биология сабағында Дарынды балалармен
жұмыс жүргізудің ерекшеліктері
Ержанова Индира Алтайқызы
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік
университетінің магистранты
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
Соңғы
жылдары білім беру саласында жиі талқыланып жүрген
тақырыптың бірі дарынды балалармен жұмыс жасау және
оның әдістерін көрсету мәселесі. Әрине, бала
бойындағы дарындылықты аңғару, оны дамыту
мұғалімнен зеректікті, педагогикалық шеберлікті қажет
етеді. Дарынды балалардың мүмкіндіктерін байқап қана
қоймай, оны ғылыми ізденістерге, нәтижелі білімге
жұмсағанда ғана ұстаз еңбегі өз жемісін
береді. Осы орайда дарындылық дегеніміздің өз не деген сауал
туындауы мүмкін. Дарындылық туралы бүгінге дейін
бірқатар зерттеу еңбектері жазылғанымен, оның
нақты анықтамасы немесе қағиадасы
қалыптасқан жоқ. Өйткені дарындылықты әркім
өзінше түсінеді. Бұл туралы педагогика
ғылымдарының кандидаты Ж.Елеупаева: «Дарындылыққа
арналған теориялық пікірлердің, модельдердің,
тұжырымдамалардың көптігіне қарамастан, оның
әлі күнге тұрақты терминологиясы
қалыптаспаған, ғалымдар әлі күнге дейін осы
құбылыс жайында ортақ бір пікірге келмеген, ортақ
құрылымдары, даму заңдылықтары бар болса да,
«дарындылықтың» нақты анықтамасы» берілмегендігін
айтады[1,8]. Дарындылық жайлы бірқатар батыс және орыс
ғалымдарының еңбектерін саралай келіп, ғалым
Ж.Елупаева: «Дарындылық – бір немесе бірнеше іс-әрекеттерде ерекше
жетістіктерге жетуге мүмкіндік беретін тұлға
мүмкіндіктерінің өзіндік бірігуі арқылы
анықталатын, интеллектуалды және шығармашылық
әлеуеттің ең жоғарғы деңгейінен
көрінуіне әсер ететін интегралды-тұлғалық білім
көрсеткіші»[1,9] – деп тұжырым жасайды.
Дарынды балаларды
ғалымдар ақыл-ой теориясына қарай бірнеше топқа
бөліп қарастырады. Мәселен, дарынды балалардың бір тобы
тек сабақ үлгірімі жағынан ғана жоғары
көрсеткішке жетсе, екінші дарынды бала белгілі әрекет
шеңберінде өз дарынын байқатса, үшінші бала
барлық жағынан да өзінің мықтылығын танытуы
мүмкін. Осы тұрғыдан келгенде педагогикада әрбір
баланың бойынан жақсы қасиеттер мен дарындылықты
байқап, дамыту мақсат етіледі.
Қазіргі
таңда мемлекет үшін ұлттың интеллектуалдығын
арттыру маңызды мәселе болып отыр. Елбасы
Н.Ә.Назарбаевтың «Интеллектуалды ұлт-2020» ұлттық
жобасы білім беру саласының жаңа бағытта жұмыс жасауына
мол мүмкіндік жасауда. Жобаның мақсаты – жаңа
қалыпта қазақстандықтарды тәрбиелеу,
сондай-ақ Қазақстанды бәсекеге қабілетті
адамдық капиталы бар мемлекетке айналдыру. Елбасы оның негізгі
үш аспектісін: білім беру үрдісіндегі инновациялық даму,
ақпараттық даму және жастарды рухани тәрбиелеу деп
нақтылап көрсетті. Бүгінгі білім беру саласында тәрбие
мен білімді қатар дамыту арқылы білім алушының интеллектісін
дамытуға баса назар аударылуда. Осы мақсатта бірқатар
жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Үздіксіз білім,
қашықтықтан оқыту білім алушының жан-жақты
білімді игеруін қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда
балабақшадан бастап жоғары оқу орнына дейін үзіліссіз
алған білімді жаңартып, жетілдіріп отыру көзделген.
