ӘОЖ 336.731
С. К.Байдыбекова – э.
ғ. к, доцент
А.М.Аскарова – ЖМУ магистранты
І.Жансүгіров атындағы ЖМУ,
Қазақстан
КОММЕРЦИЯЛЫҚ
БАНКТЕРДІҢ РЕСУРСТАРЫ, ОЛАРДЫҢ ҚАЛЫПТАСУ КӨЗДЕРІН
ТАЛДАУ
Коммерциялық банктер бір
жағынан, шаруашылық субъектілердің уақытша бос
ақшалай қаражаттарын тартатын болса, екінші жағынан,
бұл қаражаттар есебінен кәсіпорындар мен
ұйымдардың әр түрлі қажеттерін
қанағаттандыратын арнайы мекеме. Коммерциялық банктің
пассивтік операциялық негізінде оның қызметінің
жүзеге асырылуы үшін қажетті банк ресурстары
жинақталады.
“Банк ресурстары” термині “несиелік ресурсы”
қарағанда кең ұғымды білдіреді. Банк ресурстары
тек несиелеуге ғана емес, сол сияқты басқа да активтік немесе
комиссиондық операцияларды қаржыландыру үшін пайдаланылады.
Демек, коммерциялық банктер ерекше бір
кәсіпорын ретінде делдалдық қызметке байланысты, банктік
ресурстар нарығында ақшалай ресурстарды сатып ала отырып, оны
қажет ететін кәсіпорынға, ұйымға және
халыққа сатып отырады.
Банк ресурстары - бұл банктің пассивтік операциялары
негізінде қалыптасқан және барлық активтік операциялар
бойынша банк өтімділігін
қамтамасыз ету және пайда табу мақсатында орналастыруға
бағытталатын банктің меншікті және тартылған
қаражаттарының жиынтығы.
Нарықтық қатынастарға
өту барысында банктік ресурстарының құрылымында біршама
өзгерістер болуда. Меншікті қаражаттар қатарына, біріншіден,
коммерциялық банктің акционерлік капиталы, резервтік қоры,
сол сияқты қосымша қорлары кіреді. Тартылған
қаражаттардың жаңа түріне: Ұлттық банктен
және басқа да несиелік мекемелерден алатын несиелер, басқа
банктердің, корреспонденттік шоттағы, депозиттік шоттардағы
қаражаттары, облигацияларды сатудан түскен қаражаттар,
лизингтік операцияларды жүзеге асырғаны үшін алынған
тауарлы-материалды құндылықтар жатады.
Коммерциялық банктердің
ресурстарының құрылымы олардың мамандануы,
әмбебаптығы және қызметінің ерекшеліктеріне
қарай ерекшеленеді.
Банк ресурстарының құрылымына
мыналар жатады:
1)
Банктің
меншікті капиталы.
2)Банктің заемдық және
тартылған қаражаттары.
Банк ресурстарының
құрамындағы меншікті капитал үлесі тартылған
қаражаттарға қарағанда өте төмен
болғандықтан барлық қаражаттарға деген
қажеттілігінің 10%-ға жуық бөлігі өтелсе,
ал қалған бөлігі тартылған қаражаттардың
үлесіне тиеді [1,127б.].
Коммерциялық
банктердің меншікті капиталының ролі мен шамасы, басқа
қызметпен айналысатын кәсіпорындар және ұйымдарға
қарағанда өзіндік ерекшеліктерге ие.
Банктің меншікті капиталы банктің
тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды.
Банктің бастапқы құрылуы барысында меншікті
капитал көмегімен банк
қызметіне байланысты алғашқы шығындар: жер, ғимарат,
құрал-жабдық, жалақыға жұмсалатын және т.б. шығындар жабылады.
Себебі, меншікті капиталсыз банктің қызметін бастау мүмкін
емес. Осы меншікті капитал есебінен банкте қажетті резервтер
құрылды. Сонымен қатар, банктің меншікті капиталы
ұзақ мерзімді активтерге жұмсалымдардың басты
көзі.
