УДК 94.574

ХІХ ҒАСЫРДЫҢ СОҢЫ МЕН ХХ Ғ-30 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ДАМУ

МӘСЕЛЕСІ

Турежанова С.А.-т.ғ.к, Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің отан тарихы кафедрасының доценті

 Жолдыбек Г.Ж. - 2 курс тарих мамандығының магистранты, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай Мемлекеттік университеті

XX ғасырдың 20-30 жылдарында кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйе саяси қуғын-сүргінге ұшыратқан қазақ ұлттық интеллигенциясының есімдері және еңбектері негізінен еліміз тәуелсіздік алған соңғы он жыл көлемінде ғана қоғамға таныла бастады. Алғаш оларды мемлекеттік деңгейде ақтау процесі басталса, соңынан олардың еңбектерін қайта басып шығару қолға алынды. Қазақстан тарихшылары жалпы қоғамымыз тәрізді ұлттық құндылықтарды қастерлеуге бағыт ұстай бастаған бүгінгі заманда өткен тарихымызға қазақ ұлтының мүддесі тұрғысынан қараған қазақ ұлттық интеллигенциясының еңбектеріне тарихнамалык талдау жасаудың маңызы зор. Бұл біріншіден бүгінгі ұрпақтың тарихи дүниетанымын кеңейтеді, тарихи білімді толықтыра түседі. Өйткені қазақ ұлттық интеллигенциясының еңбектерінде тарихи оқиғаларға, тарихи тұлғаларға байланысты тың көзқарастар, қызықты тұжырымдар және бүгінгі зерттеушілерді ойландырарлықтай салихалы қорытындылар баршылық. Ал бұлар жаңа тарихи концепциялардың және салыстырмалы ой-пікірлердің өмірге келуіне негіз болулары немесе ықпал жасаулары әбден мүмкін. Екіншіден, кезінде кеңестік тоталитарлық жүйе қуғындаған бұл еңбектер бүгінде тарихи ұлттық сананы қалыптастыруға белсенді қызмет жасай алады. Бұл әсіресе кезінде "Алаш" қозғалысына қатысқан қазақ интеллигенциясының тарих мәселелеріне байланысты еңбектеріне қатысты. Тарихи көзқарастары қазақ ұлтының мүддесімен тікелей қабысып жатқан бұл кісілердің еңбектері шын мәніндс бүгінгі ұлт тарихшыларына үлгі боларлықтай. Рас, аумалы-төкпелі үрдіс тарихи оқиғалар арнасында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған казақ интеллигенциясының мұрағат қорларында тапжылмай отырып жұмыс жасауға, кең көлемде тарихнамалық талдаулармен айналысуға мүмкіндіктсрі шектеулі болды. Солай бола тұрса да туған халқына деген сүйіспеншілік және құрмет сезімі оларды шынайы тарих жасауға итермеледі.Тағы бір ескеретін мәселе - тәуелсіздігімізді алғалы бері ұлттық интеллигенция өкілдерінің тарихи мұралары едәуір зерттелді. Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, М.Тыныш- баевтың, Ж.Ақпаевтың, Х.Досмұхамедовтың, кеңестік кезеңдегі Т.Рысқұловтың, С.Асфендияровтың және т.б. өмірі мен қызметіне арналған жеке зерттеулер жазылды немесе диссертациялар қорғалды. Оларда қайраткерлердің өмірі және саяси немесе тарихи көзқарастары талданды.

Дегенмен де тарихнамалық талдау мәселесін әңгімелегендс мынаны да ескергеніміз жөн: ұлттық интеллигенция өкілдері еңбектеріндегі мәселелер көбіне жүйелі баяндалмаған. Олар шашыраңқы және жеке тақырыптарға арналған, оларда авторлардың нақты деректерді пайдалануларынан гөрі мәселеге өзіндік көзқарастарын білдірулері, ел аузындағы аңыздар мсн ауызша деректерді көптен пайдаланулары, жер-су атауларына байланысты тарихи пайымдаулар мен болжамдар жасаулары жиі кездсседі. Солай десекте, олар тарихи тұрғыдан аса құнды. Осы айтылғандар қазақ ұлттық интеллигенциясының еңбектеріне тарихнамалық талдаулар жасап, бүгінгі тарих ғылымының методологиялық принциптері тұрғысынан оларды сараптаудың, бағалаудың аса қажет екендігін тағы да дәлелдей түседі.

 Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның тарих ғылымының үлкен табысы - XX ғасырдың 20-30 жылдарында сталиндік тоталитарлық жүйе өздерін және еңбектерін аяусыз қудалаған қазақ зиялыларының еңбектерінің негізінен алғанда туған қазақ халқына қайта оралуы дер едік .

Қазақтың ежелгі тарихын зерттеу туралы алғаш мәселе көтерген «Айқап» журналы деп айтуға негіз бар. 1911 жылы өзінің 1-нөмірінде «Айқап» К.Бәтішұлы дегенге сөз беріп, ол «Қазақ шежіресі» деген атпен мақала жариялады. Онда автор қазақтың тегін «түрік нәсілінен шыққан «Алаш» есімді бай һәм балалары көп, бақытты бір адамнан таратып, қазақтың үш жүзіндегі руларын талдаумен аяқтайды және озінің ойын төмендегідей тұжырыммен бітіреді: «Бұл сөздер - біздің бұрынғы кәрілерден естіген сөздер. Қадірлі хал білгенімізді жаздық. Мұнан артық білушілер болса, білгенін ішіне сақтамас, халыққа жазып білдірер деп үміт етеміз»  [1,55]

Қазақ шежіресін тәртіпке келтіруде Шәкәрім Құдайбердіұлының 1911 жылы Орынборда басылым көрген «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» деген еңбегі маңызды рөл атқарды. «Айқап» журналы осы еңбекпен өзінің оқырмандарын таныстырды.

