Экономические науки/13.Региональная экономика.

Муханова А.Е.

«Экономика және менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы, э.ғ.к.

Капанова Ш.А.

«Қаржы» кафедрасының аға оқытушысы, магистр

Дүйсенова К.

Магистрант, Қорқыт-Ата атындағы ҚМУ,Қазақстан

 

АЙМАҚТЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНДА автокөлік ағынын тиімді басқару

 

Қызылорда облысында жолаушыларды тасымалдау саласында автокөлік өзінің тұрақты даму серпінімен облыстың экономикалық жағдайдың тұрақтылық үрдісімен сипатталады. Автокөліктегі жолаушы ағынының өсу себептерінің бірі мемлекеттегі, сондай-ақ жолаушылар көліктері жұмысының жақсаруымен байланысты, халықтың экономикалық белсенділігінің біртіндеп өсуі болып табылады. Жолаушыларды тасымалдау құрылымында негізгі үлеске автокөлік ие, Қызылорда облысы бойынша 2012 жылы оның үлес салмағы 83  пайызды құрады [1].

Автомобиль тасымалдары — бұл  жүктер мен  жолаушыларды  рельссіз жолдармен  жерде жүретін көлікпен тасымалдау. Тасымалданған жолаушылар - белгілі бір уақыт кезеңінде тасымалданған жолаушылар саны, көлік, қатынас түрлері бойынша ескеріледі. Жолаушыларды тасымалдау статистикасындағы байқау бірлігі жолаушысапар болып саналады.

Елбасымыз Н.Ә Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында және «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының кезектен тыс XІІ съезінде жергілікті мәндегі автокөлік жолдарын салу, қайта жарақтандыру және жөндеу, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын дамыту қажеттігін атап көрсеткен болатын. Осыған байланысты, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының «Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесі қызметін одан әрі дамытуға күш салуда. Қызылорда облысы әкімдігімен өз құзыреті шегінде облыстьң жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласында мемлекеттік реттеу және сала аралық үйлестіруді жүзеге асыруға уәкілдік берілген облыстық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган болып табылады және өз қызметін Қазақстан Республикасыньң Конституциясына, Қазақстан Республикасыньң заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің, Қызылорда облысы әкімдігі мен әкімінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілеріне  сәйкес жүзеге асырады [2].

Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары Басқармасының негізгі міндеті қоғамдық көлікті дамыту, жолаушылар тасымалдау және автомобиль жолдары саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, сондай-ақ облыс халқының жолаушылар тасымалына қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін тиімді және технологиялық жаңартылған инфрақұрылымдық кешенін құру болып табылады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен мынадай функцияларды жүзеге асырады: жолаушылар мен багажды тұрақты облысаралық қалааралық, ауданаралық (облысiшiлiк қалааралық) тасымалдауды ұйымдастырады, оларға қызмет көрсету құқығына конкурстар өткiзедi; жолаушылар мен багажды тұрақты ауданаралық (облысiшiлiк қалааралық) тасымалдау маршруттарын және қозғалыс кестелерiн бекiтедi; жолаушылар мен багажды тұрақты облысаралық қалааралық автомобильмен тасымалдау маршруттарын және жүру кестелерiн келiседi; автовокзалдар мен автостанциялардың тiзiлiмiн жүргiзедi; жолаушылар көлiгiн дамытудың кешендi схемасын және жол қозғалысын ұйымдастыру жобаларын әзiрлейдi; жолаушыларды ауданаралық (облысiшiлiк, қаларалық) қатынастарда әлеуметтiк мәнi бар тасымалдауды жүзеге асыру кезiндегi тасымалдаушылардың залалдарын субсидиялауды жүзеге асырады; облыстық маңызы бар, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын дамыту жоспарлары мен бағдарламаларын әзiрлеу және iске асырады; облыстық маңызы бар, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын реконструкциялау, жөндеу және күтiп-ұстау жөнiндегi жұмыстарды Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес ұйымдастырады; облыстық маңызы бар, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының желiсiн, елді мекендер көшелерін басқарады; облыстың коммуналдық меншiгiндегi жолдарды және жол кәсiпорындарын басқарады; жалпыға ортақ пайдаланылатын облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын немесе олардың учаскелерiн өтеусiз уақытша пайдалануға беру туралы облыс әкімі шешiмінің жобасын енгізеді; аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының тізбелеріне келісу туралы облыс әкімі шешiмінің жобасын енгізеді; Қазақстан Республикасының заңнамасы белгілеген тәртіппен мемлекеттік органның стратегиялық жоспарын әзірлейді.