Меншікті және тартылған коммерциялық
банк ресурстары Ұлттық банкте ашылатын корреспонденттік шотта
көрсетіледі. Бұл активтік шот, сондықтан да дебеті бойынша
ресурстар, ал кредиті бойынша несиелік жұмсалымдар беріледі. Демек,
дебеттік қалдықтың шамасы банктің бос резервінің
мөлшерін көрсетеді. Банктің бос резервінің
мөлшері активтік операцияларға жұмсалмаған оның
ресурстарының шамасын білдіреді. Осы бос резервтер сомасы
қаншалықты жоғары болса, банктің
тұрақтылығы соғұрлым жоғары, бірақ
пайдасы төмен болады. Керісінше, егер бос жатқан
қаражаттарының шамасы аз болса, онда тұрақтылығы
төмен, пайдасы жоғары келеді. Сондықтан да, әрбір
коммерциялық банк өзінің корреспонденттік шоттағы
қалдығын үнемі ықшамдауға ұмтылады.
Банктің меншікті капиталы - банктің
қаржылық тұрақтылығын, коммерциялық
және шаруашылық қызметін қамтамасыз ету үшін
құрылған банктің әр түрлі қорлары мен
сол сияқты ағымдағы қызметінің нәтижесіне
байланысты және өткен жылдардағы бөлінбеген пайдасы.
Банктің меншікті капиталының
құрылымы бірдей емес, себебі, оларға әсер ететін
әр түрлі факторларға, атап айтсақ, активтер сапасына,
меншікті пайданың пайдаланылуына, капиталдың бағасын
нығайту мақсатына және банк саясатына байланысты жыл бойына
өзгеріп отырады[2,89б.].
Сонымен, қазіргі коммерциялық
банктердің меншікті капиталы мынадай баптар құрайды:
·
жарғылық капитал;
·
резервтік капитал;
·
қосымша капиталдар;
·
банк операциялары бойынша тәуекелдерді
төмендету мақсатында құрылған қорлар
(резервтер);
·
бөлінбеген банк пайдасы.
Банктің жарғылық капиталы
банктің заңды тұлға ретінде міндетті түрде
құрылуын және
өмір сүруінің экономикалық негізін
құрайды. Жарғылық капиталдың төменгі
мөлшері Қазақстан Ұлттық банктердің
пруденциялық нормативтерімен реттеліп отырады. Банктің
жарғылық капиталы, оның құрылтайшыларының
қосқан жарналары немесе пайлары сомасынан тұрады.
Пай қосу арқылы құрылған
банктің жарғылық капиталы құрылтайшылық
құжатта мөлшері анықталған пайшыларының
жарнасынан құралып, олар қосқан жарналары
көлемінде жауапты болып саналады. Мұндай банктердің
жарғылық капиталын ұлғайту, тек қана пай
қосушылардың қосымша қосқан жарналары және
пай қосушылардың санының өсуі есебінен жүзеге
асырылады. Алайда, акционерлік банктер өздерінің
жарғылық капиталын ұлғайту үшін қосымша
акцияларын эмиссиялайды, сол сияқты бұрынғы
шығарылған акцияларының бағасын өсіреді.
Меншікті
капиталдың құрамдас бөлігі - акционерлік капитал.
Бағалы қағаз (акция) шығару есебінен
құрылған банктің жарғылық капиталын
банктің акционерлік капиталы
деп атайды. Акционерлік капитал көлемі акцияны ұстаушылар –
акционерлер қосқан жарналардан құралады. Акционерлік банктің акциясы -
банктің жарғылық капиталына үлес
қосқандығын куәландыратын және дивиденд
алуға және банкті басқару ісіне араласуға
құқық беретін бағалы қағаз[3,177б.].
