Экономические науки/3.Финансовые отношения.

Зейнеш М., Айткенов С. 303 топ студенттері

ғылыми жетекшісі аға оқытушы Даирбекова А.Е.

Ө.А. Жолдасбеков атындағы Экономика және құқық академиясы Тaлдықорған, Қазақстан

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУЫНЫҢ КЕЙБІР АСПЕКТІЛЕРІ

 

Мемлекетіміздің даму стратегиясындағы инновациялық бағыт – бұл ұрпақ үлесін ғасырлар қойнауына апаратын сара жол. Инновация дегеніміз – жаңалықтарды іске асыра отырып, жасалынып жатқан үдерістер мен өнімдердің сапасын арттырып, олардың нарық үшін бәсекеге қабілетті ету болып табылады. Осы жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының жаңаруы жағдайындағы мемлекеттік құрылымның барлық саласында инновациялық зерттеулер жүргізу бүгінгі қоғамның сұранысы. Қазақстан өзінің тәуелсіздігін одан әрі нығайту мақсатында мемлекеттік құрылымның әр түрлі саласында өркениетті елдердің үлгілеріне сай келетін түбірлі инновациялық жаңаруларды жүзеге асыру кезеңін басынан кешіріп отыр. Біздің алдағы мақсатымыз–елімізде болып жатқан демократиялық сипаттағы саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени салалардағы инновациялық өзгерістердің мәнін жете түсіну үшін ғылыми-әдіснамалық және қолданбалық зерттеулер жүргізу, оларды жүзеге асыру шарттарын анықтау мен оған ғылыми болжам жасау болып табылады.

Міне, соған байланысты Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның дағдарыстан кейінгі дамуының жаңа принциптерін ұсынып, индустриалды-инновациялық даму бағытын алға тартып отыр: «Барлық мемлекеттер өткен ғасырдың басында индустрияландырудан өтті, Қазақстанда ол 30-шы жылдары болды. Бірақ мұндай индустриялизация бізге жарамайды, біз инновациялық индустриялизация туралы айтып отырмыз және ол бүгінгі күнгі әлемдік экономиканың тәртібіне сәйкес келуі керек». Соған байланысты индустриалды-инновациялық саясат пен оның негізгі құрамдас бөліктерінің сараптамалық бағасы өте маңызды болып отыр. Кең мағынада индустриалды-инновациялық даму – бұл экономикалық жүйенің жедел түрде дамуы, ғылыми білімдерді инновацияларға және өндірістік қызметке айналдыру процесі. Оның ажырамас бөліктері ретінде сарапшылар жаңа технологиялық құралдарды енгізу, ұлттық ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту, ғылым  мен өндіріс арасындағы алшақтықты жою, инновациялық қызметті ынталандыру, алдынғы қатарлы технологиялар мен халықаралық стандарттарды енгізуді қамтамасыз етуді атап отыр. Яғни, бұл ең алдымен мемлекеттің және оның институттарының жан-жақты экономикалық жүйесінің модернизациясына бағытталған іс-шаралар кешені. «Индустриалды-инновациялық даму» терминінің өзі арнайы түсіндіруді талап етеді. Дамудың индустриалды кезеңінен Қазақстан кеңестік кезеңде өтіп қойған. Сондықтан, индустриалдық пен индустриалды-инновациялық дамуды нақты түрде өзара арасын ажыратып алу керек. Егер алғашқысы экономикалық жүйенің кәсіптік және өндірістік негіздерін қалыптастыру процесін білдірсе, екіншісі сол қалыптасқан өндірістік-кәсіптік базаны жақсарту, оны жаңа жағдайларға байланысты қайта құрылымдау дегенді білдіреді.

Маңызды мәселелердің бірі, инновациялық дамумен байланысты–бұл адам капиталының сапасын көтеру. Жаңа индустриалды-инновациялық саясат шеңберінде жоғары кәсіби білікті мамандар класын қалыптастыру жоспарлануда, ол өз кезегінде елде заманауи өнеркәсіп орындарын ашуға, жоғары қосымша құны бар өнім өндіруге және өндірістен қол үзбей ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндіктер ашылады. Ол үшін елімізде білім беру саласын қаржыландыру көлемі ұлғайтылуда, студенттерді шетелде тәжрибеден өткізу жүйесі белсенді түрде жүргізілуде, орта кәсіби білімі бар мамандарды даярлау мәселесі қарастырылуда. Соған байланысты, индустриалды-инновациялық экономикаға өту сарапшылардың бағасы бойынша дамудың қалыпты кезеңі ғана емес, ол сонымен бірге Қазақстан мемлекеті үшін таңдаусыз жол және өз кезегінде таяу жылдарда Азия елдерінің, сонан соң әлемнің мейлінше бәсекеге қабілетті ел ретінде ортаға шығуды мақсат қойып отыр. Ендігі жерде біз, Қазақстан қоғамының инновациялық даму деңгейінің ағымдық бағасын байқайтын боламыз. Бізге белгілі, инновацияларды енгізу–үлкен еңбекті қажет ететін процесс және тек қана мемлекеттік институттардың күшін ғана емес, сонымен қатар кең түрде қоғамның белсенді қатынасуын да талап етеді. Ақиқатында атқарылып жатқан шараларға қарамастан, Қазақстанда инновацияларды енгізу деңгейі салыстырмалы төменгі деңгейде қалып отыр.