Жолаушылар тасымалдау мен қалалық жолаушы көлігінің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын арттыру жергілікті жерде экономикалық өсуді қамтамасыз етуші маңызды фактор болып отыр. Сондықтан жолаушылардың қажеттілігін қанағаттандыруды жүзеге асыратын автокөлік кәсіпорындары үшін автобустар мен маршрут таксилер қозғалысының оңтайлы кестесін қалыптастыратын бұл басқарма сәйкесінше облыс, қала және аудан әкімшілігінің көлік және байланыс департаменттерінің жанынан құрылады.

ҚР Көлік және коммуникация министрлігімен Қызылордадан Алматы, Жезқазған, Шымкент және Түркістан, Сары ағаш, Жібек-Жолы (Черняевка) қалаларына облысаралық тұрақты автобус маршруттары ұйымдастырылған.

Осы маршруттарда 30 астам жауапкершілігі шектеулі серіктестік және жеке кәсіпкерлер жылдың қандай да мезгіліне қарамастан күнделікті әр түрлі сыйымдылықтағы 1714 дана автобус (283-ауданаралық, 1431– қала, қала маңы және ауданішілік) жолаушы тасымалдау қызметін көрсетуде.

Қоғамдық көліктердің күнделікті адам өмірінде алар орны ерекше екенін көлік қызметкерлері түсінуі керек. Сондықтан, қоғамдық көліктерді барынша және жедел қарқынмен дамыту қолға алынған. Мұның себебі түсінікті – қаптаған машина, жолдағы қозғалыстың қиындауы, кептелістер және бастысы – ауаның ластануы, экологияның бұзылуы. Осы орайда қоғамдық көліктің таптырмас шешім екені де айдан анық. Ал олар экологиялық таза – электр қуатымен, не жанар-жағармайдан әлдеқайда тиімді газбен жүретін болса, өте тиімді болар еді. Сондықтан да бүгінгі таңда халқының саны көп үлкен қалаларда жол қозғалысын біршама жеңілдету және ауаның ластануын азайту мақсатымен қоғамдық көліктерді, оның ішінде трамвай, троллейбус, метроға мол көңіл бөлініп, соларды жан-жақты дамыту жүзеге асырылып жатыр.

Ал біздің Қызылорда қаласында қоғамдық көлік дегенде, трамвай мен троллейбус, метро емес, әзірше автобустар мен газельдердің жұмысының жүйеге келуі мәселе болып отыр [3].

Облыстағы кейбір елді мекендерден шығатын автобус маршруттарында жолаушылар санының аздығынан және жол сапасының нашарлығынан тасымалдаушылардың шығындарын ақтамайтын ауданаралық (қалааралық) 8 маршрут әлеуметтік мәні бар маршруттар қатарына жатқызылып, тасымалдаушылардың шығындары облыстық бюджеттен бөлінген 10,8 млн. теңгемен демеуқаржыландырылып келді.

2012 жылға 11 маршрутты облыстық бюджеттен бөлінген 16,5 млн. теңгемен демеуқаржыландыру жөнінде шешім қабылданып, жолаушы тасымалдау құқығына наурыз айында конкурс өткізіліп, тасымалдаушылармен келісім шарт жасалды. Жолаушы тасымалдау барысында қаржыландыру жоспарына сәйкес қаңтар-тамыз айларында 11,0 млн.теңге (100%) қаржы игерілді.

Сонымен, жолаушылар тасымалының негізгі міндеттері төмендегідей:

- облысішілік ауданаралық маршруттарда қазіргі заман талаптарына сай барлық сервистік қызметке сәйкес жаңа автобустармен қамтамасыз етуге ықпал ету;

- жолаушы тасымалдау қызметінің сапасын жақсарту жөнінде шаралар жүргізу.

Қазіргі кезде тауарлар тасымалдау үшін автокөліктік тасымалдаулар мен қызметтер ерекше сұранысқа ие болуда. Бұл  өз жүгін  республиканың қай қаласына болсын, ТМД, Еуропа  елдеріне және т.б. жедел және сапалы тасымалдаудың  барынша тартымды түрлерінің бірі болып табылады.

ТМД мен ЕО арасында жүк тасымалдаудың жетпіс пайызы автомобиль көлігінің көмегімен жүзеге асырылады. Өйткені автомобильмен тасымалдау кезінде  оны тасымалдаудың барлық ерекшеліктері ескеріле отырып қандай да болсын көлемдегі жүк  тасу мүмкіндігі бар, соның ішінде температуралық режим сақталады, сонымен бірге стандартты емес және қауіпті жүктерді тасымалдауға  тек автомобиль ғана қолайлы.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1. «Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесі туралы ережесі. http://www.tranc.gov.kz.orda

2. Қызылорда  облыстық  мәслихатымен бекітілген «Қызылорда облысының 2010-2015 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспары», 2010 жыл.

3. Аймағанбетова  Ж. «Көлік Сервис» қоғамдық көлік қызметін жақсартады ма? // http://qyzylorda.kz/?p=2248