Экономические науки/13.Региональная экономика.

МҰСТАФАЕВ Қ.С., ҚАСЫМОВА С.Б.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қызылорда қаласы

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША БИЗНЕС САЛАСЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛУЫ МЕН ДАМУ ЖАҒДАЙЫН ТАЛДАУ

Біздің еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Қазақстан Республикасының таяу болашақтағы дамуының сипаты Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үстіміздегі жылы халыққа арнаған Жолдауында жан-жақты ашып көрсетілді. Мемлекет басшысы экономиканың қозғаушы күші ретінде кәсіпкерлік саласына айрықша мән беріп келеді. Экономикалық дамудың жаңа бағыт-бағдары айқындалған мемлекеттік бағдарламаларда белгіленгендей, әлемде орын алған дағдарыс салқынын бәсеңдетіп, дамудың жаңа белесіне көтерілуде кәсіпкерлерге жүктелетін міндет ерекше. Бұл тұрғыда үдемелі индустриалық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде өндіріс қуаттарын еселеу айрықша маңызға ие [1].

Бүкіл еліміздегі сияқты инвестиция тарту бағытында қазір Сыр өңірінде соның серпілісі бар. Соңғы он жыл көлемінде облысқа 750 млрд теңге инвестиция тартылса, оның ішінде шетел инвестициясының көлемі 95,2 млрд теңгені құрап отыр. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, үстіміздегі жылдың 9 айында облыс негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі бойынша республикада бірінші орынға көтерілді. Осындай сүбелі нәтижеге аймақтағы ірі бизнес құрылымдарының, оның ішінде шетелдік инвесторлардың қосқан үлесі қомақты. Жергілікті атқарушы билік тарапынан бизнес құрылымдарынаәрдайым қолдау көрсетіліп, оларды инфрақұрылымдық жағынан демеуге барынша мән беріліп келеді. Сондай-ақ, мемлекеттік қаржы-несие саясаты облыстағы шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін беруде. Өңірде кәсіпкерлердің несие шығындарын Үкімет есебінен субсидиялау, әкімшілік кедергілерді азайту, салық салу жүйесін жеңілдету сынды мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдаулар тұрақты жүргізілуде.

Облыс аумағынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізі құрылысына қатысу, осы үлкен жолдың бойына автотұрақтар мен қонақ үйлер, сауда мен тамақтану нысандарын салу, кемпингтерді орналастыру – бизнесті дамытудың қосымша бір көзі. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қабылданған еліміздегі индустриялық жоблардың жүзеге асуы – аймақта кәсіпкерлік өрісінің кеңейе түсіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, өнеркәсіптің жаңа салаларының қалыптасуына зор ықпал етуде.

Есеп бойынша 2012 жылы аймақтың жалпы өнімінің көлемі 1 триллионнан асып, 2011 жылмен салыстырғанда 5,4 пайызға өсті.

Есеп беріп отырған кезең ішінде облыста өнеркәсіп кәсіпорын­дарының күшімен 1104,1 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, ол 2011 жылмен салыстырғанда 101 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығындағы жал­пы өнім көлемі 2,9 пайызға өсіп, 48,3 млрд. теңгені құрады. Шағын және орта бизнес субъек­тілерінің саны 6,8 пайызға, оларда жұмыспен қамтылғандар 4,1 пайызға өсіп, шығарылған өнім 1,9 пайызға жетіп, 172,1 млрд. теңгені құрады. Сауда көлемі 26,4 пайызға өсіп, сыртқы сауда айналымы 4726,8 млн. АҚШ долларын, соның ішінде экспорт – 4421,4 млн. АҚШ дол­ларын құрады.

Облыс экономикасына салын­ған инвестиция көлемі 2011 жыл­мен салыстырғанда 9,3 пайызға өсіп, 253,5 млрд. теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарының кө­лемі 123,9 млрд. теңгеге жетіп, 2011 жылмен салыстырғанда 6 пайызға артты. 293,3 мың шаршы метрден ас­там тұрғын үй пайдалануға беріліп, алдыңғы жылғы көрсеткіштен 9,9 пайызға артты.

Есеп беріп отырған кезең ішінде жүк айналымы 5,2 пайызға, тасы­малдау көлемі 3 пайызға артты.

Экономиканың нақты секто­рында өсім пайда болып, екінші деңгейлі банктердің депозиттік базасы кеңейді.

