Филол.ғ.д., проф. Айгүл Серікқызы Ісімақова

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының әдебиет теориясы және әдебиеттану методологиясы бөлімінің меңгерушісі

 

Тәуелсіздік және Алаш әдебиеттануы

 

Кеңес кезінде репрессияға ұшыраған Алаш әдебиеттануы әдебиет теориясының негізгі қағидаларын осыдан жүз жыл бұрын анықтап берді.

Әдебиеттің міндеті қандай? Әдебиетші ғалымдар не үшін қажет? Ғалымдардың негізгі міндеті неде? Оған да нақты жауап берілген: «Біздің жұмысымыз – ел әдебиетінде бадырайып көрініп тұрған «өткен әлеуметшіліктің» бір бұтағын көпке көрсету. Оңды әлеумет­шілік құру үшін, елдің өткен-кеткен тұрмысын, бұрынғы болған әлеумет қимылдарын тану керек. Ел әдебиетімен таныспайынша, өткеннің көбін де, бардың жарымын да тану қиын» (1924, 26 қараша, Ташкент) [1:151]. Соңғы сөйлем бүгінгі мемлекет ісін­дегілерге арналған. Қазақ әдебиеті түгілі, тіліне менсінбей қарайтын бұл топ өкілдері бүгінгі тәуелсіз қазақты қалай басқара алады? Алаш ғалымы елдің бүгінгісін түсіну үшін оның өткен рухани үлгілі іс-қимылдарын білу шарт деп санаған.

А.Байтұрсынұлының лириканы толғау деп анықтағаны бүгінгі Л.Гинзбург, М.Бахтин түсініктерінен әлдеқайда терең және нақты: «Толғағанда айтатын нәрсесін толғаушы тысқары ғаламнан алмай, ішкері ғаламнан алады. Толғаушы ақын әуелі көңілінің күйін мұңын, мүддесін, зарын, күйінішін, сүйінішін айтып, шер тарқату үшін толғайды; екінші, ішкерлі ғаламында болған халдерді, нәрселерді тысқа шығарып, басқаларға білдіріп, басқаларды сол көңілінің күйіне түсіріп, халін түсіндіру мақсатпен толғайды. Толғау, қысқасын айтқанда, іш қазандай қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі. Ақындық жалғыз өз көңілінің күйін толғай білуде емес, басқалардың да халін танып, күйіне салып толғай алуда» [2:273-274]. Ғалымның бұл сөздері қазақтың классикалық поэзиясына ғана тән емес. Бұл сонау Күлтегін мен Тоныкөктен басталатын ата-баба ғибратты асыл сөзінің сипаттамасы.

Қазақ әдебиет тарихын, ел намысын, мұратын, ерлігін, тіршілігін, парызын, «Отанды сүю – иманнан» деген басты құндылықтарын жырлаған ұлттың дана сөзінің асыл маржандарын талдау мен таныту үлгілері.

Алаш әдебиеттануының ата-баба асыл сөзінен дүние мен заман, адам мен билік, адам мен ғалам, Аллаһ пен пенде туралы ғибратты ойларды сөз етуі бүгінгі әдебиет пен әдебиеттанудың мазмұнын түзететіні де анық.

А.Байтұрсынұлының «Әдебиет не үшін қажет?» деген тұжырымы тәуелсіз уақыттың әдебиетіне жаңа шарттар қойып отыр. Соның ең маңыздысы – ұлттық көркемсөз мұраларының үлгілі түрлерін, сөздері асыл ерлердің туындыларын бүгінгі санасы еркін заман­дасымызға ұсыну ғана емес, оны жан-жақты кәсіби насихаттауда болып табылады. Бұл – тәуелсіз әдебиет ғылымының ісі.

Л.Гинзбургтің лириканы: «Адамның ішкі әлемінің күйі», – деуіне риза болушы едім. Ал А.Байтұрсын­ұлының лириканы: «Жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі»,  – дегені қандай дәл және нақты. Л.Гинзбург пен М.Бахтин: «Әдебиет – адамның жаны, оның ішкі әлемінің өзгеруі, санасының көркем бейнеленуі», – десе, А.Байтұрсынұлы: «Әде­биет – асыл сөз – адамның жан қоштауының қажетінен туған» – дейді. Асыл сөздің үлгілісі – өмірдің ғибратты болуын алға тарта­тыны – дей келе Х.Досмұ­хамедұлы: – «Әдебиет – халықтың түрлі қимылдарының айнасы», – дейді. М.М.Бахтин: «Әдебиет – адамның істері, қылық­тарының табиғатын, себебін танытатын өнер түрі», – десе, А.Байтұр­сынұлы: «Асыл сөз адам санасының үш негізіне тіреледі – ақылға, қиялға, көңілге», – дейді. Себебі, «ақыл ісі – аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып ойлау; қиял ісі – меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бернесіне ұқсату, берне­леу, суреттеп ойлау; көңіл ісі – түю, талғау» [2:168]. Осы тұрғыдан қарағанда, А.Байтұрсынұлы, М.Бахтин, Х.Дос­мұхамедұлы үшін, әдебиет – адамзаттың мәңгілік сауалдарына жауап іздеуші ілім.

