КИЕЛІ ТАРАЗ ШАҺАРЫНЫҢ ҰЛЫ ТУМАЛАРЫ

ЖУМАДИЛОВА АЙНУРА АБУГАЛИЕВНА

М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік   университеті,

Тараз қ. Қазақстан.

 

     Өз  тарихымызды  білмей біз қазір баршамыз мақсат етіп отырған, тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін бекіту, шаңырағын шайқалмайтын ету мүмкін емес.

Жамбыл жері – көне замандардан сыр шерткен шаһарларымыз бен тарихи –мәдени жәдігерлеріміздің жайлы қоныс тапқан жері.

«Жері  байдың – елі бай» демекші, Европаның небір айтулы мемлекеттерінің территориясынан көлемі кем түспейтін Жамбыл есіміндегі облыстың жер байлығы да, сол жерлерді игеретін ел әлеуеті де білім, парасаты да әбден жеткілікті.

"Өз жұртына жұмыс қылып, еңбек сіңірген адамдарды қадірлеу - елдіктің белгісі" деп белгілі арысымыз Халел Досмұхамедұлы айтпақшы, бір дүйім ел ретінде мерейтойы тойланайын деп отырған өңіріміздің белді, бетке ұстар тұлғаларына, бүгінгі күнде облысымыздың  әр саласына еңбегі сіңген қайраткер, ұлы тұлғаларына тоқталып өтейік. 

Жамбыл облысы ғылымының дамуы ежелден басталды. Егер қысқаша шолу жасасақ, көне Тараз қаласы кезінде  “ғалымдар қаласы” деп әдебиеттерден кездестіруге болады. Қаладан атағы шыққан ғұламалар, ғалымдар, оқымыстылар көп болды. Араб деректеріне қарағанда 11-12 ғасырларда Тараздан Махмұт ат-Таразы, Әбд Садық Ахмет ибн Хасан,ойшыл-ғұламы Әбу Тахир Мұхаммет бин Әбу Насир Ибрахим бин Максиди сияқты көрнекті ғалымдар шыққан.

Облыста 11 ғасырда әйгілі мәшхүр энциклопедист ғалым әрі ақын Жүсіп Баласағұн (650 бәйіттен тұратын “Құтадғу  білік” атты философиялық поэма жазды, Әбу Абд Алла Әл – Баласағұни (ат-түрік), Әулие ата уезінің бастығы  В. А. Каллаур (1870- 80жылдары Таласпен Шу маңында көне заманғы тас жазуларды, архелогиялық, архетектуралық ескерткіштерді зерттеген), 1907-1911 жылдары  гельмиетология ғылымының негізін қалаушы акдемик К. И.Скрябин, қазақ ғылым академиясының академигі Н.Сауранбаевтар өмір сүрген.

Жамбыл жері - қаймағы бұзылмаған қалың қазақтың қара шаңырағы, Қазақ хандығының туы тігілген жер.

Жамбыл жері-азаттық үшін жан алысып жан берісер ақтық шайқасқа айналған Аңырақайдың азалы үні, өшпес ізі қалған жер, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен елін қорғап басын оққа байлаған көзсіз ерлер - Саңырақ, Өтеген, Көшек,Қойгелді, Қосы,Мәмбет, Сыпатай және басқа да батырлардың елінің бірлігі мен жерінің тұтастығын ойлаған  дана би – Төле бидің  туған өңірі.

Жамбыл жері - шаруашылығы сан-сапалы, өндірісі өрге басқан, қойнауы қазынаға толы құтты мекен .

Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласы жөнінде шығыстың ұлы ақындары - Рудаки, Фирдоуси, Нәсір Қысырау, Қәтран Табризи, т.б. үнемі орта ғасырлық Таразды, оның аруларын жырларына арқау етіп отырған. Фирдоуси:  «Тараздың садағындай қиылған қас» деп тамсанса, Таразда өмір сүрген ғұлыма, ақын Жүсіп Баласағұни: « Білгенін жұрт хатқа түртіп бағады. Хатқа түссе, халық та ұғып алады» – деп туған қаласы Тараздың тарихына өз үлесін қоса білген. Небір ғұламалар, ақындар, саяхатшылар Жібек жолы арқылы жүріп, Тараз қаласына тоқтамай өтпеген. Сөйтіп, Тараздың тарихы, әдебиеті мен мәдениеті Ұлы Жібек жолының тыныс тіршілігімен тікелей байланысты.  Мұхаммед Хайдар Дулати, Махмұт Қашқари,Жүсіп Баласұғани,Жолайыр Әли секілді ғалым, ақындардан басталған жақсы дәстүрі күні бүгінге дейін жалғасын тауып отыр. 

Жамбыл облысында ауыз әдебиетінің аса ірі өкілдері болып табылатын. Ақтанберді Майкөт, Қылышбай, Бөлтірік шешен, жыр алыбы Жамбыл мен Кенен, Ұлбике мен Жанылдық, Сарыбас пен Сауытбек секілді ақын-жыраулардан бері қарай Жамбыл облысынан жарқырап шыққан ақын, жазушылардың есімдерін қуанышпен атап өтуге болады .

Жалпы, жылт еткен талант көзі ашылу үшін де, әрі оның жетіліп, ірі тұлғаға айналуы үшін де қоғамдық-әлеуметтік ортаның тигізер әсері орасан. Орасан ғана емес, тіптен бірден бір шарты десек те болады. Кез келген қайраткерді өсіретін де, өшіретін де -  сол.

Ер болған жерде ер болады дейміз. Олар қанатымен су сепкен қарлығаштай білімін, білігін ел пайдасына жұмсасам, қалың жұртым қазағым деп ел намысын , ел қамытын мойнына салатын азаматтар.

Қазіргі заман тарихындағы мақтанышымыз, ірі тұлға жерлесіміз, Жуалы ауданының Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлын ерекше атауға болады, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаттары Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази секілді  прозаиктеріміздің барлығына мақтанамыз.

Қалың қатпарлы қазақ тарихында бойындағы барын елінің жарқын келешегі үшін аямаған азаматтар көп. Оларды атқарған лауазымына қарап қана бағалауға болмайды.

"Тарихы жоқ елдің- келешегі жоқ", дейді Елбасмыз. Тарихты адамдардың өзі жасайды десек, сол көненің бұлар бір тармағы ғана.Кейінгі жас ұрпақ мұны ұмытпауы керек.

     Сөз соңында, осынау ұшан-теңіз дүниені, яғни облыс қайраткерлері туралы толық айтып шығу  бір мақала көтерер жүк емес екендігі анық. Болашақта осы өңіріміздің мақтаныштары, қайратерлер туралы еңбектерді ұрпақ тәрбиесінің арқауына айналдыру - басты борышымыз екендігін айтқым келеді.

Әдебиеттер тізімі:

1.Байбеков.М.  Экономиканың өсуі - әлеуметтік даму кепілі.

2.Жаңабайұлы Б. Дамуымыздың даңғылы болғай. // Егемен Қазақстан 2002ж 14 желтоқсан.

3.Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында – Алматы. «Атамұра» 1990ж Ж.Сапарәлиев. 4.Артықбаев Ж.О. Қазақстан тарихы: Оқулық хрестоматия. – Астана «Сарыарқа» 2000 ж.