т.ғ.к., доцент Қозғамбаева Г.Б.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

 

АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІН САЯСИ ЖӘНЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТҰРҒЫДАН АҚТАЛУЫ

 

Алаш зиялылары және олардың тарихи, әдеби мұралар   тоталитарлық қоғамда қатты жапа шеккеніне тарихымыз куә. ХХ ғасырдың басында қалыптасқан қазақ зиялылары патша үкіметінің отарлық саясаты шарықтау шегіне жеткен кезде,  отарлық езгіге қарсы ұлт-азаттық күрестің бастапқы қадамдарын жасағаны тарихтан белгілі.Ол туралы ғалым, С.Смағұлованың «Қазақ мерзімді баспасөзі: шығу тарихы мен деректік маңызы (ХХғ. 20-30 жж.)» деген еңбегінде: «... шешімін таппай келе жатқан әлеуметтік мәселелерге қатысты ой пікірлерін батыл түрде білдіріп, осы басылым төңірегінде пікірталастар тудырып,  қазақ зиялыларын патша үкіметінің отарлық саясатына қарсы жұмылдыра білді. «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Ақбаев, Р.Мәрсеков және т.б. зиялылар ұлттық ерекшелікті сақтай отырып, батыстық өркениет даму бағытын ұстанды. 1919 ж. Алашорда үкіметінің қызметін тоқтатып, оның мүшелеріне бүкілодақтық ОА комитетінің 1919 ж.4 сәуірінде және 1920ж. 15 көкегіндегі қаулыларымен кешірім жарияланып, үкімет қызметіне тартылған еді» деген мәліметтерді береді [1,347б.]. Сонымен қатар еңбекте, «Үкімет Алаш партиясы мен Алашорда үкіметі мүшелерінің мемлекеттің жауапты қызметте отыруынан қауіптенді. Оның басты себебі алашордашылардың  ықпалының коммунистер арасына жайылып кетуі мүмкін деген қорқыныш еді» [1, 348б ] деп, көрсетеді. Академик К.Нұрпейіс  «Алаш һәм Алашорда» деген еңбегінде: «Кеңес өкіметі әр қырынан танылған, білімді де талантты алашорда қайраткерлерін азамат соғысы жеңіске жеткеннен кейін тарих сахнасынан кетіруге тырысып, алдау мен арбау әдісін де, қару жұмсап күштеу жолын да қолданғанын айта отырып, бұлай істеудің басты саясаты оларды Қазақстанның қоғамдық - саяси өмірінен аластату болды» [2, 215б. ] деген, тұжырым жасаған. Міне осындай саясат жүргізген кеңес үкіметі евроцентристік көзқарастан нәр алған орыс отаршылдығы өзіне қараған жұрттың интеллектілік қуатын жаншып, Алаш қайраткерлері мен олардың  атына айтылып отырған жақсы сөзді тұншықтырып отырғаны баршамызға мәлім. Кеңестік дәуірде сталиндік қуғын сүргіннің жалыны шарпымаған ешкім қалмаған еді.

Қазақ елінің тәуелсіздікке қол жеткізуі әкімшіл-әміршіл жүйе  ықпалымен  қалыптасқан тарих ғылымын қайта  қарап, төл тарихымыздағы  бұған дейін бұрмаланып келген мәселелерді жаңа қырынан ашып көрсетуге мүмкіндік туғызды.

Бұл жөнінде еліміздің президенті Н.Ә. Назарбаев былай деп өткір айтқан болатын: «...Өткенімізді тұтас күйінде ешқандай боямасыз, қоспасыз, қаз-қалпында қабылдағанымыз ләзім. Ал өткен жылдар шежіресі үнемі әрі бұрмалаусыз зерделеп отырудың жөні бөлек. Мұның өзі өткендегі тәжірибенің жақсысынан үйрену үшін, ескі қателіктерді қаулата бермес үшін, жаманнан жирену үшін қажет» [3].

ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялы қауымы мен олардың шығармашылық мұраларының ақталуына орай. Жаңа жағдайда,бұрын бұрмаланған тарихтың беттерін қайтадан қарап, зерделеуге тиым салынып келген мәселелерге жаңа көзқарас тұрғысынан қарастыруға мүмкіндік туған кезең келді. Ақпараттық құралдардан жаңа газеттер, журналдар шығарыла бастады, статистикалық ақпараттың бұрын жариялануға жатпайтын тізбесі қайта қаралып, кезінде жабық болып келген мұрағаттық және кітапханалық қорларға қол жетті.

1988 ж. басында Қазақстан коммунистік партиясы ОК-нің жанында сталиндік репрессиялардың құрбаны болған халқымыздың ардақты ұлдары мен қыздарының саяси және шығармашылық-мәдени қызметтеріне оң баға беру туралы арнайы құрылған Комиссия құрылып,оның шешімдері бойынша 50-ші жылдардың соңында ақталған, алайда қайсыбір «объективтік» себептерге байланысты 60-80-ші жылдары кеңінен насихатталуға бәлендей құлық көрсетіле қоймаған қазақ зиялыларымен қатар (мәселен, С.Қожанов, Н.Төреқұлов және т.б.), бұған дейін есімдерін атауға да тиым салынған ғасыр басындағы ұлт зиялылары, олардың қоғамдық-саяси, тарихи-әдеби және мәдени-шығармашылық мұралары халқымен қайта қауыша бастады [4]. Осылайша, саяси қудалау кезіндегі, қазақ зиялылары мен жариялануға тиым салынған олардың шығармалар мен жекелеген авторлық құқықтар қалпына келтіріліп, ұлт зиялыларын ақтауға бетбұрыс басталды.

ҚР-ның Президент жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық Кеңес қабылдаған «Қазақстан Республикасының тарихи санасын қалыптастыру тұжырымдамасында» атап өтілгеніндей, «өткенді және қазіргіні ой елегінен өткізу қажеттігі Қазақстанның, оның халқының тарихи тағдырына талдау жасауды жандандырып, терендете түсуді мейлінше талап етеді» [5, 9 б.]. Кеңестік кезеңге дейінгі және кеңестік кезеңдегі тарихты сын көзбен қайта ой елегінен өткізу демократиялық үдерістің дамуындағы маңызды белес болды. «Басқаша болуы мүмкін емес», «Тарихшылар дауласады», «Бұл жайында айтылмады», «Қазақстан тарихы: актандақтар» атты жарияланымдарда, мақалалар жинақтарында - Қазан революциясына, азамат соғысы мен Отан соғысына, большевиктер жетекшілері В.Лениннің, И.Сталиннің, Ф.И.Голощекиннің т.б.қайраткерлігіне жаңаша берілген бағалар пайда болды [5, 105 б.]. Қазақстан қоғамы ешқандай кінәсы жоқ жүздеген мың адамдарды қырып-жоюдың құйтырқы әдістері, бөгде ойлыларды қуғындаудың жымысқы жүйесі т.б. туралы шындықты біле бастады. Сталиншілдіктің сұмдықтары туралы оқып білген адамдар зұлымдық төркінінен хабардар болды. Мысалы, ғалымдар Ж.Әбілғожиннің, М.Қозыбаевтың, М.Тәтімовтың Мәскеуде жарияланған және кейіннен одақтық және шетелдік жарияланымдарда олардан дәйексөз келтірілген Казақстандағы ұжымдастыру касіреті мен аштық туралы мақаласы оқырмандарды таң қалдырды Ш.Мұртазаның, С.Елубаевтың, С.Жүнісовтың публицистикалық пьесалары қоғамдық ой-сананы бір сілкінтті. Кино режиссерлер А.Шәжімбаевтың, А.Қарақұловтың, С.Апрымовтың туындыларында өткендегі тарих мүлде басқа ұстаным тұрғысынан қарала бастады [5, 106 б.].   

