Болашақ актердің шығармашылық қабілетін дамытудың жолдары

Қазақстан Республикасы, Түркістан қаласы

Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің оқытушысы

А.Ө.Ибраева

 

Қазіргі таңда білім саласында жүргізіліп жатқан реформаның басты мақсаты-ой-өрісі жаңашыл, шығармашылық деңгейде қызмет атқара алатын, дүние танымы жоғары, бәсекеге қабілетті жан-жақты қалыптасқан жеке тұлға тәрбиелеу. Оқытушылар әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, студенттердің ұсыныс пікірлерін еркін айтқызып, ойларын ұштауға, өздеріне деген сенімін арттыруға мүмкіндік туғызып отыру қажет. Әдіс-тәсілмен өткізілген әрбір сабақ студенттердің ойлауын және қиялын, шығармашылық дағдысын қалыптастырады. Адам бойындағы қабілеттерін дамытып, олардың өсуіне жол табу адамың рухани күшін нығайтып, өзін-өзі тануына көмектеседі. Шығармашылық - бұл адамның өмір шындығына ұмтылуы, ізденуі. 

Шығармашылық қабілеттерді дамытуды бастамас бұрын ең алдымен “қабілет” ұғымының мәнін терең түсініп алу қажет. Қабілет: 

-         студенттің психологиялық ерекшеліктері;

-         студент қасиеттерінің синтезін айтады;

-         іс-әрекеттің белгілі бір түрін ойдағыдай, нәтижелі орындауда студенттің жеке қасиеті;

-         студенттің психологиялық айырмашылығы;

-         білім – білік жиынтығы, оларды қолдана білудегі дербестік, саналылық, шығармашылық. 

Қабілеттер түрлері сан қырлы. Негізгі 3 топқа бөлейік:

1. Психологиялық қабілеттер; 

2. Ақыл-ой қабілеті; 

3. Физиологиялық қабілеттер.

Әрине студенттің шығармашылығын, шығармашылық қабілеттерін дамытатын жаттығулар мен тапсырмалар, әдістер мен тәсілдер сан алуан. Сабақ барысында поэзияларды оқытқанда, әңгімелерді баяндағанда, ертегілердің мазмұнын айтқанда дауыс ырғағын келтіру, дауысты құбылту, кідіріс жасау, әрбір кейіпкердің көңіл-күй құбылысын беруін, мәнерлеп оқуын, олардың қаламын ұштап, талантын танып, шығармашылық қабілетін үнемі дамытып отырған және әрбір тәрбиелік шарасында сабақ үстіндегі іс-тәжірибесі жалғасын тапқан. 

Егер алынған тапсырманы толық зерттеп, анық елестете алып, сол негізінде өз әрекеттерімізді белсенді түрде ұйымдастыра алсақ, онда өзіндік сананы және тәуелсіз жігерді жетілдіре аламыз, соған қоса өз міндеттерімізді орындай аламыз. Шығармашылық үшін жаңа нұсқалар, альтернатива, мүмкіндіктер ашылады. Студенттің өз болмысын тануға көмектесіп, қабілетін ояту жаңа рухани күш беру білімнің ең маңызды мақсаты болып танылады. Студенттерді шығармашылық жұмысқа баулып, олардың белсенділігін, қызығушылығын арттыра түсу үшін, шығармашылық қабілеттерін сабаққа және сабақтан тыс уақытта дамытуда әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдануға болады. «Шығармашылық» сөзінің төркіні, этимологиясы «шығару», «ойлап табу» дегенде келіп саяды. Демек, жаңа нәрсе ойлап табу, сол арқылы жетістікке қол жеткізу деп түсіну керек. Шығармашылық – бүкіл болмыстың, қозғалыстың, дамудың, бір сөзбен айтқанда, тіршіліктің көзі, табиғат, қоғам құбылыстарында жеке адамның ақыл санасында, іс -әрекетінде, ішкі жан дүниесінде шығармашылықтың табиғи процестері үздіксіз жүріп жатады. Бұл процесс белгілі бір жүйемен дамиды. Ішкі шығармашылық процестерді табиғат өзі басқарады. Ал сыртқы факторларды басқару, реттеу жеке адамның ой-санасына, айналысатын ісіне байланысты. Шығармашылық ісмерліктерін дамыту олардың сын пікірін қалыптастырумен тығыз байланысты.  Сөйлеу шеберлігі және сөйлеу әрекеті негізінен сөзді тудыру процесіне ықпал етуші сезім мүшелері арқылы өрбиді. Біз оған К.С.Станиславскийдің белгілі жүйесі – «Бес сезім» – көру, есту, сезіну, дәм сезу, иіс сезуді негізге аламыз. Осы заңдылықтарды ескере отырып сөз әрекетіне көшеміз. Студент немесе актердың роль жасауы үшін бұл жүйенің атқаратын міндеті орасан. Себебі, актер тек көргені мен естігендерінің бейнесін жасап қана қоймай, қиял көзі арқылы көрмеген, естімегендерін де тудыруға тиіс». Сондықтан, студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін есту, тыңдау, көру, қабылдау және бақылау элементтерін меңгеріп, дұрыс түсініп, талапқа сай тыңдай білуге тәрбиелеу арқылы олардың ой-өрісін, терең сезімін, санасын, қиялын, талғамын, жалпы өнерге деген сүйіспеншілігі мен жоғары мәдениеттілігін дамытамыз. Тыңдау процесі кезінде студенттердің зейінін, эмоциялық сезімдерін, ойлау, түйсіну қабілеттерін дамытамыз. Ең алғашқы дәрістер студенттің бұлшық ет еркіндігін игеруге құрылады. Бұлшық ет еркіндігі – әрбір қозғалыста, әрбір дененің қимылында қажет етіледі. Бұлшық етті босату үшін, дене еркіндігіне көп жаттығулар жасау керек. Дене еркіндігі ішкі жігер еркіндігімен қос қабат жүреді. Ішкі жігер еркіндігің сыртқы дене еркіндігіне ерік беріп тұрады. Ішкі еркіндік - бұл  сенімділік, мұнда ауытқу жоқ, адамның физикалық қарекетіне әсер етеді және дене еркіндігін тудырады. Сахнада да, өмірде де сыртқы еркіндік, ішкі еркіндіктің қортындысы. Актер өз рөлінің барлық қыры мен сырын меңгергенде ғана толық еркіндікке бой ұрады.