2011 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2012 жылы депозит­тер сомасы 42,1 пайызға өсіп, 39,8 млрд. теңгені құрады. Берілген несие көлемі 50,6 пайызға өсіп, 80,1 млрд. теңгені құрады.

Бюджетке түскен салық және басқа да міндетті төлемдер 2013 жылдың 1 қаңтарына 68 млрд. тең­гені құрап (болжам 108,1 пайыз), со­ның ішінде республи­калық бюд­жет­ке 37,2 млрд. теңге (болжам 103,4 пайыз), жергілікті бюджетке 30,8 млрд. теңге (болжам 114,3 пайыз) түсті.

2012 жылғы облыс бюджеті 2011 жылдың бюджетінен 12,3 млрд. теңгеге немесе 19,5 пайызға артып, 144,6 млрд. теңге деңгейінде жи­нақ­талды. Білім беру саласына бө­лін­ген шығын 21,9 пайызға, ден­саулық сақтау саласында 9,8 па­йыз­ға, мәдениет пен спортқа ба­ғыт­талған шығын 24,3 пайызға, тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­­лығын­дағы шығын 7,6 пайызға, ауыл, су, орман шаруашы­лық­та­ры­ның шығыны 28,5 пайызға өсті.

Статистикалық мәліметтер бо­йын­ша жұмыссыздық деңгейі 5,9 пайыздан 5,3 пайызға төмендеп, эко­номикаға жұмысқа тартыл­ғандар саны 302,2 мың адамнан 330,9 мың адамға (28,7 мың адамға) артты.

2012 жылдың 3-ші тоқсанында өмір сүру деңгейі төмен тұрғындар үлесі 4,4 пайызды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыс­тырғанда 0,8 пайызға төмендеді.

2012 жылдың қорытындысы бо­йынша кедейшілік деңгейіндегі 5360 адамға атаулы әлеуметтік көмек, 12597 отбасына тұрғын үй кө­­мегі берілді. Материалдық жағ­дайды жақсарту қорытындысы бойынша атаулы әлеуметтік кө­мекті алушылар 2011 жылмен салыс­тырғанда 2 есеге немесе 4768 адамға, тұрғын үй көмегін алушы­лар 2147 отбасына азайды. Енді облыстың әлеуметтік-экономикалық салаларына тоқталар болсақ, биылғы және былтырғы көрсеткіштерді салыстырып көруге болады:

Орташа айлық жалақы төлеу 11,2 пайызға артып, орта есеппен алғанда 90305 теңгені құрады. Жан басына шаққандағы тұрғындардың ақшалай табысы 6,8 пайызға өсті.

Әлеуметтік әріптестік шең­берінде ұжымдық келісім-шартқа отырғандар саны да өсіп, ол облы­сымыздағы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жалпы санының 86 пайызына немесе 4407-ге жетті. Сонымен қатар облыста шағын және орта бизнестің дамуын қолдау мақсатында да мемлекет тарапынан біршама бағ­дарламалар, іс-шаралар қабылданып, жүзеге асырылуда. Олар кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған үдемелі индустриялық-инновация­лық даму бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарла­малары. Осы орайда облыс деңгейінде де шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің дамуына қолдау беретін инфрақұрылым жүйелері  жұмыс жасап жатқанын атап айту керек. Оның ішінде елеулі көмек көрсетуші қаржы-несиелік жүйе­лер болып отыр. Мысалы, 10 екінші деңгейлі банк филиалдары, «Даму» қоры, «Ауыл шаруа­шылығын қаржылай қолдау қоры», «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-тың облыстық филиалдары, 7 ауданда және қалада құрылған 8 ауыл несие серіктестіктері, шағын несие ұйымдар және басқа да қаржы ұйымдары жүйелі жұмыс жасап жатыр. Шағын және орта бизнесті несиелендіру бағытында жүргізілетін ай сайынғы мониторингке сәйкес 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап 7,3 миллиард теңге несие берілген [2].

 Қабылданған аймақтық үйлестіру кеңесінің барлығы 2752 жоба, несие портфелінің көлемі 570,301 млрд.теңгені құрайды, соның ішінде 1-бағыт бойынша-2539 жоба, 3-бағыт бойынша-213 жоба.

Соның ішінде 120 жоба Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен және мемлекеттік қормен мақұлданбады.

Аймақтар рейтингісі мақұлданған жобалар бойынша Қызылорда облысы 13 орын алады.