Инновацияларды жаппай енгізуге қажеттілік жоқ деп ойлайды. Өйткені қалыптасқан салалар мен дәстүрлі технологиялық процестер бар, ол жерде модернизация қалыптасқан жағдайды қиратып, өнімділік деңгейін төмендетіп жіберуі мүмкін деген ой айтып отыр. Сондықтанда бұл сарапшылар инновациялық саясат үшін «ұрандаудан» қашып, нысандарды таңдау әдісімен жанасу қажет екенін ұсынып отыр:«Бізде инновацияларды енгізу деңгейі өте төмен дәрежеде. Бұл елде жүргізіліп отырған саясаттың ерекшелігімен және экономикалық дамудың түрімен байланысты болып отыр. Біздің ойымызша, экономиканың барлығын инновациялық жолмен дамыту мүмкін емес, бұл қажет те емес, өйткені қандай да бір түбегейлі өзгерістерді қажет етпейтін және бүгінгі күннің талаптарына жауап беретін де салалар бар. Мұнда инновацияларды енгізудің ешқандайда мағынасы жоқ. Инновацияларға бұқаралық және зорлықпен өту меніңше, қоғам тарапынан тұрақсыздыққа, оны жоққа шығаруға алып келуі мүмкін». Инновациялық даму жолында тұрған екінші мәселе–бұл ғылым, технологиялар мен инновациялар саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы кезеңділіктің жеткіліксіздігі. Бұл жағдайда сын, инновациялық саясатты кезеңімен атқармаған тікелей мемлекетке айтылады. Сонымен маңызды себептердің қатарына қоғамдастықтың толықтай инновация тақырыбына қызығушылықтарының төмендігі, оның инновациялық қызмет саласына қатынасының әлсіздігін жатқызуға болады. Тұрғындар толықтай және жастар әлі де болса қызметтің дәстүрлі салаларына бағытталып отыр. Біздің елімізде инновациялық өнімді тіркеу мен оны таратуда кеңсешілдік әрекеттермен жүзеге асып отырады. Сондықтанда ғалым немесе өнертапқыш өз өнімін ресми тіркеуде қиыншылықтармен кездессе, онда көп жағдайда қолын түсіріп, оны ары қарай дамытуға талпынбайды.

Қазақстанда инновациялардың субъектілері болып түрлі меншіктегі және қызмет ерекшелігіндегі құрылымдар мен барлық ұйымдар табылады. Бірақ та, қандайда бір деңгейде инновациялық саясаттың жолсерігі ретінде өздерін көрсеткендері ғана жатады. Бүгінгі таңда бұл екі құрылымға елімізде индустриялды-инновациялық саясатты жүзеге асыруда негізгі рөл атқарып отырғандығы байқалды. Сарапшылардың берген бағаларынан Үкімет пен «Самрұқ Қазына» ҰӘҚ өз міндеттерін толықтай атқаруда, дегенмен ол жұмыстарды сәтті жүргізуде деп айтуға болмайды. Индустриалды-инновациялық саясатты жүзеге асыруда «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қорының рөлін жоғары. Қордың қызметі елдегі шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталғандығы белгілі, осы қор арқылы мемлекет кәсіпкерлерге жеңілдетілген несиелер бөледі. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры– Қазақстан Республикасының мемлекеттік қоры, қаржы активтерінің жиынтықтары Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің есебінде жинақталады. 

«Ұлттық инновациялық қор» АҚ 2003 жылы инновациялық даму процестерін реттеуді қамтамасыз ету үшін және мемлекеттік қолдау шараларын көрсету үшін құрылды. Қор инновациялық жобаларды инвестициялық қолдаумен, инновациялық процестерді ақпараттық-сараптамалық қолдаумен, инновациялық қызметті насихаттау сияқты инновациялық даму деңгейін көтеру мақсатындағы істермен айналысады.  «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ Қазақстан Республикасының индустриялды-инновациялық саясатын жүзеге асыру мақсатында және болашағы бар ұйымдардың болашағы бар жобаларына инвестициялар тарту, жеке секторларға қаржылық көмек көрсетуге құрылған.