Алашқа қарсы науқанда большевиктер өздерінің идеологиялық машинасының барлық тетіктерін де қосуға күш салып, 1927 ж. А.Бочаговтың ал 1929 ж. Мартыненконың Алашорда тарихына байланысты, оны қаралап, «әшқерелеген» еңбектері жарыққа шықты. Бұл еңбектердің шығуы алаштық зиялы қауымды қудалау және сотқа тарту ісімен бір мезгілде жүрді. 1927 ж. қазанда ОПТУ органдарының Е.Омаровты тұтқынга алып, тергеу жүргізуінен басталған, бұл процесс 1930 және 1932 жылдары ұлт-азаттық қозғалысы мен шығармашылық-мәдени қайраткерлерінің үлкен тобын (А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышбаев және т.б.) түрлі ауыр жазаларға кесумен аяқталды [6]. 1997 ж.  «Жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» жылы ретінде жарияланып, 31мамыр саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді.

Осыған орай көптеген құпия мұрағатық құжаттардың сыры ашылды. Мәскеу мұрағатынан «Әділет» қоғамы жетекшілерінің өтініші бойынша 1938 жылы атылған адамдардың тізімі алынды. Тізімдегі 631 адамның басым көпшілігі қазақтың маңдай алды азаматтары. Осы жерде негізгі мақсат-қазақтың бетке ұстар азаматтының көзін жойып, бүтіндей бір халықты бассыз қалдыру болғаны айқын байқалады. Тізімнен қай арыстың қай күні зұлымдықтың құрбаны болғанын көруге болады. (ақпанның 25-де С.Асфандияров, Қ.Жұбанов,С.Мендешов,Құрамысов,С.Сейфуллин, 27-де Б. Майлин,  І.Қабылов, 28-де О.Жандосов).Мәскеуден жеткен тізімдегі 631 атылған адамдардың 80 пайызы-қазақтың белгілі адамдары болған. Олардың көбі алаштың арыстары. Тарихи деректерде, 1927-1953 жылдары 40 миллион адам, оның ішінде Қазақстан бойынша 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. 1929-1933жж.  Қазақ КСР ОГПУ саяси өкілінің үштігі 9805 іс қарап,  22 933 адам жөнінде шешім қабылдаған, соның ішінде 3386 адамға ең жоғары жаза ату жөнінде үкім шығарған. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысы бойынша 1937 ж. 853 адам қуғынға ұшырап, оның 335-і атылған, қалғандары әр түрлі мерзімдерге еңбекпен түзеу лагерлеріне жіберілген. 1938 ж. 936 адам тұтқындалып, 690-ы атылған, 246-сы сотталған [7]. 

Алаштанушы, ғалым Т. Жұртбайдың Алаш зиялыларының үстінен жүргізілген тергеу материалдарының негізінде жазылған «Ұраным- Алаш!» атты көп жылғы зерттеу еңбегінде төмендегідей деректер келтірілген:«1988 жылы қаңтарда Қазақстан Жазушылар одағының 1-ші хатшысы О.Сүлейменовтің сұрау салуымен Қазақ ССР Бас прокуроры Ғ. Елемесов «Алашорда» қайраткерлерінің үстінен жүргізілген тергеудің заңсыз жүргiзiлгенiне наразылық бiлдiрiп, Қазақ ССР Жоғарғы сотына ұсыныс жасады. 1988 жылы 4 қарашада Жоғарғы соттың қылмысты iстер жөнiндегi алқасының мәжiлiсiнде «Кеңес өкіметін қарулы көтеріліс арқылы құлату мақсатында ұйымдасқан «Алашорда» қайраткерлерінің контрреволюциялық, террористік астыртын құпия ұйымын әшкерелеу ісіне» қатысты сот үкімі қайта қаралды.Оған Қазақ КСР Жоғарғы сотының төрағасы Т.Аймұхамбетов, Жоғарғы соттың мүшелерi К.Кенжебаев, Е.Грабарник және Қазақ ССР Бас прокуроры Ғ.Елемесов қатысты. Жиыны 14 томдық тергеу iсiнiң егжей-тегжейiн зерделей тексерiп, барлық куәлардың шағымдарымен танысып, тергеу тарапынан өрескел бұрмалаушылық пен заңсыздықтардың жол берiлгенiн анықтады. Сонымен қатар, сол кездегі Құқықтық комиссияның төрағасы, жазушы Т.Жұртбайдың Жоғарғы соттың мүшесі К.Кенжебаевқа берген әдеби сараптамалық қорытындысы бойынша «Алашорда» қайраткерлерінің шығармалары мен ғылыми еңбектерінде кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізілмегені расталды. Нәтижесінде Қазақ КСР-нің Қылмыстық және праволық Кодексінiң 375-бабын басшылыққа ала отырып Жоғарғы сот:«Шешiм: КССР Халком кенесінің жанындағы ОГПУ-дің ІҮ коллегиясының 1930 ж. 4 сәуірдегі және 1931 ж. 13 қаңтардағы Байтұрсынов Ахмет, Дулатов Міржақып, Аймауытов Жүсiпбек, Есполов Мирза-Ғазы, Ғаббасов Халел, Әдiлев Дiнмұхамед, Бiрiмжанов Ғазымбек, Юсупов Ахмед-Сафа, Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдес, Битiлеуов Дамолла, Болғанбаев Хайретдин, Байтасов Абдолла, Жәленов Кәрiм т.б жөнiндегi қаулысының күшi жойылсын, олардың iс-қимылдарынан қылмыстық әрекеттер табылмағандықтан да тергеу барысы тоқтатылсын.