«Қазақтың түпкі атасының жайын білмек болып», - деп жазды Шәкәрім, - көп уақыттан бері сол туралы естіген, білгенімді жазып алып және әр түрлі жұрттың шежіре кітаптарын оқыдым»  [2,6б].

Ш.Құдайбердіұлының бұл еңбегі қазақ ұлттық интеллигенциясы арасында жаңа серпін туғызды. Бұл еңбек туралы алғашқылардың бірі болып Ә.Бөкейханов өзінің пікірін білдірді: «Мұнан бұрын, - деп жазды ол, - қазақ шежіресі қазақ тілінде кітап болып басылған жоқ. Шаһкерімнің бұл кітабы - қазақ шежіресінің тұңғышы; қазақ шежіресін білмек болған аға-іні іздегенді осы кітаптан табасың. Енді мұнан былай қазақ шежіресін жазбақ болған кісі Шаһкерім кітабын әбден білмей қадам баспа. Кітап жиған жері жоқ, көшпелі далада жүріп Шаһкерім шежіресіндей кітап жазбақ оңай жұмыс емес» [3,32б].

Қазақ интеллигенциясының әлі сталиндік таптық көзқарас ықпалына беріле қоймаған негізгі бөлігінің қазақ халқының шығу тегін зерттеуге қажетті деректерді негізінен қазақ рулары шежіресінен іздестіргені назар аудартады. Қазіргі кезенде де үлкен маңызға ие болып отырған қазақ шежіресінің деректік құндылықтары мұндай көзқарастың жалпы алғанда дұрыстығын дәлелдей түседі.

Қуғындалған қазақ интеллигенциясының тарихи көзқарасында жеткілікті деңгейде назар аударылмаған нәрсе - қазақ жерін ежелде мекендеген сақтардың, ғұндардың, үйсіндердің және қаңлылардың тарихы. Мұның біздің ойымызша басты себептері екеу: а) бұл тайпалардың тарихына байланысты деректер, әсіресе шығыс деректері 20-30 жылдарға дейін әлі де жеткілікті зерттеле қойған жоқ еді; б) осы кезеңде азиялық көшпелі тайпалар тарихына маркстік-таптық көзқарастың орныға бастауы ұлттық интеллигенцияны бұл мәселеге аса сақтықпен қарауға мәжбүр етті. Осының нақты көрінісі Санжар Асфендияровтың тарихи көзқарасы дер едік. Ол ежелгі көшпелілер туралы еңбек жазушыларды екі топқа бөліп тастады және оларды өткір сынға алды. Соңғылардың «ұлттық буржуазиялық идеология шындаған» көзқарастарын С.Асфендияров «жаңарған панисламизм және пантюркизм» деуге дейін барды [4,17б].

Қазақтың ежелгі түріктің тегін Шәкәрім Құдайбердіұлы да дәлелдеуге күш салған [2,15б]. Қазақтың шығу тегін анықтау үшін М.Тынышбаев әрбір қазақ руларының өткендегі тарихи тамырына жеке-жеке талдау жасағаны және белгілі [5,68б]. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан жағдайында жаңа тарихшылар бұл мәселеге үлкен түсініктікпен қарап, "шежіре - халықтың тарихын зерттеудің ең басты қайнар көзі екендігін М.Тынышбаев сол кезенде-ақ түсіне білген еді", - деп әділ қорытынды жасауда [6,90б].

Алайда, ұлттық автономия мәселесіне байланысты қазақ зиялы- ларының көзқарастарын бұрмалау, оларды біржақты, тар өрісті таптық идеология негізінде жөнсіз қаралау олардың өздерінің көздері тірі кезеңде де және кейініректегі кеңестік тоталитарлық жүйенің өн бойында да орын алды.

         Тәуелсіз Қазақстан тарихы міне, осы кемшіліктерден арылу үшін күресуде. Мұның өзі қазақ ұлттық интеллигенциясы өкілдерінің мемлекеттік автономия мәселесіндегі көзқарастарын тарихнамалық тұрғыдан жан-жақты талдау қажеттігін тағы да дәлелдей түседі.Сонымен бірге айтарымыз, қазақ ұлттық интеллигенциясының тарихи көзқарастарының барлық бағыттарын бір ғана мақалада қамту мүмкін емес, бұл ғылыми зерттеу тұрғысынан алғанда аса ауқымды мәселе.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер.

1.Бәтішұлы К. Казақ шежіресі //"Айқап". - Алматы: "Қазақ энциклопедиясы" Бас редакциясы, 1995.

2.Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. Атматы: Қазақстан; Сана, 1991.

3.Бөкейхан Ә. Түрік. қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі: Таңдамалы (Избранное). - Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1995.

4.Асфендияров С.Д. История Казахстана (с древнейших времен). - Алма-Ата: Қазақ университеті, 1993.

5.Тынышпаев М. История казахского народа. Алма-Ата:  Қазақ университеті,1993.

6.Жүгенбаева Г.С. Мұхамеджан Тынышбаевтың өмірі мен қызметі (1879-1938). - Алматы: ҚазКҮ, 2000.