Акционерлік капиталдың құрылымы
әр банктерде әр түрлі келеді. Акционерлік капитал келесідей түрлерге
бөлінеді:
а)
меншікті акционерлік капитал, яғни бұл жай және
артықшылығы бар акцияларды сатудан түскен
қаражаттардан, үнемделген капитал және бөлінбеген
пайдадан тұрады;
б)
банктік резервтер, яғни алдағы уақыттағы әр
түрлі шығындарды жабуға, дивиденттер төлеуге,
қайтарылмаған қарыздың орнын жабуға арналады;
в) банктің ұзақ мерзімді
міндеттемесі (ұзақ мерзімді вексельдері, облигациялары).
Жалпы,
банктің акционерлік капиталының құралуы
төмендегідей кезеңдерден тұрады:
1.бағалы қағаздардың проспект эмиссиясын
дайындау және оны сараптамадан өткізу;
2.бағалы
қағаздарды эмиссиялауды тіркеу;
3.эмитент-банктің бағалы
қағаздарын тіркеу;
4.шығарылатын
және орналастырылатын бағалы қағаздардың
нәтижелерін тіркеу.
Акционерлік
банктер акцияларды төмендегідей жағдайларда шығарылады:
-
банкті акционерлік формада құру;
-
банктің жарғылық қорын
ұлғайту үшін қосымша акциялар шығару.
Банктің меншікті
қаражатының түріне резервтік қор жатады. Резервтік қор – банк қызметінде пайда болуы мүмкін зияндардың
орнын жабу мақсатында құрылған қаражат
қоры.
Сондай-ақ, резервтік
қор банктің тұрақты қызмет етуін қамтамасыз
етеді. Резервтік қордың шамасы заңды түрде
жарғылық капиталға белгілі бір пайыз мөлшерінде, айталық,
25% мөлшерінде құрылатын болса, оның мөлшері
жарғылық қормен теңескен жағдайда
жарғылық капиталға толығымен аударылады. Резервтік
қордың құралуының негізгі көзіне банк
пайдасы жатады. Кейде, банкте пайда болмаған жағдайда резервтік
қор есебінен банктің артықшылығы бар акциялары бойынша
пайыздар төленеді.
Қосымша капиталдар - негізгі
құралдардың тозуына байланысты аударылған аударымдар
есебінен және белгілі мақсатқа бағытталатын пайданы
бөлу нәтижесінде құрылатын қаражаттар.
Арнайы қорлар - негізгі қорларды
қайта бағалау негізінде, валюталық қаражаттарды
қайта бағалау қоры, яғни ұлттық валюта мен
шетел валюталары арасындағы айырма нәтижесінде
құрылады. Валюталық қаражаттарды қайта
бағалау қоры шетел валютасында жарғылық капиталды
қалыптастыру барысында маңызды.
Келесі
қорға жекелеген банктік операциялар бойынша тәуекелді
төмендету мақсатында құрылатын арнайы резервтер жатады. Мұндай резервтерге: несиелік
тәуекелді жабуға және бағалы
қағаздардың құнсыздануына байланысты
құрылған резервтер жатады.
Бөлінбеген пайда – акциялар бойынша дивидентті
төлегеннен кейін және резервтік қорға аударғаннан
қалған пайданың бөлігін білдіреді.
Банктің меншікті капиталын ұлғайту
жолдарына мыналар жатады:
-
банк пайдасы;
-
акциялар шығару;
-
құрылтайшылар және пай
қосушылар санын арттыру;
облигациялар
шығару жатады [4,75б.].
Банк
капиталы банктің дербестігін қамтамасыз ете отырып, оның
қаржылық тұрақтылығына кепіл болады және
банктің басынан кешетін әр алуан тәуекелдердің
зардаптарын ретке келтіретін басты көз болып табылады.
Банктің
меншікті капиталының жеткіліктілігі ұзақ уақыт бойы
ғылыми-зерттеу затына және
банктер мен оны реттеуші ұйымдар арасындағы пікірталасқа
айналып келеді.
Банктер
өздерінің активтерін арттыру үшін капиталдың
төменгі мөлшерде болғанын қалайды. Ал банкті
бақылаушылар, банктердің банкроттықтан аулақ болуы
үшін капиталдың жеткілікті мөлшерде. болуын талап етеді.