Қазақ КСР прокурорының наразылығы қанағаттандырылсын. Қазақ КСР-нiң Жоғарғы соты-Т.Аймұхамбетов.Коллегия мүшелерi - Е.Грабарник, Қ..Кенжебаев» деген, шешім шығарды. Көп ұзамай, Қазақстан ОК идеология жөніндегі хатшысы Ө.Жәнібековтің араласуымен ҒА-да арнайы комиссия құрылды, сол комиссияның шешімімен Алаш қайраткерлерін саяси және шығармашылық тұрғыдан ақтау туралы арнайы қаулы шықты[8].   Осылайша, қоғамда қордаланған мәселелермен табандылықпен күрес нәтижесінде жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Шоқай, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, Ж.Аймаутов, Ш.Құдайбердиев т.б. көптеген Алаш қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері саяси, кейінірек азаматтық тұрғыда ақталды. Олардың мұраларын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берілді. Республикамызда  «Социалистік  Қазақстан» газетінің 1988 ж. көктемдегі басылымда Ш. Құдайбердиевтің  шығармашылық мұрасы, желтоқсандағы санында Қазақстан компартиясы ОК құрылған комиссиясының шешімімен А.Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ж.Аймауытов және т.б. қоғамдық-саяси, ғылыми әдеби қызметі бойынша қорытындылары жарияланды. 1989 жылы  шілдедегі аталмыш газеттің санында Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, М.Шоқай, С.Көбеев,  Б.Қаратаев, М.Сердалин, М.Тынышбаев, Халел және Жанша Досмұхамедовтер, С. Торайғыров,  К.Тоғысов, С. Лапин шығармашылық мұрасы бойынша оны толығымен ақтау турасындағы шешімін басып шығарды. Қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси, ғылыми-педагогикалық және әдеби шығармашылық мұрасына жаңа уақыт тұрғысынан баға берілді.

 Алаш зиялылары мен олардың ұлттың рухани деңгейін көтеруге сіңірген еңбегі  жайында ғалым М.Қойгелдиев пен Т.Омарбековтың ойларынша, Алашорда басшылары, сайып келгенде, екі негізгі мақсатты басты назарда ұстаған. Олар: біріншіден, қазақ елін отарлық езгіден азат ету, ал екіншіден, қазақ халқы мен дәстүрлік қоғамын ортағасырлық мешеуліктен өркениетті әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму жолына алып шығу. Сондықтан да болар, ғалымдар алаштық зиялы қауымды «ұлттық-демократиялық зиялы қауым (интеллигенция)» деп, ал Алаш партиясын «ұлттық-демократиялық партия» деп атағанды жөн көреді [9]. Қазақтың зиялы қауым тарихы мен олардың шығармашылығын тарихи хронологиялық және нақты деректік негіздерде зерттеуді қуаттайтын еңбектергеХ.Әбжанов пен Ә.Әлпейісовтың, Х.М.Әбжанов пен Л.Я.Гуревичтің [10] еңбектерінің маңызы зор.