Кәсіпкерлерге көмек көрсету барысында консалтинг компаниялар және жеке кәсіп­керлік субъектілерінің қоғамдық ұйымда­ры да жұмыс жасауда. Осы ретте, кәсіп­керлермен бірге олардың қоғамдық ұйымдар өкілдері облыс, қала, аудан әкімдіктері жанынан құрылған комиссияларға, кеңестерге, жұмысшы топтар құрамына енгізіліп, мемлекеттік органмен бірге нәтижелі жұмыс атқаруда. 2010 жылдан бастап «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша аймақта 4 бағытта іске асырылуда. Осы уақытқа дейін 3 бағыты жүзеге асырылды. Соларға тоқталар болсақ:

1.   «Жаңа бизнес бастамаларды қолдау»;

2.   «Валюталық несиелері бар кәсіпорындарды қолдау»;

3.   «Жұмыс істеп тұрған бизнесті сервистік қолдау»;

Бағдарламаны іске асыру үшін 2012 жылы облысқа - 1 896,5 млн.теңге қаржы бөлінді.

·  Пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 294,3 млн.теңге;

·  Несиені ішінара кепілдендіру 48,0 млн.теңге;

·  Валюталық несиелері бар кәсіпорындарды қолдау 51,2 млн.теңге;

·  Өндірістік инфрақұрылымды дамыту 1 453,5  млн.теңге.

Егерде екі жыл ішінде (2010-2011жж.) қайтарылған жобаларды есепке алмағанда 12 жоба субсидияланған болса, тек 2012 жылы 82 жоба мақұлданып, мемлекеттік бағдарламаның өсу динамикасының 6,8 есе ұлғайғанын көрсетеді және бұл динамика ағымдағы жылы жалғасын табатын болады.       

 

 

Ескерту: «Даму» бизнесті дамыту қоры» АҚ-ның  сайты. http// www.damu.kz. Қызылорда облысы бойынша «Даму» бизнесті дамыту қоры» АҚ аймақтық филиалы мәліметтері

Сурет 1. Екінші деңгейлі банктер бойынша жобалар саны

 

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарла­масын облыс көлемінде жүзеге асыру үшін биылдың өзінде 2,6 миллиард теңге бөлінген. Нақты айтқанда, банк несие пайызының ставкасын субсидиялауға 250,0 миллион теңге, банк несиесін ішінара кепілдендіруге 143,5 миллион теңге, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға 2182,9 миллион теңге, жұмыс істеп тұрған бизнесті қолдауға 50,0 миллион теңге бөлген.

1. Барлығы 131 жоба мақұлданды және ол несие портфелінің жалпы сомасының 15,576 млрд.теңгені құрайды. Соның ішінде 1-бағыт бойынша - 128 жоба, 2-бағыт бойынша - 2 жоба, 3-бағыт бойынша - 1 жоба.

2. Барлық қол қойылған келісім-шарт субсидиясы жобаларының саны – 94 және ол несие портфелінің жалпы сомасының 10,50 млрд. теңгені құрайды. Соның ішінде 1-бағыт бойынша - 91 жоба, 2-бағыт бойынша - 2 жоба, 3-бағыт бойынша - 1 жоба.

3. Ең белсенділері: Қазақстан Халық банкі, БТА банкі, Банк Центр Кредит банкі

2012 жылдың 1 қаңтарына облыста шағын және орта бизнестің белсенді субъектіле­рінің саны 18 653, ондағы жұмыспен қамтыл­ғандар саны  68 635 бірлікті құраса, 2012 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша белсенді шағын және орта бизнес субъектілердің саны облыс бойынша    21 888 және ондағы жұмыспен қам­тыл­ғандар 70 528-ге жетіп, ұқсас кезеңмен салыстырғанда тиісінше 124,3 және 108,1 пайызды құрауда.

Облыстағы шағын және орта бизнес қызметі көрсеткіштерінің құрылымына тоқтала кетер болсақ, 2012 жылдың қаңтар-қарашасындағы ШОБ субъектілерінің өнім (тауарлар, қызмет көрсетулер) шығарылымы 158606 млн. теңгені құрады.

Рынокта белсенді жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2012  жылдың 1 желтоқсанына 19840 бірлікті құрады [3].

Шағын және орта бизнестің жұмыспен белсенді қамтылғандар саны 2012 жылдың  1 желтоқсанына  67167, ал 2013 жыл 65700 адамды құрады.

