МЕМЛЕКЕТТІК
АВТОНОМИЯ МӘСЕЛЕСІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ҚАЗАҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫНЫҢ ТАРИХИ КӨЗҚАРАСЫ
Турежанова
С.А.-т.ғ.к, Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік
университетінің отан тарихы кафедрасының доценті
Жолдыбек Г.Ж. - 2 курс тарих мамандығының магистранты,
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай Мемлекеттік университеті
Қазақ ұлттық интеллигенциясының автономия
мәселесіндегі тарихи көзқарастары арнайы тарихнамалық
зерттеуді қажет етеді. Кезінде аталмыш мәселеде төмендегідей
тарихи бағыттар айқын көрініс берді:
-
Кеңестік жүйеде ұлттық автономиялық
қозғалыстың дөрекілікпен негізсіз айыпталуы;
-
Таптық көзқарастардың үстемдік
алуының нәтижесінде мемлекеттік автономия
мәселесіндегі ұлт зиялылары
көзқарастарын шынайы түсінуге
қолдан кедергілер жасалуы;
-
Еліміздің тәуелсіздік алуына байланысты қазақ ұлттық демократиялық интеллигенциясының
мемлекеттік автономияландыру мәселесіндегі көзқарасының
сипатын, кезеңдерін, бағыттарын және ерекшеліктерін
айқындау.
Мұндай мәселелерді тарихнамалық тұрғыдан талдаудың өзіндік қиыншылықтары
да аз емес. Бұл үшін бәрінен бұрын еліміздегі автономиялық қозғалыстар
тарихына баса мән беруге тура келеді.
Қазақ
зиялыларының Қазақстанның тәуелсіздігі
жолындағы күресінің үлкен бір саяси қорытындылары
және биік белестері болып табылатын "Алашорда"
мемлекеттік құрылымы мен Түркістан автономиясына
байланысты отандық
тарихымыздағы көзқарас эволюциясы аса күрделі жолдардан
өтті. Сондықтанда бұл
мәселелердің тарихнамасы да аса күрделі. Бүгінде бұл туралы толық мағлұматтар беретін
еңбектер баршылық [1,216]
Тарихымыздың әр түрлі кезеңдерінде осы екі аталмыш автономиялық құрылым туралы көзқарастарда кейбір
өзгерістер бола тұрса да, бір нәрсе
даусыз: ол - кеңестік тоталитарлық жүйе берік
орныққан соң "Алашорда" үкіметі мен
Түркістан автономиясын біржақты қаралаудың
тарихнамамызда орнығып, Қазақстан тәуелсіздік
алғанға дейін оған қарсы дау айтудың мүмкін
болмағандығы. Көп томдық " Қазақ Совет
энциклопедиясындағы" аталмыш автономияларға берілген
бағаларды кеңестік таптық көзқарастың
нақтыланған, жинақталған қорытындысы ретінде
қарастыруға болады деген ойдамыз.
Сондықтанда осынау энциклопедиялық түсініктемелермен
қайтадан толығырақ танысқанымыз жөн сияқты.
Алашорда үкіметі туралы аталмыш энциклопедияның бірінші томынан
төмендегідей жолдарды оқимыз: "Алашорда -
қазақтың бурж. автономиясы; байлар мен феодалдардың
және буржуазияшыл ұлтшылдардың 1917
ж. 5-13 (18-26) декабрьде Орынборда өткен "бүкіл-қырғыздық"
("бүкілқазақтық") 2-съезінде жарияланды.