Әрине, аталған жүйенің ішінара кемшіліктері мен
мәселелері де жоқ емес. Бұл арнайы сөз етуге
тұралық тақырып болғандықтан, аталған
мәселені талдап жатуды жөн көрмедік.
Біздің
назарымыздағы дарынды балалармен жұмыс жүргізудің
ерекшеліктері екенін ескерсек, оларды анықтаудың да өзіндік
тәсілдері бар. Бұл туралы зерттеуші Н.С.Лейтес қабілетті
балалардың үш категориясын анықтап берген. Бірінші категория
– ой-өріс қабілеті ерте жастан байқалған
оқушылар. Екінші категория – жеке бір іс-әрекет түрі мен
белгілі бір мектептегі ғылым түріне қабілеттігімен
көзге түскен оқушылар. Үшінші категория –
дарындылық күш-қажырымен ерекшеленетін оқушылар.
«Дарынды балалармен жұмыс» оқу-әдістемелік
құралының авторлары Ж.Сейсенбаева, Л.Орманбекова дарынды
оқушыны анықтау бастауыш сыныптан бастау алатындығын айтады.
«Бұл жұмыстың жүйелі жүргізілуі психологтар мен
мұғалімдердің және ата-аналардың біріккен
жұмысы негізінде іске асады. Олардың ата-аналарымен
әңгімелесуі, бақылауы, әрқайсысының
сөйлеуінің, есте сақтауының, логикалық
ойлауының психологиялық ерекшелігін анықтауда маңызды
жұмыстар атқарылады»[2,6], - дей келіп, дарынды балалармен
жұмыс жасауда ата-ана мен ұстаздың бірігіп жасаған
жұмысының нәтиже беретінін ескертеді. Алайда қазіргі
мектеп тәжірибесінде байқап жүргеніміздей, дарынды балалармен
жұмыс жасау тек үздік оқитын оқушылармен ғана шектеліп
жатыр. Мектеп мұғалімдерінің ойында тек оқу
үлгірімі жоғары оқушылар ғана дарынды балалардың
қатарына жатады. Бұл пікірмен біз де келісеміз. Дегенмен оқу
үлгірімі орташа баланың бойында бұғып жатқан
дарындылықты байқау, оны дамыту көп педагогтың қолынан
келе бермейді. Оқушының белгілі бір салаға икемділігі мен
бейінін байқау үшін олармен шығармашылық бағытта
жұмысты жүйелі жүргізу қажет. Мәселен, өз
ойын еркін жеткізуге қысылатын оқушылардың бірқатары
жазбаша жұмыста пікірін ашық білдіруі мүмкін. Сол секілді
үлгірімі төмен оқушының бойында қолдан
бұйымдар жасау немесе бұзылған затты құрастыру,
жөндеуге деген икемділігі байқалуы мүмкін. Осы орайда
бастауыш сыныпта мұғалім балалармен тығыз байланыс орната
отырып, біріге жұмыстар жасаса, олардың дарындылығын тез
анықтай алады.
Жалпы педагогика
және психология саласында дарынды балалармен жұмыстарға
қатысты көптеген пікірлер мен еңбектер жарыққа
шығып жатыр. Аталған тақырыпта жазылған
еңбектерде дарынды балаларды анықтаудың жолдары,
әдістемесі және олармен жұмыс жасаудың ерекшеліктері
жайлы кеңінен баяндалады. Мәселен, Ұ.Арыстан дарынды
балаларды үш топқа: шығармашылық дарындылық,
интеллектуалды, табиғи дарындылық, лидерлік дарындылық деп
бөлуді ұсынған. Бұл саладағы зерттеуші
ғалымдар көбінесе оқушының шығармашылық
жұмысына, ғылыми зерттеуге, қоғамдық
мәселелерге үн қосуға бейімдеуге баса көңіл
бөледі. Осы мәселелерді негізе ала отырып Ж.Сейсенбаева мен
Л.Орманбекова дарынды балаларды анықтаудың мынадай
тұжырымдарын ұсынады:
«1. Баланың
қызығушылығы мен бейімділігіне барынша сәйкес келетін
қызмет аясында баланың іс-әрекетіне талдау жүргізу.