Соңғы бірнеше жыл көлемінде, Қазақстан Үкіметімен елде инновациялық процестерді инфрақұрылымдық, ұйымдастырушылық, зияткерлік және инвестициялық қатынаста қамтамасыз ету үшін көптеген ұйымдар желісі құрылған болатын. Сауалнама барысында олардың тиімділігін бағалауға талпыныстар жасалды, себебі олар қызмет жасай бастағандарына бірнеше жыл көлемі өтті және бюджеттен миллиардтаған теңге игерілуге бөлінген болатын. Басымды үштікті «Алгоритм» технопаркі, Алматы аймақтық технопаркі, Оңтүстік Қазақстан облысының аймақтық технопаркі сияқты мекемелері иемденді. Қалған барлық инновациялық қызмет субъектілері 3-тен төмен орташа балл алып, олардың қызметінің тиімділігін аз деп бағалауға мүмкіндік алдық. Көріп отырғанымыздай, олардың басым көпшілігі нарықта 5 және одан да көп жыл жұмыс жасап келгенімен де сарапшылардың пікірлерінше өз қызметтерінде қандай да бір маңызды нәтижеге қол жеткізген жоқ. Индустриалды-инновациялық даму Стратегиясының артықшылықтары мен кемшілік тұстарын атауды ұсынған болатынбыз. Бүгінгі таңда осы Стратегияны орындау нәтижесінде келесідей жетістіктерге қол жеткіздік: біріншіден, жаңа жұмыс орындары ашылды, әлеуметтік инфрақұрылымдар жақсарды, білім және ғылым салаларын қаржыландыру жақсарды. Стратегия артықшылығының тағы бір көрінісі ретінде, Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысының жақсаруы мен электронды үкімет құрылуынан мемлекеттік қызметтердің халыққа қол жетімді болуын айтуға болады. «Инновациялар тек қана экономикалық салада емес, ол сонымен бірге әлеуметтік салаларда да дами бастады. Мысалға, Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы, бір терезе принципі. Осы жаңа енгізулердің арқасында кезекке тұру азайып, адамдардың мүмкіндіктері жақсарды. Болмаса, электронды үкіметті мысалға алатын болсақ, интернеттің көмегі арқылы қызметтерді, төлемдерді және т.б. жүзеге асыруға болады». Маңызды кемшілік ретінде, инновациялық жобаларды асығыс түрде, техникалық талаптарды сақтамай және жергілікті ерекшеліктерді есепке алмауы. Жылдам нәтижелерге қол жеткізу мақсатындағы жарыста, жаңа ғимараттар құрылысында кемшіліктер жіберіледі және сапасыз тауар өндірілетіндігі аталды. Сондықтанда ең алдымен алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізіп, жағдаймен танысып, содан соң барып инновациялық жобаны жүзеге асыруға кірісуге болады. Қазақстан жағдайында инновациялық процестер негізінен алғанда технологиялық жаңа енгізулер көзқарасы тұрғысынан қарастырылып отырғанда, инновация саласындағы қазіргі зерттеулер әлеуметтік саладағы жаңа енгізулердің мемлекеттік қызметтенуінде маңыздылығы жоғары екендігін айтып отыр. Әлеуметтік саладағы инновациялар жаңалықтарды есепке ала отырып, еңбек жағдайын жақсартуды, білім беруді, денсаулық сақтау мен мәдениетті дамытуға бағытталған өзгерістерді білдіреді. Әлеуметтік саладағы инновациялар ғана экономикалық саладағы өзгерістердің негізі бола алады. Ағымдағы жағдайда медицина, зейнеткерлік қамсыздандыру саласында, қаржы секторында жекелей модернизациялар байқалады. Біздің ойымызша әлеуметтік инновациялар келесідей бағыттарда жүзеге асуы қажет: әлеуметтік мәселелерді шешу: жұмыссыздықпен күрес, жаңа жұмыс орындарын құру; аймақтарда бүгінгі заманғы инфрақұрылымдар құру; азаматтардың өмір деңгейін көтеру, әсіресе аз қамтылған тұрғындар қабатына әлеуметтік қорғау шараларын жүргізу.

Соған байланысты, әлеуметтік саладағы инновациялық қызметтің соңғы нәтижесі болып әлеуметтік, адами және еңбек әлеуетінің сапалы қайта өндірісі болмақ. Нақ осы мақсатқа инновациялық ортаны қалыптастыру мен әлеуметтік инновациялар толығымен бағытталуы тиіс.

Әдебиеттер:

1.   «2003-2015жылдарға арналған Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму Стратегиясы», 2003ж

2.   Оразалин К.Ж. Кәсіпорын экономикасы. –А., 2010

3.   http://www.zakon.kz/