Съезде құрылған
А."үкіметі" (басшылары - Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Е.Омаров, М.Шоқаев,
Х.Ғаббасов, Х.Досмұхаммедов, Ж.Досмұхамедов, М.Тынышбаев т.б.) бай-феодалдар мен сол кезде
қалыптаса бастаған қазақ буржуазиясының
таптық мүдделерін қор- ғады, қазақ
халқын революцияшыл Россиядан, орыс пролетариатынан бөліп
әкетуді мақсат етті. Бұл үшін
қарулы күштер құру туралы шешім
қабылданды. А. "дербес автономия" дегенді желеу етіп, оны
Қазақстанда Сов. үкіметіне қарсы күресудің
басты құралына айналдырды. Буржуазияшыл ұлтшылдар өздерінің контррев. әрекеттерін бүркемелеу үшін "ұлттық" жалауды жамылды, ұлт мүддесін қорғағансыды, діни
демагогияға сүйенеді..." [2,249]
Міне осылай кете барады.
Жалпы Алашорданы
және "Алаш" партиясын Түркістан (Қоқан)
автономиясымен байланыстыру да осы кезендегі
кеңестік әдебиетте кеңінен орныққан
көзқарас.
Аталмыш
энциклопедияның "Алаш партиясы" деп аталатын шағын
мақаласынан осыған байланысты мынандай жолдарды
оқимыз: "Алаш" партиясы Сов. өкіметін мойындайтынын
сөз жүзінде жарияланғанымен іс жүзінде
"қазақ халқының ішкі істеріне араласпауды талап
етіп, жергілікті өкімет орындарын танымады. "А" п. Орал,
Торғай, облыстарында бөлімшелерін құрды, контрреволюцияшыл Қоқан автономиясымен,
башқұрт ұлтшылдарымен
тығыз байланыста болды..." [3,249].
Қазақстан
тәуелсіздік алғанға дейін де, тіптен кейін де осы көзқарасты
берік ұстанып ғана қомай,
сонымен бірге қарапайым тарихи шындықты бұрмалап түсіндірушілер де аз болмады. Ал енді
Түркістан (Қоқан) автономиясының Алашордамен
тығыз байланысты болғанына келер болсақ, бұл бүгінгі тарихымызда әбден дәлелденген
нәрсе. Оған тоқталып жату сондықтан да қажет бола
қоймас.
Қазақстандағы және Түркістандағы
қазақ интеллигенциясы басқарған автономиялық
қозғалыс туралы мұндай тар өрісті таптық
және біржақты ұнамсыз пікірлер өздерінің
бастауларын Алаш қозғалысы қайраткерлерімен замандас,
бірақ оларға саяси балама көзқараста болған
қазақ большевиктерінің көзқарастарынан алатынын
аңғару қиын емес.
Өзінің Алаш партиясын құру жұмысын неліктен
қолға алғанын да Әлихан Бөкейханов
өзінің жеке мүддесі тұрғысынан емес,
қазақ ұлтының
мүддесі тұрғысынан түсіндірген еді. Осы орайда ол,
өзінің әйгілі
"Мен кадет партиясынан неге шықтым?" - деген мақаласында "Кадет
партиясы жер адамға меншікті болып берілсе де, жөн дейді.
Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұрдша
көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып,
жалаңаш шыға келеді! Кадет партиясы Ұлт автономиясына
қарсы. Біз Алаш ұранды жұрт жиылып, Ұлт автономиясын
тікпек болдық [4] - деп атап көрсеткен еді.
Алайда таптық көзқарасты ұстанған С.Сейфуллин
тәрізді қайраткерлер Алаш қозғалысын
қаралауға ілік іздеді. Алашорданың милицияға адамдар
жинауын және үкімет қажетіне қаражат іздестіруін
барынша бұрмалап түсіндіру өкінішке орай кезінде
кеңестік әдебиетте берік орын алды. "Бұқара халық
бұлардың далбасына ермеуі керек.
Қазақтан ақша жинамақ. Ақшаны кімге
жинамақ?... Ақшаны жаңағы "төре, хан
болам" деушілерге жинамақ. Қазақтан милиция
жинамақ. Милиция кімді, нені қорғамақ?... Жаңағы
"хан болам" деушілердің хандығын
қорғамақ. Кімнен қорғамақ? Хандарға,
патша- ларға қарсы большевиктерден
қорғамақ..." [5,441].
