Шошаева
Лаура Санабековна
Қарағанды
экономикалық университетінің аға оқытушысы
Суррогат ана – тығырықтан шығудың жалғыз
жолы
Адам
баласы жаратылғаннан бері некенің басты мақсаттарының
бірі балалы болумен үйлесім тапқан. Біздің барлық
арман-мақсатымыз, үмітіміз сәбидің өмірге
келуімен ұштасып жатыр. Алайда, әкелік, аналық бақытын
сезіну барлығының маңдайына жазылмаған.
Бедеулік – бұл жай ғана айтылатын сөз емес. Өкінішке
қарай, ол көптеген отбасылық жұптар үшін
нақты көкейкесті мәселе болып тұр. Бұл некенің
бұзылуына және ауыр психологиялық зардапқа әкеліп
соғады.
Енді медицинаның репродуктивті технологиялар саласында бұрын
байқалмаған жетістік балалы болудан көңілі
қалған адамдарға үміт сыйлайды. Суррогат ана мен бала
қалайтын ерлі-зайыптылар (тапсырыс берушілер) арасындағы шарт
бойынша бала туудың жаңа әдістері пайда болды.
Сәбидің өмірге келуінің бұл әдісі
Қазақстан Республикасы неке-отбасылық заңында суррогат
ана болу деп аталады.
Суррогат ана болуды, сонымен қатар
бүгінгі репродуктивті технологияларға негізделген өзге
бағдарламаларды құқықтық қамтамасыз
ету – қазіргі заманғы заң тәжірибесіндегі қиын
мәселелердің бірі. Тұрмыс жағдайында “суррогат ана болу”
сөз тіркесі көбінесе қандай да бір әйелдің баланы
“тапсырыспен” көтеру ұғымын білдіреді.
Суррогат ана болу ежелгі уақытта туындағанын айтуға болады.
Бірақ ол өзге нысанда көрінді және еш жерде
құжатпен бекітілмеген. Қазіргі заманда суррогат ана болу
жасанды ұрықтандыру технологиясы және экстракорпоральды
ұрықтандыру пайда болғаннан кейін мүмкін болды. Бұл
генетикалық материалды ата-анадан алып, кейіннен бала көтеру
және туу үшін табиғи биологиялық инкубаторға –
суррогат ананың ағзасына оны “енгізу” болып табылады.
Суррогат ана болу тұңғыш рет 1980 жылы сәтті
жүзеге асқан. Алғашқы суррогат ана Иллинойс штатындағы
37 жастағы Элизабет Кейн болды. Балалы бола алмаған әйел
Кейнмен шартқа отырып, құжат бойынша оған табиғи
ұрықтандыру жүргізілді. Ал босанғаннан кейін Кейнге ақшалай
сыйлықақы төленіп отырды. Сонымен бірге Кейннің
өзінің үш баласы болды.
Қазіргі уақытта суррогат ана болу – кеңінен тараған
құбылыс. Қазақстан Республикасының заңында
суррогат ана болу туралы тұңғыш рет 2004 жылғы 16
маусымдағы “Азаматтардың репродуктивті
құқығы және оны жүзеге асырудың
кепілі туралы” ҚР Заңында айтылады. Алайда, аталған
нормативтік-құқықтық актіде суррогат ана болуды
реттейтін барлық жағдай қамтылмаған. Ішінара суррогат
ананың құқығы, осындай қадамға
барудың себебі, шарт жасау мен оны орындауға қатысты
өзге аспектілер айтылмаған.
Өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстан
Республикасының “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы”
кодексі қабылданды. Оның толық бір тарауында
Қазақстан Республикасында суррогат ана болудың талаптары,
шарт жасау, оның мазмұны сияқты қажетті
мәліметтер көрсетілген.