Актер бойындағы құрысып-тырысуды жеңіп, дене еркіндігіне көп көңіл бөлінеді. Актер көп еңбек ету арқылы ішкі қоздырғыш күштерді босаңсытып, дұрыс тыныс алу мақсатында дененің құрысып-тырысуынан арылу жолдарын қарастыру керек. Дененің әр түрлі қалыпта ұстау бұлшық еттердің жұмыс қабілетін белгілі мөлшерде шектеп отырады. Жалпы, актер үнемі тренинг-жаттығулардан қол үзбеуі шарт. Тіл аппаратына, ауыз қуысы, дене құрылысына, демге, дауысқа т.с. жаттығулар легін дұрыс және тиянақты жасап отыруы керек. Дене қызбаса, одан туындайтын ой да, сөз де, қарекет те жарамсыз болып табылады. Жаттығу барысында қан айналым процесі түзіліп, сезім мүшелері ояна бастайды. Міне осы кезде, ойлау жүйесі қалыпқа келіп, дұрыс шешім қабылдай алатын ақыл, сөйлете білетін тіл мен нақты қадам жасайтын қарекет туындайды. Сонымен қатар, білімгердің ақыл қоржынында керек кезінде пайдалана алатындай сөз қоры мол болуы керек.

Мәтінмен жұмыс үстінде ең қажетті деген қарым-қатынастық машықтар жүзеге асырылып, олар студенттердің шығармашылық қабілетін жетілдіре түседі, яғни мәтін тақырыбын түсіну, ашу; ондағы негізгі ойды бөліп алу; шығармадағы кейіпкер, оқиға, құбылыс туралы өз пікірін тұжырымдау; өз ойын дұрыс жазу, айту студенттің байланыстырып сөйлеуін қалыптастырып, жетілдіруге, сөз қорын молайтуға, өзіндік көзқарасын орнықтыруға септігін тигізеді. Студенттердің шығармашылық әрекеті мен танымдық қабілеттерін арттыруда мәтіннің алатын орны ерекше. Мәтіндерді оқу, талдау барысында оқиға желісімен танысуы, кейіпкерлердің мінезіне баға беру, автордың оқиғаға қатысы, көзқарасы қандай екендігін анықтай алуына назар аударылуы тиіс. Бұл жерде мәтінді оқу ғана емес, өз бетімен, дербес талдау жасай, ойлай білу, білімін толықтыру, белсенді болу, деңгейлік тапсырмалар орындау. Ойлау мен сөйлеу қабілеті бір-бірімен тығыз байланысты. Студенттің ойын жүйелеуде әр түрлі әдіс-амалдар қолданылады: 
- жаңа материалды меңгеру; 

- студентке бағыт беру; 

- студенттің өзін көбірек сөйлету; 

- этюдті нақтылау; 

- игерілген білімді тиянақтау; 

- актерлық элементтерді пайдалану. 