Облыста шағын және орта бизнесті қаржы-несиелік қолдау екінші деңгейлі банк филиалдары, «Агронесие корпорациясы» ационерлік қоғамының Қызылорда өкілдігі, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының филиалы, шағын несие ұйымдары және тағы басқа түрлі қаржы ұйымдары арқылы жүргізіледі.

Кесте 1

ШОБ негізгі көрсеткіштері

Көрсеткіш атауы

01.02.2012ж.

01.02.2013ж.

%

1

Шағын және орта бизнестің белсенді субъектілерінің саны, бірлік 

18632

20859

 95,5

2

Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны, адам

 67167

 65700

 104,0

3

 Өндірілген өнім көлемі, млрд. теңге

 28,8

 27,7

 100,6

Ескерту: Қызылорда облысының статистика департаментінің мәліметтері, www.kyzylorda.stat.kz

 

2012 жылы барлық көрсетілген қаржы институттары арқылы шағын бизнес субъектілеріне 13,6 миллиард теңге, онын ішінде екінші деңгейлі банк филиалдарымен 8,8 миллиард теңге несие беріліп, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге өскені байқалуда. Сондықтан бағдарламаларды қаржыландыруды облыстағы екінші деңгейлі банктер тарапынан субсидия сомалары жыл сайын көбейіп отыр.

Шағын бизнес кәсіпорындарының дамуының статистикалық тіркелім деректері бойынша 2012 жылдың 1 желтоқсанына облысымызда шағын бизнестің  4629 кәсіпорны тіркелген, бұл 2011 жылдың 1 желтоқсан айына қарағанда 6,7 пайызға жоғары. Тіркелгендердің 63,8 пайызы (2954 бірлік) жұмыс істеп тұрған  кәсіпорын болып табылды, яғни  экономикалық қызметпен айналысты немесе айналыса алды, 2021 кәсіпорын (жұмыс істеп тұрғандарының 68,4 пайызы) белсенді болды. Аймақтар бойынша белсенді кәсіпорындардың ең көп саны Қызылорда қаласына (80,9 пайыз), Шиелі (4,4 пайыз), Қазалы (3,9 пайыз) аудандарына тиесілі.

 

 

Ескерту: Қызылорда облысының статистика департаментінің мәліметтері, www.kyzylorda.stat.kz

Сурет 2. Облыста шағын және орта бизнестің белсенді субъектілерінің саны

Биылғы жылға келер болсақ, облыс бойынша 2013 жылдың 1 наурызына облыста шағын және орта бизнестің белсенді субъектілерінің саны 20859 құрап, өткен жылдың ұқсас кезеңімен  салыстырғанда 4,5% төмендеп отыр.

Ондағы жұмыспен қамтылғандар саны 65700 бірлікті құрап, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 4,0% өсіп отыр.

Шағын және орта бизнес саласында 27,7 млрд. теңгені құрайтын өнім өндіріліп (тауарлар, жұмыстар мен қызметтер), өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 0,6% өсіп отыр.

Шағын және орта бизнес саласында 172,1 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, ұқсас кезеңмен салыстырғанда 1,9 пайызға өссе, онда жұмыспен қамталғандар саны 65 695 адамды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4,1 пайызға өскен.

Бизнес субъектілерінің  дамуын қолдау және ынталандырудың негізгі құралдарының бірі болып қаржы-несиелік ресурстар табылады.

2012 жылы барлық көрсетілген қаржы институттары арқылы шағын бизнес субъектілеріне 13,6 миллиард теңге, онын ішінде екінші деңгейлі банк филиалдарымен 8,8 миллиард теңге несие беріліп, жұмыспен қамтылғандар және өндірілген өнім көлемі бойынша осы  жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда артық екенін  байқауға болады.

Шағын және орта бизнестің дамуын ынталандыру мақсатында облыста 2012 жылы «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсы мен «Шағын және орта бизнесті дамыту саласындағы жетістігі үшін» конкурсы өткізіліп, көрмеге жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері мен тауарлары кең көлемде қойылды.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1.   Қазақстан Республикасы Президенті Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы// Егемен Қазақстан. – 2012.- №41-42. – С.1-2

2.   Қызылорда облысы бойынша «Даму» бизнесті дамыту қоры» АҚ аймақтық филиалы мәліметтері// Қызылорда, 2013жыл 14 наурыз.

3.   Қызылорда облысы және оның аудандарының әлеуметтік-экономикалық дамуының статистикалық көрсеткіштері// Қызылорда облысының статистика департаменті, www.kyzylorda.stat.kz, 2013ж наурыз.