Бұл дегеніміз – пән мұғалімдері нақты
бағыттар бойынша сынау тапсырмаларымен деңгейлік тапсырмалар
арқылы оқушының бағытын анықтау деген сөз.
2. Дамытушылық
ықпал ете отырып, баланың психологиялық кедергілерін
жоюға мүмкіндік беретін тренингтік әдістерді пайдалану.
Бұл ұстаным барысында дарынды оқушының қандай да
бір бағыттағы іс-әрекетінің жетістігі анықталады.
3. Баланың
дарындылық белгісін оның психикалық дамуының нақты
деңгейінде ғана емес, сондай-ақ оның
болашақтағы даму мүмкіндігін де есепке ала отырып
бағалау. Дарынды оқушының болмыс-бітімі анықталып,
жанына жақын мамандыққа үлкен дайындық
жұмысына жағдай жасау.
4. Жұмыс
нәтижесін талдау, бақылау, әңгімелеу,
мұғалімдер мен ата-аналардың сипаттамалық
бағалары. Бұл ұстаным мектеп психологымен,
мұғалімімен және ата-аналармен біріге отырып, баланың
қандай бағытта жетістіктерге жетуге мүмкіндігі бар екені
анықталады.
5.Түрлі
ақпарат алу көздерін пайдаланып, бала қабілеттерін кең
көлемде қамтуға мүмкіндік беретін баланың
мінез-құлқы мен іс-әрекетін жан-жақты
бағалаудың кешенді сипаты. Білім беру жүйесінде жаңаша
мазмұн беру арқылы жан-жақты дамыған шығармашыл,
рухани ой-өрісі кең жеке тұлғаны тәрбиелеу
міндеті тұр»[2,8].
Дарынды балалармен
жұмыс жүргізуде жоғарыдағы тұжырымдарды ескере
отырып жұмыс жасасақ, нақты нәтижеге қол
жеткізуге болады деп ойлаймын. Мектеп тәжірибесінде жиі байқалатын
бір кемшілік – дарынды баланы өзінің ыңғайына
қарай емес, қаламаған тақырыпқа немесе зерттеуге
жетелеу. Бала өз ойын көпшілік алдында айта білсе болғаны
деген желеумен оның жүрегіне жат дүние жайлы ақпаратты
жаттату кездесіп жатады. Егер педагогтар тек өз көрсеткішін дарынды
балалар арқылы көтереміз деген мақсатта жұмыс істесе,
онда қатты қателескені деп білеміз. Сондықтан да дарынды
балалармен жұмыс жүргізуде оқушымен тікелей санасып, бірлесіп
әрекет еткен тиімді болар еді.
Жалпы бала
бойындағы дарындылықтың өзін ғалымдар бірнеше
топқа бөліп қарастырады. Мәселен,
Ү.Б.Жексенбаева[3] дарындылықты психомоторлық,
интеллектуалдық, академиялық, шығармашылық және
әлеуметтік деп бөлген. Дарындылықты анықтаудың
өзі бірнеше түрге бөлінеді. Мәселен, интеллектуалдық,
шығармашылық, әртістік, музыкалық, техникалық,
спорттық және т.б. Бала бойындағы осы аталған
дарындылықтың тек біреуі немесе бірнешеуі кездесуі де ғажап
емес. Тек соны дер кезінде, өз уақытында байқап, әрі
қарай дамыту керек.
Дарынды балалармен
жұмыс жүргізу мұғалімнен үнемі ізденіс пен
шеберлікті қажет етеді. Дарынды балаларға арналған тапсырмалар
күнделікті жаңарып, түрленіп отыруы тиіс. Бұл орайда
бірқатар әдіскерлер өз ұсыныстарын айтқан.