Осындай тарихи
шындықты бұрмалаған тұжырым өкінішке орай тарихшылардың ғана
емес, бүкіл қазақ халқының тұтас ұрпағын
адастырып, қазақ халқына адал беріле қызмет
жасаған Алаш қозғалысы қайраткерлері туралы
жалған түсініктер қалыптастырды.
Бүгінгі
тәуелсіз Қазақстанның ұлттық
әскер құру және
елдің экономикасын көтеру саясаты Алаш қозғалысы
қайраткерлері көзқа- расының дұрыстығын дәлелдеп ғана қоймай,
олардың көрегендігін де дәлелдеді. Алайда, олар өмір
сүрген ауыр тарихи кезеңде саяси
адасуларға ұрынып,
"Қазақ" газеті тәптіштеп түсіндірген
ақиқатты мойындаудан көпе-көрнеу бұлтарғандар аз болған жоқ.
М.Дулатовтың
ойынша Алашорданың жоғарыдағыдай игі мақсат- тарына
қарсы кісілер екі топқа бөлінді: олардың
алғашқылары - "қаны қарайған, ұлт намысы дегеннен бейхабар, жамандықты кәсіп
қылып қалған антұрғандар...
Екінші түрі - ел ішіндегі партия- құмарлар. Бұлар істеп жүрген
істері жұртқа зиянды екенін ойламай,
партия қуғанын, "баққа таласып жүрміз"
деп адасып жүрген надандар. Егер жұрт, жұрттықты ойласа, партиясын, тым болмаса, уақытша
қоя тұрып бірлік-береке қылатын
болса, Алаш аты бәйгеден келмей қалмас еді" [6,31].
С.Сейфуллин де
оның жақтастары да Алаш зиялыларының 1917 жылдан бастап
Россияның федеративтік демократиялық республика болуын
қолдағанын халыққа шынайы түсіндіргілері келмеді
және өздерінің негізсіз саяси айыптауларында тіптен асыра
сілтеулерге салынып Алаш зиялыларының абзал армандарын аттап, оларды
мансапқор, ескі хандық құрылысты
аңсаушылар ретінде жағымсыз бейнелеуге күш салды.
Өйткені XX
ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясы автономия
түрлері туралы айтқанда тек демократиялық құрылымдар туралы ойлады. Ал кеңестік мемлекет құрылысының тоталитарлық, орыс большевиктік
шовинизмі арнасында өрбігені бүгінде бәрімізге белгілі.
-
Ұлттық автономия
мәселелеріндегі қазақ интеллигенциясының
көзқарастары олардың өздері өмір сүрген
заман тәрізді аса күрделі. Олардың шынайы мазмұнын айқын түсіну үшін, жанама
зерттеушілердің емес, ұлттық
интеллигенция өкілдерінің өздерінің түпнұсқа еңбектерін терең және
жан-жақты зерттеуіміз керек.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Аманжолова Д.А. Казахский автономизм
и Россия. - М., - 1994. - 216 б.; Қойгелдиев М.Қ. Алаш
қозғалысы. Алматы: "Санат", 1995. - 365
б.; Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. -
Алматы: "Ататек", 1995.
2.Алашорда //"Қазақ Совет энциклопедиясы". 1 том.
- Алматы, 1972.
3."Алаш"
партиясы // "Қазақ Совет энциклопедиясы". 1 том.
4.Ғали хан. Мен кадет партиясынан неге шықтым? // "Сарыарқа", 1918. 25 январь. № 29.
5.Мадияр. Қайтсек жұрт боламыз // "Қазақ" газеті. - Алматы: "Қазақ энциклопедиясы" Бас
редакциясы, 1998.
6.Қойгелдиев
М.Қ. Өтпелі және мәңгі құндылықтар
жөнінде // ҚазМУ хабаршысы. Тарих сериясы. №1(16), 2000.