Білімді толық игеру үшін студенттердің ойлау қабілетін дамыту, тыңдай білу, қабылдау мен бақылауды игеру, еркін сөйлеуіне, өз ойын ашық және толық айтуға үйрету, ой-өрісін кеңейту - оқытудың ең басты мақсаты. Әрбір студент өз мүмкіндігіне қарай білім, дағды алатындай етіп оқытуымыз дұрыс. Ең бірінші, шығармашылық жұмыстың мақсаты мен міндетін айқындап, ажырата білу керек, сонан соң берілген тақырып бойынша ақпарат жинап, іздену жұмыстарын жүргізеді, болжам жасайды, осы аралықта студенттің таным-белсенділігі дамиды, білімі тереңдейді, көзқарасы кеңейеді. Екінші кезеңде белгілі тақырып бойынша нақты зерттеу жұмысын жүргізе бастайды, өзіне керекті материалдарды сұрыптап алады. Мысалы, этюд тақырыбын белгілеп, қандай элементтерді қолдану керектігін айқындау, сенім және сезім шындығын шығаруға тырысады т. б. Үшінші кезеңде студент өздігінен шағын жұмыстар жүргізе бастайды, яғни шығармашылық іс-әрекеті кеңейеді. Негізінен, студенттердің шығармашылығы практикалық әрекеттер, ізденімпаздылық арқылы дамиды. Қиял шексіз, ой терең, білім саналы болса, қалғаны еңбекпен дамиды. «Егер де мен...» және «ұсынылған тосын жағдай» элементтері арқылы болашақ актерлер ең алғашқы этюдтерін жасай бастайды. Бұл элементтерге сенім мен сезім шындығы араласады. Жеңілден бастап, күрделі жаттығуларға ұласады. Қабылдау, бақылау, елестету, көкірек көз киноленталары арқылы жаттығулар күрделеніп, біртұтас этюд қалыптасады. Белгіленген бір тақырыпты әр студент әр түрлі қабылдайды. Сондықтан, оқытушы шығармашылық жұмыс барысында әр студенттің осал тұсын көрсетіп, нақтылап отыруы керек.  

Шығармашылық жұмысқа бейімделу кезінде үлкен нәтижелер көрінсе, соған орай студенттің мотивациясы жоғарылайды және кәсіп арқылы оның шығармашылық дамуы басталады, студенттің іс-әрекет мәнері, үлгісі, қарым-қатынасы, мінез-құлқы, қызығушылығы, құндылығы қалыптасады. Студенттерде жаңа, өзі білмейтін іске деген қызығушылық басым болады. Ондай істер студенттің бар ақыл – ойын, ішкі күштерін жұмылдырады және ерекше қуат береді. Осы негізде жеке тапсырмалар орындау, актер шығармашылығымен танысу, этюд құрау қызығушылықтарымен қоса, шығармашылықтарын дамытады. Шығармашылық қабілет өз ісіне деген сенімділік, қиял ұшқырлықты дамытады. Студенттерді этюд- өмірдегі көркгенін іске асыру арқылы өз шығармашылық мүмкіндігін кеңейтуге деңгейін өсіріп байытуға септігін тигізеді. Этюдпен жұмыс істеу барысында студент үстірт ойын тәсілдерінен құтыла отырып органикалық шығармашылық  жолында жұмыс істей бастайды. Этюдпен жұмыс істеу студенттерді ойдан шығарылған этюдтегі жәйттерге сенуге, алдына қойылған мақсатқа жету жолында өз атынан органикалық әрекеттер істей білуге үйретеді.

Студент шығармашылығы - ой бостандығы мен ептілік болған жағдайда өзін-өзі дамытатын ой еңбегі. Осы еңбектің негізі мамандықты игеруге, оқуға, шығармашылық жұмысқа тәрбиелеу білім беру үрдісінің негізіне айналса, студент жан-жақты дамып, шығармашыл адам болып жетіледі.

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Кристи  Г.В. Воспитание  актера  школы Станиславского. Москва, "Искусство", 1968.

2.Құлбаев  А. Сыр мен сымбат. Алматы.  "Мектеп-Болашақ", 2005.

3. К.Станиславский  Собрание  сочинений  в  8-ми томах. М., 1967 ж

4.Станиславский К.С.  Менің  искусстводағы  өмірім,  Алматы,  "Қазмемкөрәдеббас",    1954.

4. Журнал «Қазақстан мектебі», №12, 2010 

5. Мырзабаев А.Б. Шығармашылықты дамытуда белсенді оқытудың дидактикалық мүмкіндіктері дис. автореф.  Қарағанды: Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, 2004 .