Бүгінгі постмодернизмнің басты ұстанымы – бұрынғының бәріне күмәнмен қарау және осы нигилистік көзқарас арқылы өткеннің бәрін жоққа шығару. Бірақ дүниежүзілік әдебиеттану ғылымында бұған қарсы тұратын еңбектер аз емес.

Алаш әдебиеттануының жоғарыда аталған Ресей теоретиктерінің еңбектерімен үндес болуы, олардың әдебиеттану ғылымының негізі – классикалық үлгідегі зерттеулер болғандықтан. Кеңес кезін­де тыйым салынған ғылыми мұра ХХІ ғасырдағы әдебиеттану ғылымының негізгі ұстанымы болып қала бермек. Себебі, бұлар асыл сөз теориясын, оның зерттеу амалдары мен тәсілдерін ұлттық төл контексте айғақтап берген. Алаш ардақтылары еңбектерінің бүгінгі тәуелсіз әдебиеттану ғылымының басты темірқазығы болуының да сыры осында жатыр.

Біз үшін қазақ әдебиеттануы кәсіби ғылым ретінде сонау ХХ ғасыр басында Алаш ғалымдары зерттеулерінде толық қалыптасқан. Оған дәлел – А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш», Х.Досмұха­медұлының «Аламан», «Қазақ халық әдебиеті», М.Әуезовтің ғылыми басылымдары. Ұлттық әдебиеттанудың негізгі ұстанымдарын дүниежүзілік контексте аталған ғалымдар сонау ХХ ғасыр басында анықтап беріпті. Олар өздеріне дейінгі әдебиетке де өз көзқарастарын тура бүгінгідей ғылыми тұрғыда негіздеген.

ХХ ғасыр басындағы әдебиеттанудың: әдеби сыны саяси пікірталаста, әдеби мұра – Абайды қорғау арқылы қалыптасты; әдебиет тарихы Х.Досмұхамедұлы, М.Жұмабай, Ж.Аймауыт­ұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Р.Марсеков, С.Сәдуақасұлы, Ы.Мұстамбаев, М.Әуезов және т.б. еңбектерінде зерттелді; әдебиет теориясы А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышында» тұжырымдалды. Әдебиеттану ғылымының осы үш саласы да сонау ХХ ғасыр басында екі аяғынан тік тұрды. Қазақ әдебиеттану ғылымының негізгі салалары – Абайтану, Ахметтану, Міржақыптану, Мағжантану, Жүсіпбектану, Шәкәрімтану, Бейімбеттану, Ілиястану, Сәкентану, Әуезовтану және т.б. осы кезден басталды.

Кеңес кезінде ресми тыйым салынған бұл ұлттық классикалық әдебиеттанудың үлгілі зерттеулерінсіз іске асқан соцреалистік әдебиеттану біржақты болды. Өзінің төл бастауларын атай алмаған ғылым қайдан оң болсын?!

Тәуелсіз кездің әдебиеттану ғылымы ұлттың асыл сөз туралы ілімін тұңғыш рет өз арнасында зерттеуімен ерекшеленеді. Академик З.Қабдолов айтқандай, бұл ғылым саласы «басы, денесі, аяғы бар тұтастыққа енді ғана ие болды». Олай болса, Алаш әдебиеттануы бүгінгі ғылыми айналымға қайта оралып, негізгі зерттеу жүйесінің дүниежүзілік контексте жүргізілуін талап етіп, нақты теориялық, әдебиеттанулық тұжырымдарын айғақтап беруімен құнды және ғибратты болып табылады.

Сондықтан Алаш әдебиетшілерінің «елім», «қазағым» деп адамдық, Отандық құндылықтарды алға тартып, тарихи негізді ұстанып (әдебиет – ел тарихының көркем шежіресі), іске асырған зерттеулері үшін Аллаһтың разылығы, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) шапағаты болғай!

Алаш әдебиеттануының бүгінгі тәуелсіз ғылым арнасына қайта оралуы – қазіргі зерттеулерден әділдік пен шынайылықты, тарихилық пен ғибраттықты талап етеді.

2006 жылы «Алаш» баспасынан «Алаш ақиықтары» (мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар) жарық көрді. Бұл басылымды құрас­тырып, алғы сөзі мен түсініктерін ф.ғ.д. профессор Т.Жұртбай жазды. «Алқа» ұйымының бағдарламасынан басталатын бұл басылым Ж.Аймауыт­ұлы, А.Байтасов, Д.Ысқақұлы, Ы.Мұстамбаев, І.Қабы­лов, С.Сәдуақасұлы, М.Әуезов, Ә.Ермеков, А.Байтұрсынұлы, М.Тұрғамбаев, Т.Құнанбайұлының мақалаларын қамтыған.

«Алаш қозғалысы» «Құжаттар мен материалдар жинағы» 2004 жылы М.Қойгелдіұлы, К.Нұрпейісовтің құрастыруымен жарық көрді. Алаш өкіметіне қатысты тарихи мәліметтер бір жерде топ­тастырылып берілгенімен құнды.