Банктердің банкроттығы ондағы басқарудың
нашарлығынан болуы мүмкін, себебі банкті жақсы
басқарса, ол төменгі капитал нормасында жұмыс жасай алады
деген пікірлер бар.
“Капиталдың
жеткіліктілігі” термині банктің жалпы тұрақтылығын
және оның тәуекелге бару дәрежесін көрсетеді.
Капиталдың жеткіліктілігі - бұл банк капиталының
мөлшерінің тәуекел дәрежелері ескерілген банк
активтеріне сәйкес болуға тиісті. Сондай-ақ,
коммерциялық банктер өз жұмыстарында банк капиталын шамадан
тыс ұлғайтуды теріс санайды. Өйткені, ол банктің
қызметіне кері әсер етуі мүмкін. Банктердің көбі
акция шығара отырып, қаражат тартуға ынтасыз болып келеді. Сондықтан банк жетекшілері бір жағынан,
қадағалау және бақылау ұйымдары екінші
жағынан, банк капиталы мен коммерциялық банктердің
басқа да қызметіндегі параметрлер арасындағы қолайлы
қатынасты табуға тырысады.
Банктің
ресурсындағы меншікті капиталдың өте төменгі
үлесінде болуы да дұрыс емес. Себебі, ол банктің салым иелері
алдындағы жауап беру мөлшеріне сәйкес келмейтіндігін
сипаттайды.
Банк меншікті
капиталын ұлғайтуға негіз болатын төмендегідей
факторларды ескеру қажет:
-
банктердің
дивидендтері өнеркәсіптік кәсіпорын активтеріне
қарағанда, пайыз мөлшерлемесінің өзгеруіне,
қарыз алушының несиелік қабілетінің нашарлауына
байланысты, олардың
нарықтық құндары өзгеріп отырады;
-
банк көбіне
тұрақсыз қысқа мерзімді қарыз
көздеріне көңіл
бөледі, бірақ олардың көбі талап етуге байланысты
қайтарылып алынуы мүмкін.
Сондықтан, кез
келген саяси немесе экономикалық өмірдегі жағдайлар
банктердегі ресурстардың сыртқа
ағылуына себеп болуға тиіс. Бастапқыда банк
капиталының активтерге қатысты шекті қатынасы 20% шамасында болса, ал қазіргі оның
шамасы 12 %-ды (пруденциялық нормативтердегі к2-нің мәні)
құрайды. Бұл дегеніміз банк жүйесіндегі төлем
қабілетінсіздік тәуекелдің уақыт өте келе арта
түсетіндігін көрсетеді. Себебі, банк жүйесіндегі банктердің
активтерінің сапасы әлі де болса өз деңгейінде
еместігін ескерсек, онда
болашақты оның орнын жабатын меншікті капитал үлесі
жеткіліксіздігі байқалады[5,77б.].
Демек, банк
капиталының жиынтық деңгейінің жеткіліктігі банк
жүйесін қолдайтын басты шарттардың біріне жатады.
Базель келісіміне
сәйкес, банктің капиталы екі деңгейге бөлінеді: І деңгейлі капитал және ІІ
деңгейлі капитал.
І деңгейлі
капиталға: қарапайым акциялар, бөлінбеген пайда, сол
сияқты еншілес компаниялардың бақылаусыз пакеті шегерілген
материалдық емес негізгі капитал шамасы жатады.
ІІ деңгейлі
(қосымша) капиталға: ссудалар бойынша зияндарды жабуға
арналған резервтер, мерзімсіз артықшылығы бар акциялар
қосылған екінші дәрежелі қарыздар жатады.
Базель
келісімінің бекіткен нормативтік коэффициентіне сәйкес, екінші
деңгейдегі банктердің қызметін реттеуде қолданылатын,
пруденциялық нормативтер қатарында банк капиталының
жеткіліктілігі коэффициентін белгілейді.
Банк ресурстарының құрылымында
тартылған қаражаттар үлесі меншікті қаржаттармен
салыстырғанда өте жоғары, олардың есебінен
банктің активтік операцияларының басым бөлігі жүзеге
асырылады.