Шетелдік ғалымдарда Алаш зиялылары туралы зерттеулер жүргізіп, еңбектер жариялауда.  Ғалым Х.Оралтай «Шетелдегі қазақ зиялыларының қоғамдық–саяси және шығармашылық қызметі» деген мақаласында М. Шоқайдың өмірі мен қызметін кеңінен қамти отырып, оның саналы өмірін жеке қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі халықтарының барлығына бірдей қамқоршы болу жолындағы үлкен арпалыс күреспен өткізгені туралы мәліметтер берген [11].  Ал, Абдуақап Қара «Мұстафа Шоқайдың өмірі мен күресі» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, нәтижесінде Ыстамбұлда 2002 ж.,  Алматыда 2004 ж. жеке кітап болып жарық көрді. Ғалым Францияға  барып, жиналған деректік материалдар негізіндегі еңбегі жан-жақты зерделенген жаңалыққа толы [12].

Тәуелсіздік жылдарында М.Қозыбаев, В.Григорьев, К.Нұрпейісов, Ә.Тәкенов,  М.Қойгелдиев, Т.Омарбеков және т.б. қоғамтанушы ғалымдар мен зерттеушілердің еңбектерінің нәтижесінде - Алаштану саласы дүниеге келді.

Қорытындылай келе, Алаш зиялылыры және олардың шығармашылығын зерттеу бүгінге дейін жалғасын тауып, өзекті мәселелер қатарынан орын алуда. Қазақ тарихында Алаш идеясы, Алаш қозғалысы әліде таразылайтын тың тақырып. Әліде оның қайраткерлері толықтай зерделеніп болған жоқ. Алаш идеясын жүзеге асыруда оның көсемдері  тың серпіліс, жаңа тыныс берген, олар өз әрекеттері арқылы Алаш идеясының өміршеңдігі ұрпақтар жалғастығында екенін ұғындырып кетті.

Әдебиеттер:

1.Смағұлова С. Қазақ мерзімді баспасөзі: шығу тарихы мен деректік маңызы (ХХғ. 20-30 жж.)., -Алматы., ЖК «Елтаным баспасы» - 427 бет.,-347 б.

2.Нұрпейіс К. Алаш һәм Алашорда. –Алматы: Ататек, 1995. -256 б.,- 215 б.

3.Назарбаев Н.Жадымызда жатталсын татулық дәйім сақталсын // Еге. Қазақстан. 16.01.98.

4. Оспанова Г. Қазақстандағы ХХ ғ. 80-90 жж. мәдени процестер. Тарих ғылым. канд. ғылыми дәрежесін алу үшін даярланған диссер. авторефераты. Алматы, 2001 ж. 17 б.

5. Қазақстан тарихы. І-том.,- Алматы:Атамұра, -1996.,-544 б. -9 б. 

6. Омарбеков Т. Қос төңкеріс және Алаш қозғалысы. // "Ақиқат", 1991, №11 -45- 46 бб.

7. Бахитова Г,Хангереева З.Жазықсыз жапа шеккендер... атты көрменің ғылыми концепциясы. olke.kzindex.php…

8. Жұрбай Т. Ұраным – Алаш!. -Алматы, 2008.

9. Қойгелдиев М., Омарбеков Т. Тарих тағылымы не дейді? – Алматы, 1993.

10. Әбжанов X., Әлпейісов Ә. Қазақ интеллигенциясы мен мәдениеті туралы. - Алматы, 1992; Абжанов Х.М., Гуревич Л.Я. Интеллигенция Казахстана: история, теория, современность. - А, 1992;Гуревич Л.Я. Тоталитаризм против интеллигенции. А., 1992.

11. Оралтай Хасан «Елімай-лап өткен өмір» Ыстамбул, 1999.- 791 бет.

12.http://www.kazaktar.kz/news