Алаш қайраткерлері ақталғалы биыл 20 жыл толып отыр. Аз ғұмыр емес. Бүгінгі ғылымға алаш ғалымдарының еңбегі несімен қажет? Мемлекеттік мүдде қазақ ұлтының мүддесімен бір екенін айғақтап, ұлт тарихы, ұлт ғылымы, ұлт театры, ұлт өнері, ұлт әдебиет­тануының негізін салып берген алаш ғылымы тәуелсіз қоғамның рухани қажеттілігі екенін осы жиырма жыл бойы дәлелдеп келеді.

Тәуелсіз күнге дейін қазақ әдебиеті тек ХХ ғасыр басында туған «Младописьменный» саналып келді. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабай, С.Сәдуақасұлы, Х.Досмұхамедұлы, Қ.Кемеңгерұлы бастаған қазақ әдебиеттануы соцреалистік әдеби процесте төңкеріс тудырды.

Алаш әдебиет­тануы ұлттың тарихымен тығыз байланыста дамыды. Бұл әдебиет­танудың негізгі ерекшеліктері қандай? Ұлттық әдебиеттану ғылымын ХХ ғасыр басында қалыптастырып берген зерттеулер несімен құнды? «Жаздым сөз жаным ашып Алашыма» сөзін ұран етіп алған қазақтың алғашқы әдебиетшілері әдеби сын, әдебиет тарихы, әдебиет теориясының басты, іргелі зерттеулерін бізге аманат етіп жазып кетті.

Сондықтан Алаш әдебиеттануын бүгінгі ХХІ ғасыр тұрғысынан қайта қарап шығу – біздің қазіргі тәуелсіз кездің ғылымына қажет іс.

«Алаш әдебиеттануы» жарияланды, зерттелді. Бірақ «Алаш әдебиеттануы» ұғымы тұрғысынан қайта  жүйеленіп берілуі қажет.

Алаш ғалымдарының басты мақсаты – ұлт тәуелсіздігі. Олай болса бұл ой олардың әр еңбегінде басты болып табылды.

Алаш ғалымдары неге жаппай тарихты жазуға мәжбүр болды?

Қазақ елінің қасіретті тарихы мен көркем әдебиетіне ортақ мәселе қандай? Ұлттық мүдде, ұлттың жаны, ұлттың ары деген түсініктер бүгін неге ұмыт қалып барады? Аталған түсініктерді бүгінгі тұрғыда меңгеру үшін де Алаш ардақтыларының еңбектерін үңіліп оқу қажет-ақ.

«Алаш әдебиеттануы» қазіргі біреулер айтқандай,  ескірген жоқ, керісінше, ұлт ғылымының біз бүгін айырылып қалған тұғырын көрсетіп тұрған білім бұлағы. Бұл ойды дәлелдеу үшін Алаш әдебиетшілерінің өз сөзімен дәлелдеу қажет.

Қазіргі ғылыми орта, мектеп, жоғары оқу орындарында оқыған дәрістерде тыңдарманнан жиі естіген сауал келесідей болды: «Алаш ғалымдары» деген ұғым бар ма? Ұлт ғылымына олар нақты қандай үлес қосты? Алаш әдебиетшілері қазақ тіліне, дініне, діліне қалай қарады? Неге бұл ғалымдардың еңбектері «Биссимиллаһир рахманир-рахим» деп басталады?

Қазақ әдебиеттануы – Алаш тәуелсіздігінің, оны егемен ғылым ретінде қалыптасуының тарихы. 1926 жылы А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» жарық көрді. Бұл – қазақ әдебиеттануының қалыптасқанын нақты дәлелдейтін ғылыми дерек. 1991 жылдан бері тәуелсіздік кезеңінің әдебиеттануы орын алуда.

Қазақ әдебиеттануының ресми қалыптасуына дейінгі әдебиет туралы ой-пікірлер, алғы сөз бен түсініктемелер, ғұмырнамалық деректер, ұлттық әдебиет тарихына байланысты мәлімдемелер, «асыл сөздің» мәнін ұғып, оның эстетикалық әсері туралы ойлар болғанын ескеруіміз жөн.

Х.Досмұхамедұлы, А.Байтұрсынұлы анықтап бергендей асыл сөздің басты мақсаты – оның ұлтқа қажет болуы, оның жанына қажетті болды.

Қазақ сөз өнеріне келсек, тасқа түсірілген түркі жазба ескерт­кіштерінен бастап, Шоқан, Абай, Ыбырайға дейінгі ұзақ дәуір – қазақ әдебиеттануының тууына әсер еткен кезең. Жыраулар поэзиясындағы сөздің қадірін біліп қолдану, оның эстетикалық әсері, үйлесімділігі туралы пікірлердің әсері ерекше екені де айқын. Аталған мәтіндердің басты ойы – ұлт тәуелсіздігінің мақсаты.

Әдебиеттер:

1. Х.Досмұхамедұлы. Аламан. Алматы: Алаш, 1991.

2. А.Байтұрсынұлы. Әдебиет танытқыш // Бес томдық шығармалар жинағы. 1-том. Алматы: Алаш, 2003.