Суррогат ана болудың шарты Қазақстан Республикасының
азаматтық талаптарын сақтаумен жазбаша жасалады және міндетті
нотариалды куәландыруға жатады. Некеде тұрған
және бала қалайтын тұлғалар арасында нотариалды
куәландырылған жазбаша шарттың болуы тиіс. Аталмыш шартты
жасау кезінде барлық құқықтар мен міндеттер
толық қаралып, қамтылады. Және де екі жақ та
тиісті қызмет көрсететін медициналық мекемемен шарт жасауы
қажет. Суррогат ана болуды қалайтын әйел 20-35 жастағы,
физикалық, психологиялық және репродуктивті денсаулығы
қанағаттанарлық, сонымен қатар өзінің дені
сау баласы болуы керек. Және суррогат ана тіркелген некеде тұруы
мүмкін. Мұндай жағдайда суррогат ана болу шартын
жасасқан кезде жұбайының нотариалдық тәртіппен
куәландырылған жазбаша келісімін ұсыну міндетті.
Тапсырыс берушілер суррогат ана болу шартын жасасқан кезде кодексте
қарастырылған бірқатар талаптарды орындауы да заңмен
қарастырылған. Атап айтқанда, суррогат ананың
медициналық тексеруден өтуі мен қосалқы репродуктивті
әдістер мен технологияларды қолдануына қатысты
материалдық шығындарды өтеу. Медициналық
тексерудің қорытындысы мен медикогенетикалық тексерудің
нәтижесін ұсыну, суррогат ананың жүктілік, босану
және бала туған күнінен бастап 56 күн бойы
медициналық тексеру бойынша шығындарын, ал егер де жүктілік
және бала тууға байланысты қиындық туындап қалса,
босанғаннан кейін 70 күн бойы қажет болған
қаражатты төлеуге міндетті.
Сонымен бірге суррогат ананың да белгілі міндеттері бар: тапсырыс
берушілерге өзінің табиғи, психологиялық және
репродуктивті денсаулығы туралы қорытынды ұсыну;
дәрігерде тұрақты бақылануы және оның
ұсыныстары мен тағайындамаларын қатал орындау; онымен шарт
жасасқан тұлғаларды суррогат ана болу шартында келісілген
жүктіліктің барысы туралы мерзімінде хабардар ету; онымен суррогат
ана болу шартын жасасқан тұлғаларға туған баланы
беру; суррогат ана баланы өзге тұлғаларға беруге
құқығы жоқ; жүктілікті жауапкершілігіне
алады, суррогат ана болу шартымен қарастырылған қосалқы
репродуктивті әдістер мен технологияларды қолданғаннан кейін
табиғи жүктіліктің болу мүмкіндігін болғызбауға
міндетті.
Баланы туған соң қосалқы репродуктивті әдістер
мен технологияларды қолданғаннан кейін туған баланың
ата-аналары суррогат ана болу шартының негізінде ерлі-зайыптылар
(тапсырыс берушілер) болып танылады. Соған байланысты баланың туу
туралы медициналық куәлігінде оның анасы ретінде суррогат ана
болу шартын жасасқан жұбайы жазылады. Сонымен қатар кодексте
репродуктивті әдістер мен технологияларды қолдану нәтижесінде
екі және одан да көп балалардың тууы
қарастырылған. Бұл жағдайда ерлі-зайыптылар (тапсырыс
берушілер) туған әр балаға тең мөлшерде
жауапкершілікке ие.
XXI ғасырдың ең қорқынышты көкейкесті
мәселелерінің бірі бедеулік болып табылады. Егер де басқа
мәселелермен күресу мүмкін болса, бедеулікпен күресуге
болмайды. Бедеулік – отбасы үшін үлкен қасірет пен
түңілудің көзі. Алайда, баласыз жұптар
сәбилі болып, бақытқа кенеле алады. Белгілі себептерге
байланысты нәресте көтере алмайтын отбасылар үшін суррогат
ана болу ерлі-зайыптыларға генетика жағынан туған болып
саналатын сәби сүю жалғыз ғана жол болып саналады.