санжар Асфендиярұлы, Даниал Ысқақов,
Әмина Мәмет келіні, Жақып Ақбайұлы, Әлімхан
Ермеков, Мәннан Тұрғамбаев, Тұрағұл
Құнанбаевтың әдеби, ғылыми мұралары біз
үшін «төңкеріс» болды. Бұл мұраның
негізгісі Т.Жұртбайдың құрастыруымен жарық
көрген «Алаш ақиықтары» (2006) атты кітапта жарияланды.
Алаш әдебиеттануына тыйым
салынғаннан кейін, өздері жырлаған кеңес өкіметін
қолдаған Сәкен, Бейімбет, Ілияс сол саяси жүйенің
құрбандары болды. Абай сөздерінен бастап бүкіл
әдебиет соцреалистік цензураға ұшырады.
Кеңес кезін жырлаған Жамбыл
Жабаев сөздері күні бүгінге дейін қалпына
келтірілмеген. Оның шығармаларындағы заманға сай
бұрмаланған тұрпайы ұғымдар әлі
жөнделмеген. Асыл сөзге бұдан артық қандай
қиянат болуы мүмкін?! Айтыстарында қазаққа
ата-баба сөзін айтқан Жамбыл өлеңдерінде тек партия мен
пленумдарға табынды дегенге кім сенеді? Сондықтан тәуелсіз
кездің жамбылтануы ақиқатты орнына келтіретін өз
зерттеушілерін күтуде.
Ахмет Байтұрсынұлының
«Әдебиет танытқышы» (1926), Халел
Досмұхамедұлының «Қазақ халық
әдебиеті» (1928), Мұхтар Әуезовтің «Әдебиет
тарихы» (1927) атты зерттеулері қазақ әдебиетінің
тарихын, қалыптасуын, теориялық негіздерін сонау XX
ғасырдың басында қазақ тіліндегі «пән
сөздері» арқылы зерттеп берген екен. Кеңес әдебиеттануы
осы үш кітапсыз күн кешкені сол ғылымның
дәрежесін аңғартады. Осының нәтижесінде, біз
«Әдебиетіміз қашан туған, қалай
қалыптасқан, келешегіміз қандай?» деген сауалға жауап
бере алмай, онғасырлық көркемсөзі бар әдебиетті
«младописьменный» деп, тек кеңес кезімен шектеліп келдік.
Әдебиет теориясы жоқ
халық болып саналдық. Қазақ тілі мен
әдебиеттануының біз бүгін қазақша пайдаланып келе
жатқан басты теориялық түсініктерін Ахмет
Байтұрсынұлы анықтап бергенін айтпай келіппіз. Аталған
үш кітап, керісінше, ұлттың көркемсөз тарихын
атам заманнан бастап, дүниежүзі әдебиеті
төңірегінде қазақтың асыл сөзінің
ерекшеліктерін жан-жақты қарастырып берген. «Әдебиет
танытқыш» деген атауда тұрған «әдебиет» деген не, оны
не үшін «таныту» керек деген екі сөзде тұрған жауап – біздің бүгінгі әдебиеттанудың
анықтап айта алмай келе жатқан күрделі ғылыми
танымдық мәселесі.
Қазақ халқының
онғасырлық асыл сөзі кімге қажет? Сөздің
асыл болуы несімен? Әдебиеттің негізгі міндеті неде?
Көркемсөздің басқадан айырмашылығы қандай?
Бүгін әдебиет қажет пе? Осы сауалдардың бәріне
«Әдебиет танытқышта» нақты жауаптар берілген.
Қазақ неге «сөз сүйектен өтеді» деген?
«Өнердің ең алды – сөз
өнері деп саналады. «Өнер алды – қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны
қазақ сөз баққан, сөз күйттеген
халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан», – дейді А.Байтұрсынұлы. Себебі,
әдебиетшінің айтуы бойынша, сөз өнері «адамның
жан қоштау керегінен шыққан».
Қазақ сөз
өнерінің онғасырлық мұрасының басты
құндылығы және ескірмеуінің сыры – бұл асыл сөздің Абай сияқты
«хақиқатты хақиқат қалыбында, тереңді
терең қалыбында жазғаны».
Неге Ахмет Байтұрсынұлы Абайды
«қазақтың бас ақыны» деген?
Ұлт ұстазы атанған
А.Байтұрсынұлының Абай шығармалары туралы айтқан
сөздері бүгінгі абайтанудың негізгі тұжырымы болып
табылады: «Сөзі аз, мағынасы көп, терең... Не
нәрсе жайынан жазса да, Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын,
қасиетін қармай жазады. Нәрсенің сырын, қасиетін
біліп жазған соң, сөзінің бәрі де
халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып,
емтихан болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыларды
сынайды» [2:154-155].
Қазақ әдебиетінің
көркем, асыл сөзінің он ғасыр тарихы бар екені
бүгінде ғылыми дәлелденген тұжырым. Аталған
көркемсөз шежіресі шын мағынасындағы әдеби,
рухани құндылық болып табылады. «Халықтың
құлқы, мінезі, ойы заманындағы әдебиетінен
білінеді. Әдебиет –
халықтың түрлі қимылдарының айнасы» [1:147], – дейді әдебиеттанушы
Х.Досмұхамедұлы.
«Әдебиет не үшін керек?»
дегенге келесі жауап бар: «...қазақтың өткендегі
құлқы, мінезі, ойы, заманындағы күйініші,
сүйініші арасында болған түрлі әлеумет қимылдары
анық сезіледі. Заманымыздағы түрлі қимылдардың,
жаман-жақсы мінездердің құр өз-өзінен пайда
болмай, өткен заманмен тамырласып жатқаны байқалады».
Х.Досмұхамедұлының
сөздері бүгін бізге айтылғандай: «Отан бірлігі, Отан
сүю сезімі, әлеуметшілік міндеті секілді бүтін мемлекетке
керек сезімдерді менмендік, бәсекелестік, ерегіс басып кетпесін [1:149].
Бұл қазақта қашан пайда болды? Бұдан қалай
арылу қажет? «Ұлт мемлекетін жасап, қазақ арасынан
әлеуметшілік туғызамыз деген дәуірде тұрмыз», – дейді Х.Досмұхамедұлы ХХ ғасыр
басында. Ұлт мемлекетін жасау үшін, әлеуметшілікті
ұстануымыз қажет. «Жаңа әлеуметшілікті тура жолмен
жасау үшін елдің бұрынғы, соңғы
әлеумет мінездерін тексеру керек. Ең алдымен, тексерілетін
нәрсе – аламандық. Аламандық
бар жерде нағыз әлеуметшілік тұра алмайды. Шын әлеуметшілік
орнаған жерде аламандық та бола алмайды. Әлеуметшіліксіз
қазақта ұлт тіршілігі, ұлт мемлекеті болуы мүмкін
емес» [1:150].
Отан бірлігі, Отан намысы, Отан
сақтау сезімдерінің қазаққа ең маңызды
болуын басып айтқан Х.Досмұхамедұлының сөзі
тәуелсіз әдебиеттанудың, жалпы, Алаш ұрпағы – біздің азаматтық парызымыз.
Әдебиеттер:
1. Х.Досмұхамедұлы. Аламан. - Алматы: Алаш, 1991.
2. А.Байтұрсынұлы. Әдебиет
танытқыш // Бес томдық шығармалар жинағы. 1-том. - Алматы: Алаш, 2003.