Нарықтық қатынастардың дамуына
байланысты, сондай-ақ ескі банктік жүйе үшін уақытша
бос ақшалай қаражаттарды тартудың дәстүрлі емес
тәсілдерінің болуы, тартылатын қаражаттар
құрылымын толығымен өзгертті десе де болады.
Банктік тәжірибеде барлық тартылатын
қаражаттарды жинақтау тәсілдеріне байланысты үлкен екі
топқа бөледі:
-
депозитік қаражаттар;
-
депозиттік емес тартылған қаражаттар.
Тартылған қаражаттар ішінде ең
көп бөлігін депозиттер құрайды. Депозиттер, банк
үшін бірден-бір арзан ресурс көзі болып табылады.
Депозиттік емес
тартылған қаражаттар – бұл
банктің алған қарыздары түрінде немесе
өздерінің меншікті бағалы қағаздарын сату жолымен
тарататын қаражаттары.
Депозиттік
емес банктік ресурс көздері мен депозиттер өзара ажыратылады.
Біріншіден, олар персоналдық емес, яғни банктің нақты
клиенттің атынан тартылмайды; екіншіден, мұндай қаражаттарды
тарту инициативасы банктің өзінен туындайды.
Депозиттік
емес тартылған ресурстармен көбіне ірі коммерциялық банктер
айналысады. Өйткені, депозиттік емес қаражаттар ірі сомада сатып
алынатындықтан да, оларды көтерме сауда операциялар сипатына
жатқызуға болады.
Депозиттік
операциялар активті және пассивті
болып бөлінеді. Активті депозиттік операциялар – банктің
уақытша бос ақша қаражаттарын Орталық банкте және
өзге корреспондент-банктердегі шоттарда
орналастыруымен байланысты операциялар. Олар банктің өтімді
активтері ретінде, яғни жалпы
активтердің өте аз бөлігін алады. Активтік депозиттер
банктің өтімді қаражаттарына жатады.
Пассивті
депозиттік операциялар - бұл
клиенттердің уақытша бос ақша қаражаттарын
белгілі уақытқа және пайыз төлеу шартымен тартумен
байланысты операциялар. Бұл операциялар көмегімен тартылған
депозиттер пассив жағының көп бөлігін алады және
банктік ресурстарын қалыптастырудың негізгі көзі[6,81б.].
Қазіргі банктік тәжірибеде
салымдардың, депозиттердің және депозиттік емес
ресурстардың шоттарының әр түрлері кездеседі. Бұл
банктердің жоғарғы бәсекелестік нарықта банк
қызметтеріне деген клиенттер топтарының сұранысын
қанағаттандыруға және олардың қаражаттары
мен уақытша бос қаражаттарын банктік шоттарға тартуға
ұмтылуына жағдай жасайды.
Талап
етілетін депозиттік шоттардың артықшылығы
олардың иелері үшін жоғарғы өтімділігіне
байланысты сипатталады. Талап етілетін депозиттік шоттарға қаражаттар,
шаруашылық және басқа да операциялардың жүзеге
асырылуы барысында түседі және пайдаланылады.
Ал, кемшілігі – бұл шот бойынша пайыз
мүлде төленбейді немесе біршама төменгі мөлшерде
төленеді. Міне осыдан келіп талап етуге дейінгі шоттардың
төмендегідей өзіндік ерекшеліктері
қалыптасады:
-
ақша
салу және оны алу кез келген уақытта ешқандай да шектеусіз
жүзеге асырылады;
-
шот
иесі банктен осы шотты пайдаланғаны үшін пайыз түрінде немесе
коммиссиондық ақы алып отырады;
-
банктер талап етілетін шоттарда ақшалай
қаражаттарды сақтағаны үшін өте төменгі
деңгейде пайыз төлейді, кейде төлемеуі де мүмкін;
-
талап
етілетін депозиттер бойынша, коммерциялық банк Орталық банкте
сақталатын міндетті резервтерге жоғарғы мөлшерде
аударымдар жасайды[7,69б.].