Мәселен, логикалық тапсырмаларды күнделікті сабақта
пайданып отыру, шығармашылық жұмыстармен жиі айналысу
және т.б. Аталған мәселелердің барлығы әрбір
ұстаз үшін маңызды және тиянақты
дайындықтан өтуді талап етеді. Дарынды балалармен жұмыс
жүргізудің басты ерекшеліктеріне оларды
ғылыми-шығармашылықпен шұғылдануға баулу
жатады. Бұл мақсатты орындау барысында мындай міндеттерге назар
аудару қажет. «Өз бетінше материалды іздеу, кітапханада
әдебиеттермен жұмыс орындау, ғылыми-зерттеу
жұмыстарының құрылымы мен әдіс-тәсілдерін
игеру, ғылыми ізденіс жасауға баулуда логикалық заңдылықтарды
қолдануды меңгерту үшін шығармашылық топтарда
«шығармашылыққа баулу» сабақтарын жүргізу
қажет»[2,15]. Аталған мәселелерді арнайы
қарастырған әдіскер мамандар дарынды оқушыларды
оқытудың технологиясы
ретінде дамыта оқытуды ұсынады. Дамыта оқыту үш
аспектіде жүзеге асады:
1. Танымдық – оқу материалдарын игеруі, қызығуы,
танымдық белсенділігі.
2. Логикалық – оқу материалдары бойынша логикалық ойлау
процесі арқылы құрылымындағы тапсырмаларды орындау.
3. Шығармашылық – шығармашылық
әдіс-тәсілдерді игеруі, шығармашылыққа
қадам жасау, түрлендіру, ой туындатуы, қорытынды жасау,
ғылыми ізденіс жүргізу[2,16]. Ескере кететін бір жайт,
дарындық балалармен жұмыс жүргізу тек бір технологияға
байланып қалмаған, кейде бірнеше технологияны пайдалануға
тура келеді, тіпті оларды тапсырмаларды орындау барысында араласып кетуі де
ғажап емес. Мәселен, деңгейлеп оқыту технологиясы да
оқушының дарынын, шығармашылығын дамытуға
арналған. Бұл жерде мұғалімнің басты назары
баланың дарынын тануға бөлінгені абзал.
Қазіргі
орта білім беру жүйесінде дарынды балалармен жұмыс
жүргізудің ерекшеліктеріне
көп көңіл бөлінуде. Осы орайда
республикалық «Биология, химия» журналының алатын орны ерекше.
Басылымның 2012 жылғы №1 нөмірінде жарық көрген
С.Орынханованың «Биология пәнніен дарынды оқушыларды
оқытудың әдістері»[4] атты мақаласында көптеген
мәселелерді талқылай келіп, өз нәтижелерімен
бөліседі. Әсіресе дарынды балалардың сөйлеу
мәдениетін қалыптастыру бағытындағы
әдістердің нәтижелілігін бас айтқан автор өз
сабақтарында қолданған бірнеше әдістерге
тоқталады. Жалпы дарынды оқушыны анықтау және олармен
жұмыс жүргізуге қатысты бірқатар мамандардың
пікірлері мен тұжырымдарын сараптай келіп, мынадай ой түйдік. Орта
білім беру жүйесінде дарынды балалармен жұмыс жүргізу тек
пән мұғалімдеріне ғана тиесілі міндет емес. Сынып
жетекшісі, мектеп психологы, ғылыми бағдар бойынша диреткордың
орынбасары және ата-ана бірлесіп жұмыс жасағанда ғана
оң нәтижесін береді. Ең бастысы - оқушының
өзі қызығып, өзі таңдаған саласы болуы
тиіс. Сонда ғана ұстаз еңбегі еселеніп, мәртебесі
биіктей түседі.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Елеупаева Ж. Қазіргі мектептерде оқушылардың
шығармашылық дарындылығын дамытудың педагогикалық
шарттары / Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми
дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
авторефераты. Түркістан, 2008. -25б.
2. Сейсенбаева Ж., Орманбекова Л. Дарынды балалармен жұмыс // http://new.kaznpu.kz/docs/tarbie/darindi_balalar.doc
3. Жексенбаева Ү. Балалар дарындылығын диагностикалау. – Алматы,
2005.
4. Орынханова С. Биология пәнінен дарынды оқушыларды
оқытудың әдістері // Биология. Химия. 2012ж.
қаңтар-ақпан, №1, 20-б.