Қазақстандық
көптеген коммерциялық банктерде талап етілетін депозиттердің
үлесі тартылған қаражаттар құрылымында өте
жоғары болып келеді. Бұл
өте арзан ресурс болғанымен банктерде оларды ұзақ
мерзімге орналастыруға байланысты қиындықтар туындайды.
Мерзімді депозит – бұл банктерде белгілі бір мерзімге
және пайыз төлеу шартында орналастырылған клиенттердің
уақытша бос ақша қаражаттары.
Бұл
депозит түрі алдын ала хабарлаудан кейін немесе мерзім бойынша алынуы
мүмкін. Мерзімді депозиттер чектің көмегімен пайдаланылмайды,
бірақ қолма-қол ақша түрінде еркін аударылады
немесе ағымдағы шотқа аударылады. Егер мерзімге дейін
бұл салымды алатын болса, онда шот иесі айып-пұл төлеуге
міндетті.
Бұл
салымның ерекшелігі - талап еткенге дейінгі депозитке
қарағанда, оларға міндетті резервтердің төменгі
мөлшері белгіленеді.
Депозиттің
бұл түрін алдын ала хабарлау негізінде немесе уақыты жеткен
кезде салым иесі ала алады. Мерзімді депозиттерді чектер арқылы
алуға болмайды. Мерзімді депозиттерді басқа шоттарға
аударуға болады.
Банктік ресурстарды тартудың жаңа бір
формасына банктің вексельдерін жатқызуға болады. Банктер
тек қарапайым вексельдерді ғана шығарады. Банк вексельдерін
шығарудағы артықшылықтарға: біріншіден, вексельді
тауарлар мен көрсетілетін қызметтер үшін есеп айырысуда пайдаланады;
екіншіден, вексельдер ссуда алу барысында кепілдік ретінде жүреді;
үшіншіден, вексельді жеке және заңды тұлғалар
қолдана алады; төртіншіден, вексельдердің өтімділігі
жоғары; бесіншіден, вексельдер бойынша дисконт мөлшерлемесі
жоғары; алтыншыдан, вексельдің заңды немесе жеке
тұлғаға өту барысында шектеулік болмайды; жетіншіден,
вексельдің мерзімі әр түрлі болады.
Коммерциялық банктер өздерінің
меншікті капиталы мен банктік ресурстар көлемін ұлғайту
мақсатында облигациялар арқылы қосымша қаражат тартады.
Облигацияларды отандық тәжірибеде көбіне ірі
коммерциялық банктер шығарып отыр. Мұндай
қарыздық міндеттемелер түрлерін шығару бір
жағынан, банк капиталын, екінші жағынан, оның ресурстарын
ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл операцияларды
ұйымдастырудың басты мақсаты - банктің
өтімділігін жақсарту[8,143б.].
1.Көшенова Б.А. Ақша, несие, банктер, валюта қатынастары.
Оқу құралы Алматы, Экономика 2010.- 127б
2.Мақыш С.Б., Ілияс А.Ә.
Банк ісі: Оқу құралы. Алматы.
Қазақ университеті 2008.-89б.
3.Макыш. С.Б., Ильяс А.А.
Банкосвое дело: учебное пособие Алматы. Қазақ
университеті, 2009.-177б
4.Банковское дело: учебник / под ред. Г.С. Сейткасымова // Алматы “Қаржы-
5.Основы банковской деятельности: учебник / под ред. Тагирбекова К.Р. – Москва.: Инфра М,2008.-75б.
6.Управление деятельностью
коммерческого банка (Банковский менеджмент): учебник / под ред. О.И. Лаврушина //
Москва .: Юристь, 2005.
7.Банковское дело: соврменная
система кредитования / под ред. О.И. Лаврушина // Москва .: КНОРУС, 2005.-69б.
8.Пещанская И.В. Организация деятельности коммерческого
банка / М.: ИНФРА-М, 2009.-143б.